Түркістанда Аднан Мендерестің ескерткіші ашылды

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Түркия Республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Аднан Мендереске арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды dasturkb.kz порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пеями Баттал және қала тұрғындары қатысты. Облыс басшысы Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыруда бауырлас мемлекеттермен рухани байланысты тереңдетудің маңыздылығын айтып өтті.

– Танымал саясаткер, Түркия Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарған Аднан Мендерестің Түркі жұртына ортақ тұлға екендігі баршамызға аян. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақтардың Түркияға қоныстануына себепкер болып, 4 жылға жуық созылған қоныс аудару процесіне өзі басшылық еткен саяси тұлғаның тарихта алар орны бөлек. Сол заманда қазақ халқы үшін оңтайлы шешім қабылдап, қамқорлық танытқан Аднан Мендерестің есімін жаңғырту – біз үшін парыз! Осыған орай, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласындағы көшелердің біріне Аднан Мендерестің есімі берілді. Бүгін сол іс-шара жалғасын тауып, тарихи тұлғаның ескеткішінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Күллі түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда қос елге ортақ тұлғаның есімін жаңғырту – заңдылық. Биыл Түркияда жер сілкінісі болып, түрік бауырларымыз зардап шекті. Осы қиын шақта Қазақ халқы Түркиямен бірге екенін дәлелдеді. Президентіміздің тапсырмасымен қолдау көрсетілді. Бұл – екі бауырлас ел арасындағы терең байланыстың белгісі, – деді Дархан Сатыбалды.

Салтанатты жиында ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков екі елдің бірлігі туралы арнау айтса, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі Пеями Баттал да жылы лебізін білдіріп, тұлғаны ұлықтаған қазақ халқына алғысын жеткізді.

Зілзала салдарын жою үшін Түркияға қолдау көрсеткен Қазақстанның мейірбан жұртына, Түркістан өңірінің жанашыр тұрғындары мен басшылығына рахметін айтты. Іс-шараға қатысушылар Аднан Мендерестің ескерткіші маңындағы гүлзарға ағаш отырғызды.

Аднан Мендерес – түрік саясаткері, Түркияның премьер-министрі (1950-1960). Түркияны дамытуға үлес қосқан көшбасшыларының бірі. Сонымен бірге бұл саяси қайраткер Пәкстандағы қазақтарды Түркияға көшіруге ықпал етіп, қолдау көрсеткен. 1952 жылы басталған қазақ көші бірнеше жылға дейін жалғасқан.

Бөлісу: