Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қаланың білім бөлімінің бас маманына қатысты соталды тергеуді бастады, — деп хабарлайды dasturkb.kz Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«11 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігімен соталды тергеп-тексеруді бастады. Бұл дерек бойынша Шымкент қаласының білім бөлімінің лауазымды тұлғалары күдікке ілінді.
Қалалық білім бөлімінің бас маманы Ш.А. балабақша басшыларынан балабақшаларды тексеруге қатысты оң шешім қабылдау үшін бірнеше рет (800 мың теңге) пара алу дерегі анықталды» — делінген хабарламада.
Осы қылмысты жасады деген күдікпен қалалық білім бөлімінің бас маманы Ш.А. ұсталып, ол өз жауабында қылмыс жасағанын толық мойындаған. Ш.А-ға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазіргі уақытта іс бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсінің дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.