Қазақ халқында кілем тоқу өнері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дамып келе жатқан өнер түрі. Халқымыздың тұрмысында арнайы кілем тоқуды кәсіп еткен шеберлер болған. Дегенмен, бүгінгі күні халқымыздың құнарлы қолөнер туындысына айналған кілем, алаша тоқу, киіз басу сияқты қазақ халқында ежелден келе жатқан мұраларымыз ұмытыла бастағандай көрінеді. Келешек үрпаққа осы мұраны мүмкіндігінше жеткізу үшін елімізде әдістемелік құралдар, арнайы басылымдар шығарып, тренинг-сабақтарды өткізіп тұру қолға алынғаны мақұл.
Әрине бұрынғы кездегі әжелеріміздің кілем тоқу әдіс-тәсілдерінен қол үзіп қалғанымыз рас, дегенмен әлі де еліміздің оңтүстік өңірлерінде бірен-саран сақталып келе жатқан кілем тоқу өнерін жаңғыртып, білгенімізбен бөлісуіміз керек. Сол себепті де осы мақалада кілемдердің патшасы саналатын түкті кілемді тоқудың әдістері мен оған пайдаланылатын құралдар жөнінде баяндалады.
Өнер зерттеуші Мұхамеджан Әлімбаев: «Кілемнің жеті қасиеті бар: тоқысаң – өнер, басы бүтін дүние, жисаң – байлық, берсең – тәуір сыйлық, төсесең – мамық, жамылсаң – көрпең, сатсаң – малың, ілсең – сән-салтанатың!», – дейді (Қыдырбекова. Мәдени мұра, 81 б.). Шындығында, кілем тоқу қаншама қажырлы еңбекті, ұшқыр ой-қиялды қажет етеді.
Қазақ халқында түкті кілемдердің түрлері өте көп; қара кілем, қалы кілем, қабырға кілем, құлпырма кілем, масаты кілем, мақпал кілем, хан кілемі, шашақты кілем, аралас кілем және т.б. Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай қорындағы түкті кілемдердің әрқайсысы да өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді.
Қазақстанның оңтүстігінде түкті кілемнің бетіне түсірілген ою-өрнектердің негізі мынадай үлгіде болып келеді: кілемнің ортасына шатыр гүл өрнегі үш немесе төрт жерден түсірілген түрі. Кілемнің ортасын қошқар мүйіз, шеттері сыңар мүйіз ою-өрнегімен өрнектеген, келесі түрі бетіне түгел үш гүл немесе қос гүл ою-өрнектері түсірілген, табиғат көрінісін бейнелейтін жолбарыстың, бұғының, құстардың суретін бейнелейтін кілемдер және бетіне геометриялық өрнек, ақ отау, тұмарша төрт құлақ өрнектері түсірілген түрі көп кездеседі. Кілемнің ортасына өсімдік тектес ою-өрнегі, айналасына сыңар мүйіз, сынық мүйіз, шетіне су өрнегі түсірілген түрі. Тағы бірі – ортасына шатыр гүл, шеттеріне өсімдік тектес ою-өрнектер, сондай-ақ ортасына ромб өрнегі, шеттеріне де ромб өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Кілемнің өрнегінде әсіресе қызыл фонға, көк, сары, ақ түсті өрнектер көбірек жүргізіледі. Отырар мұражай қорындағы мына бір кілемнің бетіне төрт табақ, оның ішіне төрт құлақ ою-өнектері түсірілген. Келесі түрі ортасына қошқар мүйіз ою-өрнегі, сонымен қатар өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген түрі де көп кездеседі.
ТК-7715 Түкті кілем ХХғ. Жүн,тоқыма.
ТК-2243 Түкті кілем ХХғ. Жүн,тоқыма.
ТК-9435 Түкті кілем ХХғ. Жүн,тоқыма.
Тақыр кілем.Тақыр кілемнің түкті кілемнен айырмашылығы жібін терме алашаға иірілгендей екі тіндеп ширатады, теріп тоқу әдісі қолданылады. Тақыр кілемге теріп тоқу әдісі арқылы геометриялық сынық сызықтардың бетіне қошқар мүйіз бен шатыр гүл өрнегі түсірілген түрлері көп кездеседі. Тақыр кілемнің сапасы мен құндылығын басқа да үй жиhаздарымен салыстыратын болсақ, тұтынуға да, төсеуге де төзімді, берік, оңайлықпен тозбайды. Сондай-ақ, оны көпшілігінде ешкі жүнінен иіріп тоқитындықтан, шаң-тозаңнан оңай тазартып алуға болады, әрі жұмсақ төсеніштің төзімділігі соншалық көп уақыт пайдаланылады.
ТК-7716 Бескесте ХХғ. басы. Жүн, тоқыма
Мұндай көлемдегі кілемдердің ұзындығы 4 м екі жуан ағаш пен еніне 3 м екі кергі ағаш құрылады. Бұлардың қиылысқан жері берік етіп бекітіледі, себебі өрмектің басындағы кергі ағаштар 1000-1200 жіптен тұратын кілемнің желісін мықтап ұстап тұруы тиіс. Желі жіп – кілем өрмегінің негізгі жіптері. Кілем тоқитын қалып дайын болған соң, желі жіп екі басына кезек-кезек жүгіріледі. Кілемнің желісі мақта немесе жүн жіптен иіріледі. Ол ширатылып, шыңдалады. Өрмек құрылған соң, бел ағашқа (күзу ағаш деп те аталады) ұзына бойы жіп (тарту жіп) тартылады, оған күзу жіп оралып, өрмектің желі жіптерінің айқасуы үшін қарсысын (еркек жібін) күзуге іліп алып отырады, ерсісін (ұрғашы жіп) бос қалдырады. Мұны күзу байлау деп атайды. Күзу жіп желінің жібіне қарағанда, жіңішке болып келеді. Күзу байланған белағашты аша басты екі тіреу ағашпен желіден 20-25 см жоғары тіреп қояды. Сосын адарғы өткізіледі. Адарғы күзу ағашқа қатар жататын, желі жіптердің ерсісі мен қарсысын жоғары-төмен көтеріп тұратын ағаш. Оның екі басына кілемшілер тартып отыру үшін ұзындығы 2 м екі жіп байланады.
Музей экспозициясындағы кілем тоқу көрнісі
Кілемді тоқуды бастағанда, бірнеше рет арқау жіп өткізіледі. Мұндай арқау жіпті кілемнің түзуі деп атайды, яғни түзу – кілемнің желісіне көлденеңінен өткізілген арқау жіп. Одан кейін алақұрт жүргізіледі. Алақұрт ақ пен қара немесе басқа түсті жіптерден желінің әрбір төрт жібі арқылы айқастырылып алма-кезек өткізіледі. Сосын тағы бес алты рет арқау жіп жүргізіледі. Мұның барлығы кілемнің екі басына да жасалады, бұл кілем шеттерінің мықты болып, сетінемеуі үшін қажет. Осыдан кейін түрді шалу басталады. Кілемнің түрі – қой жүнінен иіріліп, әр түрлі түске боялған жіптер. Түрді дайындаудың өзі күрделі үдерістерден тұрады. Ең алдымен кілемге лайықты жүн таңдап алынады. Ол үшін ең жақсысы – қаракөл қойының көктемде қырқылған жүні. Бұл жүннен тоқылған кілемнің түгі жалтырап тұрады. Қой жүні қырқылған соң, ол жуылады, кептіріледі, сосын қолмен түтіп, арнайы жүн тарақпен тарайды. Таралған жүнді шүйкелейді. Шүйкені домалақтап, иіруге икемдейді. Ұршықпен иірілген жіпті келептейді. Келептеу – иірілген жіптерді бояуға қолайлырақ болу үшін шамамен 60-80 см аралықта айналдыра орау. Дайын болған келеп жіптер жіктеледі. Ашық түсті жіптер сары, ашық қызыл, ашық көк түске, ал, қара немесе сұр түсті жіптер жасыл, қызыл, көк, қара т.б. түске боялады. Боялған түрлер кептіріледі. Кепкен жіптер төгіледі. Жіпті төгу – тоқуға арнап домалақтап орау. Кілемнің желісі мен шалатын түрлі жіптері және арқауы қаншалықты жіңішке болса, ол соншалықты әдемі, жеңіл болып шығады.
Қорыта келгенде, кілем, алаша тоқу, киіз басу, сырмақ сыру сияқты ұлттық мұраларымыз терең насихатталып, келешек ұрпаққа жеткізілуі тиіс.
Қалипа Кемелова, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, мәдениет саласының үздігі