Әліпбек Өсербаев,
Түркістан қаласының әкімі
Тарихты парақтасақ Түркістанның сан ғасырлар бойы елдігіміздің бойтұмары болып келгенін білеміз. Кешегі күнге дейін солай. Ел аузында қасиетті қалаға Елбасы пәрменімен айрықша мәртебе берілді деген қуанышты хабарлар әлі күнге дейін желдей есіп тұр. Иә, бұл қуанышты жаңалық, ерекше шешім. Деседе осынау даланың мәртебесі жолындағы байламның артында үлкен жауапкершілік пен ұлы міндет тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының айтқанындай жетістікке қол жеткізумен қатар оны сақтап тұру мәселесіне келгенде барша түркістандықтарға Елбасы бекіткен Түркістан облысы халқының ауызбіршілігі, намысы, ынтымағы мен берекесі негіз болған Ту тұғыры биік болуы тиіс. Осынау ұлы мұрат жолындағы Тәуелсіз Қазақстанның рухани орталығы Түркістанның кемелденуі алдымен осы аталған міндеттерге байланысты. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодты сақтау, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайту турасында көптеген келелі ойларды ортаға салды. Қазіргі таңда барша қазақстандықтардың бағдарына айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көздеген негізгі тармақтарының бірі Түркістан қаласын облыс орталығы етуге бағытталады деген болар едім. Өйткені Түркістан – түбі бір түркінің нәр алған рухани діңгегі. Осындай қасиетке ие киелі шаһардың әрбір азаматы тұғыры ар мен намыстан өрілген көк байрақты жоғары ұстауы шарт деп тағы да айтқан болар едім.
Бұл ретте мемлекет басшысы ұлы даламызды дос деп білетін әлемге елімізде Түркістан облысы құрылғанын мақтанышпен жария етті. Сол ілкімді істердің артында қашанда еріне сүйеу болар халқының тұрары сөзсіз. Осы орайда Елбасыға біз қашанда ынтымақ, бірлігімізбен сүйеніш болуымыз керек. Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болып жарияланған күннен бастап, шаһарымызға деген көзқарас ерекше. Соның бастысы Мемлекет басшысының осы аймақты дамытуға байланысты жауапты тұлғаларды қабылдауы Түркістанға деген шынайы қолдау десек, таяуда ғана Қазақстан Республикасының Президенті Түркия төріндегі сапарында Түркістан облысының мәселесін назардан тыс қалдырмауы ауқымы кең бастаманың айғағы. Осы жолда әлеуметі Түркістан десе тік тұратын түрік бауырлардың назарын Елбасымыз Түркістанға бұрды. Меніңше бұл қадам бүтін елдің бір ғана облыс орталығын көркейтіп алайын деген ой емес. Керісінше түркі жұрағатының тамырына нәр беріп, түркі әлемі мойындаған қара шаңырағына айналдыру жолындағы түркілердің ұлы арманын іске асыруға деген нақты әрекеттің көрінісі дер едім.
Ал, Елбасының таяудағы 29-қыркүйектегі қасиетті қаламызға жасаған сапары – жаңа облыстың орталығы болған Түркістанның тұрғындарымен жүздесіп, тарихи шешім айқындаған ұлы мақсаттарды бөлісуі – ел тарихының тұғырында таңбаланар нағыз тарихи сәттің бірі де бірегейі болды.
Елбасының біркүндік сапарында елдігімізді бағамдайтын қадау-қадау мәселелер нақтыланып, көне шаһардың кемел келшегінің басым бағыттары айқындалды десек болады.
Презиедент жаңа облыстың орталығына жасаған құт қадамын келешекте бой көтеретін жаңа қалашықтың даму концепциясы мен әкімшілік іскерлік орталығының қазығын қағып, болашақтағы жоспарлардың негізін қалап берді.
Одан кейін Елбасы Түркістанды дамыту жөніндегі облыс активімен өткізген басқосуында Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру мен бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін табу қажеттігін және халықты жаппай жұмыспен қамтамасыз ету бағытында жұртшылықты кәсіпкерлікпен айналысуға жұмылдыруды жүктеді. Сондай-ақ, Түркістандағы жаңа құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді нақтылап, әрбір тапсырмасында Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік әлеуетін басты орынға қойып отырды.
Елбасы ауыл шаруашылығын одан сайын дамытып, өнімдерді өңдеп шетелге экспорттау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталса, еліміздегі алпауыт компаниялардың басшыларына Түркістан қаласына бір-бір нысан салу жөнінде тапсырма берді.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын бекітіп, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлыққа қол қойды.
Елбасы өзінің сәтті сапарында «Этноауыл» алаңында қалың жұртшылықпен жүздесіп, түркістандықтарға деген ыстық ықаласымен бөліссе, Мемлекет басшысының 29 қыркүйектегі осы сапарына орай қала күнін осы датаға белгілеуді ұсынған тұрғындардың тосын ұсынысын да разылықпен қабылдады.
Өткенге кішкене шегініс жасасақ, Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Елбасымыз Түркістанға 14 рет келіп, 6 мемлекеттің Президенттерін Түркістанда қабылдады. Осынау ғасырлар жүгін арқалар жылдар ішінде Түркістан қаласы да елеулі жетістіктерге жетіп келеді. Егемендіктің алғашқы күндерінен бастап өңіріміз мемлекет басшысының үнемі назарында болды. Оған дәлел мемлекеттік маңызы бар ұлы істердің бастауында үнемі Түркістан тұратыны өздеріңізге белгілі.
Қазіргі таңда 46 этнос өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатқан қаламызда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Бұл бастама көне шаһардың түркі дүниесіндегі орнын тағы бір айшықтай түсті. Қазір аталған оқу ордасы еліміздегі ең таңдаулы білім нысандарының біріне айналып отыр. Мұнда тәлім алған студенттер осы таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде және шет мемлекеттерде абыройлы қызмет етіп жүр. Бұдан бөлек, 1991-92 жылдары шеттен келген қандастарымызға арнап «Достық» елдімекені бой көтерді. Бүгінде мұнда 1500-ге жуық жан тұрмыс кешуде. Ауылда мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, таза ауыз су мәселесі де өз шешімін тапқан. Сонымен бірге, осындай ауқымды жұмыстар 1998 жылдан бастап Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына дайындық шараларымен жалғасын тапты. Атап айтсақ, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды.
Одан кейін, 2002 жылы Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы Түркістанда өтті. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды.
Елбасы бастамасымен болған осы тарихи оқиғалардың барлығы Түркістанның өсіп-өркендеуіне үлкен әсерін тигізді.
Осы орайда, халық санына тоқталсақ, 1991 жылы шамамен Түркістанда жалпы 80 мыңдай тұрғын болса, қазір бұл 162,9 мыңға тарта адамды құрап отыр. Бұл кезде мемлекеттің басты мақсаты әлеуметтік жағдайды арттыру еді. Сол кездегі білім, денсаулық, спорт тағы басқа да салаларды жетілдіру әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес.
Қала бюджетінің көлеміне тоқталып өтер болсам, 1991 жергілікті бюджет шамамен 2 млрд. теңгеден астам болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 36 млрд. теңгеден асты. Ал, өңірлік өнім көлемі осыдан 25 жыл бұрын орта есеппен 3 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш бүгінде 108,5 млрд. теңгеден асып отыр.
Соның арқасында Тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан отыз сегіз мектеп ғимараты салынды. Оның ішінде қала көлемінің кеңеюіне, халық санының артуына байланысты он мыңнан астам оқушы білім алатын он үш жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ, егемендіктің алғашқы жылдарында Түркістанда небәрі үш балабақша болса, содан бері елу сегіз балабақша ашылып, балаларды балбақшамен қамту көрсеткіші 83,5 пайыздан асты. Медицина саласында жиырма үш денсаулық сақтау нысаны салынса, бұқаралық спортты дамыту, оған қолайлы жағдай жасау мақсатында қырық тоғыз спорт нысаны пайдалануға берілді.
Соынмен қатар қайта өңдеу өнеркәсібін жетілдіру барысында біршама табыстарға қол жеткіздік. Осыдан 20-25 жыл бұрын жергілікті тұрғындар еккен егініне орақ салған соң саудаға шығаратын. Қазіргі күнде қала аумағында ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындардың саны артып келеді. Осы таңда Түркістанда астықтан нан және тәтті тағамдар, еттен түрлі шұжықтар, ысталған ет, тауық еті, сүт, ірімшік, айран, қаймақ, балмұздақ, мақта майы, көкөніс тосаптары секілді 20 түрден астам азықтық өнімдер шығарылады. Бұдан бөлек, күнделікті тұрмысқа қажетті мақта өнімінен сабын және медициналық вата еліміздің көптеген аймақтарына тарауда.
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1991 жылы бүгінгі бағаммен есептегенде 56 млн. теңге болса, бүгінгі таңда 22,1 млрд. теңгеден асты. Өнеркәсіп өнім көлемі 1991 жылы 253,2 млн. болса, қазір 14,8 млрд. теңге болды.
Шаһарымыздың батыс бөлігінен өндірістік аймақ құрылды. Атап айтсам, 40 га. жерге индустриалды аймақ құрылып, 847,0 млн. теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Осы аймақта жалпы құны 4346,7 млн. теңгеге 14 жоба орналасып, 866 жұмыс орны құрылады. Және жаңа жобасын іске қосамын деген кәсіпкерлер үшін есік ашық. Бұған қоса, өңірде сауда-логистикалық орталығын салу үшін 20 га. жер бөлініп, жобалық құны 4792,0 млн. теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Межеленген уақытта орталықта 200 жаңа жұмыс орындары ашылып, 1,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.
