ПЕРЗЕНТ ДҮНИЕ ЕСІГІН АШҚАНДА…

«Дәстүрге» Айып Нүсіпоқасұлының қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын-сауықтары, ұлттық тәрбиесі, т.б. туралы жан-жақты мағлұмат беретін «Тал бесіктен жер бесікке дейін» деп аталатын жинағынан үзінді беріп тұратын боламыз. Дәстүрлер рет-ретімен беріліп отырады.

***

Қазақ халқы дүниеге бip перзент келсе, тек сол перзент келген отбасы ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт, туыс-туған түгел мәре-сәре қуанып, шашу апарып, «бауы бepiк болсын» айтуды кісілік парызы санайды.

Перзент дүниеге келіп, оны құндақтап орап, анасының қасына жатқызған соң, жолы, жасы үлкен бip әйел шашу шашады. Онда дүниеге келген перзент ұл болса:

  • Айдарынан жел ecin,

Ат ойнатар ер болсын.

Маңдайынан күн cүйіn,

Ақыл-ойы мол болсын! –

деп жақсы мінез, жарасымды қасиеттер даруын тілейді. Ал, дүниеге келген перзент қыз болса, онда:

  • Жүзі Айдай жарқырап,

Ауылға болсын өнеге.

Болып елге шамшырақ,

Жетік болсын өнерге! –

деп оның ақылды, білімді, көрікті, өнерлі болуын тілейді. Бұл – өмipгe жаңа ұрпақ әкелген ана мен өмip eciгін алғаш ашқан перзентке де­ген құрмет пен игі тілек. Сондай-ақ, адамдар арасындағы достық пен береке-бірлікті арттыратын өнеге.

Бала ананың жанында жатса, ана жүрегінің дүрсілін ecmin, тыныш ұйықтайды әpi болашақта мейірлі, iзгі ниетті болып өceдi.

 

КІНДІК КЕСУ

Қазақ халқы баланың кіндігін өнегелі, үлгі-тағылымды кісілер мен қулық-сұмдықтан пәк жас балаларға: «Үлгі-тағылымды болсын,  адал, арлы болсын» деген ниетпен кестіреді де, кескен жерін мықтап байлап, кіндік түбіне койдың құйрық майын жағып, таза дәкемен кіндікті ақырын бастырып орап, таңып тастайды. Қойдың құйрық майы баланы түрлі жел-құздан сақтап, кіндікті ораған дәкені кіндікке жабыстырмайды. Ал, кіндікті сыртынан бастырып таңып қойса, бала жылағанда кіндігі сыртына шықпай, тез түсіп, тез жазылады.

 

«КІНДІК ШЕШЕ», «КІНДІК ӘКЕ» БОЛУ

Қазақ салтында «кіндік шеше», «кіндік әке» болу аса абыройлы іс болып саналады. Сондықтан «кіндік шеше», «кіндік әке» болғысы келген жандар нәресте дүниеге келмей тұрып-ақ, оның ата-анасына: «ұмытып қалмаңыздар, балаңыздың кіндігін өзім кесемін» деп күні бұрын айтып қояды әрі сол күннен бастап, сол отбасымен жиі қарым-қатынас жасап, түрлі жұмыстарына қарасып-қайырылыса бастайды. Ана босанғанда басы-қасында болып, үй шаруаларына көмектеседі әрі баласының кіндігін кесіп, ресми «кіндік шеше» немесе «кіндік әке» болады.

Бұл салт адамдар арасындағы береке-бірлік пен достықты нығайтады. Туысты көбейтіп, өрісті кеңейтеді.

ШІЛДЕХАНА КҮЗЕТУ

Шілдехана – жаңа туылған бала мен жаңа босанған ананың құрметіне жасалатын ойын-сауық. Шілдехана күзетуге, негізінен, босанған ананың жақын маңдағы туыс-туғандары мен көрші-қолаңдарының жігіт-желең, қыз-қырқындары, сондай-ақ өнер сүйер үлкен-кіші ауыл адамдары келеді. Онда әр күні кеште ел орынға отырып, малды қоралап, ас-су ішіп, ат-көліктерді отқа койған соң, босанған ананың үйіне жиналып, ән салып, күй тартып, өзара айтысып, жаңа босанған ана мен нәрестені әсем әнмен әлдилеп, тәтті күймен тербетеді.

Шілдехана әдетте бір апта, тіпті 40 күнге дейін шамды өшірмей жалғастырылады. Шілдехана күзетудің өзіндік ғылыми мәні бар.

  1. Жас босанған ана мен нәрестенің шошынып, түрлі жүйке ауруларына шалдығуының алдын алады.
  2. Жаңа туған нәрестенің тұншығып қалуының немесе зиянды жәндіктердің шағып зақымдап кетуінің алдын алады.
  3. Жас босанған ана мен нәресте ән-күй, өлең-жыр тыңдап, тез сергиді. Бала болашақта ізгі ниетті, өнер сүйгіш, ақ көңіл, ашық-жарқын болады.

 

БАЛАҒА АТ ҚОЮ

Жаңа туылған балаға ат қою – өмірлік мән-маңызы бар, аса игілікті іс болып саналатындықтан, қазақ халқы балаға ат қою салтына ерекше көңіл бөліп, өмір есігін ашқан әрбір перзенттің есімін жалпақ жұрт сыйлап-қадірлейтін білікті, қадірлі кісілерге қойдыруға тырысады.

Әдетте, баланың есімін ел-жұрт көп жиналған шілдехана үстінде кояды. Онда есімін қоятын баланы: «мына балаға ат қойып беріңіз» деп көп ортасында отырған білікті кісілердің біріне ұстатқанда, әжейлер оған «бай-бақытты болсын» деп шашу шашады.

Баланы қолына алған кісі оның құлағына:

– Сенің атың -…!– деп үш рет дауыстайды да, баланың бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Сыртта азан шақырылады. Міне, бұл үрдіс «ат қою» деп аталады. Тіліміздегі «азан шақырып қойған есімі» деген сөз тіркесі содан қалған.

Балаға азан шақырып есім берген соң, үлкен кісілер ақ баталарын беріп, беттерін сипайды.

Қазақ дәстүрінде, мейлі, туа салып шетінеп (өліп) кетсін, мейлі, ай-күні толмай, түсік болып түссін, адам бейнесін қалыптастырған балаға есім беріп, жаназа шығарып жерлейді.

Қазақ халқының ат қою дағдысының өзіндік мән-мағынасы және ғылыми негізі бар, яғни казақ халқының ат қоюына қарап, оның таным-түсінігі, салт-санасы, арман-тілегі, сондай-ақ этикалық талғамы мен ұлттық болмысы өте анық байқалады.

 

ҚАЛЖА БЕРУ

Қалжа – босанған анаға арнаулы мал сойып беретін ет пен сорпа.

Әйелдерді құрметтеп, қадірлейтін халқымыз аналар жүкті болғаннан бастап оны ерекше күтімдеп, оған «қалжа» деп күні ілгері еркек қойды әзірлеп қояды.

Жаңа босанған анаға «қалжа» берудің үлкен маңызы бар. Яғни, калжаға сойған малдың бауыздау қанын сәл ағызып, қалған қанын таза ыдысқа құйып алып, оны шарбы маймен араластырып қуырып, жаңа босанған анаға дәрі ретінде береді. Піскен мойынды бөлмей мұжып, «баланың мойны тез бекісін» деп, биік бір жерге ілдіріп қояды. Асықты жілікті де мұжып, сорпаға қандырады. Міне, бұл үрдіс «қалжа жеу» деп аталады.

Қалжа жеген әйелдер белін тез бекітіп, қол-аяғын бауырына алады. Түрлі ауру-сырқауларға қарсылық қуаты артады. Омырау сүті молайып, нәресте тез ширайды. Омырау сүтіне қанған бала есейгенде мықты болып өседі. Сондықтан үлкен кісілер әлжуаз жігіттерді көргенде: «Әй, сен туғанда шешең қалжа жемеп пе еді?» – деп кейістік білдіреді.

 

ИТЖЕЙДЕ (ИТКӨЙЛЕК) КИГІЗУ

Итжейде – дүние есігін ашқан нәрестенің алғаш киетін (қырқынан шыққанға дейін) көйлегі.

Әдетте итжейдені «кіндік шеше» немесе «кіндік әке» болған адам нәрестеге жұмсақ кездемеден мол етіп, тігісін сыртына қаратып тігіп әкеледі. Нәрестенің ата-анасы оған көйлек, шапан кигізіп, қалжаға сойған малдың терісі мен төстігін беріп қайтарады. Бала қырқынан шыққан соң, кіндік шеше, кіндік әкелері  адал көйлек деп ресми бағалы кездемеден көйлек тіктіріп әкеліп кигізеді.

 

БОСАНҒАН АНАНЫ КҮТУ

Ата-бабаларымыз босанған аналарды күтуге ерекше көңіл бөлген. Ана босана салысымен, арнаулы қалжа сойып, нәрлі, қуатты азықтармен тамақтандырып, белі бекіп, бала қырқынан шыққанша жылы киіндіріп, қолын суық суға салдырмаған. Ауыр жұмыс істетпеген. Киім-кешек, жатын үйін таза ұстаған. Жаңа босанған ананың түрлі ауруға карсылығы төмен болатындықтан, ауыздан микробтар еніп, ауыз қуысы мен тісі бүлінбеуі үшін аузын орамалмен орап жүрген. Шашы түспеуі үшін мықтап өріп койған.

 

БАЛАНЫ БЕСІККЕ САЛУ

Әдетте баланы бесікке баланың кіндігі түскен соң салады. Баланы бесікке салуға (бөлеуге) ерекше мән беріледі. Баланы бесікке саларда «тышты ма?» ырымы жасалады. Онда баланы бесікке салуға жиналған әйелдердің біреуі: «тышты ма?» деп дауыстағанда, бесікті айнала отырған әйелдер  «тышты, тышты» десіп, бесіктің түбек салар тесігінің астына тосылған қолдарға, бауырсақ, құрт, ірімшік, қант, кәмпит салады. Оны алған балалар таласа-тармаса жейді. Баланы алғаш бесікке балалы-шағалы, инабатты жандардың бірі салады.

Баланы бесікке бөлеудің өзіндік ғылыми мәні бар. Әдетте, бесікке бөленген бала түзу, сымбатты болып өсіп, дәретіне былғанбай, таза болады. Зиянды жәндіктердің шағуынан қорғайды. Көшкенде ат үстінде алып жүруге өте қолайлы болады.

Ал, «тышты ма?» айтудүниеге жаңа келген сәбиге құт дарысын, несібелі болсын, артынан байлық саулап жүрсін деген ниетпен істеледі.

 

БЕСІКТІ АЛАСТАУ

Баланы бесікке бөлер кезде әрдайым ең алдымен бесікті міндетті түрде аластайды. Бесікті көбінде арша бүрінің шырпысын тамызып, ол болмаса, шам, шақпақ, сіріңке талы секілді жарық шығаратын заттардың бірін пайдаланып, бесіктің бас-аяғын тегіс айналдыра:

–Алас, алас, алас!

Әр пәлеңнен қалас!

Көзі жаманның көзінен алас!

Тілі жаманның тілінен алас!

Уы жаманның уынан алас!

Алас, алас, алас!

Қыла гөр Алла, мың пәлеңнен қалас! – деп бесікті аластап шығып, сонан соң барып, баланы бөлеуге кіріседі.

