Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу, зерделеу ісіндегі басым саясат бодандық санаға, яғни еуроцентристік, ұлы империялық орыстық шовинизм бағытына басыбайлы берілді. Әрине, бұратана делінетін түркі тілдес ұлттардың сан ғасырлық тарихы бар руханияты, әдебиеті, өнері, мәдениеті өзінің терең тамырларынан ажыратылып, құнарынан айырылған аралдай жетімдік күйін кешті. Батыс, Еуропа, орыс, славян тектес ұлттардың әдебиеті мен өнері, соны жасаған тұлғалардың абыройын асырып, солардың өмірбаянын, шығармаларын оқыту мәртебе болды.

Түркі өркениетінің бір қайнары Шығысты да ұмыттырды. Сол кезеңдегі Кеңес Одағындағы білім, ғылым ордаларының барлығында дерлік оқу, зерттеу бағдарламалары осы сарындас еді.

1970-ші жылы біз университетке түсіп, сабағымызды енді бастаған тұста, бізге дейін бірнеше онжылдықтар бойында көбесі сөгілмеген осы үрдіс өзгеріске түсіп, сең бұзыла бастағанына қуандық.

60-шы жылдардың басында қара шаңырақ КазГУ-де алған бетінен қайтпайтын қайсар, қайраткер ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев бастаған оның бір шоғыр шәкірттерін осынау құнарға түрен сала бастаған екен. Алтын шығатын көмбенің бағытын дәл аңғарып, ізденушілерін жаңа, тың тақырыптарға бейімдейтін Бейсекең еңбір дарынды, талантты, еңбекқор деген шәкірттерін ежелгі әдебиетіміз бен руханиятымыздың тарихын зерттеуге жетектеп алып келіпті. Сол жас өркеннің ішінде Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин және Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева болды.

Ұлық ұстаз, ғұлама ғалым Бейсенбей Кенжебаевтың ықыласына бөленіп, батасын алған жас дарын Алма Мүтәліпқызы ұстазының сенімін ақтады. Отыз жылға жуық туған әдебиетіміздің тағдырына, оның жүріп өткен сан ғасырлық тарихына арнап сүбелі-сүбелі еңбектер жазды. Алма Мүтәліпқызының қаламынан осы жылдар ішінде жүздеген ғылыми-танымдық мақалалар, ондаған ғылыми-зерттеу монографиялары, оқулықтар мен оқу құралдары оқырман қолына тиді. Елуге жетер-жетпес қысқа ғана ғұмырында қыруа жұмыс атқарды.

Профессор Алма Мүтәліпқызының қаламынан шыққан әрбір зерттеу еңбегі, танымдық-тағылымдық кітаптары, терең ойларды толғайтын, терең тебіреністен тұратын туындылары әдебиеттанудағы, руханияттанудағы құбылыс болатын. Оқырман осылай бағалайтын ұстаздары да Зекеңнен (Қабдоловтан), Тұрсекеңнен (Кәкішевтен) бастап, барлығы осылай дегеніне өзім талай рет куә болдым.

Ал енді А. Қыраубаеваның осынау еңбектерінің тәрбиелік мәні, тағылымы бөлек әңгіме. Құнарлы тілмен, төгілте баяндайтын стильді қаламына дарытқан Алма Мүтәліпқызының шығармашылығы ешкімді қайталамайтын. Әрбір жарық көрген еңбегі өзінің ғылыми, көркемдік сапасымен дараланып тұратын.

Профессор Алма Мүтәліпқызының еңбектерінде түркілік рух және ұлттық құндылықтар құс жолындай сайрап жататын. Ең бастысы, тамырын мыңдаған жылдарға жіберген, ұзына тарихы бар, біздің заманға қаймағы бұзылмай жеткен рухани жәдігерлерімізді талдайтын зерттеулерінде қаламына қанат біткендей, жүрек түпкірінен ақтарыла сөйлейтін, жазуда ғана емес, сөйлегенде де шешен болатын.

Ұлы дала төсіндегі Еуразия көшпелілерінің уақыт пен кеңістік, халық пен тарих туралы таным түсінігі кемел болған. Осы концепцияны терең ұққан, танығандықтан ғалым таңдап алған ұлы бағытынан айнымады. Профессор Алма Мүтәліпқызының ежелгі әдебиетіміздің қайнарларын ажыратып, олардың өркендеу кезеңдеріне баға беріп, қыруар дерек көздерін алдыға тартып, бір жүйеге түсіріп, түсіндіретін зерттеу кітаптарын тұтастай шолып қарағанда бір артықшылықты аңғарамыз. Ол – зерттеушінің зердесі, ғұламалығы, дерексіз  сөйлемейтіндігі. Өз тақырыбына деген шексіз сүйіспеншілігі, көркем мәтінді, тарихи жәдігерлерді ылғи бірінші қатарда ұстап, тарихи-салыстырмалы әдіске табан тіреп отыратындығы. Қыруар тарихи деректердің, тарихи мәтіндердің ішінде адасып кетпей, солардың ең мәндісін, ең маңыздысын ажыратып айта алатындығы. Ғалымның осы қасиетін ерекше бөліп айтар едім. Енді осыған бірнеше мысалды дәйекке келтірейін.

Ғалымның 1988 жылы жарық көрген «Ғасырлар мұрасы» атты сүбелі еңбегінің алғы сөзінде зерттеушінің тың тақырыпты қалайша тереңнен қазып, кең ауқымда қарастыратынын бірден аңғарамыз. Автор: «XII-XIV ғасырларда қазіргі Қазақсан, Орта Азия жерлерінде, Еділ бойында түркі тілінде сөйлейтін көптеген ежелгі тайпалар аралас өмір сүрді. Бұл кездерде түркі тайпалары әлі де жеке-жеке халық болып қалыптаспағандықтан, сол кезде олар жазып қалдырған әдеби ескерткіштер қазіргі түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылады. XIII-XIV ғасыр ескерткіштері түркілік бастаулары тереңде жатқан қазақ әдебиетіндегі ежелгі дәуірлердің бір арналы бұлағы. Оны алғаш профессор Б.Кенжебаев «Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебиеті» деп атап, бұл дәуір әдебиетінің түбегейлі  зерттелуі керек екендігін қазақ әдебиеттану ғылымының алдына проблема етіп қойып берген еді», — деп өзінің ұлы ұстазына ілтипатын білдірумен бірге, қазақ әдебиеті тарихының еңбір зерттелмей жатқан мәселелерін терең тарихи ауқымда сөз етеді. Орта ғасырдан жеткен осынау құнды мұраларды зерттеу мақсатындағы белгілі тюркологтар В.Радлов, Н.Ильминский,                                          П.М. Мелиоранский,                       А. Самойлович, В. Бартольд, С. Малов, Е. Бертельс, Н. Конрад, А. Щербак, А. Кононов, Э. Наджип, Г. Тагирджанов, қазақ ғалымдары Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Құлмат Өмірәлиев, Сәрсен Аманжолов, Рахманқұл Бердібаев, Әбжан Құрышжанов еңбектеріне тоқталып өтеді. Славян халықтарының көне дәуірлердегі тарихи-әдеби ескерткіштерін терең зерттеген академик Дмитрий Лихачевтың еңбектері мен мақалаларына да табан тіреп отырады.

XIII-XIV ғасырлардағы түркі тілдес халықтар әдебиетін қарастырған бұл монографияда сол замандардағы түркілердің тарихи-әлеуметтік жағдайы, көркемдік дүниетанымы, сол тұста дүниеге келген прозалық, поэзиялық туындылардың поэтикалық қуаты, өзіндік сипаты, «Рабғузи қиссалары», «Махаббатнама» ескерткіштерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері, ежелгі әдебиет дәстүрінің XIX-XX ғасырлар басындағы қазақ әдебиетіндегі көрінісі талданады, қисса жанрының табиғаты, ішкі құрылымы жөнінде терең, тың пікірлер айтылады.

Сонымен бірге XIII-XIV ғасырлардағы түркі әдебиеті мыңжылдықтар бойында арқауы үзілмей келе жатқан ұлы өркениеттің бірі ретінде ежелгі шығыс поэзиясынан, жер жүзі мәдениетінің сол дәуірдегі дамуынан, қол жеткізген белестерінен бөлек, тұйық жатқан құбылыс емес, солармен тығыз байланыстағы дәстүрлі әдебиет екендігін тарата талдайды. Өзі зерттеп отырған дәуірдегі түркі әдебиеті – Алтын Орда мемлекеті туғызған, осы кеңістікте ғана жасалған әдебиет емес, Сыр бойында, Хорезмде, Каспий маңында, Қара теңіз төңірегіндегі іргелі елдерде, Египетте, тағы да басқа тарихи мекендерде тіршілік кешкен түркі тілдес халықтар жазып қалдырған әдеби ескерткіштер екендігін, қыпшақ, оғыз сияқты ру-ұлыс тайпаларының ортақ мұрасы болып табылатынын сандаған дәйектермен дәлелдеп отырады.

Еңбектің тағы да бір құндылығы – 13-14 ғасырлардағы түркі әдебиеті Қайта өрлеу, Шығыстық Ренессанс құбылысы ретінде сөз болады. Бұл қазақ топырағында алғаш профессор Алма Қыраубаева айтқан жаңа ғылыми концепция. Ал енді 9-12 ғасырлардағы Ислам өркениеті Еуропа Оянушылығын (Возрождение) әкелді дейді. Әлемдік өркениеттің еңбір үлкен белесі Шығыс Ренассансы Орта Азияда Х-ғасырда басталғаны, оның басында  Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әл Бируни, Әл Хорезми еңбектері тұрғандығын кең ауқымда баяндап отырады. «Бұл дәуірдегі көркем әдебиет  негізінен екі түрлі. Біріншісі – аударма назиралық шығармалар: Құтбаның «Хұсрау уа Шырыны», Сәйф Сарайдың  «Гүлістан», Әлидің «Қисса Жүсібі», Рабғузидің «Қисса –и-Рабғузи кітабы», Махмуд ибн Алидің «Неһдж ул Фарадис» («Жұмаққа апаратын жол»), Хусам Қатибтің «Жұм-жұма кітабы» т.б. Екіншісі – тың тума әдебиет. «Махабатнама»- деп түйіндейді. Рабғузи кітабында: Адама ата мен Хауа ананың жаратылуы, Олардың ұжмақтан қуылуы, Ібілістің әрекеттері, Он сегіз мың ғаламның сыры, Діндердің пайда болуы, Пайғамбарлардың жер бетіне түсуі, Мұсылман сахабалардың ерліктері, махаббат, зұлымдық, достық, қастық, надандық, т.б. тақырыптар көтерілген. Әсіресе, адам-пенденің бойындағы ашкөздік, тойымсыздық, араны ашылғандық, қанағат деген қасиеттің жойылып кеткендігі айтылады. Біздің ұлы бабаларымыз адам бойындағы осынау мерез мінездердің                     ХХІ-ғасырда қайта асқынып кететінін көрегендікпен алдын-ала болжаған сияқты.

Ал енді «Қисса Жүсіп» туралы: «Рабғузи қиссаларында өлең араласып жүреді. Олар кейде қара сөзбен баяндалған оқиғаға қосымша болып, сол сәтте оқушыға анығырақ, айқынырақ ұғындыру үшін… керек болған. Біразы сюжетті өлеңдер. Рабғузи өлеңдері силлабикалық үлгімен жазылған». Қарап отырсақ, Алма Мүтәліпқызы орта ғасырлық әдеби мұралардың барлығынан түркілік қолтаңбаны, түркілік рухты, түркілік құндылықтарды анықтап отырады.

Еңбектің  бірінші тарауы – «Уақыт бедері». XIII-XIV ғасырлардағы түркі тайпаларының тарихи-әлеуметтік жағдайы, екінші тарауы  – «Аударма – нәзира әдебиет. Рабғузи қиссалары», үшінші тарауы  – «Тыңтума әдебиет», «Махаббатнама», төртінші тарауы – «Ежелгі әдебиет дәстүрі», — деп аталады. Қосымша бөлімге М. Көкеевтің «Гүлшат-Шеризат», Ә. Тәңірбергеновтің «Қисса Зияда – Шаһмұрат», Ә. Найманбаевтың «Ер Шеризат», Т.Ізтілеуовтің «Сам палуан» атты шығармаларын берген. Іргелі монографияның ғылыми жаңалығы да, ішкі құрылымының тұтастығы да ерекше назар аудартады. Әсіресе, 500-жылдық тарихты Шығыстық ғұламалар тағдырымен сабақтастыра сөз ететін тұстары ғалымның осы кезең әдебиетін, мәдениетін тұтас қарастыратынын, көп ізденгенін дәлелдейді.

Алма Мүтәліпқызы осынау өзі зерттеп отырған тақырыбына қатысты қалам тербеген әлемдік, одақтық деңгейдегі оқымыстыларды, бұрынғы және өзімен тұстас, замандас түрік, қазақ ғалымдарының бірде-біреуінің еңбегін аттап өтпеген. Барлығының да жарияланған кітаптары болсын, мақалалары болсын атын атап, түсін түстеп, айрықша құрмет көрсетіп отырады. Ғалымның ғылымға деген адалдығы, ішкі терең мәдениеті қазақ әдебиеттануындағы сирек ұшырасатын құбылыс деп бағалар едім. Ғалым осы қолтаңбасынан кейінгі жылдары жарық көрген еңбектерінде де ажыраған жоқ.

Профессор Алма Мүтәліпқызы өз еңбектерінде тек Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетпен ғана шектеліп қалған жоқ. Ғұлама ғалымның шығармашылығындағы түбегейлі кешенді түрде қарастырылған өзекті тақырыптарының бірі – қисса-дастан жанрындағы туындылар болғанын жақсы білеміз. Оның «Қисса жанрының өзіндік ерекшеліктері» (1985), «Абайдың поэмалары» (1985), «Маһаббатнама» (1985), «Ғасырлар мұрасы» (1988), «Түркі әдебиеті» (1988), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997) атты зерттеу еңбектері осыған дәлел. Ғалым осынау құнарлы кітаптарында ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірлеріндегі және XIX ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысындағы эпостық әдеби жанр қисса-дастандардың генезисі, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік дәстүр жалғастығы, поэтикалық болмысы, ұлттық сипаты, тілдік-стильдік даралығы туралы тарихи деректерге сүйене отырып терең талдау арнасында қарастырды. Докторлық диссертациясы да осынау еңбектердің негізінде жазылды.

Тыңнан түрен салып, тосын ғылыми концепцияларды тауып, ұсынып отыратып зерделі ғалым сан ғасырлық исламдық, шығыстық, түркілік дүниетаным тұрғысынан ой толғайтын қисса-дастандарымызды: «Мың бір түннің» желісіне жазылған қисса-дастандар; діни сюжеттер желісіне жазылған қисса-дастандар; «Шаһнама» желілеріне жақын келетін қисса-дастандар; Қытайда жарық көрген қисса-дастандардеп тарау-тарауға бөліп, жіліктеп, тақырыптық-сюжеттік арналарын негізге ала отырып қарастыратыны ойға қонымды. Бұл өзінің авторлық, ұлттық ұстанымдарын ашық айтуға, осыншама көл-көсір деректер мен туындыларды шашыратып алмай, тұжырымдарын тиянақтап ұстап отыруына жол ашқан. Өзі анықтаған, көзін жеткізген қыруар көркем мәтіндерді әлемдік әдебиеттің контексінде бағалап отырады да, ұлттық таным биігінен олардың қазақ руханиятындағы орнына тоқталып өтеді.

Ал 1999 жылы жарық көрген «Ежелгі әдебиет» атты оқулығында туған әдебиетіміздің сан ғасырлық тарихын, жүріп өткен жолын кезең-кезеңге дәуірлеп зерттеуді, зерделеуді ұсынады: 1. Заманымыздан бұрынғы аңыз-жырлары (сақ, ғұн, үйсін дәуірі. Б.з.б. VII ғ. – б.з. IV ғ.). 2. Түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиет (V-VIII ғ.). 3. Оғыз дәуіріндегі әдебиет (IX-X ғ.). 4. Ислам дәуіріндегі әдебиет (X-XII ғ.). Сыр бойы әдебиеті. Қарахан әдебиеті. 5. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет (XIII-XIV ғ.). Бұл классикалық жүйелердің үздік үлгісі. Ғалым осылай мыңжылдықтарды орап жатқан әдебиетімізді дәуір-дәуірге бөліп зерттеуді ұсынуында алдымен тарихи-өркениеттік өлшемді басшылыққа алған.

Профессор Алма Мүтәліпқызының заманымыздан бұрынғы сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі фольклор және әдебиет нұсқаларын сөз етуі – қазақ әдебиеттануы ғана үшін емес, жалпы ұлттық руханиятымыз үшін маңызы өте жоғары. Ғалымның осынау дүниелерді ұлттық құндылықтарымыз деп атап, бүгінгі қазақ руханиятының төріне шығаруы тегін емес. Осы мақсатты көздеп, орта мектепке арнап оқулық та жазды.

Біздің заманымыздан 1500 жыл бұрын ғұмыр кешкен скиф-сақтың көсемі Тарғытай туралы аңыздардың тарихи-поэтикалық сипатын айқындап, ондағы деректер арқылы скиф-сақтар мен қазақ тұрмыс, тіршілігінің арасындағы сабақтастықты дәлелдеуі ғалым еңбектерінің мәнін аша түскен.

Зерттеушінің б.з.б. VII-II ғ.ғ. Енесай мен Ертіс, Батыс Сібір, Алтай тауларын жайлаған, Дунай бойында, Ауғанстан мен Иран, Сирия, Түркия жерлерін мекендеген ежелгі түркі тайпалары, арғы бабаларымыз (прототүріктер) Көк Тәңіріне табынып, түрік жазуымен жазған, Түрік мемлекетін «Алып империяны» басқарған көсем, ержүрек батыр, әйгілі қолбасшы Алып-Ер Тоңға (Афрасиян) туралы «Алып – Ер Тоңғыны жоқтау», б.з.б. V ғ. сақ патшасы Тұмар, б.з.б. VI ғ. Ширақ батыр, б.з.б. V ғ. сақ патшасы Зарина сұлу, б.з.б. 228-174 ж.ж. ғұндардың ханы Мөде батыр, б.з.б. V ғ. Мыңзықұлы Еділ (Атилла қаған) туралы фольклорлық мұраларды талдағанда сөз басына түркілік рухты ту етіп ұстап отыратындығы ғалымның басты кредосы болды. Түркілік рухты қайта ояту үшін, бүгінгі мұрагері біздердің жүрегімізге осы ұлы идеяны орнықтыру үшін Алма Мүтәліпқызы бел жазбай еңбек етті. Осыған бүкіл саналы ғұмырын арнады…

Қорыта айтқанда, Сырдария топырағынан тамыр тартып, туған әкесі Мүтәліп Қыраубайұлынан ақындық қонған, аса дарынды, түркітанушы ғалым, қаламгер, өнер иесі Алма апайымыздың қасиетті қаламынан біздерге қымбат мұра қалды. Алдашбай, Тұрмағамбет сияқты ахундар мен ақындарды, жыршы-термешілерді, Қорқыт, Хусам-аддин Сығнақи сынды ғұлама  ғалымдарды, Марал ишан сияұты дін қайраткерлерін дүниеге әкелген Сыр елі, қасиетті Қызыл-Орда топырағы бүгін тебіреніп жатқан шығар. Олай  болса, қазақтың қайталанбас ғалым қызы Алма Қыраубаеваның бүгінгі 75-жылдық белесі руханиятымыз үшін елеулі оқиға.

Қансейіт Әбдезұлы,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы

 

Бөлісу: