Қарағанды облысы Ақадыр кентінің 73 жастағы тұрғыны Дәрібай Оспанов Президенттен алғыс хат алды, деп хабарлайды dasturkb.kz.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев спорт ардагеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат, сағат және Бурабайдағы демалыс үйіне жолдама табыс етті. Дене шынықтыру және спорт басқармасы ақсақалды спорттық құрал-жабдықтар сертификатымен марапаттады.
«Мен керемет әсер алдым. Шынымды айтсам, біздің Президент қарапайым адамдардың өмірін бақылап отырғанына таң қалдым. Менің көп жылғы еңбегімді Қасым-Жомарт Тоқаев байқағаны өте қуанышты. Біз ұлдарымызбен бірге бүкіл елдің үмітін ақтауға тырысамыз», – деп бөлісті Дәрібай Оспанов.
Дәрібай Оспанов пауэрлифтингтен әлемнің екі дүркін чемпионы. 73 жасқа қария әлі де шәкірт тәрбиелеп, спортты серік етіп келеді. Ұлдары Алмас пен Манас, немересі Айтас та әлем чемпионы.