Бесік аластаудың да өзіндік ғылыми негізі бар:

  1. Аршаның микробтарды эоятын қасиеті бар. Сондықтан бұл баланың дені сау болып өсуіне септігін тигізеді.
  2. Оттың жарығымен бесікті аластау зиянды жәндіктерден сақтандыру үшін қажет. Баланы бесіктен шешіп алған соң, түбек-шүмегін жуып, көрпе-жастығы мен жөргегін күнге жайып отырады.

 

БЕСІК ЖӘНЕ БЕСІК ЖАБДЫҚТАРЫ

Бесік әдетте, ағаштан, әсіресе талдан кесіп, қашап, иіп, әртүрлі пішінде жасалады. Бесік жабдықтары: жөргек, жастық, бесік көрпе, төсеніш, қолбау, тізе бау, түбек, шүмек қатарлылардан тұрады.

Түбек көбінде фарфордан, шүмек аршадан, асықты жілік сияқты заттардан жасалады.

Шүмекті аршадан жасаса, түрлі микробтар жойылып, аурудың алдын алады. Ал жіліктің адам денесіне кері әсері аз болады. Фарфор су тартпайтындықтан, дәретке шірімейді, иістенбейді.

 

БАЛАНЫҢ ҚЫРҚЫНАН ШЫҚҚАНҒА ДЕЙІНГІ КҮТІМІ

Бала дүниеге келген күннен бастап, қырқынан шыққанша түнде шам өшірілмейді. Мұның да өзіндік ғылыми мәні бар. Бала қырқынан шыққанша шам жағып қою – баланың шошу, тұншығудан және ана мен баланың әртүрлі кауіп-катерден сақтануы үшін қажет.

Әдетте, бала қырқынан шыққанша баланы бір күні тұзды, бір күні сабынды, кейде маралшөп салынған суға алма-кезек шомылдырып отырады.

Баланы тұзды сумен шомылдырса, баланың денесі шымыр болып, ауру-сырқауға карсы иммунитеті қалыптасады. Сабынды су – баланың денесіне жабысқан түрлі микробтарды, бөгде иіс-қоңыстарды жойып, терідегі тесіктерді ашуға көмектеседі. Ал, маралшөп қосылған су баланың денесіндегі түрлі зиянды бактерияларды жойып, бала тез ширайды.

 

БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ

Нәресте үшін қауіпті деп саналатын 40 күн өткен соң ата-ананың көңілі орнына түсіп, баланы қырқынан шығару қамына кіріседі. Алайда, «асықсаң жақсылыққа асық» деп, ұл баланы 37-39 күн, қыз баланы 40-42 күннен қалдырмай қырқынан шығарады.

Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құйып қояды. Баланы қырқынан шығарған әйелдер білезік, жүзіктерді бөлісіп алады.

Баланы шомылдырып болған соң, қарын шашы мен тырнағын инабатты, сыйлы ақсақалдардың біріне алдырып, ол кісіге шапан кигізеді.

Баланы шомылдырар алдында шешіп алған «итжейдеге» қант, кәмпит, бауырсақ түйіп, бір баланың мойнына тағып, қоя береді. Ауыл балалары оны қуып жүріп ұстап, қант-кәмпитін жеп, жейдені әкеліп береді.

Қырқынан шыққан баланы анасы көтеріп, ата-әжелері мен туыс-туғандарының үйіне алып келеді. Ата-әжелері қырқынан жаңа шыққан нәрестенің бетінен сүйіп, ақ баталарын беріп, оған тай-тайынша, қозы-лақ сыйлап, көйлек-шапан кигізіп қайтарады. Анасын да ерекше күтеді.

Баланы қырқынан шығарудың да өзіндік ғылыми мәні бар. Баланы шомылдыратын суға күмісті бала адал, ақ, пәк болсын деп салады. 40 қасық суды ырыздығы судай мол болсын деп құяды. Шаш-тырнағын сол адамдай инабатты, ортасына сыйлы адам болсын деп алғызады.

 

БАЛАНЫ СЫЛАУ

«Баланы – сылау, қарды – қылау өсіреді» деп, бала өздігінен талпынып жүргенге дейін ауық-ауық қойдың құйрық майымен сылап, қол-аяғын керіп-созып: «өс, өс, өс!» деп ақырын-ақырын созғылап отырады. Әрі:

Өс-өс, өс!

Үйден пәле көш!

Тәу-тәу, тәу!

Сыламақ менен,

Ширамақ сенен!

Менің қолым емес,

Бибәтимә пірімнің қолы!

Тастай мықты бол!

Темірдей төзімді бол!

Сүттен ақ бол!

Судан пәк бол!

Дерт атаулы кірмесін!

Ақ бөпеме тимесін!

Өс-өс, өс!

Үйден пәле көш!

деп қанатты сөздермен игі тілектерін білдіреді.

Баланы қойдың құйрық майымен майлап сыласа, оның терісі жұмсарып, сезім-түйсіктеріне әсер етіп, қан айналымы жақсарады. «Өс, өс» деп баланың кол-аяғын жазып, керіп-созса, буын-буындары тегіс жазылып, денесі шынығып, шыңдалып, сау денелі, сымбатты болып өседі.

 

ӨЗ БАЛАСЫН ӨЗІ САТЫП АЛУ

Баласы тоқтамаған жандар, баламның өмір-жасы ұзақ болсын деген мақсатпен оған Өмірұзак, Ұзақбай, Тоқтасын деп ат қояды. Баласы оған да тоқтамаса, қоныс, орын, үй жөткейді. Ал, оған да тоқтамаса, туыстық қарым-қатынасы жоқ, кісілігі жоғары, балалы-шағалы бір адаммен сөз байласады. Олар жөргек жасап апарып, бала шыр етіп жерге түскенде кіндігін кесіп, жөргекке орап әкетеді де, азан шақырып ат қойып, үстіне қариялардың ескі-құсқыларынан киім тігіп кидіреді.

40-50 күн өткен соң, оны баланың өз ата-анасы барып сатып алады әрі жол-жөнекей жеті ақсақалдың алдына барып, оның бата-тілегін алып, баланы өз үйіне іргеден немесе терезеден кіргізіп алады.

 

БАЛА АСЫРАП АЛУ

Қазақ халқы: «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп, балалы-шағалы, қызы моншақты, ұлы он шақты болуды өте жақсы көреді. Әне, сондықтан да балалы-шағалы болып, ұрпақ ізін жалғастыруға тырысады.

Онда түрлі себептермен ұрпақ көре алмағандар «атымды өшірмейін, түтінімді үзбеймін» деп басқа балалы-шағалы туыс-туғандарынан бала асырап алып, ұрпақтар бойы өз шаңырағының отын сөндірмейді.

Кейбір адамдар ұлы болғанымен қызы, қызы болғанымен ұлы жоқ болса, басқа туыс-туғандарынан өз қажеттеріне лайық бала асырап алады. Тіпті кейбір білікті кісілер туыс-туғандар арасындағы береке- бірлікті мәңгі сақтау мақсатында да бір-бірінен бала асырап алады. Бұл салттың да тәрбиелік мәні зор.

 

 ӨКІЛ ӘКЕ БОЛУ

Ертеде басқа жанашыр жақыны жоқ, жас балалы, ауру-сырқау, мүгедек адамдармен соғысқа және алыс сапарға аттанатын адамдар адамгершілігі жоғары, инабатты адамдар мен дос-жарандарының бірін үйіне шақырып алып:

– Мына бала өзіңе аманат! Өкіл әкесі болып, мен олай-бұлай болып кетсем, қарауыңа алып, адам қатарына кос! – деп ұрпағын өнегелі кісілерге аманаттап кететін салт болған. Одан әрқандай адам бас тартпай, қуана карсы алған.

Қазақ салтында өкіл әкенің өкіл бала алдындағы жауапкершілігі өте үлкен болған. Өкіл баланы өз баласындай жақсы бағып-қағып, оқытып, үйлендіріп, ата-аналық парызын мүлтіксіз орындаған.

Өкіл әке болу – баланың құқық-мүддесін қорғап, жас балаға өгейлік, кедейлік, жетім-жесірлік қасіретін тартқызбай, олардың еш алаңсыз есейіп, адамдар арасындағы сенім мен достықты нығайтуда зор рөл атқарған.

 

ТҰҢҒЫШ НЕМЕРЕСІН КЕНЖЕСІНЕ БАЛАУ

Өмірден көрген-түйгені көп, тәжірибелі де парасатты қазақ халқы тұңғыш немересін, тіпті екінші, үшінші немерелеріне дейін омыраудан шыға салысымен «кенжеміз» деп, өз тәрбиелеріне алып бағып-қағып, жақсы азамат етіп жетілдіруге күш салады. Бұған себеп: жас ата-ананың баланы бағып-қағу тәжірибесі аз болады; тәлім-тәрбиені неден, қалай бастауды толық білмейді.

Міне, жас ата-аналардың осындай олқылықтарын толтырып, жастарға бала тәрбиелеудің қыр-сырын үйрету үшін, білікті қариялар алғашқы немерелерінің тәрбиесін өз қолдарына алады. «Көп баланың ортасындағы кәрі – бала болады, көп кәрінің ортасындағы бала – дана болады» дегендей, ата-әжелерінің тәрбиесін алған балалар ұлттық салт-дәстүрге бай, жан сезімі мол, көз аясы кең, білімі терең, адамгершілігі күшті, турашыл, әділ азамат болып өседі. Тарихта көптеген әйгілі адамдар ата-әжелерінің тәрбиесінде болған.

 

БЕСІК ТОЙ

Нәрестенің кіндігі түскен соң, оны бесікке салып, көрші-колаң, туыс-туғандардың әйелдерін түгел шақырып, «бесік той» жасайды. Ал, той жасауға жағдайы келмегендер, өз әлдеріне қарай баласын қуана-қуана бесікке салады.

Қалыптасқан қазақ салты бойынша баланы бесікке ауылдағы жолы, жасы үлкен, үлгі-тағылымды, балалы-шағалы әйелдің бірі салады немесе білікті, өнерлі, ел-жұртқа сыйлы әйелдердің біріне баланы бесікке салуына үлкен кісілер жол береді. Баланы бесікке салатын адам алдымен бесікті аластап, «біссіміллә» деп жөргегін салады, бесіктің түбекқояр тесігінен «тышты ма?» ырымын жасап, онан соң түбегін салып, бесікті жасап, сәбиді бесікке салып: – Ағаш бесікке түстің, адам қатарына қосылдың; ата-анаңа опалы, ел-жұртыңа қайырлы азамат бол! – деп, игі тілек білдіріп, бөлеп тастайды. Баланы бесікке салған әйелге баланың анасы сый-сияпатын жасайды.

Баланы бесікке салып, бөлеп болған соң, келген қонақтар тойға әзірленген ас-тағамдардан дәм татып, әзілдесіп, өлең айтып, көңіл көтеріп қайтады.

Бесік тойға келгендер сәбиге арнап көйлек-көншек, шашу апарады. Жанкүйер туыстары қой-қозы, тай-тайынша атайды.

 

БЕСІК ЖЫРЫ

Тәрбиелі де тәлімгер қазақ аналары баланы бесікке салған күннен бастап «Бесік жырын» айтып, перзенттерінің көкірегі ояу, елін сүйген азамат болып есеюін тілеп, қасиетті халық жырын ұрпақтарының құлақтарына құя берген.

Бесікке сүйеніп отырған ана ақ сүтімен қоса:

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Балапандай мұзбалақ,

Қанатыңды қақ, бөпем!

Арыстандай жауыңа,

Айбаттанып шап, бөпем!

Қай-қашан да халқыңды,

Қамқоршы боп бақ, бөпем!

Өз құрбыңның алды боп,

Өнер шамын жақ, бөпем!

Ата-бабаң таппаған,

 Тапқырлықтар тап, бөпем!

Кең бол байтақ далаңдай,

Далаң жомарт – анаңдай.

Сүйсең Отан, жеріңді,

Болар анаң көңілі жай,

Әлди-әлди, әлди-ай!

Аспандағы жұлдызым,

Суда жүзген құндызым.

Ізгі ісіңе ел сүйінер,

Қас қырандай шүйілер,

Азамат бол, әлди-ай! –

деп бесік жырын тамылжыта төгіп, ұрпақтарына мол рухани азық беріп отырған.

Қазақ аналары бесік жырын ермек үшін немесе баласын жұбату үшін ғана айтпаған. Қайта, халықтың ауыз әдебиетін ұтымды пайдаланып, ұрпақтарының құлағына халықтық салт-дәстүр мен адамгершіліктің, ізгіліктің өркенін сіңіріп, даналық тағылымдарын құю үшін айтқан.

Бесік жырын айтқан ана көңілі көтеріліп, «бесік жырымен» бірге болашақ өмірге алып ұшып, талпынған бесіктегі бөбегіне: «Өскенде, есейгенде кім боласың?» – деп жыр аяғын мынадай игі тілектерге ұластырып отырған:

Балғын қолың іс алып,

Балдыр мойның күш алып.

Бізді бағар ма екенсің?!

Сом құрықты майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан елді айырып,

Жігіт болар ма екенсің?!

Дулыға-сауыт киініп,

Жауға батыл тиісіп.

Батыр болар ма екенсің?!

Өлең сөзден дес бермес,

Нөсерлетер төске өрлеп,

Ақын болар ма екенсің?!

Таңдайларың тақылдап,

Шешендерді тақымдап.

Сөз сөйлейтін тақпақтап,

Шешен болар ма екенсің?!

Дүйім елді бастайтын,

Қиын жерде саспайтын.

Бақ-дәулетке таспайтын,

Көсем болар ма екенсің?!

Ал, баланы бесіктен шешіп аларда:

Бөпемді шешіп алайын,

Нұр жүзіне қарайын.

Емін-еркін керіліп,

Қуандырсын маңайын.

Атасын іздеп барса екен,

Барып асыр салса екен.

Қайта келіп жатқанша,

Бесікте ұйқы қалса екен! –

деп, сәби жанын куаныш пен шаттыққа бөлеуге тырысады.

Тарихта «Бесік жыры» ғаламат тәрбие құралы болған, ұрпақтарды адамгершілікке, ізгілікке, береке-бірлікке, достыққа жетелеп, ұлттық салт-дәстүрдің нәрімен сусындатқан.

 

БАУЫРЫНАН ТАБАҚ ЖҮГІРТУ

Туылғанына 5-6 ай болып, талпына бастаған сәбиді тез аяқтансын деген мақсатпен туыс-туған, көрші-қолаңды шақырып, баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымын өткізеді.

Онда ауылдың өнегелі, инабатты кісілерінің бірі арнайы дайындалған бір табақ асты қолына алып, оны талпынып тұрған баланың оң жағынан сол жағына, сол жағынан оң жағына карай өткізіп:

Балапандай талпын да,

Аршында, бөпем, аршында!

Желмаядай желгек бол,

Қас тұлпардай сергек бол! –

деген игі тілек білдіріп, табақтағы астан алдымен баланың өзіне дәм татқызып, қалған асты жиналған жұрт бөлісіп жеп, балаға ақ баталарын береді. Міне, бұл үрдіс «бауырынан табақ жүгірту» деп аталады.

«Бауырынан табақ жүгіртудің» де өзіндік мән-мағынасы, ойға алған мақсаты бар. Талпынып тұрған бала бауырын ыстық тамақтың лебі шалғанда, жүйке жасаушалары тітіркеніп, бойын тік ұстап, тезірек аяқтануға ұмтылады. «Ас – адамның арқауы» деп, омырау сүтіне қоса, нәрлі тағаммен азықтанған бала тез жүріп, буыны тез бекиді.

 

ТҰСАУ КЕСУ

Баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымынан кейін, арада біраз уақыт өткен соң бала қаз тұрып, жүруге бейімделеді. Міне, осы кезде сәбидің ата-анасы «тұсаукесер» салтын өткізеді.

Онда баланың аяғын ала жіп, майлы ішек және шөп тектес заттармен (орап) тұсап, білімді, өнегелі немесе ұзақ сапарларда көп болған және жүйрік, аяғы жылдам адамдардың біріне:

– Жүйрік бол, шауып кет! Қадамың сәтті, бақытың тәтті болсын, біссіміллә! – деп тұсауды кесіп жібереді.

Тұсауы кесілген баланы ата-анасы немесе жақын туыстарынан екі адам екі қолтығынан демеп ұстап:

–Қаз-қаз балам, қаз, балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз-қаз болып, тез басып,

Қадамыңды жаз, балам!

Тұсауыңды кестік біз,

Күрмеуіңді шештік біз.

Қадамыңа қаз басқан,

Құтты болсын дестік біз.

Қаз-қаз балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Шауып бәйге ала ғой!

Жүгір, жылдам, құлыным!

Желбіреп бір тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе!

Ала жіпті алайық,

Ақ әжеңе барайық.

Ержетті деп айтайық,

Шашуын жеп қайтайық, –

деп жетелеп, ары-бері жүргізіп, мәре-сәре болады.

Тұсау кесудің де өзіндік үлгі-өнегесі және ғылыми мәні бар. Тұсауы кесілген сәбиді сол күннен бастап, үлкен-кішілер бірінен соң бірі жетелеп, ұдайы машықтандырып отыратындықтан, бала тез аяқтанады. Ал, ала жіпті орап кесу – балам адал болсын, арлы болсын дегені. Қазақ салтында ала жіпті аттамайды. Шөп орап кесу – ұрпағым шөптей көп болып, өсіп-өнсін дегені. Ал, майлы ішек орап кесу – балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді.

 

БАЙҒАЗЫ

Байғазы – балалардың жаңа киген киім-кешегі мен жаңа жасатқан ер-тұрманын көргенде, тай-құнанға мінгенде үлкен кісілер беретін сыйлық немесе үйлеріне туыс-туған, көрші-қолаң балалары жаңа киім киіп, жаңа ер-тұрманын көрсетсе:

Мә, байғазың! Жасың ұзақ, киімің тозғақ болсын! – деген игі тілектерін білдіріп, қыз бала болса киімдерінің алдыңғы өңіріне маржан, моншақ, тана, сөлкебай, үкі тақса; ал, ұл балаларға қамшы, жүген-ноқта беріп, қой-қозы сыйлайды. Міне, бұл үрдіс «байғазы» деп аталады. «Байғазы алу» балаларды үлкендерден тұңғыш сыйлық алып, қуанышқа бөлейді.

«Байғазы» балаларды көпшілдікке, қуанышын өзгелермен ортақтасатын ақ көңіл, ашық-жарқын болуға; жомарттыққа, мәрттікке жетелейді. Адамдар арасындағы қарым-қатынасын жақсартып, достыққа, береке-бірлікке тәрбиелеп, туыстық сүйіспеншілігін арттырады.

 

Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ, этнограф-ғалым 

(Жалғасы бар)

Бөлісу: