Кішкентайлар мультфильм көрем деп шулай бастаса, бірден ютуб ақтаратынымыз бар ғой. Байқадыңыз ба? Қазақша мультфильмдер бұрынғыдан әжептеуір көбейген. Ең әуелі, бала біткен қайта-қайта қарайтын «Теке мен Қошқардың» өзі не тұрады? «Отырарды қорғау», «Қажымұқан» деп кете баратын, 30-ға жуық мультфильмді санап шықтым. Енді, осыншама базарлықтың авторы кім дейсіз бе? Түркістандық «Сақ киностудиясы». Түркістан әкімшілігінің тапсырмасымен таспалап шыққан әлгі мультиктің денін. Оңтүстік өңір Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасын осылайша орындап отыр.
Түркістан басшылығы, рухани жаңғыруды осы балалардан бастап отыр. Бекер емес. Сәби кезінен ұлттық дәстүрге шомып өскен өрен, азамат болғанда, ұлтжанды, елім деген ер боп жетіледі деп санайды.
Бұл енді, кішкентайларға қатысты іс-шаралар болса, үлкендерді қамтыған шаруалардың да көлемі біршама. Атап айтсақ, Рухани жаңғыру аясында Түркістанда бірнеше ірі бағдарламалар жүзеге асты. Әрқайсысы бірегей саналатын бұл жобалар, 6 бағытты тұғыр еткен. Олар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Сондай-ақ, өңірдегі дәстүрді-туризмді насихаттау үшін 6 арнайы жоба – Туған жер, Киелі жерлер географиясы, Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет, 100 жаңа есім, Жаңа гуманитарлық білім, Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру шаруалары жүзеге асқан.
Елбасы Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақы танымда Жеті қазынаның бірі саналатын жылқыға ерекше тоқталады. Осыған орай, облыс әкімінің бастамасымен ұлттық құндылықтар мен туризмді дамытуға арналған шаралар жоспарының бірі ретінде «Салбурын мереке ғой саятшыға» деген атаумен Жабағылы ауылында өткізілді. Шараның негізгі мақсаты — түп- тамырымызға үңіліп, сана түкпіріндегі ұлттық рухты ояту.
Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасында орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған 10 кітаптың таныстырылымы өтті. Оған өңіріміздің белгілі жазушылары мен ақындары қатысты. Бұл кітаптар облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жарық көрген. Кітаптардың авторлары елге белгілі қаламгерлер. Атап айтсақ, МархабатБайғұттың «Аршакие», Ханбибі Есенқарқызының «Жібек», Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Момбек Әбдіәкімұлының «Зобалаң», Есқара Тоқтасынұлының «Беласқан», Захардин Қыстаубайдың «Жүректің сөзі», Нұрғали Қыдырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Сәрсенбек Сахаббаттың «Қырғауыл қонған жидетал» сынды кітаптары оқырманға жол тартты.
Рухани жаңғыру – ұлттың рухын серпілтіп қана қоймай, өзгеге қазақтың қандай бай мәдениеттің иесі екендігін паш ету мұраты тұр. Сондықтан, Түркістан облысында, «Ұлттық қолөнер Ұлы мұра» қолөнер шеберлерінің фестивалі өткізілді. Басты мақсат – ұлттық қолөнерді дамыту, шеберлердің жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау. Сонымен қатар аймақта туризмді дамытуға ықпал ету. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.
Ұлттық дәстүр жайлы тілге тиек еттік екен, ендеше қазақтың бас мейрамы Наурызды Түркістан өңірі 7 күн тойлайтынына арнайы тоқталған жөн. Түркістандықтар, 7 күндік мерекенің әр күніне атау беріп, Әз-Наурызды бабалардың стилінде жарқын мейрамға айналдырды.
Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орын тепкен қасиетті Түлкібас ауданының орталығында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында жылдағы дәстүрге сай «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың -жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалі өтіп тұрады. Фестиваль мақсаты – жауқазынның отаны Қазақстан екенін әлемге паш ету әрі қызғалдақ мекеніне жер-жаһаннан турист тарту. Сакураны бренд еткен Жапония мысалы қазір терең зерттеліп жатыр. Күншығыс еліне миллиондаған турист, шиенің гүлдегенін көру үшін барады. Әңгіме жоқ, әдемі. Кереметтей гүлдейді, сосын күлтесін тастап, аппақ ақ түтекке айналады, айнала. Бірақ, әлдеқандай қып барған сол әдемілік үш-төрт-ақ күнге созылады. Қызығы, аз күндік қызықты жұрт көруге сонша ынтық! Неге? Себебі жапондар – шиенің гүлдеуін әдемі жарнамаға айналдыра алды. Самурай жайлы фильм бе, кейіпкері міндетті түрде сакура саясында, шахид кешеді. Осы көріністерді көрсете бергесін, Жапония шие гүлімен елестейтін болды. Тура осы секілді Шымкенттегі қызғалдақты да әдемі брендке айналдыру ниет бар. Осы шұбайқызылдың баурайында бірнеше кино түсірілмек.Батырдың ат омырауымен қып-қызыл қызғалдақты кешіп бара жатқаны, сұлулардың жауқазын арасында жүгіріп бара жатқан сәттері, фильмнің айшықты кадрларына айналмақ.
Айтпақшы, оңтүстіктің ерекшелік- терін кино тілімен түсіндіру, насиахттау әлден басталып кетті. Биыл, «Төле би» телехикаясының тұсауы кесілді. Енді, осы жылдың соңына дейін, «Ахмет Ясауи» телесериалын, «Әл-Фараби» көркем фильмін, «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіру жоспарлануда.
Оңтүстік, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасын тыңғылықты орындап, әлден нәтижесін көріп отырған бірден бір өңір!
Нұрбек БЕКБАУ Дәстүр журналы