Қаладағы коммуналық саласында ең басты мәселенің бірі орталық жылу жүйесінің жоқтығы еді. Көпқабатты үй тұрғындары жеке пәтеріне отын тасып, от жағуға мәжбүр болды. Осындай күрделі мәселе 2009 жылы шешімін тауып, тұрғындарға бір орталықтан жылу берілді. Сонымен бірге, қаламызда 2005 жылдарға дейін тұрғындардың сапалы электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 85 пайыздан 98 пайызға жетті. Кеңестік кезеңде жүргізілген ауыз су құбырының жалпы қашықтығы 150 шақырым болса, бүгінгі күнде 2000 шақырымға жуықтап, қала аумағындағы тұрғындардың 94,1 пайызы таза ауыз су тұтынуға қол жеткізіліп отыр. Және де өркениетті қалалардағыдай шаһарымызды сарқынды су жүйелерімен қамту мардымсыз болатын. Бар жоғы 55 шақырымды құрайтын бұл жүйеге «Сауран» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлер ғана қосылған еді. Бүгінгі таңда қалада жаңадан сарқынды су тазалағыш стансасы салынып, қосымша 73 шақырым негізгі сарқынды су жүйесі тартылды. Кейінгі жылдары қаламызда тұрғын үй құрылысын салу бағытында нәтижелі көрсеткіштер бар. Осы ретте 1991 жылдан бері Түркістан қаласы аумағында 2 млн. 762 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынды. Бұл жұмыстар Түркістанда «Отырар» атты жаңа мөлтек ауданның бой көтеруімен жалғасын тауып отыр.
Қала ішінде қазіргі таңда 875 көше, 764 шақырым жол бар. Жыл сайын мүмкіндігінше қала ішіндегі көшелерді ағымдағы жөндеуден өткізуге жұмыстар жасалады. Мәселен биылғы жылға жол саласын дамыту және қала көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен 1 135,1 млн теңге қаржы бөлінген болса, осы бағытта21 көшеге ағымдағы жөндеу,ал46 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ал алдағы жылдардың еншісінде қаланың бірқатар ішкі көшелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу (90 шқ құрайтын 55 көшені) және 23 шқ құрайтын басты көшелерін кеңейту, Түркістан қаласына Отырар ауданы, Кентау қаласы, Балтакөл, Қарнақ ауылдарынан кіретін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды толықтай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарлануда.
Сонымен қатар түркістандықтар үшін ғасыр жобасы болып саналатын табиғи газ тарту жұмыстары бастау алып, алдағы жылдары тұрғындарды табиғи газбен қамтуды толық шешу мәселелеріне басымдық берілуде. Бұған дейін 7 мың 500 абонентке тартылған газ жүйелерін жекелеген үйлерге қосу шаралары атқарылған болатын. Жалпы қаланы «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз ету 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бірінші кезең іске асырылды. Ал, 2-3 кезеңнің магистралды және квартал iшiндегi газ жүйелерi құрылысын 2020 жылы аяқтау межеленуде.
Түркістан қаласын абаттандыру жұмыстары бір сәтке де толастамайтын болады дер едім. Себебі қала тұрғындары және келетін қонақтар бірінші кезекте жайлылықты сезіну қажет. Мәселен, қаламызда демалыс орындары мен көпшілік тамашалайтын көрікті нысандардың қатарын көбейту мақсатында өткен жылдың өзінде «Түркі бағы», «Рәміздер алаңы» халық игілігіне пайдалануға берілсе, ал көпқабатты үйлер шоғырланған «Сауран» мөлтек ауданында 12 аулаға балалар алаңшасы, 6 аулаға аула тренажорлары яғни темірден жасалған спорттық құрылғылар жасалды. Қазіргі таңда «Парасат» бауы абантандырылуда, соңғы үлгіге сай демалыс орнына айналдырып, алдағы күндері пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар биылғы жылы қаланы абаттандыру мен көріктендіру жұмыстары бойынша бес көше абаттандырылып «Жеңіс» саябағы күрделі жөндеуден өткізілді. Бүгінде шаһар ішіндегі бірқатар орталық көшелерде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше қиылыстарына бағдаршамдар орнатылды. Сонымен қатар бағдаршамдармен жол белгілерін орналастыру үшін 8 дана арка және сол аркаларға көше атауы аншлактары орнатылуда.
Оған қоса, қаламызға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы 1 миллионнан астам адам келсе, бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын жоғары болады деп күтілуде.
Міне осындай асқақ армандардың ақиқатқа айналу жолында өңірімізде облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы бастап, біз қостап дегендей білек сыбана қызмет етіп келеміз. Алда атқарылар шаруалар көп. Соның ішінде Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру басты мәселе дейтін болсақ, туризм саласын жетілдіру, өндірісті өркендетіп, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту шаралары күн тәртібінде тұр.
Бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына сәйкес облысы басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түркістанның қай салада болмасын әлеуетін арттыруға айрықша мән беріп отыр. Жауапкершілік жүгін қайыспай көтерумен қатар оны күткен нәтижеге сай іске асыру барысы сөз бен істің арасындағы байланысты аңғартатыны анық. Осы ретте Елбасы жүктеген міндеттерді орындауда әрбір жауапты тұлға тарихи шешім айқындаған ұлы мақсаттарды жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп келеді.