Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Түркістанның төрінен бой көтерген еліміздің болашаққа бой сермейтін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын орталыққа келіңіздер!
Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын Киелі де қасиеттті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде өмір сүре бастағанына міне 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді. Түркістан күн санап өзгере бастады. Қаншама жаңа әкімшілік ғимараттар, тарихи-мәдени орталықтар, зәулім-зәулім тұрғын үйлер, ойын-сауық алаңдары, саябақтар, су бұрқақтар бой көтерді. Осындай мәдени ғимараттардың бірі де, бірегейі «Ұлы Дала Елі» орталығы.
Атырау облысының Түркістанға жасаған сыйы
Аталмыш ғимарат Атырау облысының Түркістанға жасаған сыйы. Ғимараттың құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталып, 2020 жылдың қазан айында аяқталған болса, үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап орталық халыққа қызмет көрсете бастады. Ғимараттың жалпы ауданы 6128,7 шаршы метрді қамтиды. Бас мердігер «BI Construction Tukestan» ЖШС, ал жобаны жасаушы «NS Group» ЖШС.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанды «Ұлы Дала елі» деп атауды ұсынып, бұл ұсыныс ұлтымызды тарихи белеске шығарса, Түркістанның әкімшілік-аумақтық жаңаруы Елбасының мұрасын түркі бірлігінің заманауи тұжырымдамасын қалыптастыру тұрғысынан таныстыруға арналған «Ұлы Дала Елі» орталығы – болашақ көрнекті орындар арасында жаңа объектілердің белсенді салынуына серпін берді.
Орталық Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын көрнекті түрде ұсынуға және Ұлы Дала Елі Ұлттық брендін танымал етуге бағытталған. Ұлы даламыздың тарихын өзіндік дизайнерлік безендіру, өзіндік көркемдік пайымдау және бірегей режиссерлік шешімдер көмегімен оның мәдени қырлары арқылы жаңғырту жолға қойылған. Кинетикалық, интерактивтік, анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың арқасында «Ұлы Дала Елі» орталығы Қазақстандағы жоғары технлогиялық нысандардың біріне жатады. Бұл реттежәдігерлер ғылыми негізделген материалдар, шынайы археологиялық олжалар негізінде түпнұсқалықты қолдана отырып қайта жасалған, технологияны топтастыру экспозиция тақырыптық белгілері бойынша әртүрлі жәдігерлерді ұйымдастыруды көздейтін кешенді тақырыптық негізінде жүзеге асырылған.
«Ұлы Дала Елі» орталығы
«Ұлы Дала Елі» орталығы экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала арқау болса, тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы алға тартқан «Түркі әлемінің генезисі» туристтер мен отандастарымызға насихатталып кеңінен таратылатын болады.
Орталық 9 экспозициялық аймақтан тұрады:
- «Ұлы Дала металлургиясы»
- «Ұлы Даланың салт аттылық мәдениеті»
- «Ұлы Дала жауһарлары»
- «Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы»
- «Қазақ Хандығы»
- «Ұлы даланың қала мәдениеті»
- «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы»
- «Болашақ Қазақстан»
- «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны»
Ғимаратқа кіре беріс фойеде келушілер орталық туралы барлық ақпаратты алады, ресепшн кассасынан, виртуалды карталары бар ақпараттық терминалдардан өтіп, түркі қолбасшысы Күлтегін құрметіне қойылған тас стеланың көшірмесімен таныса алады. Жалпы бұл көшірме елімізде қойылған үшінші көшірме болып табылады.Түркі бірлігін бейнелейтін қасиетті ескерткіш түркі әлемінің рухани астанасы ретінде орталықтың ғана емес, бүкіл Түркістан қаласының сәніне айналатыны сөзсіз.
«Өмір ағашы — Бәйтерек»
Кіру аймағының келесі орталық экспозициясы – «Әлем ағашы» немесе «Өмір ағашы — Бәйтерек». Бұл түркі халықтарының өнері мен мифологиясында жиі кездесетін мотив. Ежелгі наным бойынша өмір ағашы үш әлемді байланыстырушы, яғни ағаштың тамыры жер асты әлемін, ағаштың өзі, діңі жер бетін, ал тәжі көкте. Сонымен қатар ол шежіре, қазақтың генеологиялық жылнамасының негізі. Ағаштың 9 тамыры орталықтың 9 экспозициялық аймағына апаратындай етіп жасалынған және оның әрбір бұтағында қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектері алынып, күн сәулесі мен молшылықты білдіретін алтын түспен боялған.
Келесі ретте фольклорлық-этнографиялық дәстүрлерге сәйкес стильдендірілген, Қазақ халқының қара шаңырағы киіз үй түрінде орындалған «Ұлы Дала металлургиясы», «Ұлы Даланың салт аттылық мәдениеті», «Ұлы Дала жауһарлары» атты залдар келушілер назарына ұсынылады. Киіз үй бейнесіндегі бұл залдардың қабырғаларында аудиовизуалды сүйемелдеу, жарнамалық бейнені көрсетуге жоспарланған мозайкалық экрандар орнатылған.
«Ұлы Дала металлургиясы» залында келушілер қола дәуірден орта ғасырға дейінгі металл өңдеу өндірісінің жасалу кезеңімен толықтай танысатын жәдігерлер «Темір балқытуға арналған пештің макеті», «Мыс қазан – IV-VI ғ.», «Ұста құралдары», «б.з.д Іғ. жебе ұштары», кен орындарынан табылған тастар қойылған және проекциялық экранда ежелден осы күнге дейінгі Қазақстанда металды өңдеу, игеру, даму кезеңдері және жетістіктері баяндалады. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі екенігі анық. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
«Ұлы Даланың салт аттылық мәдениеті» залы.
Концептуалды түрде зал бірнеше аймақтан тұрады. Екі жағында бейне мазмұны бар жарық диодты экрандардар қазақ мәдениетіндегі жылқылардың рөлі, дүниетанымы, жылқыларды міну және қолға үйрету тарихы сынды бейнероликтер көрсетіледі.
Орталықтағы аса құнды жәдігерлердің бірі Ботай жылқысының сүйекқаңқасы да осы залда көпшілік назарына ұсынылған. Тұңғыш рет қалпына келтірілген, біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтардың тарихи құндылығы Ботай жылқысының сүйек қаңқасының реконструкциясын белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы В.Зайберт жасаған.
Археолог – ғалымдар 6000 жыл бұрын жылқының қазіргі Қазақстан жерінде тұңғыш рет қолға үйретілгенін дәлелдеді. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Берел жылқысы — сонымен қатар XX ғасырдың аяғында бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған археологиялық сенсация, сән-салтанатымен жерленген Берел жылқысының реконструкциясы да ұсынылған.
Одан бөлек сақ, ғұн, түркі және қазақ ер-тұрмандарының реконструкциялары, аттарды кострация жасауға арналған құралдар, арқан езуге арналған тас, «Тұсау», «Жарғақ шалбар», «Өкшелі саптама етік» «Ашамай», әт әбзелдерінің жиынтығы, ат жабулары, күміс металдармен өңделген және сүйекпен әшекейленген күміс, тобылғы сапты қамшылардың түрлері, құрық, қалқан қылышымен, торсық түрлері қойылған.
«Ұлы Дала жауһарлары» залы.
Бұл залдың экспозициясы – «Алтын адам» мен «Аңдық стильге» арналған. Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «Қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам», Аралтөбе қорғанынан табылған алтын адам, «Миялы қорғаны» кешенінен табылған алтын адам және Елеке сазы қорымынан табылған б. з. д VIII-VII ғ. ерте сақ кезеңінің алтын адамының көшірмелері көпшілік назарына ұсынылады. Залда патша билігінің атрибуттары табылған жерлеу орындары бар стенд бар, Мысалы: Асатаяқ, булаво, ритон, гривна, горит, ақинақ. Стендтің үстінде залдың тақырыбын аша түсетін бейне мазмұнға арналған экран бар. Сондай-ақ залдың оң жақ бұрышында фотосессияға арналған бұрыш орналастырылған. Онда кез- келген адам Пазырық мәдениетінің қорғанынан табылған әйгілі кілемнің фонында таққа отырып, сақ көсемінің немесе патшайымының бейнесінде суретке түсе алады.
Ал залда ілінген әшекейлер аңдық стилде орындалған, жүйрік және жыртқыш аңдар, олардың арпалысы бейнеленгендігін көре аласыздар.
«Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы» залы.
Жалпы алғанда аталмыш зал экспозициясының тақырыбы Түркі әлеміне арналған. Онда «Б.з.д V-II ғ. Сақ жауынгерінің қару-жарақ жиынтығы мен сақ байрағы», «Б.з.д ІІ-VІ ғ. Ғұн жауынгерінің қару-жарақ жиынтығы мен ғұн байрағы», «Б.з.д VІ- VІІ ғ. Түркі жауынгерінің қару-жарақ жиынтығы мен көне түркі заманының туы», «Көне түркі ақсүйегінің былғары шапаны», «Көне Түркі ақсүйегінің киіз шапаны», «Елтіріс құтлық қағанның бас мүсіні көшірмесі VІІ ғ.», «Күлтегін қағанның бас мүсіні көшірмесі VІІІ ғ.», «Қыпшақ жауынгерінің қару –жарақ жиынтығы мен қыпшақ туы», «Алтын Орда жауынгерінің қару-жарақ жиынтығы», «Қазақ жауынгерінің қару-жарақ жиынтығы XVIII-XIX ғ.» , «Қазақ хандығының байрағы XVIII-XIX ғ.», «Ұйғыр жазбасы бар пайзы», «Көне Түркі мөрі көшірмесі», «Тоқтамыс ханның аты қашалған мыс айылбас», «Әбілхайыр ханның мөр жүзігі XVIII ғ.», «Абылай ханның мөрі», «Тоқтамыс ханның мөр жүзігі» көшірмелері секілді құнды жәдігерлермен толықтырылған. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы
Ұлы даланың жеті қырының бірі – «Түркі әлемінің бесігі» бірден екі аймақта ашылған. Егер бірінші аймақ жоғарыда атап өтілген жәдігерлермен безендірілген арқа дәлізі болса, екінші аймақ орталықтың екінші қабатында жалғасады және керемет голографиялық шоуларға арналған арена болып табылады.
Атап айтқанда, доға тәрізді залдың перриметрі бойынша түркі өркениетінің эволюциясы көрсетіледі, ал Залдың ортасындағы шарда Түркілердің тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» орын алған және аумағы – 2000 ш.м. құрайтын проекциялық шоудың көпфункционалды экраны бар. Арнайы дайындалған контент сферамен үйлесіп, 7D форматында сценарий желісі бойынша қозғалыста болады. Осы арқылы келушілерге түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетіледі.
Екінші қабатты 5 кспозициялық аймақ бар
Екінші қабатты «Қазақ Хандығы», «Ұлы даланың қала мәдениеті», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы», «Болашақ Қазақстан» және «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты экспозициялық аймақтармен таныса алады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында – Ұлы жібек жолы ерекше орын алды. Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа (желі). Б.з.б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болып, сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді.
Тоғыз жолдың торабын тоғыстырған Жібек жолының Қазақстандағы бағыты – еліміз үшін географиялық тұрғыдан ұтымды орналастырылған. Сондықтан орталықта Талхиз (Талғар), Тараз, Яссы, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты ежелгі қалаларымыздың қайнаған өмірі көрсетілген Ұлы Жібек Жолының макеті жасақталып, лед экран арқылы сол заманғы сауданың қайнап жатқан бейнероликтері туристер назарына ұсынылады. Бұл диорама «Ұлы Даланың қала мәдениеті» деп аталады.
Ұлы Дала тарихын толыққанды ашу мақсатында мемлекеттігіміздің негізі болған Қазақ хандығына да экспозиция арналған. Ол экспозицялық аймақта қазақ халқының қалыптасып, ұлт болып бірігуіне үлес қосқан хандарымыздың тарихы баяндалған.
Еліміздің кәсіби актерлары Керей хан, Жәнібек хан, Қасымхан, Есім хан, Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кеңесары хан сияқты хандардың, хан образдарына еніп қазақ хандарының қанатты сөздерін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жеткізеді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы Даланың ұлы есімдерін» насихаттау керектігін ерекше аталынған. Осыған орай, орталықта Ұлы Даланың рухани көсемдері бейнеленген арнайы қабырға бар. Ол экспозицияда тек қазақ халқы үшін емес, күллі түркі жұрты үшін еңбегі сіңген тұлғалар Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Қоркыт ата, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Мухтар Ауезов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаевтың бейнелері бейнеленген.
«Елбасы» залы.
Аталмыш зал цилиндр пішінді киіз үйден тұрады, ол арқылы залдың екі қабырғасын жалғайтын шыныдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірі өтеді. Зал кеістік-уақыттың тоннельдің бейнесін білдіреді, мұнда Қазақстанның өткені мен болашағын байланыстырған елдің Тұңғыш Президентін бейнелейді. Көпірдің астында – Қазақстан картасы 3D форматында көрсетілген. Көпірдің сүйеніші (периласы) Елбасының қолтаңбасы түрінде жасалған. Сонымен қатар, залда Елбасының қоғамдық марапаттарының көшірмелері және түркі өркениетінің сәулетшісі ретінде саяси өмірбаянының кезеңдері ұсынылатын фото және бейне контент көрсетіліп тұрады.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы.
«Болашақ» залы.
Біп кездері Елбасы атап өткендей, «Ұлы Дала Елі» анықтамасы Қазақстанның өткенін, бүгіні мен болашағын бейнелейді. Ұлы тарих ұлы болашақтың негізі де бола алады. Сондықтан да орталықтағы тұтас бір зал Қазақстанның болашағына арналған. Залдың дизайны жарқын кеңістікке негізделген. Рельефы шығыс ою-өрнектер бейнесінде орындалған. Келушілерге тұрақты даму, ұтқырлық, деректерді сақтау, виртуалды шындық тақырыптарын көрсететін экспозициялар ұсынылады және Қазақстанның болашағы туралы негізгі көзқарас лед экран арқылы бейне контентте ұсынылады. Бейне контент Елбасының 2050 жылға арналған стратегиясының негізінде жасалған. Адамзаттың одан әрі дамуының әлемдік үрдістері: урбандалу, жасыл технологиялар, пилотсыз автомобильдер, жасанды интеллект, онлайн білім беру, жаңарған энергия көздеріне көшу т.б. бейнеленіп тұрады.
Инсталляциялық кешен «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны».
Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында қазақ жері алма мен қызғалдақтың отаны болып саналатынын атап өткен. Алма атаулының арғы атасы – Сиверс сорты Қазақстаннан бүкіл әлемге «Жібек жолы» арқылы таралғаны, «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген.
Осы дақылдарды орталыққа келушілерге кеңінен таныстыру мақсатында жеке экспозициялық кешені осы агромәдениетке арналған. Бұл аймақта 3 сегменттен тұратын алтын реңгті алма түрінде қондырғылар қойылған. Ойын-сауық жасау үшін кинетикалық жүйе қолданылған. Сонымен, әр алманың өсімдік сипатындағы ою-өрнектермен өрнектелген тілімі басқарылатын лебедкаларға бекітіліп, бұл келушілер үшін кеңістік анимация жасайды. Онда алма тіліктері баяу қозғалып, ашылып-жабылады.
Қазақстанда жабайы қызғалдақтың 35 түрі өседі, оның 18 Қызыл кітапқа енген, 12 сортын шет елге экспорттайды.
2014 жылы 24 наурызда Гаага қаласында қызғалдақтың ең ерекше сорты таныстырылды. Жаңа сұрыптың авторы – белгілі голландиялық гүл өсіруші Жан Лайтхард. Бұл ҚР-ның Тұңғыш президенті — Елбасы Н.Ә Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан тарихи зор үлесі үшін әлем халықтарының тартуы. Елбасы Азиядағы осындай құрметке ие болған алғашқы президенттердің бірі.
Осы ретте, орталықта қызғалдақ ерекше үлкен шыны инсталляция түрінде ұсынылған. Бұл инсталляцияға голландиялық селекционерлер жасаған «Президент Назарбаев» қызғалдағы таңдалған. Инсталляцияларды мозайкалық экрандар мен ақпараттық терминалдар толықтырады,
Қорыта айтқанда, Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар Әлем таныған табысты мемлекетпіз. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Түркістанның төрінен бой көтерген еліміздің болашаққа бой сермейтін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын орталыққа келіңіздер! Көріңіздер!
Тұрар АКИМОВ, «Ұлы Дала Елі» орталығы директорының орынбасары