Қазақ поэзиясына Абайдан кейін жаңалық болып келген, қазақтың өлең өрнегін мың құбылта жырлаған ақын – Мағжан Жұмабаев. Мағжан – қазақ халқының ұлттық ұлы ақыны. Оның айтуы бойынша, «ұлт» дегенге бүкіл халық, оның мемлекеттік денені құрайтын жоғарыдан төменіне дейінгі барлық саны кіреді. Мағжанды «ұлт ақыны» дейтініміз, оның шығармашылығында ұлттық рух, қазақы болмыс кең орын алған. Тіпті аудармалары да Абайша қазақы болмысқа лайықталып жазылған. Аударма саласында Мағжан Жұмабаевтың қазақи қасиетке толы жаны мен ой шеберлігі туралы Бейсенбай Кенжебаев былай деп еске алады.
«1922 жылы Мағжанның үйіне барғанда «Старуха Изергельді» аударып жүр екен, атын «Жұртын сүйген жүрек» деп алыпты. Аға әңгімеңіздің аты қазақша ғой дегенімде. Ақын еш мүдірместен Абайдың А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов өлеңдерін қалай аударғанын түсіндірді. Абай орыс өлеңін қазақ өлеңі етіп жібергенін айтады.
Өмірі мен халқына еткен қызметі аңыз болған. Дүниеден өткен уақыты жұмбақ күйінде қалған. 4 жасында хат таныған, 19 жасында-ақ қазақ мұңын мұңдап, 1912 жылы «Шолпан» атты алғашқы жыр жинағын жазған Мағжан Бекенұлы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы болып жанды.
Мағжан Жұмабаев — поэзия әлеміндегі ақындардың ақыны. Оның ел арасына кең тараған әні — «Сен сұлу», ал «Ақсұңқар құс» деп аталатын әні 1991 жылы Жәнібек Кәрменовтың құрастыруымен жарық көрген «Қазақ әндерінің анталогиясына» енген. Сол жинақтың алғысөзінде «Сен сұлу», «Сүй, жан сәулем», «Ақсұңқар құс», «Япыр-ай», «Дайдидау-ай» әндері Мағжан Жұмабаевтікі деп жазылған. «Салтанат» атты күйі, бізге Омар Қаймолдаұлының тартуында үнтаспаға түскен.
Ақынның «Батыр баяны», «Қорқыт» поэмалары – қазақ поэзиясының асқар шыңы. «Шолпанның күнәсі» – қоғамда ашып айтыла бермейтін тақырыпты ашып айтқан тартымды шығарма. Ақынның өлеңдері алғаш рет кітап болып тұңғыш рет 1922 жылы Қызылорда қаласында жарық көрді. Мағжанның ақындығы жөнінде Жүсіпбек Аймауытов: «Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен күшті» – деді. 1927 жылы жазылған «Мағжанның ақындығы» атты көлемді сын мақаласында ақын поэзиясының ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерін қазаққа алғашқы рет жан-жақты жарқырата таныстырған тарихи еңбек және ақынға тірісінде берілген әділ баға еді. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов: «Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!» – десе, сол кезде өзі де қуғын көріп жүрген алашшыл жазушы М.Әуезов: «Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқалардың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін», – деп болжауы ақынның ұлығын алғаш байқап, халқынан сүйінші сұрағандай, жер-жаһанға жар салғаны еді. Ілияс Омаров: «Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады» – десе, Серік Қирабаев: «Мағжан көтерген проблемалар совет өкіметі жүргізген саясаттан әлдеқайда биік еді. Ақын тап көлемімен шектелмей, жалпы адамзатқа, қалса түркі тектес ұлттарға ортақ ойлар айтады. Ел жай, оның болашағы, ағарту, өнер іздеу жайларына да ол осы жалпыхалықтық тұрғыдан қарады» – деп, Мағжан поэзиясына оң баға берген болатын.
М.Жұмабаев шығармалары 1989 жылдан бастап жинақтала бастады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары толық шығармалар жинағы 1992 жылдан бастап жарық көрді.
Раушан гүлдің лебін қостым өлеңге,
Жалбыздың жұпар иісін,
Көк майса, қияқ шалғы әндеткен белеңде,
Найзағай нөсер тынысын, – деп жазуымен қазақтың қара өлең өлшеміне үлкен жаңалық әкелді.
«Айтулы ақынның сәске түстей ғана қысқа ғұмыры терең қазылған орға да, сұрапыл қалың сорға да, тасыратқан тасқа да, мұңлы шерлі жасқа толы. Ол суға да батқан, отқа да жанған, мұзарт жапқан асуларға да тап болған, аңқасын кептіріп, ернін кезерткен шөлде де қалған. Оны «жылан» да арбаған, «шаян» да шаққан, толқын ұрған балықтай жағаға да атқан, ақыры қайсар ақынды «қатты дауыл» соғып, құлатқан. Ақын жаны осылай сая тапқан. Ол өліп қана қуғыннан құтылған» – деген Темірбек Қожакеевтің жан тебірентерлік сөзі ащы шындық. Бірақ ақын өлгенмен де оның өршіл рухы , өміршең өлеңдері өлмеді. Қазақ ұлын ұмытпады. Өйткені, аты аңызға айналған ақынның өлеңдері халқының жадында сақтаулы.
Осылайша туған халқын жан-жүрегімен сүйгені үшін, оның тұрмыс –тіршілігін, арман – аңсарын сөз өнерінің құдыретімен айшықтап жырлағаны үшін, жазықсыз жазаланған жан еді.
Осындай артына өшпес із қалдырған тума талант иесі туралы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Мағжан поэзиясы – мәңгілік мұра» атты әдеби кешін өткізді.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жанындағы «Рухани» жаңғыру» институтының директоры – Ж.Сұлтан, Халықаралық журналистер одағының мүшесі, зерттеуші Н.Сабырғалиев ақынның шығармашылығы мен еңбектері туралы тағылымды ойларымен бөлісіп, Алаш қайраткерлерінің еңбектері туралы сыр шертті. Ал, «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары Б.Алибекова, А.Тлеу және Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті А.Кеңшілік ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Ақтөбе облыстық филормониясының әншісі Амин Ибраһим қазақтың әсем халық әндерін тарту етіп оқырмандар ықыласына бөленді.
Шара соңында кітапхана директоры С.Хакимова кеш қонақтарына алғыс айтты.
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас,
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан – деген ақын сөзі, өзі сияқты қалам сертіне адал тұлғаларға орнатқан ескерткіші еді.
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылды деп тергейді» – деп ар алдындағы тазалықты Абайша жырлаған ақын жыры елімен бірге жасай бермек.
Нұрлыгүл Бердіғалиева, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы