Түркілік дәуірден жеткен отызға жуық қару түрін анықтадық

Халқымыздың тарихындағы әскери киімдер мен қару-жарақтарды жаңғыртып, қалпына келтіріп жүрген ағайынды Махмұт, Тұрсынжан, Айтберген Құлментегілер – бүгінде елімізге белгілі темірші-ұсталар. Атақты ұсталардың бірі – Махмұт Құлментегімен әңгімелесіп, халқымыздың мәдениетінің бір бөлшегі болған теміршілік өнердің қыр-сырын білген едік.

 – Сізді тарихи қару-жарақтарды жаңғыртушы темірші-ұста ретінде жақсы білеміз. Мұражайларға, жеке коллекцияларға тарихи жәдігердің үлгісі ретінде ұсынатын қару-жарақтарыңызды қандай деректерге сүйене отырып жасайсыз?

– Бүгінде әскери киімдердің, қару-жарақтардың көбі ұмытылып кетсе де, батырлар жырларында, жырауларымыздың толғауларында сақталған. Бұл істі қолға алғанда жырлардағы осындай ескі атауларды зерттедік. Эрмитажға бардым, патшалық дәуірде Мәскеуде географиялық қоғам құрылған. Сол қоғам мұражайынан қолшоқпардың үлгісін алып келдік. Онда түскиіздер де, нарқобыз да тұр, кезінде балалардың ойнайтын қуыршағына дейін жинап алып кеткен екен. Мұражайда қазақ арасынан жиналған көптеген құнды мұраларды кездестірдік. Түпнұсқасын көріп, оны суретке түсіріп, ұзындығын, салмағын өлшеп алып келдік. Көшірмесін жасап, Алматыдағы Орталық мұражайға тапсырдық. Бұрын қолшоқпардың аты белгілі болса да, оның нақты қандай қару екені беймәлім еді. Осыдан кейін айналымға еніп кетті. Қолшоқпардың ерекшелігі – басы жұмыр тісті, сапты, шағын қару. Шағын болғандықтан, оны жасырып алып жүруге де болады. Сонымен қатар, қазақ батырларының ұрпақтарының шаңырақтарында сақталған қару-жарақтардың да көшірмесін жасадық. Мысалы, Абылай хан ұстаған бір қарудың, Бөгенбай батырдың дулығысы мен айбалтасының көшірмесін жасадық. Сонда қылыш пен айбалта саптаудың өзінде үлкен құпия ғылым жатқанын аңғардық.

Осындай деректерге сүйене отырып қару жасау үшін ізденгенімізде байқағаным, жыр-дастан жинақтарының түсініктемелерінде қару, киім атауларын дұрыс түсіндірмеген. Мысалы, бір қабат қаңылтырдан жасалған «Жалаңқат» деген киім бар. Мұны «Жалаң шапан» деп жаза салған. Бұл Кеңес үкіметі кезінде ұлттық дүниемізге үстірт қарап келгендіктен болар деп ойлаймын. Біз бұл өнерге келгенде «Қазақ халқы осыншама әлемет жерді қалай сақтап қалды? Тұран мен Иран ежелден жауласып отырған, шығысымызда шүршіт, қытай, арқамызда орыс. Империялардың ортасында отырып өздерін қалай қорғаған?» деген сауалдарға жауап іздедік. Сөйтсек, қазақта қару-жарақ, сауыт-сайман жасау ісі жақсы дамыған екен.  Қару-жарақ өндірісі негізінен қала-кенттерде жолға қойылған.

– Қазақтың әскери қару-жарақтарын сөз еткенде бес қаруды айрықша атаймыз. Бес қарудың біз білмейтін ерекшеліктері туралы айтып өтсеңіз.

– Темір дәуірі басталғанда, көшпелілердің әскери жүйесі, қару жасау шеберлігі дами бастағаны тарихтан белгілі. Темір – майысады, иіледі, иленеді, пішінге келтіру өте ыңғайлы. Батырдың қорғаныс құралы – сауыт-сайманды халқымыз «жансебіл» дейді, мағынасы жанға себепші деген сөз, сауыт жаныңды қорғайды. Бес қару – түркілерден келе жатқан, әскери жүйедегі  басты қарулар. Жауға шапқанда әрбір ру-тайпаның адамдары азаматтарын атқа қондырып, бес қаруын бойына іледі. Қарапайым адамдардың өзі үш атпен, батырларға он-он бес атқа дейін қосып береді. Соғыста аты өлсе, орнына басқасын мінеді. Ол аттарды жырақтау жерде бағып жүрген жылқышылары, ас-ауқатын таситын қосындары болады. Зерттей бастағаннан кейін бұрын түсіне алмаған көп дүниелерге көз жеткіздік. Әрбір сарбаздың «жанқалтасынан» тамақ пісіретін қазаны, мосысы, шалма салатын арқаны, бізі, түймесін қадайтын инесіне дейін табылатын. Көшпелілердің тәртібі өте жоғары деңгейде болған. Қазір тарихи кино түсіргенде сарбаздары әрі-бері алба-жұлба боп, далақтап шауып жүреді. Бабаларымыз қалыптастырған мемлекеттің империялық деңгейге көтерілуі жинақылық пен тәртіптің арқасында, темірді жоғары деңгейде меңгеруінде жатыр.

Бесқарудың қызметтерін айтсақ, біріншісі найза, деректерде «алты құлаш найза» деп айтылады. Екпінмен шауып барып, алыстағы адамды жақындатпай түйреуге ыңғайлы. Оның алыстан лақтыратын қысқа түрін «жыда» дейді. Найзаның он төрт түрі бар. Жығалы найза, көксерек найза, сүңгі, т.б. Бұлардың түр-түсі де, пішіні де бір-біріне ұқсамайды. Найзаның екінші басындағы жығасымен адамның қасынан шауып өткенде сауытының кез келген жерінен іліп алып, сүйреп кетуге болады. Найзаның төменгі жағына және орта тұсынан да қайыстан бау байлайды, жайшылықта аяқты іліп алып, иыққа салып, екі қолды бос қойып жүруге арналған. Бесқарудың екіншісі – қылыш. Ертедегі түркі заманында көбіне семсер қолданылған. Кейін мұны дамытып, қайқы қылышты пайдалана бастаған. Әскер аттың үстінде бір қолмен тізгінді ұстаса, бір қолымен қайқы қылышты ұстайды. Әскери қару-жарақты құрсанып, атқа сол аяғын салып, оң аяғымен мінеді. Бұның бәрі  көшпелі халықтардың әскери жүйесіндегі қалыптасқан заңдар.

Бесқарудың үшіншісі – айбалта, қаһарлы қарудың бірі. Айбалтаның басы, алқымы, іліп алатын жағы болады. Іліп алатын жағында қияғы мен желкелігі болады. Айбалта өте өткір, қылыштың қызметін атқарады. Бесқаруды біріктіріп жасалған түрлері бар. Шүйде жағымен сауыт бұзса, жүзімен шабады, алқымымен іліп алады, түбінен қанжар шығып кететіні де бар. Сабынан қанжар шығып кететін айбалтаның бір нұсқасы эрмитажда сақталған, суретін академик Әлкей Марғұлан әкелді. Қойын-қолтық соғыс кезінде сабындағы қанжарды суырып алып пайдаланады. Бес қарудың төртіншісі – күрзі. Шоқпарды төбелес кезінде қолданса, оның сыртын темірмен қаптап, емшек қондырса күрзіге айналады. Күрзіні сыртқы жауларға қолданады, сауытты адамды ала алмаған жағдайда, күрзімен ұрып жығып кетеді. Күрзіні ердің басына іліп алып жүруге болады, ал айбалтаны қабына салып соғыс кезінде тақымға қысып жүрсе, жайшылықта аткөрпенің астында қанжығаға байлап тастайды. Бесқарудың бесіншісі – қанжар. Қанжарды қойын-қолтық соғыс кезінде қолданады, кейде сапыны қолданады. Сапы дегеніміз – өткір қарымды пышақ, жекпе-жекте қолдануға өте ыңғайлы қару. Садақ – үлкен (ауыр) және шағын (жеңіл) садақ деп екіге жіктеледі. Кинолардағы қателіктердің бірі – жауынгерлер садақты асып жүреді. Көшпелілер ешқашан садақты арқасына аспаған, қорамсақ оң жағында, садақ сол жағында болады, бәрі кісе белдікке ілінеді. Үндістер мен еуропалықтар солай садақты асып жүретін болған.

–  Бесқарудан өзге қандай қару-жарақ түрлерін анықтадыңыздар?

–Жалпы, біз отыздан астам қару-жарақ түрін анықтап, қайт жаңғырттық. Мысалы, босмойын, сақетер деген қаруларды таптық. Сақетердің екі-үш түрі болады. Шойыннан емшек салып құйылып, түбі екі-үш шынжырмен байланады, найза сияқты сапталады. Шынжыры қысқасы жақын жерден ұруға ыңғайлы болса, шынжыры ұзынымен қылышты, айбалтаны орап,  жұлып алуға болады. «Сақетер тиді саныма, сақсырым толды қаныма» деген мәлімет Доспанбет жыраудың жырында тұр. Сауытқа тигенде сақ етеді ғой, содан «Сақетер» атанған. Оны кейбіреулер босмойын деп жүр, босмойынның екі-ақ шынжыры болады. Құр мойыны ғана былқылдап тұрады.  Шоқпар, босмойын, дойыр, сойыл, келтек сияқты қарулар – сыртқы соғыстың емес, төбелестің қарулары. Екі рудың арасында құн төлейтін жағдайлар болғанда кінәлі тарап, құн төлеуден жалтарса, билер жігіттерді жиып, барымтаға жұмсайтын болған. Бүгінгілер барымтаны ұрлық деп жүр, ол ұрлық емес, қазіргі сот орындаушыларының қызметіндей іс. Сондай барымталарда  мүмкіндігінше адам өлтірмей тізе, тобықтан ұрып, аттан құлатып кету үшін осындай жеңіл қаруларды қолданған.

Ал жебенің 10-15 түрі белгілі. Қозыжауырын, тобыршықты домбай оқ, төртқырлы шартсалақ деген жебелердің түрлері бар. Басы екі айыр қасалақ деген жебе атылғанда басы айналып ұшып, тиген жерін бұрап жібереді. Тобыршықты домбай оқ қорамсақтағы жебені шашып жіберсе, жылқы атуға арналған жалпақ жебелер аттың аяғын сындыратын болған. Сондықтан атқа да арнайы сауыт кигізген. Археологиялық қазбалардан «жауғаш» деген ысқаратын оқтар табылды. Жау қашқанда одан сайын есін алу үшін осындай ысқыратын оқтар атылған. Әскерді бағыттауға, бұруға, шегіну белгісін беру үшін де пайдаланған. Соғыста пайдаланатын жау мінген жылқылардың аяғына кіретін «тосақ» деген қару түрін де жасадық. Оның төрт тікені болады, жау жүретін тар жолдарға тастаған. Сонымен қатар, қазақтың соғыс құралдарының қатарында былғары қалқандардың жөні бөлек. Теріні қайнатсаң, қалыңдайды ұлтан болады, ол қылышқа төзбейді, қылыш кесіп түседі. Ал оның құпиясы теріні шикілей пайдаланады, асты-үстіне шөпті, қамысты, ағашты қайнатып алынған сұйықтықтарды жағып, сіңдіргеннен кейін шикі тері тас болып қатып қалады. Тиген қаруды серпіп, лақтырып жібереді. Жеп-жеңіл, темір қалқаныңнан мықты. Темір тапшы кезде әскердің  дулығасы мен кеудешелерін  (сауыт, шарайна) жасауға осындай теріні пайдаланған. Қазір басқа киетінді «бетперделі дулыға», «маскалы дулыға» деп тарихи атауын бұрмалап, халықтың санасына сіңірді ғой. Ал батырлар жырында мұның бәрі бұрынғы атауымен сақталған. Жырлардан «томақап» дегенді кездестірдік. Томақап – бетті жауып, көз ғана көрініп тұратын, артқы жағында кіреуке, қаптамасы бар дулығаның бір түрі. Мұндай киімдерді ауыр қаруланған алғы шептегілер киеді.

– Қару-жарақ, сауыт-сайман жасауға жалпы қандай металдар пайдаланылған?

– Жырларда кездесетін «көк сауыт» деген сөздегі көк дегеніміз – болат. Шойын, құрыш, берен, көктемір, ақтемір, қаралажүз, қаратабан деген тағы да басқа темір түрлері бар. Қаралажүз –темірдің жасығы мен әртүрлісін араластырып қамырша иленетін металл. Темір жетіспеген кездерде сынған тағаларды, басқа да темірлерді жинастырып, қаралажүз темірді өзіміз де жасадық. Ұстаның ең мықтысы – суғару әдісін жақсы білгені. Қазақта оны «суын табу» дейді, сонысы жоғары деңгейге жеткен ұстаның жасаған қаруы мықты болады. Артық суғарсаң сынғыш, кем суғарсаң – жасық болып қалады да, осы екі арадағы мөлшерді табуың керек. Қару жасарда ұста Тәңіріне сыйынып, рұқсат сұрайды. Темірді қыздырып ұрарда «Менің қолым емес, Тәңірінің қолы» деп бастайды. Мұндай сөздердің айтылуы алғашқы ұсталардың бақсылар болуымен байланысты.

– Тарихи қару-жарақ түрлерін қайта жаңғырту бағытындағы теміршілік кәсіп елімізде қаншалықты дамыған? Сіздер өз өнерлеріңізді жалғастырушы шәкірттер тәрбиелеп жатырсыздар ма?

– Тарихи қару-жарақ түрлерін қайта жаңғыртуды қолға алған адамдар елімізде көп емес. Біз сияқты нақты мақсатпен, зерттеумен айналыспайды. Көбі сұранысқа жұмыс жасайды, бұл  шеберді өсірмейді.  Мысалы, ақшасы бар адам келіп тапсырыс береді де, ертеден келе жатқан үлгіні керек қылмай, «мына жерінде мынадай ою болу керек», – деп өз ойындағысын жасатқысы келеді. Шеберлер тапсырыс берушінің ыңғайына көніп, айтқанымен жүреді. Бұл арғы дәстүрдің бұрмалануына алып келеді. Бұлайша, тапсырыс берушінің қалауымен жасалған дүниелерді тарихи соғыс құралдарының қатарына жатқыза алмаймыз, оны жай ғана  сувенир деуге болады. Сондықтан да менің мектеп ашқым келеді. Бізде үлкен база қалыптасқан, соның  бәрін шәкірттерге бергім келеді. Алматы қаласының әкімшілігі мектеп ашып береміз дегенімен, әлі ешқандай көмегін көрмедік. Бізде қазақтың ұлттық мұрасына келгенде селсоқ қарайтын әдет бар ғой. Біз ұсталық, теміршілік, зергерлік, қорғасынмен, қылмен, терімен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін меңгергенбіз. Біз соғыс құралдарын ғана емес, музыка аспаптарын да жасадық. Соның бәрін шәкіртке үйреткіміз келеді, алайда кең ұстаханамыз болмаған соң бұл істі қолға ала алмай отырмыз. Қызығатын жастар көп екен, тіпті, тегін үйреткім келеді. Бірақ мектеп ашу ісі оңай емес, шығыны да көп, қаншама материал алу керек, құрал-жабдық керек деген сияқты мәселелер тұсау болып отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Күнқожа ҚАЙРУЛЛА

Бөлісу: