«Садақ сөзі қалай қалыптасты» десеңіз?

 

Қазақ садақты жақ деп те, жа деп те айтады. Қырғыздарда жақтың бізге ұқсас жаа деген нұсқасы бар. Тарихта садақтың Бұхар хандығына тән түрін Бұхаржа деп атағанымыз да содан. Ал, қазақтар қайыңның сарғайған қабығымен қадалған садақты «сарыжа» дейтін. Жақ дегеніміз де, жа дегеніміз де жебені білдіреді. Жақ пен жаа қайдан келді десеңіз, бұл аспаннан шаншыла түскен найзағайдың ежелгі атауынан келген. Қазақ мифологиясында найзағайды ажағай деп айтады. Қарапайым тілімізде найзағайды нажағай деп сөйлейміз. Ажағай сөзінің ең басында тұрған А деген ұлықтауыш жұрнақты алып, сөзді өз күйінде қалдырсақ, жағай сөзі қалады. Жай түсті дегендегі жай сөзі, міне осы жағай сөзінің ықшамдалған бейнесі болып табылады. Жағай да, жақ та ажағайдың сұғып алу, шағып алу, шағып кету қасиеті мен от жағу, жарық түсу қасиеттеріне қатар арналғандықтан, ұйғырларда, өзбектерде ажағайдың шақмақ, шакмок (шаянша шақпақ, от жақпақ) деген түрі, қырғыздарда ажағайдың шагылган (шағылған,жағылған)деген түрінің пайда болуы содан. Быт-шыт болу деген сөзді «шақ-шалекейі шықты» деп те айтып жатамыз. Жайрату – осы жаймен, садақпен атып құлату әрекетін түсіндіреді. Яғни, жауды жайрату. Бұл «жай ату (жақ ату, садақ ату)» сөзінің айтыла келе, р дыбысымен қосақталып, көсіле айтылған нұсқасы екен.

Шеге деген сөзді білесіз. Үшкіл, сұғуға болатын, сойып өтер зат. Сойдиған сойғақ мүйізі болғаны себепті киіктің сайғақ деп те алатынын, осыған ұқсас қабірдің басына шаншылған ағаштың да сайғақ деп аталатынын білесіз. Моңғолдар садақты сагадаг (сағадақ) деп байырғы нұсқасымен айтады. Тиек сөзі тұйықтау, тығу, тоқтау-тоқтату, тектеу қызметтерін атқаратындықтан, тәртіпке түсіруді тектеу деп, саз аспаптарының ішегін тектеп тұратын кішкентай бөгет ағашты тиек деп атағанбыз. Оның үстіне, адырнаны тартқанда оны тік ұстап, жебенің тіке баруын қастамасыз етіп тұрамыз. Қырғыздың адырнаны «тик» деп тиек, тектеуші, жебені ұстап тұрушы ұғымында қарастыратыны сол. Найзағайдың жақ, шақ деген атауларынан алынған шегенің саға (сұға) деп айтылған нұсқасына адырнаны білдіретін тық, тек, тиек, тұйық сөзі қосылып сағадақ, шегедек атауы қалыптасып, ғ, г дыбыстарының қатардан көптеп түсуі кезеңінде бұл сөз садақ болып ықшамдалған.

Сағадақтың немесе шегедектің садақ болып ықшамдалу барысына қалмақ тіліндегі садақтың саадг (саадақ) деген а дыбысының созылып, екі қайталанып айтылатын нұсқасы куә. А дыбысының сөз арасында екі қайталануы ғ, г дыбыстарының қатардан түскен орнында болатын жағдай. Садақтың жақ, жай деген ажағайлық (найзағайлық) сипаттамаларының бір түрі алыстағы арабтарға да еніп, оларда садақты жайбату (жағбату, жақ ату) деу қалыптасқан. Осы жақ ату сөзінен қазақтың әйгілі ат үстінен жамбы ату спорт түрінің аты өз атауын алған. Садақтың біз талдаған сагадаг (сағадақ), саадг (садық), садақ деген атаулары кісі есімдерінде де кезігеді. Түріктермен жақын отырған румындарда жебені сагеата (сағата, сағада) деу үрдісі қалыптасқан. Біз осы сөзге үңіліп отырып, «қалтаңа сүңгіт», «сүңгітіп жібер» деп айтылатын сөздердің және суға сүңгу ұғымының жебенің қорамсаққа сүңгуімен, жебелердің атылғанда суға да, адамдар арасына сүңгіп жоқ болып кетуіне де тікелей қатысты екенін парықтай аламыз.

Садақ атауы кісінің есімі ретінде ғұндардың көне ыстылардың арасына қалдырған үш ханының бірінің аты Сәтек болса, Түрік қағанаты кезінде Шадуг деген мансап аты, қарлықтарда Сатуғ деген хан атаулары болған. Садақтың жаңағы біз талдаған атауларынан тыс, түркі халықтарында оның біз түсіндірген мағыналарын  аша түсетін сагайдак (сағайдақ), согодаг (сүгедек, шегедек), саадак (саадақ) деген басқа да үндес атаулары бар. Жебенің адырнадан найзағайша ағытылып ыршып шығу сәтіне қарай, шығу, секіру сөздері туындаған. Қырғызша мен татаршада шыг – шығу, секіру мен ыршуды секир, сикер, шыйкыр болса, Әзірбайжанда ыршуды сыгал (сығал, шығал) деп, түріктерде ыршу – сіиәкла (секіле, секіру), өзбектерде секіру – сакраш (секіріс, секіріш) делінеді. Тіпті, ғасырлар бойы Түркі тілдерінің ықпалында болған қытайлар шығуды шуку деседі. Шегірткенің аты да осы біз айтып жатқан шығу, секіру әрекеттерінен келді. Ұйғырлардың шегірткені шыкетке деуі, түріктің шекіргі (секіргі) деуі жақ, шақ, шық сөздерімен байланыста.

Мүбарак Көкбөрі, ақын

 

Фото интернеттен алынды.

Бөлісу: