Ер жігіттің әйелінің алдында талқыламайтын бір мәселесі бар. Ол – «ата-анамды қолға аламын» немесе «ата-анамның қолында қаламын» дейтіні. Тіпті бұл жайын әйелінің де қозғауына жол бермеу! Бітті! Бұл мәселені әйелін сынап, не дер екен, қандай пейіл танытар екен деп сөз қылу да дәл менің түсінігімде ер азаматтың әлсіздігін көрсететіндей. Бұл менің өз ойым. Келісетіндер келісер, қарсы болатындар да табылар. Неге екенін сәл кейінірек жазармын.

Бір досымның «келіншегім ата-анаммен бірге тұруды қиынсынып, айырылысып кеттік» деген сөзі көптен ой қазанымда жүрген сөздерді шығаруыма себепші болды.

 

Баз біреулеріңіздің естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын сегіз баласы (төрт ұл, төрт қыз) бола тұра, жалғыздың күйін кешіп, әр үйді паналап қалған кейуана туралы күйініп жазған болатынмын. Өкініштісі, күтіп-баптаған ата-анасын әйелінің қабағына қарап, қарттар үйіне өткізіп тастайтын бала да, қараусыз қалдыратын қыз да бүгінде баршылық. Бұл туралы айтылып жатқан сөз, түсіріліп жатқан кино, астарлы ой, іс-әрекетпен көрсетіліп жатқан қойылымдар да жетіп артылады. Байқасаңыздар, барлығынан да әйелдерінің шешім, қалау, «өтінішінен» аса алмай жатқан ер-азаматтарды көресің. Әзіл, кино ғой дейін десең де өмір шындығы басым боп тұрғаны…

Бұрын тұрмысқа шықпай тұрған кезімде де «қолда қалатын баласың ба, әлде бөлек шығасың ба» деп сұрамаппын. Бұл жағы қызықтырмапты, бұлай сұрау басыма да келмеген сияқты. Енді үйленгемізге он жылдан асты ғой, бұл сұрақтың өңін өзгертіп «апам қай баласының қолында тұрамын деп жүр» деп те сұраған емеспін. Өйткені бұл мен үшін талқыланбайтын тақырып. Біраз жылдан бері ауылдан анамызды қолға көшіріп алғанбыз. Әзірге бізбен бірге. Төрт баласы түгел үйлі болған соң, таңдауын өзі жасар. Болмаса, мінезі мен ісіне үйреніп қалдым деп біздің қолда қала берер. Оны өзі шешеді. Жұбайым үйдің бір баласы болмағандықтан, анамыз қолда қаламын десе де, басқа баласының қолына барамын десе де, бастысы – қай шешімін де ризашылықпен қабылдау. Құдайға шүкір, мамалап , жан-жақтан ентелеп тұрған ұлдары бар. Бала анасын асыра сыйлап тұрса, әйелі анасын ғана емес, сөйткен ұлдарына да құрмет танытып, іштей риза боп тұрады.

Келе салып, абысынымен жаға жыртысып, енесінің бетінен алып жатқан заманда да, шүкір, абысын екеуміз сөзге кеп, енеміздің бетіне тік қарап көрмедік. Бұл әуелі азаматтарымыздың анасын қатты қадірлеуінен, сон соң тәрбиемізден туған құрмет қой.

Кей-кейде әкелері анамыздың ары қарай да бізбен тұра беретінін алға тартып, менің ой-көзқарасымды білмек боп, сынай сөз айтатыны бар. Әрине, оның менімен бұл мәселеде санасайын деп тұрған жоғын білемін ғой. Қайтер екен, не дер екен, қандай көзқарас танытар екен дегені ғой. Мен де байсалды түрде «қолдан келген қызметті көрсетуге әзірміз я шешімді анамыздың өзі жасайды ғой…» деп қысқа қайырамын. Болмаса, кейде үнсіз қаламын. Мұным қарсы болғандығымнан емес, осындай сұрақ, сынауларды артық, ыңғайсыз көргендіктен. Неге? Себебі, бұл мен талқылайтын мәселе емес. Басқаша ой білдіруге хақым да жоқ. Қанша баласы болса, ата-анасының сонша үйі бар! Болды! Мұны жоғарыда айтқанымдай, әке-шешесінің қайда, кіммен тұратынын басқа-басқа әйелінің алдында сөз етіп, ол не дейді екен дегендей оймен талқыға салу дұрыс емес деп ойлаймын.

Сонан соң, қыз тұрмыс құрарда болашақ ерінің аспаннан салбырап түспегенін, оның ата-анасы болатынын, мейлі кейін олармен тұрсын-тұрмасын , барлық жауапкершілік пен алдағы өмірін сезініп келулері керек қой (ақылым тасығандықтан емес, өз өрем мен өлшеммен айтып жатқаным). Кейде ойлаймын, қыздың күйеуге шыққанын «тұрмысқа шығу» тіркесімен байланыстырып айтылуында да бір мән бар ма деп, «тұрмысқа шығу » деп те айтылуы – сол әулет, үйдің тірлігіне, қызметіне берілу деген ұғымды танытып тұрғандай.

Ойлап қарасам, ата-анаға жақсылық жасаудың бірнеше жолы бар екен:

▪︎ Үлкенге деген артық құрмет, ілтипаттан жасала беретін жақсылық;

▪︎ «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген бабалар сөзін ескеріп, үлкендер өткен жолмен өзіңнің де жүретініңді сезініп, алдыңда «болуы мүмкін» жамандықтан сақтанып жақсылық жасау;

▪︎Кім-кімнің өзінің де ата-анасы барын біліп, менің де ата-анама басқа біреу осылай құрметсіздік танытса қандай болар едім деп ойлауы; т.с.с

Осы айтылған ойлардың қай-қайсысы қандай ниеттен туса да, әйтеуір үлкенге құрметсіздік танытудан сақтап, олардың және өзіңнің қадіріңді арттыра түсуге, жақсылықпен жүріп-тұруыңа септігін тигізеді екен.

Ал енді, меніңше, «әке-шешең басқа баласының қолына барып тұрсын» десе, болмаса жалғыз бала екенін ескерместен, «бөлек шығамыз» деп қиғылық сала бастаса, тіпті өте қорқынышты «ата-анаңды қарттар үйіне өткізейік» деген сөзді аузы барып айта алса, онда әйелі ұлдарының әке-шешесіне аса құрметпен қарамайтынын, сыйлай бермейтінін білгені, қасиетсіздеу келгендері соны пайдаланып айтатыны… Жоғарыда айтып өткенімдей, әке-шешесін шексіз сыйлайтын ұлды көргенде әйел мұндай сөздерді айтпақ тұрсын, ойына да алып үлгермейді.

Сөз соңында қосарым – ата-анасын қыздан да қатты құрметтеп, жақсы көретін ер-азамат, ұлдарымыз көп болса екен деген тілек!

Перизат АҚЖІГІТ

Бөлісу: