Цифрландыру – бүгінгі білім берудегі жаңа бағыт, жаңа үрдіс, білімді ұрпақ пен кемел келешектің кепілі. Бұл мақсатқа ерекше көңіл бөлу – мемлекет саясатының маңызды бір бөлігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыруға қатысты нақты жасайтын қадамдарымызды айқындап берді.

–  Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз баршылық. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша, әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз 5 есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

 

Жасанды интеллект өмірімізге енді

Бұрын фантастикалық шы­ғармаларда ғана кездесетін дүниелер қазірде ақиқатқа айналды. Оны елемегендер көштің соңында қалып қоюы мүмкін. Мемлекет басшысының пікірінше, кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллект технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор.

– Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Digital Bridge» форумында.

– Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадрлар даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек. Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай туғызу керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің үлесі дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің төрттен бірін құрауы мүмкін. Сондықтан да Қазақстан бұл бағытты мықтап қолға алып, жасанды ақыл-ойды дамытуға барынша жағдай жасамақ. Стратегиялық құжат қабылданып, ұлттық жасанды интеллект платформасы әзірленеді. Ал әлемдік компанияларды Қазақстанға тарту үшін цифрлық әлемге қажет инфрақұрылым дайындалады. Дата-орталықтар салынады. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тарту көзделіп отыр. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында уағдаластық жасалды. Енді оны іске асыру қажет.

«Жасанды интеллект барған сайын көп нәрсеге дағдыланып, болашақта экономиканың барлық саласында мамандарды алмастырып, кадрлар қажеттілігін айтарлықтай азайтады. Технологиялық инновациялардың ықпалына ілікпейтін мамандық түрлері қалмайды. Ал сарапшылардың болжамына сенсек, алдағы 4 жылда барлық сала қызметкерлерінің жартысына жаңа дағдыларды меңгеру қажет болады, ал болашақта қайта оқып, біліктілік алып отыру қалыпты дүниеге айналады» дейді ұлттық баяндама авторлары.

 

Күдік пен үміт

Жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме, әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ та баршылық. Оның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы жазып жатқандар да бар. Сарапшылар алгоритм машинасы адам санасының дамуын тежейтініне қауіптеніп отыр. Себебі білім алушылар өз зерде-зейінін дамытудың орнына көмекші боттарға жиі жүгініп, технологияға тәуелділігі арта береді. Бұл – адамзаттың келешегі үшін өте қауіпті. Болашақты болжайтын зерттеуші – футуролог Герд Леонгард «Технологияда әдеп жоқ. Ол адами құндылықтар туралы ойламайды. Оның ойлайтыны – факт. Мәселе де осында» дейді. АҚШ журналистері сайттағы «Жасанды интелектіні реттеу» атты тақырыптағы мақаланың жоғалып кеткенін айтып, дабыл қақты. Яғни өз бетінше шешім шығару қабілетіне ие бола бастады.

Әлемде жаңа технологияның келуімен жұмыссыздар қатары кө­бейетіні даусыз. Әлеуметтік қиындық­тар болмай тұрмайды. Яғни таяудағы онжылдықта барлық мемлекетте жұмыссыздардың қатары көбейе түсері шындық және бұл құбылыс өз кезегінде әлеу­меттік дүмпуге негіз болуы әбден мүмкін. Бұдан байқалаты­ны, ұлттық баяндама жобасы алдағы уақыттың болжамды қатерін ескеретін стратегиялық мақсаттарды қолға алып отыр деген сөз. Енді осы игі шаралардың жүзеге асуы мемлекеттік ұйымдармен бірге, бүкіл ел болып атсалысатын аса өзекті мәселеге айналды.

Ұлттық баяндама жобасында баршаға қолжетімді сапалы білім берудің жаңа бағдарламасы ұсынылған. Ең алдымен, білім беру әдістемелерін заманға сай жаңғырту, педагогтардың білім деңгейін ұдайы жетілдіріп отыру көзделген.

Астана қаласының Білім басқармасы оқу үрдісін цифр­ландыру аясында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Елордада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау «Indigo: электрондық балабақша» бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Балаларды мектепке дейінгі ұйымға адамның тікелей қатысуынсыз, жылдам қабылдауын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы шілдеден бастап электрондық келісімшарт енгізілді.

– Жобаны ұсынушылар «білім беру – оқу» ұстанымынан «білім беру – тұлғаның қалыптасуы мен дамуы» ұстанымына көшуді жөн көреді. Яғни оқудың барлық кезеңінде – балабақша мен мектеп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейін жеке білім беру бағдарламасымен қамтылады. Бағдарламада еліміздің алдағы онжылдықтағы демография­лық көрсеткіші де ескеріліпті. Мәселен, елімізде жылына орта есеппен 400 мыңнан астам бала дүние есігін ашады деп болжанса, алдағы 3 жылда елдегі колледждер мен жоғары оқу орындарына 1,5 млн-нан астам студент барады екен. Ал 2030 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің 80 пайыздан астамын жастар құрайды. Сондықтан білім беру мекемелерінің инфра­құрылымын кеңейтумен қатар, инвестициялау, оқытудың аралас немесе дуальді моделіне көшудің қажеттігі аталып, білім сапасын көтеру алдыңғы орынға шығады, – дейді түркітанушы-ғалым Серікбай Қосанов.

 

Жылдам интернет қажет

Жаңа технологияны жүзеге асыру үшін жылдам интернет керек. Осыған байланысты Президент 5G желісін уақытынан бұрын іске қосуды тапсырды. Яғни 2027 жылы емес, 2025 жылы барлық облыс орталығы ұялы байланыстың жаңа буынына қосылуы қажет.

Елімізде 5G енгізу жеделдеп, 2000 ауыл мектебі Starlink жоғары жылдамдықты интернетке қосылатынын сала министрі Бағдат Мусиннің хабарлағаны белгілі.

Жуырда Үкіметте ­Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте 5G технологиясын енгізу және шалғай елді мекендердегі мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық стансасы орнатылғанын баяндады. Бұл ретте технологияны енгізуді жеделдету үшін байланыс стансаларын іске қосу мерзіміне айтарлықтай әсер ететін реттеуші бірқатар кедергіні жою қажет. Бұл жабдықты құрастыру рәсімін жеңілдетуге, санитарлық ережелерді халықаралық стандартқа сәйкестендіруге, жер телімін уақытылы беруге және тағы басқаларға қатысты.

«Жайлы мектеп» бағдарламасының жемісін алдымен алыс аудандағы қандастарымыз көрсе екен дейміз. Қазіргі кезде облыс орталықтарында сапалы білім беруді мақсат тұтқан білім-инновация мектептері (Binom school) және ұлттық бағыттағы лицейлер (Qazbilim) ашыла бастады. Олардың санын көбейтіп, елдегі дарынды оқушыларға тұрақты түрде тегін грант орындарын бөлуді ойластырған жөн.

Жоғары оқу орындары өндіріс пен ғылымға жасанды интеллект енгізуді қолға алады және жаңа жұмыс орындарын ашуға қабілетті кадрлар даярлаумен шұғылданады.

 

Ұлттық идея – сапалы білім

Заманауи өзгерістердің жылдамдығына қарап, алдағы кезеңде білім мен ғылымда ғана емес, жалпы қоғамда жасанды интеллект пен сандық технология араласпайтын саланың қалмайтынын болжау қиын емес. Осыған орай, «Баршаға қолжетімді білім сапасы» ұлттық баяндама жобасында жоғары оқу орындары жақын келешекте сандық формат жүйесін меңгеріп, «smart-университеттер» моделіне көшетіні туралы сөз болған. Сонымен қатар, онда виртуалды және интерактивті платформалар мен жасанды интеллект тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу студенттерге теория мен тәжірибе дағдысын тиімді меңгеруге мүмкіндік беретіні айтылады. Осы бағытта басталған заманауи білім беру бағдарламалары жалғаса берсе, алдағы жылы онлайн-курс, вебинар мен қашықтан оқудың басқа да формалары студенттерге өзге елдердің жетекші мамандарынан білім алуға, дамыған елдердің студенттерімен тәжірибе бөлісіп, өзара әріптестік орнатуға кең жол ашпақ.

Бір өкініштісі сол, жасанды интеллектке негізделген қазақ тілді қосымшалар жоқтың қасы. Мысалы, жасанды интеллект арқылы қазақ тіліндегі әр ­алуан кітапты, көркем әдебиет мәтінін түрлендіруге немесе талдауға өзге тілдегі қосымшалардың көмектесе алмайтыны өкінішті. Сондықтан жасанды интеллектіні қолданып, қазақ тілінде қандай да бір көркем шығарма, мақала, эссе жазу былай тұрсын, кәсіби сөздіктерді түзу де қиындық туғызады. Бұл ретте Ғылым және жоғары білім министрлігі Үкіметпен бірлесе отырып, таяу уақытта интернеттегі қазақ тілді контенттің мобильдігі мен қолжетімділігін дамытуға бағытталған шараларды тездетіп қолға алуы керек. Ақпарат технологиясы саласына қазақ тіліндегі оқулықтар да ауадай қажет. Себебі онсыз ұлттық білім мен ғылымның сандық форматқа өтуі кешеуілдей бермек. Сандық технологияларды білім жүйесіне бейімдеу мен оқушыларға үйрету адам капиталының жылдам дамуына оңды әсер етеді. Ал білім алу нәтижелеріне қол жеткізуде цифрлық технологиялардың алатын орны зор.

Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Жеке тұлғаның рухани өсуіне психологиялық-педагогикалық жағдай жасай отырып, өз ортасында және өзге ұжымда өзін еркін сезіне алуға тәрбиелеу, өзіне-өзі сенімді тұлға ретінде қалыптастыру – өзекті мәселе. Адам тәрбие­сі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орнында тұрмайды, үнемі ізденіс, жетілу үстінде. Болашақ ғасырдың тұлғасын қалыптас­тыруға қызмет ету кез келген мұғалімнің, ұстаздың басты міндеті, мақсаты болуы керек. Білім жүйесін цифрландыру мен жаңғырту көптеген жаңа бастаманы енгізуге, сапалы маман, білімді ұрпақ тәрбиелеуге сеп болары сөзсіз. Ұлттық баяндамада айтылғандай, алдағы онжылдықта балалар мен жастарға сапалы білім беру мәселесі ұлттық идеяға айналуы тиіс.

 

Астана – цифрландыру орталығы

Астана қаласының Білім басқармасы оқу үрдісін цифр­ландыру аясында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Елордада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау «Indigo: электрондық балабақша» бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Балаларды мектепке дейінгі ұйымға адамның тікелей қатысуынсыз, жылдам қабылдауын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы шілдеден бастап электрондық келісімшарт енгізілді. Бүгінгі таңда қалада IT бағыттағы 4 мектеп жұмыс істейді (№8, 59, 73, 85). Мұнда компьютер графикасы, бейнетехнология, мобильді қосымша дайындау, робототехника, веб-сайт құру және 3D модельдеу, дизайн, веб-технология, электроника және мехатроника тереңдетіліп оқытылады. Педагогтар үшін әдістемелік сүйемелдеудің ашық онлайн алаңдары – online-metod.kz, elorda-mektep.kz жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта тамақтану, қоғамдық көлікпен жүру, халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына материалдық көмек алу, мектептерге кіру үшін турникет арқылы өту қызметін біріктіретін «әлеуметтік әмиянды» енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Роботтар мен компьютер модельдеуін кодтау, алгоритмдер және бағдарламалау негіздерін зерттеу мақсатында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында 400-ден астам баланы қамтитын «Sana» шығармашылық білім беру орталығы ашылған.

Техникалық және кәсіптік білім алып жатқан студенттер үшін «Platonus college» автоматтандырылған ақпарат жүйесі енгізілді. Жүйе колледжге қабылданған сәттен бастап диплом алғанға дейін бизнес-процестің автоматтандырылған түрін ұсынады.

 

Сауықтыру

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және цифрландыру басқармасымен бірлесіп «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені қала тұрғындары мен қонақтары үшін цифрландыру бағдарламасын енгізді.  Қазірдің өзінде қалада 7 мыңнан аса ерекше балалар тіркеуде екен. Олардың мыңға жуығы иппотерапиямен емделуі қажет.  «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің мамандары Цифрландыру бағдарламасын іске қосу арқылы иппотерапия емін алатындардың жұмысын жеңілдеткендерін айтып отыр. Енді ем алушылар арнайы платформаға ерекше бала­ның жеке дерегін енгізіп, өтінішін жолдайды. Орталық қызметкерлері 3 күн ішінде жауап қайтарады.

2000 жыл бұрын Ежелгі Грекия жерінде пайда болған бұл жылқы терапиясымен –  иппотерапиямен осы уақытқа дейін аурудың бірнеше түрлерін емделіп келеді.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ММ басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Ағзамовтың айтуынша алдағы уақытта «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің жұмысы төрт бағыт бойынша қызмет ететін болады екен. Олар: 1. Иппотерапия / атпен емдік сауықтыру; 2. Балалар мен жасөспірімдерді олимпиадалық және ұлттық ат спортына баулу; 3. Жеке және топтық атқа міну; 4. Ат орынды жалға беру.

Қазіргі таңда кешенде 20-ға жуық жуас, мініске бейімделген ат бар.  Иппотерапевт-реабилитолог мамандар емделуге келген баланы 20 минут сейілге шығарып, сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып, жаттығу жасатады.  Осы орталықтағы иппотерапевт-реабилитолог мамандар церебралды сал ауруы, аутизм, тірек-қимыл аппараты зақымданған, бас-ми жарақатын алған жандарға ем-домды жүргізеді.

 

 

          Гүлшат САПАРҚЫЗЫ, «Дәстүр»

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: