Театр миссиясы – пікір алмасып, өнер жайлы ой толғайтын орта қалыптастыру

«Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі, Ресей мен Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Канетов 2023 жылы «Астана Балет» көрерменін қандай сый күтіп тұрғанын айтып берді.

– 2023 жылы «Астана Балет» өзінің он жылдық мерейтойын атап өтпекші. Бұл астаналық театрдың бір белесі деуге тұрарлық. Сіздіңше театрдың миссиясы не?

– Меніңше, кез-келген театрдың миссиясы – пікір алысып, өнер жайлы ой толғайтын орта қалыптастыру. Біз спектакль қойып, осылайша спектакльді шығарушылар мен көрермен арасында диалог орнатамыз. Тап осы байланыс көрермен көкейінде жүрген түрлі ойға жетелейді. «Ойды ой қозғайды» деп бекер айтылмаса керек. Театрға келген адам кей тұста өзін толғандырып жүрген маңызды сұрақтардың жауабын тауып жатады.

– Сіздің ойыңызша театрдың жылнамасын жасап жатқан кімдер?

– Театр – түрлі компоненттерден құралған тірі ағза. Театр келбетін көптеген адамдар қалыптастырады: директор, хореографтар мен әртістер ғана емес, көзге көрінбейтін адамдар да бар. Олар «көзге көрінбейтін майданның» сарбаздары. Айтпақшы, сахна сырын ашу үшін осы мамандық иелері жайлы бірнеше бағдарлама түсірдік. Әрине, театр ұжымының жүрегі – әртістер. Бірақ, бұл ұжымдық өнер болғандықтан, мұнда бәрі бір адамға ғана байланып тұрмайды.

– Спектакльге қойылатын талап қандай?

– Қызықты сұрағыңызға рахмет. Біз ішкі түйсігімізге сүйенеміз. Көрермендер үшін қаншалықты қызық, өзімізді бұл туынды толғандыра ма? Бақытымызға орай, әлі бір мәрте жаңылысқан жоқпыз. Спектакльді таңдаған кезде замандастарымызды толғандырып жүрген, оларға қызықты көрінер дүниені табуға тырысу керек.

Біз ұлттық балет дәстүрін сақтай отырып, заман талабына да ілесуге тырысамыз. Сол себепті, шығармашылық көзқарастары алуан-түрлі режиссерлерді шақырудан жасқанбаймыз. Бір жағынан, әртістеріміз түрлі мектеп өкілдерінен тәлім алса, екінші жағынан, көрермен қауым да ерекше, өзіндік көзқарастың куәсі болады. Талай мәрте қайталап келеміз, театрымыздың репертуары жанр жағынан сан-алуан, әртекті.

– Сіздің ойыңызша астаналық көрермен көзайымына айналған қай спектакль екен?

– Бізде бір спектакльді сан мәрте қайталап көретін көрермендер де кездеседі. Театрымыздың бас балетмейстері Мукарам Авахридің «Бейбарыс сұлтан», «Саломея», «Жібек жолы», «Тағдыр бұлтарыстары» сынды авторлық спектакльдері, балаларға арналған «Щелкунчик» пен «Қар патшайымы» спектакльдері көрермен көзайымына айналған. Бұл қойылымдарға билеттер алдын ала сатылып, міндетті түрде, аншлагпен өтеді. Негізі біздің барлық спектакльдеріміз астаналық көрерменнің көңілінен шыққанын атап өткім келеді. Біздің еңбегімізге берілген ең жоғары баға осы болса керек.

– Ал, сіздің сүйікті спектакліңіз қандай?

– Білесіз бе, біз сахналаған әр жаңа спектакльді жан-тәніммен қабылдаймын. Бұл заңдылық. Себебі, атқарып отырған жұмысың өзіңе ұнамаса, мамандықтан аулақ кетуің керек.

– Театрдың мерейтойлық маусымына қандай баға берер едіңіз?

– Театрдың мерейтойлық маусымы тың әрі жарқын шығармашылық жобаларды, премьераларды, еліміз бен шет елдерге гастрольдік сапарларды жүзеге асырған табысты кезеңге айналды. Биылғы маусым көңілімізден шықты, бірақ, алда әлі талай қызықты жобалар бар.

Ерекше атап өткім келетіні – біздің ұжым үшін көрерменіміздің ыстық ықыласы, шығармашылығымызға бей-жай қарамай, шынайы қызығушылық танытқаны аса қымбат, бізге шабыт дарытатын да осы.

– Театрдың таяу арада жүзеге асырар жоспарларымен бөліссеңіз…

– Сәуір айында қазіргі заманғы екі қойылымның премьерасы өтеді: Айнұр Әбілғазинаның «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбетәлиевтің «Nine» атты туындысы.

Бұдан бөлек, І республикалық «Ашық сахна» байқауының жеңімпаздары сахналайтын «Жеті қазына» туындысының премьерасы болады. Бұл байқаудың негізгі мақсаты еліміздің хореография саласындағы дарынды хореограф, сценограф, композитор және сценаристерді анықтау. «Елі іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмайды ғой, сондықтан, бұл байқауға еліміздің барлық дерлік өңірлерінен һас дарындар қатысты. Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – заманауи отандық хореографияны дамытып, балет өнеріндегі ұлттық дәстүрді нығайта түсуге себепші болуында.

– Гастрольдік сапарлар бола ма?

– Алматы мен Ақтөбеде әлемдік және отандық классика жауһарларын, бірегей хореографиялық қойылымдарды көрсетпекшіміз. Гастроль бағдарламасын таяу арада жариялайтын боламыз. Ол көрермен көкейінен шығатынына сенімдімін.

– Танымал әртістермен шығармашылық ынтымақ орнатпақ ойларыңыз бар ма?

– Наурыз айының соңында «Астана Балет» симфониялық оркестрі мен URKER тобының концерті өтеді. Танымал топтың 30 жылдық мерейтойына арналған бұл концерт нағыз мәдени құбылысқа балауға тұрарлық дүние болмақ.

Сонымен қатар, қазіргі заманның һас шеберлері Светлана Захарова мен Диана Вишневаның қатысуымен «Кармен-сюита» спектаклінің көрсетілімін жоспарлап отырмыз. Бұл қойылым оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Көрермен қауым Ж.Бизе – Р.Щедрин музыкасына кубалық хореограф Альберто Алонсо қойған тартымды, техникалық тұрғыдан аса күрделі балетті тамашалап, ерекше күй кешері анық.

Ал, ең орасан концерт – маусым шымылдығын жабатын Гала-балет болмақ. Оған қатысушылар мен кеш бағдарламасы әзірше құпия. Бірақ, көрермен қауым сан қырлы балет әлемімен таныса алады: классика жауһарларынан бастап, заманауи хореография өнерінің бірегей туындыларына дейін.

– Театрдың болашағына қатысты қандай арманыңыз бар?

– Біз театрымыздың хореография өнерінің шынайы жауһары саналып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ғана емес, дүниенің төрт құбыласындағы көрермен қауымның келуге асығатын өнер ордасына айналғанын қалаймыз. Себебі, бұл театрдың өзіндік жылнамасы, ғажап труппасы бар, әлеуеті де орасан. Театрымыз шығармашылық тұрғыдан біршама ілгерілегені ақиқат. Мұны көрермендеріміз де, театр сыншылары да мойындап, өзіміз де бұған көз жеткіздік десек, артық айтқандық болмас. Соңғы кездері елімізде театр өнеріне деген қызығушылық арта түскенін көріп, қуанып отырмын. Себебі, бұл – адам өмірінің маңызды құрамдас бөлшегі ғой.

 

Бөлісу: