Жамбыл облысында қылмыстық топ жастарды тәрбиелеу желеуімен қоғамдық қор құрып, әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жүргізген. Топтың 9 мүшесі ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды dasturkb.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ресми ақпаратта көрсетілгендей, қылмыстық топ мүшелері Таразда ұсталды. Операцияға ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Жамбыл облысы полиция департаменті мен ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен ұзақ мерзімді әзірлеу және жедел-тергеу іс-шараларының кешені барысында тұрақты негізде әрекет еткен қылмыстық топтың жолын кесті.
Ведомствоның жедел қызметкерлерінің назарына бопсалаудың бірнеше фактісіне, қылмыстық текетірестерге, қала мен облыс аумағындағы кәсіпкерлерден қарыздарды қайтаруға қатысқан бір топ адам түскен.
Қылмыстық топтың жетекшісі соңғы кездері өзін қоғам белсендісі ретінде көрсетіп, жастарды тәрбиелеу жөніндегі патриоттық қозғалыстың атын жамылып, «қайырымдылық қоғамдық қорын» құрған. Ол қылмыс әлемінің серкесі имиджінен алшақтап, «әділеттілікті жақтаушы» блогер ретінде әлеуметтік желілерде белсенді бола бастаған. Қалада күзет машиналарының ілесіп жүруімен ғана қозғалған, — делінген ІІМ хабарламасында.
Қылмыстық топ басшысы өзінің қорына жарнаны кәсіпкерлерден алып отырған. Ерікті түрдегі жарна делінгенімен, кәсіпкерлерден ақша бопсалау бойынша қылмыстық схема жасалған, орнына «қылмыс әлемінен қамқорлық» уәде еткен. Жарна төлеуге келіспеген бизнес өкілдеріне қорқыту, зорлық әрекеттері қолданылған.
Полицияға топтың 9 мүшесі жеткізілді, 20-дан астам тінту жүргізіліп, «қаңтар» оқиғасы кезінде облыстық Полиция департаментінен ұрланған «Калашников» автоматы, екі «Макаров» тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару тәркіленді. Сонымен қатар қылмыстық топтан екі келіден астам есірткі алынды. Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтау бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.