ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ (Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шара)
18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде Мәдениет пен өнер саласындағы жаңалықтарға, шараларға қазақстандықтардың назарын аударту, мәдениет нысандарына тұрғындарды тарту, азаматтармен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында «ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ» тақырыбында музей түні іс-шарасы өтті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деп атап өткендей, азаттық жолында құрбан болған бабаларымызды еске алу, рухына тағзым ету және өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық һәм ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара «Рухани жаңғыру» арқылы ел мұраты хақында, тұтастық пен бірлік арқылы ұлттық рухты жаңғыртуға үлес қосу болып табылады.
Өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын еске алу мақсатында Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының актерларының қатысуымен «Саяси қуғын –сүргін құрбандары» қойылымы көрсетіліп, өмірлері қысқа, тағдырлары ауыр болған «Қазақтың үш бәйтерегі» тұлғалардың оқыған монологы арқылы азаттық жолында құрбан болған бабаларымызды еске алып, көпшілікті тебіренткен қойылым болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға бағытталған шарада ашаршылық жылдардағы фильм көрсетіліп, құрбандарға арналып құран бағышталды.
Сонымен қатар, шара аясында қазақ халқының ХХ ғасырдағы тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер шеберлерінің жүн өңдеу, жіп иіру өнерлері тамашалаушыларды тәнті ете түсті. Құмырашылардың құмыра жасау, оны күйдіру тәсілдері бойынша шеберлік — сабақтарын көрсетуі мерекелік кешті қыздыра түскен сәттерінің бірі болды. Музей қызметкерлері келі түю, диірмен тарту, күбі пісу, бауырсақ пісіру сияқты асханалық тіршіліктен көріністер берді. «Ай астындағы алтыбақан» көрінісіндегі қыз бен жігіттін ән шашулары мерекелік кешке ерекше әсер берді.
Этнокешен ауласындағы «Музей түні» кеші музей экспозиция залдарын тамашалаумен жалғасын тапты.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің баспасөз қызметі