15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

     Жуырда Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың Коворкинг орталығында 15 мамыр – халықаралық отбасы күні аясында Тукабаевтар отбасымен «Шаңырақ шаттығы» атты отбасылық кездесу-сұхбат өткізілді. 15 мамыр – халықаралық отбасы күні. Атаулы күн 1993 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтіледі. Бұл күнді белгілеу – отбасындағы көптеген түйткілді мәселелердің шешілуін көздейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының пікірі бойынша, бір отбасындағы негізгі құқықтарға көзді жұма қарау, құқықты белден басу – тұтастай адамзаттық отбасына да қауіп төндіре түседі. Бұл күнді белгілеу арқылы отбасылық құндылықтарға, бір-біріне деген сенім артады. Бүгінгі шарамыздың да басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, қоғамдағы көпке үлгі болып жүрген отбасын халыққа таныту. Сол арқылы жастардың бойына адамгершілік пен төзімділік қасиетін сіңіре білу.

«Шаңырақ шаттығы» атты отбасылық кездесу-сұхбатына «КӨЛ-АВТО» ЖШС сату бөлімінің басшысы Тукабаев Серік Қаныбекұлы және Сақтаған Бәйішев атындағы университеттің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Мұхтарова Сандуғаш Сабыржанқызы қатысып, отбасылық құндылықтар туралы сұрақтарға жауап берді. «Family game» ойыны ойнатылып, қызықты сұхбат өрбіді.

Кездесу-сұхбат барысында Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері Үміт Кенжебекқызы, Жеңіс Орынбасар, жас талант Ақтоты Нетуллина әсем әндерді тамылжыта орындады. Сонымен қатар, Тукабаевтар отбасының тұңғышы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 2 «в» класс оқушысы Қанатбек Қаныбеков «Кеңес» күйін тарту етті. Сонымен қатар, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева, үздік ұстаз медалінің иегері Жайнагүл Қайралапова отбасы құндылығының мән-мағынасын аша келе, жастарды адамгершілікке, ізгі қасиеттерге шақырды.

Тукабаевтар отбасының таныстықтары өте қызық басталды. Дос қызының жігітінен қашып келе жатып, аяқ асты Серік Қаныбекұлының көлігіне отырады. Сөйтіп, бір қыздың себебі екіншісіне тиіп, 2008 жылы танысып, 2012 жылы отбасын құрады. Қазіргі таңда бұл отбасы екі бала тәрбиелеп отыр. Кішкентай сәбиі және 2 сыныпта оқитын екі ұлы бар. Бір-бірін бір көргеннен шынайы ғашық болған жандар жастарға үлгі. Отағасы жауапты қызметте жүрсе де, Сандуғаш Сабыржанқызы әрдайым жолдасын қолдап, түсіністік танытады.

Отбасының басты қызметі – баланы тәрбиелеу болып саналады. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажетті жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.

Отағасы Серік Қаныбекұлы: «Менің жұбайым біреудің үкілеп өсірген қызы. Сондықтан, мен оны алақанымда ұстап, әрдайым қолдаймын.                    

Ол мені жақсы жағынан өзгертіп келеді. Сандуғаш өте белсенді. Соның себебімен бүгін сұхбат беріп отырмыз. Оның мұғалім болғанының өзі мен үшін мәртебе, себебі ол бала тәрбиесіне педагогтік тұрғыдан қарайды», –  дей келе жолдасына деген ризашылығын білдірді.

Сандуғаш Сабыржанқызының өзі мұғалімдер отбасынан шыққан соң, педагогика саласын таңдамауы мүмкін емес еді. Отбасылық оқуды қолға алған жас отбасы балаларын кітапқа ұқыпты болуға, рухани білім алуға үйретуде. Өзі де «қызға қырық үйден тыйым» тәртібімен өскендіктен, балалардың тәрбиесіне жауапты қарайды. «Болашақ ер азамат тәрбиелеп отырғандықтан, ер балаға барынша еркіндік беріп отырамыз. Ал, қыз баласының орны бөлек. Қыз болашақ ана болғандықтан, оларға қойылатын талап қатал», – дейді Сандуғаш Мұхтарова. Отбасында бойына сіңген адамгершілік қасиеттерді ұрпағына дарыту – Тукабаевтар отбасының басты міндеті.

Іс-шара соңында кітапхана директоры Райымбаева Құралай Серікқызы                   жас отбасын халықаралық отбасы күнімен құттықтап, шынайы бақыт тілей отыра, алғыс хаттар мен сыйлық табыс етті.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының  қызметкері

 

Бөлісу: