Чехия астанасында «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсауы кесілді

Прагада ұлттың ұстазы, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, сондай-ақ «Алаш» қозғалысының мәдени мұрасына арналған дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды деп хабарлайды «Дәстүр» журналы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап алғаш рет чех және ағылшын тілдеріне аударылып, оған қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері мен қазіргі заманғы «Алаштанушы» ғалымдардың еңбектері енді. Қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуды Қазақстан Республикасының Ұлттық аударма бюросы жүзеге асырды.

 

Іс-шара барысында қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру мәселелері талқыланып, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктері туралы сындарлы пікіралмасу өтті. А. Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының ел тарихы мен ұлттық сананы қалыптастырудағы бірегей рөлі атап көрсетілді.

Танымал чех ғалымы, профессор Йиржи Шима өз сөзінде «Мен өз халқым мен елімнің тарихын зерттеп қана, өткен ғасырдың соңында жаңадан пайда болған тәуелсіздіктің ерекше құндылығын түсіне бастайтындығыма сенімдімін» деді. Сондай-ақ, кездесуде Карлови-Вари университетінің, Чехия Ұлттық кітапханасының өкілдері, журналистер мен «Қазақстан достары» клубының өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар ұлттық тарихты жан-жақты және терең зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық тараптан онлайн форматта «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сатай Сыздықов, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Зәуреш Сақтағанова, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Алтайы Оразбаева қатысты.

Дөңгелек үстел соңында Қазақстан Елшілігі Карловы-Вари университетіне «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітаптарын чех және ағылшын тілдерінде сыйға тартты.

Ертеректе хабарлағанымыздай, атақты қазақ ғалымы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы 2022 жылы аталып өтілетін ЮНЕСКО-ның Айтулы мерейтойлар тізіміне қосылған болатын.

 

Байтұрсынұлының зерттеуіндегі тіл мәдениеті

Елімізде 1 Наурыздың – Алғыс айту күні болып белгіленгені мәлім. Әрине, себебі түсінікті. Сонау қиын-қыстау соғыс жылдарында Кеңестік  Республикалардан Қазақстанға қаншама ұлт өкілдері жер аударылды. Кең қолтық қазақ халқы өзінің ауыр жағдайына қарамастан, жер аударуға ұшырап,  азып-тозып келген жандарға жарты нанын бөліп берді, үйінің бір бұрышына паналатты. Сондықтан олардың бүгінгі ұрпағы қазақ халқына алғыс айтуда. Бұл өте орынды. Дегенмен, бұл жалпыхалықтық мереке. Әркімнің алғыс жаудыруға лайықты көретін адамы болады. Біз газет оқырмандары атынан ұлттың ұлы ұстазы, алғашқы қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлына тағзым етеміз. Мұны ұлттың ұстазына, жалпы ұстаз біткенге жасалған тағзым деп білейік.

Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасында қазіргі грамматиканың керегін түгендеуге сеп болатын мәселелер көп. Бұл мақалада ғылым мен білімнің келесіне салатын келелі үш мәселені ғана алға тартпақпыз. Оның біріншісі – А.Байтұрсынұлының сөйлемге берген анықтамасына, екіншісі – оның «іргелес сөйлем» деп атаған ұғымына, үшіншісі – «шұбыртпалы сөйлем», «орамды сөйлем», «өрнекті сөйлем» деп атаған бірліктеріне сүйенеді.

Бірінші мәселе бойынша, қазақтың тіл білімінде, тіпті ТМД кеңістігіндегі тіл білімінде, сөйлемге берілген «тиянақты ойды білдіретін сөз тіркесі» дейтін анықтаманың, Аристотельдің пайымдауға берген анықтамасының аксиома болып кеткені белгілі. Шын мәнінде, сөйлем тиянақты ойды білдіре алмайды. Тиянақты ойды білдіру үшін одан байланыс орнатушының –  коммуниканттың көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап табылуы тиіс. Ондай жүкті сөйлем көтере алмайды, сөйлемге ондай жүк арту рабайсыздыққа ұшыратып, қарым-қатынас жүзеге аспай қалар еді. Мәселен,  «Ол мұны оқыған» деген сөйлем дәстүрлі анықтама  бойынша, «тиянақты» ойды білдіруге тиіс. Алайда ой тиянақталу үшін «олдың» кім екенін, «нені» оқығанын білуіміз керек. Ондай ақпар бұл сөйлемде жоқ. Демек, мәнмәтін – контексте бар. Контекссіз сөйлем тиянақты ойды білдіре алмайтыны осы мысалдан-ақ байқалып тұр. Осыны ескеріп, қазақтың тіл білімінде 1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлы берген: «…ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады», – деген анықтаманы зерттеу, оқыту үдерісіне енгізу қажет екенін байқаймыз. Оған мынадай уәж келтіреміз:

а) тілдің басты қызметі, қоғамдағы қарым-қатынас құралы болу қызметі сөйлемнен басталады, оған дейінгі дыбыс жүйесі, морфема жүйесі, сөз тіркесі бұл қызметке сөйлем құрамына ену арқылы қосылады. А.Байтұрсынұлының сөйлемге берген анықтамасы осы тұрғыны тұғыр еткен. Қараңыз: «айтушы» бар, «тыңдаушы» бар және сөйлем болу үшін біріншісінің ойын екіншісі түсінуі керек. Демек, бұл анықтама, қазіргі септелі, жіктелу үлгісі – парадигмалар талабынан қарағанда, коммуникативтік парадигма тұрғысынан берілген анықтама.

Ендігі жерде, сөйлемнен бастауыш пен баяндауышты іздеу – басты талап болмауы тиіс, сөйлемдік құрылысы жоқ, бірақ мәнмәтін аясында сөйлемнің қызметін атқарып тұратын түрлі айтылымдарды да сөйлемнің санатына кіргізу керек болады. Айталық, көбінесе пікірлесуде – диалогта кездесетін қыстырма сөз – репликалар, коммуникемдер, атауыш айтылымдар, т.б. оқыту, зерттеу ережелеріне қосылуы қажет.

Екінші мәселе бойынша, А.Байтұрсынұлы сөйлемдерді түрлерге жіктегенде: «Сөйлемдер арасында екі түрлі жақындық болады. Бірі – ішкі, бірі – тысқы жақындық. Ішкі жақындық – мағына жүзіндегі жақындық. Тысқы жақындық – сөйлемдерді бір-біріне жанастыру жүзіндегі жанастық» дейді. Анықтаманы зерделеп қарасақ, сөйлемдердің «іргелес» және «құрмалас» болып екіге бөлінетінін байқаймыз.

Ал «іргелес» сөйлемдерге мына сияқты дербес сөйлемдердің мағыналық жақындығын, бұлардың біріне-бірі ой іргесімен ғана жанасатынын, араларының бір-біріне қосылмай, ашық-ашық үзіліп айтылатынын мысалға келтіреді: 1) Күн ашық. Тоғайлар шат. Ың-жың орман. 2) Күн кеш болды. Ат болдырды, ел көрінбеді. Батыр сасайын деді. 3) Біссіміллә безгелдек! Бұлай жатсын дуадақ! Сыбағама қоңыр қаз. Үлесіме үш үйрек. Екі сартқа бір тартар, аққуды батырекең атар. Қойылатын тыныс белгісін: «Жазғанда араларына үлкен тыныс белгісі (.) қойылады», – деп көрсетеді.

Мұны қазақтың тілтанушылары тәрізі, жалғаулықсыз салалас құрмалас деп түсінген сыңайлы. Мәселен, құрмалас сөйлемнің классикалық зерттеушісі академик Н.Т.Сауранбаев бастап, бір кездерде қазақ тілінің синтаксисіне қатысты еңбектерде жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлем «іргелес құрмалас» деп те аталып жүрді. Шын мәнінде, көріп отырғанымыздай, бұлар – грамматикалық жағынан аяқталған, бас әріптен нүктеге дейін көмкерілген дербес сөйлемдер, демек, құрмаластың сыңарлары емес. Мұндай бірліктерді қазіргі тіл білімінде күрделі синтаксистік тұтастық, күрделі синтаксистік бірлік, шағынмәтін, фразадан жоғарғы бірлік, азатжол т.с.с. атаулармен белгілеп жүр, біз «шумақ» деп атаймыз.

Осы бірлікке орай, дәріптеп айтар бір жайт бар. Күрделі синтаксистік тұтастық деп атап жүрген бұл бірлік – грамматикалық жағынан аяқталған, дербес пішімделген сөйлемдерден (жай, құрмалас) тұратын бірлік. Енді еске түсірсек, оқулықтарымыздағы анықтама бойынша, құрмалас сөйлем де кемі екі я одан да көп жай сөйлемнен тұратын бірлік. Осы тұстан келіп, күрделі синтаксистік тұтастық санатына сыни, тіпті қарсы пікірдегі ғалымдар айтқан «құрмалас сөйлем мен күрделі синтаксистік тұтастықтың айырмашылығы жоқ, кез келген бірлік тілдік бірлік болу үшін шекаралары болуы шарт, ондай  шекара күрделі синтаксистік тұтастықта жоқ, оны құрмалас сөйлемнен өзгеше деп қарау қате» деген сияқты түйткілдер шығады. Орыс ғалымдары мұның шешімін өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін таба алмады. Ал А.Байтұрсынұлы ол шешімді баяғыда-ақ тапқанын ХХІ ғасырда ғана біліп отырмыз. Қараңыз: «… ой іргесімен ғана жанасқаны болмаса, бастарын қосып тұрған басқа ешнәрсе жоқ. Мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер… ».

Үшінші мәселе бойынша, қазақтың тіл білімінде зерттеушілер  назарынан қағыс қалып жүрген бір құбылыс бар. Оны жалпы тіл білімінде «период» деп атайды. Периодтың сипаты синтаксистік құрылыстағы бірыңғайлық заңдылықтарымен өзектес, оның үстіне, бұл – үлгі тұтып жүрген орыстың тіл білімінде ертеден-ақ орныққан санат (Орыстың тіл білімінде мұның зерттелу тарихын М.В.Ломоносов кезеңінен бастайды). Солай бола тұра, қазақтың тілтанушыларының бірыңғай мүшелер, салаластық қатынас, жарыспалылы сияқты синтаксистік құбылыстарды, параллелизм сияқты стильдік құбылыстарды зерттеушілері «периодты» ескермей кете береді.

Алайда қазақ тіліндегі периодты зерттеуді тақыр жерден бастау жөн емес. Бізге бұл жөнінде жазған екі ғалымның есімі белгілі: бірі – А.Байтұрсынұлы, екіншісі – Н.Т.Сауранбаев.

А.Байтұрсынұлы «Тіл-құралда» сөйлемдерді «құрылуынша» жіктегенде, оның бір түріне «орамды немесе өрнекті сөйлемді» жатқызады. «Сөйлегенде ойды тақ-тұқ қысқа айтып білдіретін орында болады. Ойды ұзын айтып, орағытып келіп, білдіретін орында болады. Ұзын айтқанда, ой дәуірлеген бетімен барып, қайтатын түрі болады. Сөйлеудің сондай түрлері орамды делініп аталады». Мұнан соң келтірген мысалдары «период» деп атап жүрген ұғымға сай келеді.

Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы мұндай бірліктің стильдік құбылыс екенін де ескерген.

Сонымен, біз Ахмет Байтұрсынұлының синтаксистік мұрасынан әлі де зерделей түсуді қажет ететін үш-ақ мәселені аңғарттық деп ойлаймыз.

Жантас ЖАҚЫПОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы

 

 

 

Бөлісу: