Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар алматылықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мемлекеттік қызметтерді кезексіз ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 14 маусымнан бастап ХҚО-лар Ashyq сервисі арқылы клиенттерді қабылдауға көшеді. Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар алматылықтар мемлекеттік қызметтерді кезексіз алуына болады.
«Ashyq қосымшасы бойынша қаладағы барлық ХҚО-ға кіруге қолжетімді болады. Қаланың әрбір фронт-офисіне сканерлеу үшін арнайы дербес QR-код берілді. QR кодтары ғимаратқа кіре берісте ілінеді», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.
Бұл ретте кезекке алдын ала брондау мүмкіндігі бұрынғыша қалады. Оның артықшылығы – сіз белгіленген уақытта оператордың қабылдауына бірден өте аласыз.
«Егер қызметті алушыда Ashyq қосымшасы болмаса, жақында ғана Ashyq функционалы енгізілген eGov mobile, Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларын пайдалана алады», – деп қосты ол.
Осы қосымшалар болмаса да, мәртебеңізді ХҚО қызметкерлері ЖСН бойынша анықтайтын болады.
Сонымен қатар Алматы облысында да бүгіннен бастап, бас мемлекеттік санитар дәрігердің (2021 жылғы 11 маусымдағы№ 27) қаулысына сәйкес, Алматы облысы бойынша Текелі, Қапшағай, Талдықорған қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтары клиенттерді «Ashyq» қосымшасы арқылы қабылдай бастады.
Санитарлық талаптарды сақтауды ұмытпаңыз. Бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз, санитайзерлерді қолданыңыз.