Салт-дәстүрлерді орта білім беретін мектептерде қалай оқытуға болады?

*«Дәстүр» көтерген мәселе

Бауыржан Момышұлы 1943 жылдың наурыз айында Қазақ ССР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Н.Оңдасыновқа «асық, жасырынбақ, айтыс, бəйге, аударыспақ ойындарының жастарды шеберлікке, мергендікке, ширақтыққа, табандылыққа, ептілікке, тапқырлыққа, өлеңді суырып салып айтуға, ауыз əдебиеті мен музыкаға сүйіспеншілігін арттыруға, есеппен тəуекелге бел байлауға, тіпті, өзінің атағы мен ары үшін өлімге бас тігуге дейін баратынын, ерлік қасиетке тəрбиелейтінін айта отырып: «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дəстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруы тиіс», – деп арнайы хат жазғанын тарихтан білеміз.

Мұның сыры неде? Кемеңгерлік деген осы емес пе? Ұлтын сүйген, сол ұлты үшін от кешкен батыр Бауыржан Момышұлы күндердің күнінде қазақ халқының дәстүріне, тіліне оралатынын білді.

Қазіргі кезде кез келген орта мектепте (орыс мектептерінде де) мемлекеттік тілге деген бетбұрыс бұрынғы қай кездегіден де тәуір деуге келеді. Бірақ әлі де жетіспей жатқан, қолға алынбай отырған тұстары да баршылық. Салт-дəстүрге баса назар аудару арқылы да ерте заманнан бергі өткен өмірізді тереңдете оқытуымыз керек. Қазақ тілін меңгертуге бірден-бір көмек жасай алатын дереккөздері осы – əдет-ғұрып, салт-дəстүрімізде жатыр. Оқушыларды патриотизмге тəрбиелейтін, адамдарды бір-біріне түсіністікпен, сыйластықпен қарататын, əдеп сақтау, ибалық, инабаттылық жағына бой бұрғызатын, жамандықтан аулақ етіп, қажетті ақыл-кеңеске толы салт-дəстүрдің кешегісі мен бүгінгісін салыстырмалы түрде арнайы оқулық ретінде қарастырып, жалғыз мектеп қана емес, барлық оқу орындарына халық ауыз əдебиетін кіргізетін уақыт жетті емес пе?

Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында белгілі ғалым Алма Қыраубаеваның «Сенім» атты бағдарлама жасап, ұлттық педагогика мен заманауи білімді ұштастырып, гуманитарлық мектеп-лицей ашқаны мәлім. Бұл мектеп-лицей бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастыруда.

Қазақ халқының бай ауыз əдебиетінің де, тарихының да, тілінің де мол қазынасы – əдет-ғұрып, салт-дəстүрінде жатқанын Алма Қыраубаева мектеп қабырғасынан бастап түсіндіру, оқыту керектігін жазып, үлкен бағдарламалар жасап, бірнеше оқулықтар да жазды.

Көрнекті этнограф Жағда Бабалық болса, жер бетіндегі қай халық болса да, өзінің салт-дəстүрлерін, əдет-ғұрыптарын ұстану жағынан ғана алдыңғы орында болатынын айта келе, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттайтын қыздар екенін айтқан-тын. Сөйтіп, Алматыдағы Қыздар Педагогикалық институты қабырғасында арнайы ұлттық сыныбын ашты. Ұлттық бағдарлама дайындап, оны кезінде Ш.Беркімбаева жақсы қолдап-қоштаған да болатын.

Ұлттық педагогика туралы сонау Кеңес өкіметі жүйесінің қысымына қарамастан, Қ.Қобдабай жазды.

Халықаралық педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі, Педагогика ғылымының докторы,  профессор Клара Жантөреқызы Қожахметованың ұлттық педагогика тақырыбына жазған еңбектері  С.Қалиев негізін салған қазақ этнопедагогикасының ғылыми-әдістемелік және теориялық негіздеріне арналды.

