Туризмді тұрақты дамыту – экономиканың негізгі бағыттарының бірі

Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы. Соның ішінде рекреациялық, мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, эко- және агротуризмді дамытуға мүмкіндік бар. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, осы мақсатта қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы жылдары да жалғаспақ, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Алакөл және Рай көлдері жағалауларында, Тамшыбұлақ бұлағы, «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында және басқа да танымал туристік орындарда шағын сәулеттік формалар, орындықтар, бағыттағыш белгілер қою, абаттандыру бағытындағы басқа да жұмыстар атқарылады, сол сияқты «Сиверс алмасының гүлдеуі», «Алакөл қанаты», «Koksu Water Fest» сияқты танымал фестивальдар түрінде оқиғалы туризмді дамытуға ден қойылуда.

Мәселен, «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту бағытындағы инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Қазіргі кезде онда шолу алаңы, самалжай, кемпингтер, ақпараттық қалқандар, навигациялық бағыттағыш белгілер, құрғақ әжетхана орнатылған. Визит-орталық салына бастады, 2023 жылдың ақпан айында аяқталуы тиіс. Жұмыс аяқталғанда салынған инвестиция көлемі 2 млрд. теңге болады деп күтілуде. Жобаның инвесторы мен іске асырушысы – «QazaqGeography» РҚБ мен «Assemtal» ЖШС заңды тұлғалар консорциумы.

Сол сияқты Сарыбұлақ ауылынан «Алтынемел» МҰТП №1 БӨП-ге дейінгі қиыршық-тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл ретте 2022 жылдан Шеңгелді – Қапшағай с/з автожолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні автожолдың 5 шақырымы жөнделді. Осы жылдың наурыз айынан жөндеу жұмыстары қайта жанданады. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркіне көлікпен баруға қолайлы жағдай жасау үшін ұзындығы 20 шақырым болатын «Тополевка-Жалаңаш» автокөлік жолына жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 281 млн. теңге.  Аяқталу мерзімі – 2023 жылдың қазан айы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының облысқа келген сапарында экологиялық туризмді дамыту, Қора шатқалына туристерге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы берген тапсырмаларын орындау мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға бюджеттік тапсырыс дайындалуда. Сонымен бірге Ескелді ауданы мен Текелі қаласы аумақтарындағы «Tekesu Outdoor Сenter» тау-шаңғы курортының іргесін кеңейту жобасын іске асыруға жағдай жасау үшін тау-шаңғы курортына алдағы уақытта шаңғы-биатлон кешенін салуға қажетті инфрақұрылымның құрылысы жөнінде Жол картасы әзірленді.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Жетісу облысының туристік әлеуетін ілгерілету үшін қазақстандық және халықаралық туристік көрмелерге, роуд-шоуларға қатысу, отандық және шетелдік туристік компаниялар өкілдеріне арналған В2В форматында воркшоп ұйымдастыру, облыстағы туризм саласы өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-кластар, семинарлар өткізу, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Ескелді аудандарындағы, Текелі қаласындағы туристік локацияларда, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында ақпараттық турлар ұйымдастыру, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдау, туристік саланы цифрландыру, брендталған жарнамалық өнімдер дайындау мен шығару жұмыстары жоспарланған.

Бөлісу: