Сәдуақас Ғылманиұлы (1890–1972) – дін және қоғам қайраткері, аудармашы, ақын ретінде Қазақстанға танымал тұлға. Есімі Сәкен халфе деген атпен белгілі болған. Оның шын есімі – Сағырақадыр, атасы Сәлмен оны Сәкен деп атаған.
Өмірбаяны
Сәдуақас Ғылманидың балалық және жастық шағы. Ол 1890 жылы Ерейментауға жақын өңірдегі Малтабар ауылында дүниеге келген. Ол арғын тайпасының Қанжығалы руынан тарағанын жасырған емес. «Тексіз тегін жасырады» деген мәтелдің мәнін жақсы түсінген. Өзінің өмірбаяны туралы өлең түріндегі шығар масында Сәдуақас Ғылмани анасынан 11 жасында айырылғанын жазады. Әкесі Ғылман дәстүрлі қолөнермен айналысқан.
Сәкен халфенің бірінші әйелі Дәмелі Ержанқызы 1927 жылы 25 жасында кенеттен көз жұмады. Екінші әйелі – Мәкен 1933 жылы ашаршылық кезінде 33 жасында қайтыс болады. Үлкен ұлы – Хамат 1922 жылы туған, 1942 жылы соғыста із-түзсіз жоғалған, басқа жеті нәрестесі шетінеп кеткен. Үлкен қызы Мүмина (Үкіжан 1923 жылғы) Дәмелі 3 баланы дүниеге әкеледі. Үшінші әйелі – Жәмиланың 3 баласы болған, қызы – Әмина 1939 жылғы еді. Хамат 30-жылдары Орынбордағы арнайы мектепте оқыған. Үкіжан болса, Ақмола қаласында білім алады. Әмина әкесінің айтқан ақылымен медициналық институтқа оқуға түседі. 1942 жылы Сталинград түбінде із-түзсіз жоғалған ұлына арнап «Хаматқа» атты өлеңдер жинағын шығарған. Бұл кітап өлкетанушы Тасмұхамбет Тәлімұлының арқасында көпшілікке таралды. Біз ол кісімен кездесіп, Хамат туралы бірегей жазбаны көруге мүмкіндік алдық. Атасы Сәлмен діншіл адам болған, 1905 жылы Меккеге қажыға барған екен. Алғаш араб тілін өз әкесі мен атасынан үйренеді, кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен хазіреттен білім алып, 14 жасында «бала» молда атанып, Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт оқытқан. 15 жасқа жеткенде бұрынғы оқуына көңілі толмай, бір қыс Төре ауылындағы Айтмағамбет молдадан «Бұғар Зада», «Тұхфаны» меңгереді. Осыдан кейін ол Төлеңгіт ауылындағы Ақтамақ қалпеден білім алады. Осы жерде 6 жыл уақыт оқыған. Медреседегі оқуының соңғы жылдары ол ауыл мен аймақтарды аралап, ағартушылық жұмыстармен қатар, исламды насихаттаумен айналысып өмір сүруге қажетті нәпақасын тауып жүрді. Қысты күндері медресеге қайта оралып, ұстаздарынан білім алған. Ол 24 жасында замандастары арасында қадірлі молда болған.
1916 жылғы көтеріліс басталған уақытта барлық отандастары тәрізді көтеріліске қатысады. Үш жыл бойы мұсылман балаларына дәріс беріп жүрген Аққозы ауылында көтеріліс бұрқ ете қалады. Қазақ зиялылыларының қарулы көтеріліске қарсы шықпауға үндегеніне қарамастан, патшаның жазалаушы отрядынан бәрібір жеңіліс табатынын білсе де, ұлт-азаттық қозғалыс жолында бас көтеруге бел байлады. 1917 жылы ол өзінің көптеген жерлестерінен, туыстарынан, замандастарынан айырылып қалады. Оның туған ағасы Мұқанды көтеріліске қатысқаны үшін жазалаушы отряд ату жазасына кескен. Кейінірек ол өз шығармаларында қиян-кескі ұрыстарда бірін бірі өлтіріп жатқанда адам өмірінің түкке тұрғысыз екендігін суреттейді. Сондықтан да бұл тақырып, ол үшін қайғылы, әрі қорқынышты болатын. Патша үкіметінің жазалауынан құтылу жолында ол Екібастұздағы көмір разрезінен бірақ шығады. 1928 жылы отбасы қудаланып, жер аударылады. Отбасына өте ауыр салық салынады.
1931 жылы қудалау мен қысым күшейген, ашаршылықтың алғашқы белгілері пайда болар тұста отбасымен мешіт пен үйді жай арқанмен байлап 9 адам туған жерлерінен кетуге бел буады. Барлық мүлік пен керек-жарақтар үйде қалады. Олар Ақмолаға келгенде, Сәкенді әлдекімнің құпия хабары бойынша тұтқындап жергілікті түрмеге әкеліп тоғытады. Ол бұл уақытта намаз оқып жатқан. Бірақ НКВД қызметкерлері жаратқанға сыйынып жатқан жерінен намазын үзіп, туысқандарының үйінен күшпен әкетеді. Сәдуақас 57 күн бойы тұтқында отырады. Әйелі Мәкен және төрт баласы аштықтан көз жұмып православиелік орыс зиратының аумағына көмілді. Сәдуақастың екі үлкен баласы Хаммат пен Мүмінді (Үкіжан) Жаңаарқадағы туыстары алып кетеді. 1932 жылы ол қайтадан Ақмола түрмесіне қамалады. Осы жерде оның шығармашылық өлеңдері дүниеге келген. Тұтқында отырған кезде ол бір таңғажайып жайтқа тап болады: бір күні түрмеде бірге отырған камераласы Мүсімов Әбдікәрім дүние салады. Сәкеннің бес уақыт намазын қалдырмай оқитынын көрген түрме қызметшілері аяушылық жасап, өлген адамның құжатымен оны түрмеден босатып жібереді. Оның жаңа өмірі басталады. Осы текке балалары да өтіп алады. 1935 жылы Ерейментаудағы Еңбек колхозына қайтып келеді. Сөз тасушылардың әрекеті мен қудалауынан кейін ол 1937 жылы Омбы облысына қоныс аударады. Мокшино елді-мекеніне келіп орналасып, сол жерде ұста болып жұмыс атқарады. Сәдуақас Ғылманидың әкесі 1939 жылы дүниеден өтеді. Омбыдан тек 1946 жылы оралады. 1928 жылы басталған қуғындау, 1949 жылы аяқталады.
1936 жылы НКВД қызметкерлері қызы Үкіжанды тергеген. Кейінірек атасы Сәлмен екеуі Омбыға келіп, әкесін тауып алады. Ол сол жерде тұрмысқа шығады. Сәдуақас Ғылмани «Жақсылықтың түбінде өсері бар, Жамандықтың түбінде өшері бар» деген мақал-мәтелдерді айтып отыратын. Екінші дүнежүзілік соғыс кезінде майданнан ағайынды бауырлары Кәкен, Зейнел, Хакім, Қалиакбар оралмаған. 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста із-түзсіз жоғалып кеткен ұлы Хаматты өмірінің соңына дейін іздеген.
Сәдуақас Ғылманидың ақындық қыры. Сәкен халфе соңында бай ақындық мұра қалдырған. Оның поэзиялары ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ поэзиясының легін толықтыра түсетіні анық. Бір өлеңі «Ж.Аймауытұлының жантану ғылымына», келесі өлеңі «Напалеон сөзі» деп аталғанын ескерсек, оның өте білімді өресі кең адам болғанын байқаймыз. Мәселен Сәдуақас Ғылманидың адамның көңіл күйі мен мінезіне байланысты мына бір өлеңдерінен өмірінің образын сомдауға болатынын көреміз: «Өкіну», «Түс шайы», «Дұға» «Ғажап тұрмыс», «Уайым», «Көңілім», «Мешіт», «Елестейді көзіме», «Зар», Жұмбақ із», «Қара күн», «Омбы облысы Астархан жолында» т.б. Өлеңдерінің бірқатары жеке сюжеттер мен тұрмысты бейнелейді: «Бос кеткен бес нәрсе», «Жақсылық тану», «Бір ертегі», «Бір әңгіме», «Дос дегеннің ұққанына», «Өмір тарих» т.б. Өзінің замандастары мен ұрпақтарына қалдырған өтініш пен үндеулерге толы өлеңдері поэзияның келесі бір кезеңін айқындайды: «Құрбан айт», «Сопылар», «Үгіт», «Хадис аудармасы», «Араб өлеңдері», «Қорытынды», «Дәулет, бақыт, абырой не?» және т.б. Бір уақытта қазақ ауылынан Ертіс өңіріндегі Омбы қаласына қоныс аударған әйгілі ақын Олжабай Нұралыұлымен бірлесе отырып, Л. Толстойдың «Ум и интеллект человека» атты шығармасын поэтикалық формада аударады.
Оның шығармаларының көп бөлігі 1930 жылдары жазылған. Мәшенкеге 1961–1968 жылдары басылады. Олар 4 дана болып көбейтіліп, екеуі қыздарына, біреуі – мұражайға, төртіншісі – Жақия қажы Бейсенұлына берілген. Ол Сәдуақас Ғылманидың мұрасын кеңінен насихаттаған. Өмірінің соңғы жылдары поэзиядан қол үзіп, аударма жұмысымен айналысқан. Ол кітап жазып, аударма жасап, исламның таралуын насихаттады. 2010 жылы «Алаш» мәдени және рухани даму институты Д. Қамзабекұлының жетекшілігімен ақынның алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Сәкеннің поэзиясы – әртүрлі жанрларды қамтиды. Оқыған, көзі ашық халқымыз кезінде поэзия тілімен бір-бірімен қарым-қатынас жасап отырған.
Еңбегі
Тарихшы өлкетанушы Талғат Жанайдаровтың мәліметтеріне сүйенсек, Сәкен халфемен қатар бұл уақытта діни-ағартушылық қызметпен айналысқан басқа да тұлға лар – Тоқан хазірет, Ақтамақ, Әкбар, Ақтан, Шахман, Ақажан қалпе болған. Олар жергілікті халықты тек ислам негіздеріне ғана үйретіп қана қойған жоқ, қиын күндерде олардың қорғаны бола білген. Мәселен, Ақтан қалпе, ешкімнен сескенбестен қаражат жинап, Ақтөбеге жер аударылған ағалары Олжабай мен Барлыбайға апарып берген. Ал, Сәдуақас Ғылмани саяси қуғынға ұшыраған уақытта, әйгілі діни қайраткерлер мен шәкірттері астыртын көмектесіп тұрған.
Діни білімді толығымен меңгерген Сәкен халфе Ерейментау қаласындағы бірнеше мешітте имам болған. 1945 жылы Ақмола қалалық мешітінің негізін салып, оны 1952 жылы аяқтайды. 1949 жылы қажылық парызын өтеуге рұқсат алады. Үкіжанның айтуынша, оны 1952 жылы Қазақстан қазиі Әбдіғаппар Шамсутдинов Алматыға шақырып, өзінің орнын ұсынады. 1953 жылы Сталин өлген кезде мүфти Бабаханмен бірге Мәскеудегі жерлеу рәсіміне қатысады. Осы Сталиннің қуғын-сүргін саясатының кесірінен өзі және туған туыстары бірнеше рет қуғынға ұшыраған еді.
С. Ғылмани 1952–1972 жылдары Орта Азия мен Қазақстанда Мұсылмандар діни басқармасының мүшесі болған. Өткен ғасырдың 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітапты, 110 мыңға жуық сөзден құралған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздікті», «Ел аузынан жиған-тергендер» деген еңбектерді жазды. Құран аяттары мен хадистердің тәпсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды әзірледі. Қайтыс болар алдындағы өсиетке қарағанда, ол Ислам діні туралы 42 кітапша жазған. 1958 жылы «Калила и Димна» шығармасын қазақ тіліне аударып, Қазақстанның Ғылым академиясына өткізген.
Сәдуақас Ғылмани керемет аудармашы болған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен Әбу-Насыр әл-Фараби еңбектерін араб тілінен қазақ тіліне тікелей аударуға қатысқан. Сәкеннің қызы Үкіжанның айтуынша, «Қазақтарды алғашқы рет әл-Фарабимен және оның қызметімен таныстырған әл-Машани бұл адам туралы таңдана былай деген: «Мен Сәдуақас Ғылманиды ғылыми жетекшім ретінде қабылдаймын. Мен мәтінін оқи алмай қиналып жүргенде, Сәкенге барып көмек сұрайтынмын. Ол маған қажет жерін аударуға көмектесіп жіберетін. Осының нәтижесінде мен әл-Фарабиды араб емес, керісінше Қазақстанның Отырар қаласының тумасы екенін дәлелдедім. Сонымен қатар біз оның жерлеу орнын таптық». Ол «Діни педагогика» оқулығын жазып қалдырған. Сонымен қатар Махмут Шалтутаның «В мире и в войне» еңбегін және «Вопросы из города Парижа» теологиялық жұмысы тәрізді құнды материалдарды аударған. Оның көптеген еңбектері әлі күнге дейін жарыққа шықпаған. Бұл әрекет – қоғамдық сананы оятуда діннің ықпалын шектеу мәселесіндегі кеңес үкіметінің саясаты болатын. 1946 жылдан 1966 жылға дейін ол сөздікті жарыққа шығаруда талмай еңбек еткен. Ол шығарған 27 томдық кітап арабша-қазақша сөздік болатын. Даланың өте білімпаз адамы ретінде ол халық ауыз әдебиеті шығармаларын, тарихи әңгімелерін, билер мен шешендердің нақыл сөздері жайлы т.б. материалдарды жинаған. Сонымен қатар ол, поэзия мен прозаларды, өлкедегі 59 әйгілі тарихи тұлғаның ішінде Саққұлақ шешен туралы бай деректер жинаған.
Ұлықталуы
Ел тарихындағы Сәдуақас Ғылманидың орны және рөлі. Кеңес үкіметі зама нында оның көптеген еңбектері баспаға дайын болған. Бірақ цензура арқылы өткізілмей тасталған немесе қысқартылған «редакцияланған» түрде жарық көрген. Егерде біз оның еңбектерін шығаратын болсақ, тарихымыз бен әдебиетімізге, бәлкім, басқаша көзқарас тұрғысынан қарайтын боламыз. Ол өткенді жазып қана қоймай, сонау қиын жылдарды басынан өткерген тұлға ретінде сол заманның бейнесін суреттеген.
Сонымен қатар ол өзінің еңбектерінде 1920–30-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап кеткен Алаш қайраткерлері айта алмай кеткен идеяларын бізге жеткізеді. Ол ХХ ғасырдағы қиын қыстау кезеңде атеизм салтанат құрып тұрғанда діни еңбектерін жазған. Өз еңбектерінде жастарды жалпы түркі халықтарын, соның ішінде қазақтарды руға, тайпаға, жүзге бөлінбеуге үндейді. Мынау қазақ, мынау ноғай, мынау сарт деп бөлінбеуге шақырады. Болашақты қазақ халқы мен бүкіл түркі әлемінің бірлігі болатындығын елестетеді. 2005 жылы оның есімімен мешіт және Ғылмани атындағы мұражай ашылған. Астананың бір көшесіне Сәдуақас Ғылманидың есімі берілді. Оның жеке заттары ҚР Мемлекеттік орталық музейінде сақталған.
Әдебиеттер және деректер тізімі:
Қабылдинов З.Е. Астана тарихы. – Алматы: Атамұра, 2017. – 336 б., 150-16 0бб.
Зиябек Ермұқанұлы
Дәстүр сайты