Ал ұлттық тәрбие мәселелерiне қатысты жазған С.Кенжеахметовтың, С.Сауытбековтың, М.Әлiмбаевтың, педагог-практиктер Қ.Нұрғалиевтың, Р.Нұртазинаның, А.Айтқалиевтың, Қ.Бітібаеваның, Ж.Кәрімованың, С.Жиенбаевтың, М.Махановтың, Қ.Базарбаеваның  еңбектерi мен іс-тәжірибелері үлкен талғаммен, нақты баяндалған. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегіндегі тəрбиенің негізгі бағыттары көрсетілген.

Десек те, көптеген жақсы дəстүрлеріміз жарқырап көрінбей, жай тілде бар, жүректе жоқ, қағазда бар, халықта жоқ болып, уақытты оздырып жатқанын жоғарыдағыдай ұлттық бағдарламаларымыз бола тұра, оның қолданыс аясын кеңейте алмай жатқанымыз өкінішті-ақ.

Бүгінгі күнгі мектептегі тәрбие жұмыстарында пайдаланылып келе  жатқан «Кәусар бұлақ», «Атамекен», «Әдеп және жантану» бағдарламалары көңіл көншітпей-ақ отыр.

Өткен ғасырда Мұхаммед-Сәлім Кашимов «Насихат» атты кітабында сығымдаудан бас тартуды, оның орнына балалардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруды ұсынған еді. Ақпараттың ағымы заманында еркін өсіп келе жатқан балаларға осы нұсқа жақынырақ келетін сияқты.

Тамаша дəстүрлерге өте бай екенімізді жас ұрпақтың құлағына күн сайын құя бергеннен еш ұтылмаймыз. Біздің қоғамда тек қазақ ауылдары мен қаладағы қазақ тойларында шынайы болса, театрларда, оқу орындарында, қазақ мектептерінде, аралас мектептердің қазақ сыныптарында ғана дəстүрлердің шынайы емес, сахналық көріністе, қойылымдарда ғана көрінуінен басқа, жаппай жалпыхалықтық болып таралуына қыруар еңбек керек. Ал қазақ дəстүрлерін көрсетіп, насихаттау  Наурызда ғана өтіп келе жатқанына біраз жылдар болып қалды.

 Қазақ халқының ұлттық құндылықтары арқылы жас ұрпақтың танымын, сана-сезімін, ұстанымын, болашаққа аттаған қадамын реттеуге, саралауға болады. Қазақ елі – көп ұлтты мемлекет деген атаққа ғана ие болмауы үшін, көптілді ел деген сөзге қалмау үшін, біртілді мемлекет, оның қожайыны көп ұлт емес, бір ғана қазақ халқы екендігін мойындату керек. Əдет-ғұрып, салт-дəстүрлерімізді оқыту арқылы да, оны күнделікті өмірде қолдана білгізу арқылы да елдігімізді сақтап, асыл мұраларымызды, қасиетті қазынамызды қадірлете алуымыз қажет. Сол себептен де қазақ еліндегі қай тілдегі мектепте болса да, əдет-ғұрып, салт-дəстүр арқылы тəрбие жұмысы жүргізілуі тиіс деген оймен бірнеше   мамандарды да сөйлеткен болатынбыз.

Құрметті оқырман, бұл тақырыпқа алдағы сандарымызда да орын беріп, өздеріңізден пікір күтеміз. Айтыңыздар, ойларыңызды ортаға салыңыздар, көп болып мәселені тиісті орындарға жеткізуге тырысамыз.

  ***

Академик Рахманқұл Бердібай:  ұлттың үш тірегі –  ұлт тілі,  ұлт дәстүрі,  діні – жоғалса, ұлты жоғалып, өзгеге жұтылып кетеді дейтін.

Ұлттың тілі жойылса, ұлт өз-өзінен жоғалатыны түсінікті. Сондықтан орыс отаршылдары осыған бар күшін салды. Ұлттың ерекше санасын сақтап,  оған қорған болып тұратын екінші сауыты – дәстүрі. Отаршылдар жерімізге аяқ басқан күннен бастап бұған да шабуыл жасаумен келеді. Әйел теңдігі деген сылтаумен адал неке,  ата батасы, әке-шеше разылығы сияқты рухани тірек болып тұрған дәстүрлерді шайқалтты.

«Сүйіп қосылу» деген желеумен отбасылық құндылықтарды сақтап тұрған бар дәстүрлердің түбіне су құйды. Қазіргі шолақ балақ, қырма мұрт, қауға сақалдылар кәпірлерден де асып кетті. Ата-ана рұқсаты сұралмайды, кез-келген сақалды неке қия береді, біраздан соң «талақ» деп жөндеріне кете береді. Себебі заңды дәстүрге негізделмеген, ешбір жауапкершілікті білмейтін надандар – адам тағдырымен осылай ойнайды. Оларға ұлт дәстүрімен терең тәрбиеленбеген жастар қарсылық көрсете алмайды. Елігіп,  елітіп,  еріп жүре береді.

Дәстүр еріккеннен ойдан шығарылған нәрсе емес. Дәстүр – өмір сүру үшін ең пайдалы, тиімді, бабалар тарапынан екшеленген,  сыннан өткен тұрмыс заңдары. Оны сырттан келген көлдегең көк аттылар өзгерте алмайды.

Өзгертуі – ұлтқа жасалған қастандық. Біз өз дәстүрімізден бас тартқан күннен бастап, өз ұлттық құндылықтарымыздан адасып қалып отырмыз. Осы ұтылысымыздың орнын толтыру үшін мектептерде «Салт-дәстүр сабағы» атты пәнді енгізу керек.

Оны аптасына бір сағаттан барлық сыныптарға енгізген дұрыс. Бірінші сыныпқа «Сәлем – сөздің анасы» деген тақырыптан бастау керек. Өйткені қазір жастар амандасуды білмейді. Кез-келген мектепке кірсеңіз үлкен кісі ғой деп бір бала амандаспайды. Үлкеннің алдында тұрмын-ау деп әдеп сақтауды да білмейді. Мен мұны барлық мектертерден көріп жүрмін.

Тек «Назарбаев интел.мектепбінде» ғана немереме барғанымда, танымайтын балалар қазақша амандасты. Соған қалай қуанғанымды көрсеңіз.. тіпті, көршілер 30-40 жастағы азаматтар, күніне көріп жүрсе де, амандаспайды. Демек, ұлтымыздың сәлемдесу дәстүрінен бейхабар. Кейде үлкен кісілерге сәлемдессең, сәлем алудың орнына таңдана бетіңе меңірейе қарайды. Бұл дегенің – дәстүріміздің кіріспесінен бастап ұмытылғанын көрсетеді.

Бірінші  сыныпта сәлемдесуді, таңертең ұйқыдан тұрғандағы үй іші адамдарымен сәлемдесуден бастап, көршілермен, мектепте мұғалімдермен, үлкен кісілермен сәлемдесу, дастарқан басында отыру, тамақтану кезіндегі дәстүрлерімізді үйрету керек. Бұл – үлкен мәдениет. Бұл дәстүрлі мәдениет жоғалып барады.

Оң қолмен тамақ жеу керектігі, бата жасау, т.б. дәстүрлер кішкентай балаларға күнделікті өмірлері барысында тәжірибеден де өткізілуге мүмкіндік бар. Екінші сыныпта  бұлар қайталанбай, толықтырыла түсу керек.

Ұлттық ойын түрлерін енгізуге болады. Жаңылтпаш айтқызу, жұмбақ шешкізу де осы сыныптарда пайдалы. Біздің ұлтта сақау адамдар өте аз болған. Баланың тілін жаңылтпаш айтқызу арқылы жетілдіріп отырған. Кешкі тамақтан соң, жаңылтпаш айтатынбыз. Кейде кейбір сөздерді жаңылыссаң мүлдем басқа, кейде қысылып қалатын сөздер кездесетін. Сол сөздерді дұрыс айту үшін зейінмен тыңдап, ұмытпай қайталауға тырысатынбыз. Логопед қажет емес еді.

Жұмбақ шешу –баланың ой өрісін дамытып, айналадағы құбылыстарды жіті бақылауға үйретеді. Себебі жұмбақ сол заттарды сипаттап, бірақ атын атамайды ғой. Менің таң қалатыным – қазір балаларға жұмбақ айтсаң, соның ішінде бар сөздерді өзіңе айтып отырады. Ал, бейнеленген нәрсені іздеуді білмейді. Көрдіңіз бе, жұмбақ жасыру арқылы бабаларымыз баланың ой өрісін дамытып, аңдағыштық қасиетін жетілдіріп отырған.

Өтірік өлеңдер жаттатып, өмірде болмайтын құбылыстарды тауып суреттеу – қиялды дамыту екенінен, өтірікті насихаттау емес, өмір құбылыстарын тереңірек зерттей жүруге дағдыландыратын сабақ екенін оқыту керек. Бұлардың бәрі еріккеннің ермегі емес, бала тәрбиесіндегі іргелі еңбектер. Соларды жоғалтып алып, балаларымыздың ойы орашалақ, тілі сақау болып отыр.

Төртінші,  бесінші сыныптардан бастап қыз бала мен ұл баланың әдебі үйретілуге тиіс.

Әжелер мектебі, аталар мектебі,  аналар мектебі,  әкелер мектебінің сабақтары жүйеленіп берілуге тиіс деп ойлаймын.

Жоғарғы сыныптарда ұлдарды отбасынан бастап, ел қорғаны,  қорғанышы болуға тәрбиелеген түрлі дәстүрлерге баулу керек. Өз қарындастарын, әпкелерін сыйлау, сонымен қатар, басқаның да қарындасы мен әпкесін солай сыйлай білуге міндетті екенінен сабақта айтылуы тиіс.

Қыздарды отбасылық дәстүрлер жүйесімен таныстырып,  қыз баланың орасан үлкен міндеттерінен хабардар ету керек. Әрбір әрекеттегі әдепті меңгертуге тиіспіз.

Отбасында өз бауырлары – ағасын, інісін, әкесін сыйлай алу, оларды өзінің қамқоршысы екенін сезіну, құрметпен қарау дәстүріміздегі ерекше сабақтар болуға тиіс. Бойжетіп келе жатқан қыздарымызға төсек қатынасын емес, адалдық, пәктік, неке  адалдығы – ұлтты сақтайтын құрал екендіктерінен сабақ өтілуге тиіс.

Қыз пәктігі – ұлттың қадір қасиеті екенін ұғындыру қажет. Ұлдарымызға жат әрекеттерді насихаттау емес, адалдықты, мәрттікті, нәпсіні қоздыратын нәрсені емес, нәпсіні тұсаулайтын қадір-қасиеттен сабақ берілуге тиіс.

Бір сыныпта өтілген тақырып қайталанбай, жастары өскен сайын күрделі тұрмыстық дәстүрлер сырларына бойлату керек.

Қыз бала да, ұл бала да бір өнерді меңгеру керек. Соны насихаттау қажет. Бұл біздің дәстүрде бар. Өз бетінше «нан тауып жей алатын» бір өнерді меңгеру міндетті екенін жастайынан ұғындыру керек. Сонда ғана бала өмірге дайын болады.

Бұл сабаққа білікті мамандар тиянақты бағдарлама жасауға тиіс. Әр жерден жұлып, жұлқып, сынып сайын қайталап, асыл дәстүрімізді мазаққа айналдыруға болмайды. Қазақ дәстүрлеріне негізделіп,  қазақ тілінде жазылып, барлық тілдегі мектептерде оқытылуға тиіс. Себебі, қай тілде оқыса да  ол – біздің ұлттың баласы, біздің мемлекеттің баласы.

 Жанымгүл Камалқызы, филология ғылымдарының кандидаты, ассоц.профессор.

  10.02.2023. Астана.

 ***

Қазақтың Бауыржаны! Атақты Бауыржан Момышұлы сонау 1943 жылы наурыз айында, Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа жазған хатында: «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруы тиіс» деп арнайы хат жазғанын тарихтан білеміз. Өйткені, ұлтын сүйген батыр Баукең қазақ халқының  бір кезеңдерде ана тіліне, дәстүр-салтына  қайта оралатынын білген. Енді міне, Алаш жұртына сол дәуір келді.

Сонау жылдары кемеңгер Бауыржан Момышұлы өскелең Алаш ұрпағының қамын жеп, ұрпақ тәрбиесі туралы мәселені тегіннен-тегін көтерген жоқ. Енді міне, «Дәстүр» журналы ұлттық біртұтастықты сақтау үшін, мәдениетті, әдебиетті, өнерді қалыптастыру үшін, халқымыздың дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын орта мектеп қабырғасында оқыту мәселесін көтеріп отыр.

Өте дұрыс! Қолдаймын! Қазақ халқының рухани құндылығына айналған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрптардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы үшін, осы бір жаһандану кезеңінде, Алаш жұртының ұлттық рух пен қасиет-киесін сақтау үшін, бұл мәселе басты назарда болуы тиіс. Яғни, Қазақстандағы қазақ орта мектептерінде халқымыздың салт-дәстүрлерін, қазақ халқының әдет-ғұрптарын, қан тазалығын, тектілігін, жеті атасын таратып айтатын дәрежеге жеткізу, Тәуке ханнан бізге мұра болып қалған, біздің баға жетпес қазынамыз деп түсінемін!

Сондықтан да, ана тілімізді насихаттайтын, ата-бабамыздан қалған қасиеттерімізді насихаттайтын – жаңа оқулықты шығарып,  мектеп қабырғасында  оқыту, қазіргі зиялы қауымның басты мәселесі деп ойлаймын! Және бұл бастаманы қолдаймын!

   Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Алматыға «Еңбегі сіңген» қайраткер. 

 

 ***

Бізде салт-дәстүрлерге қатысты дүниелер тек факультатив, үйірме сабақтарында, қосымша пән ретінде оқытылып жүр ғой. Ал шындығына келгенде, мектептердегі осы факультатив сабақтар көбінесе оқытылмай қалып жатады. Неге дейсіз ғой? Өйткені оны ешкім тексеріп қадағаламайды. Ал қадағаланбаған нәрселерде өздеріңіз білесіздер не болатынын.

Сонымен бірге, оқушылар санының көптігінен кабинеттер жетпейді. Қазір үш ауысым бойынша оқытатын қаншама мектептер бар. Ал онлайн бойынша балалардың басын қосып, бір компьютерге жинау оңай шаруа емес.  Міне, сондықтан да бізде әдет-ғұрып болсын, салт-дәстүр, ұлттық өнерге байланысты жас ұрпақтың бойында нағыз патриоттық, ұлттық сана сезімді оятуға ықпал ететін маңызды тақырыптар өтпей қалып жатады. Бұл жерде мәселе, әрине, мұғалімнің жеке жауапкершілігіне де, тағы басқа жағдайларға  байланысты болып жатады.

Өз шәкіртіне жаны ашитын, ұлттық қасиеттерді бойынан көргісі келетін мұғалім амалын тауып, рухани тәрбиені, ұлттық тәлімді беруге тырысып бағатыны анық, оған бойындағы бар күш-жігерін салады.

Бізде салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға байланысты тақырыптар көбінесе қазақ тілі мен әдебиеті, тарих секілді пәндерде арнайы бөлім бойынша оқытылып өтеді. Бірақ мұны жеке пән ретінде енгізсе, әрине, жақсы болар еді дейсің. Оған қуанасың.

Салт-дәстүрлер жеке пән ретінде оқытылған соң оған қадағалау болады, тексерістер жасалады. Тек қазақ мектептерінде емес, өзге тілде оқытылатын мектептерге де енгізсе, ол да жақсы. Өзге ұлт өкілдері де біздің салт-дәстүрлерімізді біліп, бойын сіңіріп өссін. Бәріміз бір шаңырақтың астында тұрып жатқан соң, мақсатымыз да бір, тілегіміз бен құндылықтарымыз да ортақ болуы керек қой.

 Қанат Едігетегі, №59 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Алматы қаласы.

Дайындаған С.Әбдікәрімова

Бөлісу: