Елбасының бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздегі тарихи ескерткіштері мен киелі жерлерді жан-жақты зерделеуде үлкен бетбұрыс болды. Бағдарлама аясында Атырау облысы өңірінде де тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлерді зерттеу, сақтау және насихаттау ісі жүйелі түрде қолға алынуда. Олардың ішінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің жәй-күйіне мониторинг жүргізу, олардың қорғау аймақтарын белгілеу, жаңадан ескерткіштер мен киелі жерлер саналатын нысандарды анықтау бағытында ұйымдастырылған экспедициялар және оларды насихаттау жұмыстары бар.
- Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау және есепке алу жұмыстары
Бүгінгі таңда Атырау облысы бойынша барлығы 992 (1681 объект) тарихи-мәдени мұра объектісі (255 ансамбль, 491 археология, 246 қала құрылысы және сәулет) бар. Оның 4-еуі республикалық және 313-і жергілікті дәрежедегі тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізімге енгізілген. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміндегі нысандардың саны 674-ті (1156 объект) құрайды (196 ансамбль, 318 археология, 160 қала құрылысы және сәулет).
Облыс аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеу, қорғау және сақтау бағытындағы іс-шаралармен айналысатын бірден-бір мекеме – Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы. Облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен оларды есепке алу жұмысы да инспекцияның басты қызметтерінің бірі. Осы орайда, 2017 жылы тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында атқарған жұмыстарының нәтижесінде алдын ала есепке алу тізіміне жаңадан 70 объект қосылып, оның саны 10,4%-ға өсті. Оның 10-ы сәулет, 60-ы – археология ескерткіштері. Жаңадан анықталған 10 нысан мекеме мамандарының облысымыздың оңтүстік-шығыс аумағындағы Желтау және Доңызтау таулы өңіріне шыққан экспедициясы нәтижесінде анықталды. Ал 60 объект инспекцияның ұйымдастыруымен облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілері саналатын археологиялық ескерткіштерді (қорғандар) анықтау бағытында жүргізілген далалық ғылыми-зерттеу экспедициясы нәтижесінде анықталды. Бұл зерттеу жұмысы Махамбет және Индер аудандарында, яғни Жайық өзенінің сол жақ жағалауында жүргізілді. Анықталған объектілердің барлығы да ерте темір дәуірі кезіне жататын қорғандар. - Тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жұмыстары
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы жыл сайын мемлекеттік тізімдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталу жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. 2017 жылы жүргізілген мониторинг кезінде 4 республикалық және 313 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің жәй-күйі анықталды. Сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын күшейту мақсатында жергілікті маңызы бар 40 объектіге қорғау тақталары орнатылды.
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен 7 объектінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары белгіленді.
Республикалық маңызға ие тарих және мәдениет ескерткіші – ортағасырлық Сарайшық қалашығының сақталуын күшейту мақсатында қалашық аумағын темір шарбақпен қоршау үшін сметалық-жобалау құжаттама жасақталды. Қазіргі уақытта қалашықты Жайық өзені ағынынан қорғау бағытында жағалауды бекіту жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа қалашыққа ғылыми-реставрациялық және консервациялау жұмыстары қолға алына бастады.
Жылыой ауданындағы Дүйсеке мешітіне демеушілердің тарапынан және Атырау қаласындағы «Орал» мейрамханасы ғимаратына меншік иелері тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
3.Өлке тарихы мен тарихи-мәдени мұраны зерттеу және тарихи-мәдени мұраны насихаттау жұмыстары
Мекеме облысымыздың тарихи-мәдени мұрасын ғылыми зерттеу және насихаттау жұмыстарына үлкен атсалысып келеді. Өткен жылы мекеме басшысы М. Кипиев Атырау өңірінің тарихы мен тарихи-мәдени мұрасына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында екі мәрте Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына іссапарға барды. Ресейдің мемлекеттік архивтерінде ізденіс жұмыстарын жүргізіп, тың материалдар жинақтады.
Археологиялық ескерткіштерді зертттеу ісіне де үлкен көңіл бөлініп, ортағасырлық Сарайшық және Ақтөбе-Лаэти қалашықтарына және Қызылқоға ауданындағы Миялды қорғандарына Атырау облыстық музейінің ұйымдастыруымен, сонымен бірге Қызылқоға ауданындағы Қарабау қорғанына университет атынан М. Қасеновтің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер музей қорына тапсырылды.
Инспекция тарапынан облысымыздың тарихи-мәдени мұра объектілері орналастырылған Атырау қаласы және аудандардың үлкен масштабты карталары дайындалып, жарық көрді.
Сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХІХ ғасыр-ХХ ғасырдың бас кезіне жататын қорымдардағы құлпытастар мен мазарларда араб эпиграфикасымен жазылған жазулардың қазақша-орысша аудармалары көрсетілген «Атырау қазақтарының эпиграфиялық ескерткіштері» атты сериялы кітап-альбомының 1-томы дайындалып, басып шығарылды.
Өлкенің тарихи-мәдени мұраларын насихаттау мақсатында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізілген Атырау облысының мәдениет күндеріне орай Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің фотокөрмесі Астана қаласында көпшілік назарына ұсынылды.
4.»Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында атқарылған іс-шаралар
Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә. Нәутиев «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Атырау облысы бойынша жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы тобының құрамын бекіткен болатын.
2017 жылдың 28 маусымында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Атырау облысы бойынша жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы тобының алғашқы отырысы өткізіліп, онда Атырау облысы бойынша ұсынылатын сакралды нысандар мен орындардың тізімін нақтылау мәселесі талқыланды. Қорытындысы бойынша 13 киелі нысанның ақпараты республикалық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне ұсынылды. Нәтижесінде, 4 нысан республикалық (макронысан) деңгейдегі Қазақстандағы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілді. Олар: Сарайшық қалашығы; ақын 1836-1838 жылдардағы көтеріліс басшысы Махамбет Өтемісовтің жерленген орны; Ақмешіт және Ұшқан ата қорымдары.
Кейін, 2017 жылғы 7 қараша күні облыс әкімінің орынбасары Ә. Нәутиевтің төрағалығымен өткен жұмысшы тобының кезекті отырысында қосымша 3 нысан Қазақстандағы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілді. Олар: Иманқара кешені, Аралтөбе қорғаны, Құлшан ата жерасты мешіті. Қорытындысында жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енген киелі жерлердің саны 7-еуді құрады.
Сонымен бірге Атырау облысы бойынша жергілікті маңызы бар 41 киелі жердің тізімі сарапталып, ақпараты «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығына жолданып, нәтижесінде 20 нысан жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енгізілді. 2017 жылы киелі жерлерді насихаттау мақсатында «Атырау облысының киелі жерлері» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде ашықхат (открытка) шығарылды.
Қорыта келе, 2018 жылы «Туған жер» бағдарламасы және киелі жерлер географиясы аясында, сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеу, қорғау және оларды насихаттау бағытындағы көлемді шараларды атқару жалғасын табатын болады. Осы орайда, мекеме мамандарының қатысуымен республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылу және күтіп ұстау тәртібінің сақталу жағдайына мониторинг жүргізу, сонымен қатар облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында кешенді экспедициялар жалғастырылады. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын анықтау жұмыстары ұйымдастырылады. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалуын күшейту мақсатында облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау тақталарын орнату жұмыстары атқарылады. Сарайшық қалашығына және өзге де нысандарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы зерттеу және олардан ашық аспан астындағы музей жасақтау бағытындағы іс-шаралар жүзеге асады.
«Туған жер» бағдарламасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру және олардың аумағын темір шарбақпен қоршау жұмыстарын ұйымдастыру көзделуде. Насихаттау жұмыстарын жалғастырып, «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериялы кітап-альбомның 2-томын, Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығын дайындау және басып шығару жұмыстары атқарылады. Сонымен бірге Атырау өңірінің киелі жерлері туралы кітап жарыққа шығады.
Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасына қатысты деректер іздестіру үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласына археографиялық экспедиция жүргізу және «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» заңды іске асыру мақсатында өзге де шараларды атқару жоспарлануда.
Ф. Байдәулетов, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары