Тәуелсіздік мен үшін  бәрінен қымбат

Алпыс жастың белесіне аяқ басқан мен үшін тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ.  Ғұмырымның тең жартысы кешегі кеңестік дәуірде өтті.  Тарихымызды теріс оқыдық.  Ата-бабалардың өткен қилы соқпағы санадан өшірілді. Алаш атын мүлдем естімей өстік.

Бүгінде сол қастерлі кезеңге өткенімізге де 30 жыл толып отыр. Осындай елеулі кезеңнің қарсаңында Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік      бәрінен қымбат» атты мақаласы  менің көкейімде қордаланған мәселені дөп басты. Оны оқи отырып, өткенімді сараладым, тәуелсіздіктің әрбір таңы бүгінге дейін зырлап өтті.

Иә, еліміздің қиын кезеңдерді бастан кешіп, бүгінгі іргелі ел қатарына айналуы мен үшін шын қуаныш. Әуелі Ата заңның қабылдануы, Төл теңгеміздің шығуы, Ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесі, шекараның нық шегенделуі, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің кезең-кезеңімен оңтайлы шешілуі.

Елбасының елеулі еңбегі еліне аян. Президенттің Тәуелсіздік тарихын терең саралаған мақалаларында бұл жетістіктерге арнайы тоқталып, алдағы міндеттерге де бағыт-бағдар берілген.  Әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру  тұрғындардың тұрмысын жақсартуды көздеген.  Пандемияның салдарынан туындаған дағдарыстар зардабы, идеологиялық вирустардың жойылуын да  жасырмайды.  Жаһандану кезеңінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды.  Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі.

Жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі, – деп түйіндейді.  Қысқасы, Президенттің бұл жолғы еңбегі Таным мен тағылымға толы, Қоғам мен құндылық, Ұлағат пен ұстанымға негізделген. Ұлттың ұстанымын ту еткен патриоттық рухты қозғайтынына  сеніміміз кәміл.

М.Омар, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім меңгерушісі

Бөлісу: