Тайқазанды елге қалай қайтардық (Деректер мен құжаттар сөйлесін)

Бірер күн бұрын Түркістаннан ескі танысым Ғафур Юлдашев хабарласты. Бүгінде Қ.А.Яссауи кесенесінде тұрған тайқазанның елге қайтарылуы туралы алып-қашпа сөз көбейіп кеткенін тілге тиек етіп: «Тайқазанның Түркістанға қайтарылған кезінде сіз басы-қасында жүрдіңіз, оны  көзіміз көрді. Енді сол туралы сұхбат берсеңіз жақсы болар еді» – деді. Ғафур Тайқазанды елге әкелу жөніндегі екі ресми құжатты жіберіпті. Ол құжаттарда Тайқазанды қайтару үшін құрылған   11 адамнан тұратын жұмысшы тобы  туралы ресми құжат. Екіншісі, ҚазССР Мәдениет минстрлігі мен Түркістан қалалық атқару комитетінің бірігіп жасаған Жұмыс жоспары берілген.

Әңгімені сәл әріден бастамасақ түсініксіз болып қалуы мүмкін. Иә, сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінде қызметте жүрген кезім еді.
Бірде  сол тұстағы Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұриддин Балқияев Түркістаннан шыққан ақын-жазушылармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу өткеннен кейін Нұрекең  маған Түркістан қаласының мәдениет басқармасын басқаруға  ұсыныс жасады. Шынымды айтсам қартайған әке-шешенің қасында болу мүмкіндігіне қатты қуандым. Сондықтан бұл ұсынысқа тез келістім. Отызға енді іліккен кезім. Жыр жинақтарым жарыққа шыққан. Елге біршама танылып қалған кезім еді.
Облыстық Мәдениет Басқармасының бастығы Қ.Тұяқаев дайын бұйрыққа көшеде тұрып қол қойып берді. Қуана келісті. Жарықтық, зиялы, көркем кісі еді.
Жаңа қызметке қызығып, кірісіп кеттім.
Бірде, жұмыс барысында Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұриддин Балқияевтың: «Түркістан қаласының мәдениет бөлімінде өнер мен мәдениетке, ұлт тарихына байланысты қандай келелі ұсыныстарың мен ойың бар?» – деген сұрағына ішімнен «Ер кезегі үшке дейін» деп, үш ұсынысымды айттым:

— Өмірден ерте өткен жазушы Саттар Ерубаевқа музей ашуды ұйымдастыру;
— Эрмитаждан тайқазанды алдыру;
— Құрамы тарап кеткен, атақты «Яссы» өнер ұжымын қайтадан қалпына келтіру, шетелдерге гастрольге алып шығу.

Нұриддин Балқияев менімен ақылдаса келіп, өзім қозғаған үш мәселені де қолдайтынын айтты. Тағы қайталап айтамын, Тайқазанды қайтару жөнінде бізге дейін де жоғары жаққа көптеген хаттар жазылған.
Сонымен, қаланың кіре берісіндегі аңғал-саңғал, есік-терезесі жоқ ескі ғимаратқа шұғыл жөндеу жүргіздірдім. Жер-жерден жазушыға қатысты экспонаттар жинап, ресми құжаттарын дайындап, Түркістан қаласындағы қазіргі Саттар Ерубаев атындағы музейін өз қолыммен жасаттым. Жоғары жақтан арнайы штат бекіттіріп, ақын, қоғам қайраткері Нұрмахан Назаровты Мәдениет бөлімінің арнайы қаулысымен алғашқы директоры етіп тағайындадым.

Бірде  Түркістанда сол тұстағы Қазақстанның Мәдениет министрі Манура Мерғалиқызы Ахметова, өңір басшысы қатысатын үлкен жиында «Түркістанның мәдениеті» туралы  баяндама жасадым. Әрине, ол кезде ресми жиналыстардың бәрі орыс тілінде жазылады, баяндамаға тыңғылықты дайындалып: «Түркістан — біздің тарихи астанамыз. Қаламыздың келешегі, мәдениетінің дамуы ойландырмай ма, Сіздерді?»- деп сұрақ қойған едім.
Жиында айтылып, қайта құрылған «Яссы» оркестрін шетелге гостролдік сапарға шығару жөніндегі ұсынысымды  Манура Мерғалиқызы бірден  қолдады. Мәдениет министрлігі арнайы қаражат бөліп,  менің жетекшілігіммен Советтер одаңының атынан Куба мемлекетіне бір айға гастрөлдік сапарға барып, абыроймен оралдық.
Асқар Жақыпбековтың жетекшілігімен, сол кезде Ұлжан Мұстафаева бастаған педучилищенің бишілер тобын қосып, екі айда шұғыл дайындық жасап, Түркістан тарихында болмаған, арнайы концерттік бағдарлама бойынша алыс шет елде өнер көрсетіп қайттық.
Куба күндері — менің жүрегімде жылы естеліктер болып қалды. Ол сапар жайлы «Мәңгілік жаз еліне өнер сапары» деген көлемді сапарнама жазып газетке жариялағам.

Енді о, бастағы айтқан ТАЙҚАЗАННЫҢ ТҮРКІСТАНҒА ҚАЙТАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ…
Сол жылдары Тайқазанды елге қайтару  туралы жан-жаққа, Мәскеуге өте көп хаттар жазылды…
Жеке тұлғалар мен ел ақсақалдары, қоғам қайраткерлері, белгілі азаматтар да жазды. Бұл шындық.
Сондықтан болар қазір ел ішінде  «Тайқазанды мен елге қайтардым» деген жазбалар да көп. Ақиқаты қайсы, аңызы қайсы, адам айырып болмастай.
Сондай хаттарға сол кезде  Мәскеуден келетін бір-ақ жауап: «Тайқазан – КСРО халықтарының тарихи мұрасы. Ол Қазақстанға қайтарылмайды, Эрмитажда сақталады» – деген.
Ол кезде коммунистік партияның түкірігі жерге түспей тұрған кезі еді. Темірдей тәртіп.

Тайқазанның қайтарылуы туралы елді «аңыз» әңгімеден арылтып, шындықты жеткізіп, ақиқатты айтқанымыз дұрыс.

Тайқазанның елге қайтарылуы – Түркістан қалалық партия комитеті мен халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің бірлесе қимылдауының арқасында іске асты.
Тайқазанды қайтару үкіметтің қолдауынан тыс, облыстың тапсырмасы немесе партиялық жолмен шешілген жоқ. Біз жоғарыда сөз еткен  сан алуан тілек-хаттардың әсері болған болуы да мүмкін.
Иә, бізге дейінде талай көтерілген бұл мәселе Түркістан қалалық мәдениет басқармасында кеңінен талқыланды. Қалабасының атына ұсыныс жасадық. Сол ұсыныс бойынша қайта қозғау салынды. Ең бірінші, бұл ұсынысты Нұрддин Балқияұлы қолдады.

Сосын осы мәселе бойынша сол кездегі Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұриддин Балқияев пен Түркістан қалалық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Еркін Ескендірұлы Жорабеков үшеуіміз Тайқазанның қайтсек те Түркістанға қайтарылуы туралы кеңестік.  Ол үшін не істеу керек?
Мәскеуге келіссөздер барысында, атқарылатын іс оң шешімін табу үшін қалабасы «арнайы» тапсырма берді. Сөйтіп «Эрмитаждың» директоры Борис Пиотровскийге кәде-сый жасау үшін ұлы Абай атамның «Ебін тап та, жөнге салына» баспасақ болмайтынын анық еді. Ебін Еркін мырза бастаған біздің түркістандық азаматтар «тапты». Ең бастысы, сол тұстағы эрмитаждың директоры, атақты академиктің көңілін табу керек екендігіне көзіміз анық жетті. Онсыз Тайқазанды қайтару мүмкін емес болатын. Ол үшін сол кездің өзінде аяғынан тік тұрған Ә.Әбдіразақов пен Б.Ирисметов деген Түркістандық кәсіпкерлер Питерге, Еркін Жорабековпен бірге бару керек деп шешілді.
Ұлтымыз үшін атқарылған ұлы істе,  қасиетті Тайқазанның Түркістанға қайтарылуына арналған той-салтанаты менің жазған сценарийім бойынша, ресми іс-шарамен өтті.
«Халықтан ешкім үлкен емес» деген принциппен жоспарлап, қазақтың үш жүзінен беделді үш ақсақалдарға, зиялы қауым өкілдеріне сөз берілді.
Менің ұсынысым бойынша Алматыдан арнайы құрметтеп, шақырылған академик Зейнолла Қабдолов ағамыз халыққа ыстық лебізін білдіріп,  құттықтау сөзін айтты. Иә, Тайқазанды академик Зейнолла Қабдолов бастаған ел ағаларының  ақ батасымен өз орнына қойғыздық.
Зейнолла ағам мен Сәуле апайды «Бабайқорғандағы» ата-анамның қарашаңырағына қонаққа апарып, құрмет көрсеттім.

Тайқазанның қалай қайтарылуы жайлы Нұриддин Балқияев кейіннен арнайы мақала жазып баспасөздерде жариялады. Сол мақаланы осы жазбамның астына қоса жариялауды дұрыс көріп отырмын. Қызыққандар қарап көрер, оқыр.
Сол кездегі Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұриддин Балқияев өте қарапайым, зиялы адам. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Кездесіп, сұхбаттассаңыздар, қосымша деректерді кеңінен таратып айтып беретін болар деп ойлаймын.

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Түркістан, Кентау қалаларының, Сауран ауданының құрметті азаматы.

Суреттерде: Бірінші, Тайқазанды қайтару туралы 11 адамнан тұратын жұмысшы тобы құрылғаны туралы ресми құжат. Екінші, ҚазССР Мәдениет минстрлігі мен Түркістан қалалық атқару комитетінің бірігіп жасаған Жұмыс жоспары беріліп отыр.

 

Бөлісу: