Алланың берген ризығына шүкіршілік ететін қанағатшыл қазақ халқының дала заңына бағынған қағидалары – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы бабадан-балаға жеткен мұра еді. Біз білетін ата-әжелеріміздің әдеттері мен әрекеттерінің бәрінің бір астарлы мағынасы болатын. Әңгіме ысырап етпеу жайында болғанда әжептеуір мағлұматтар мәлім болғандай.
Адал асын алақанына салып, оң қолымен жейтін ата-бабаларымыз тамақ ішіп болған соң бата қайырып, қолдарын бүгінгідей қағаз майлыққа сүртпейтін. Астың жұғымы бар саусақтарын алдымен жалайтын, сосын мәсісінің сыртын сүртіп, майлайтын. Тағы бір есімізге түскені дастарқандағы нанды сындырғанда тостағының немесе кесесінің үстіне қоятын. Ондағысы нанның қоқымын шашпай жеу екен. Бала күнімізде анамыз «нанның қоқымын жесеңдер бай боласыңдар» десе, таласа, тармаса дастарқанды тазалайтынбыз. Баласының арманын сезген ана жүрек бір ауыз сөзбен тәрбиесін де түзейді екен ғой. Қайран аналар-ай… Ас ішіп болған соң ыдыс-аяқты қазанға су жылытып жуып, әлгі суды да адам баспайтын жерге немесе итаяққа құятын.
Қазақ барға – қанағат, жоққа – сабыр еткен қасиетін де бір ауыз сөзге сыйдырған емес пе. «Тарта жесең – тай қалады, қоя жесең – қой қалады, қоймай жесең не қалады» дегенді әлі де айтып жүретін қазыналы қариялар баршылық. Мұның мәнісі де ас-ауқатты ысырап етпеуді меңзейді екен ғой.
Бұрынғының мұндай жақсы үлгі, үрдісі бүгінгі күнде қалай жалғасуда? Темір қасық пен шанышқы ұстап тамақ жейтін бүгінгі қазақтың бұрынғы қазаққа ұқсайтын тұстары табылмай жүр-ау, осы. Ауылдағы ағайынның әлі де берекесін қашырмай жүрген тіршілігі ағарған мен нанды, артылған асты ысырап етпегендігінде шығар-ау. Ал, қаладағы көпқабатты үйлердің қоқыс жәшігіндегі шашылған нанды талай байқаған да боларсыз. Мені ойландырған тағы бір жайт, сол көпқабатты үйлердің ас үйіндегі ыдыс аяқты шайған судың әжетхананың суына қосылып ағатыны. Обал-ай…
Ысырап жайында сөз қозғағанда қазіргі тойхана, мейрамханаларда өтетін той, жиын дастарқанындағы дәм жайында көп айтылады. Әлгі тойханалар тамақ қалдықтарын қайда тастайды екен? Кейде той-жиынның соңында пакетіне сарқыт салып жүретін апа-жеңге, келіндердің әрекеті дұрыс па деп те қаласың. Тым болмаса, сол сарқытты бір екі күн талғажау ететін отбасылар бары рас қой, мына қымбатшылық заманда.
Әрбір ата-ана ризық-нәсібені ысырап етпеу керек екенін ошақ қасында, дастарқан басында айта беруден жалықпаса екен.
Ысырап етпейік! Барды ептейік!
Жақсы сөз – жанға дәру
Ата-бабаларымыздың ұрпағына мұра еткен қасиеттерінің қастерлісі – жақсы сөз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл көп еститін көне мақал екені екінің біріне аян. Әкенің батасы мен ананың әлдиіне арқау болған батихалы сөздерді жаңғыртпасақ, мына жаңа заман жастарының сөздік қорының сүті тартылып, суалып барады. Баласын еркелеткен келіндер «жаным, күнім, айымнан» аса алмайтынын байқаймыз, бала тұрмақ байын да «жан» деп шақыратын бопты.
Бұрынғы әже-апаларымыз ұрысса да ұртынан жақсы сөз шығатын.
Құдай тілеуіңді бергір, көсегең көгергір, көбейгір, етегің құрғамағыр, жетегіңе жұрт ергір, босағаң берік болғыр, қораң қойға, шараң майға толғыр, еңбегің рәтті болғыр, қоржының босамағыр, қанжығаң майланғыр, шырағың шамдай жарқырағыр, жолың болғыр, молда бол дейтін т.б. сөздерді естіп өскен боларсыз. Тіпті «қараң қалғыр» деген сөздің мағынасы артыңда қарайып ұрпағың көп болсын деген батасы екен әжелеріміздің.
Осындай өнегелі сөздер ұмытылып, есесіне түсініксіз сөз тіркестері пайда болып жүр. Кейінгі жастардың жұғымсыз сөздерді көп айтуына, түсініксіз сөздердің тез таралуына әлеуметтік желінің әсер ететінін ел біледі. «Мына бала телефонға жатып апты, осы пәленше қуады, қуасың ба, қудың ғой, қумаш, шәймаш, тема екен», – дейтін сөзсымақтар қолданысқа қалай енді, қайдан келді? Баланың бал тіліне мұндай былапыт сөздер қалай араласты?
Сауал көп. Ортаға ой тастаған осы мақаламыздың түйінін ойлы оқырманның бір қажетіне жарап қалар деген ниетпен ақтаңгер айтыскер ақын, сазгер Нұрлан Есенқұловтың батасымен бәтуәласақ.
– Уа, құдіреті күшті Алла! Жүзімізге нұр бер. Жүрегімізге иман бер. Тілімізге жақсы сөз бер, басымызға бақ бер. Елімізге тыныштық, бәрімізге ырыс – құт бер. Адамзатқа амандық бер, ынсап бер, мейірім бер. Ауырғанға шипа бер, шөлдегенге суат бер, денімізге қуат бер. Қазағыма бірлік бер, жарасымды тірлік бер. Айналамыз аман, бауырымыз бүтін, деніміз сау, төңірегіміз түгел болсын. Алла тілегімізді қабыл етсін. Әумин!
Алла разы болсын. Алғыстың алды, рақмет айтудың риясызы – осы сөз. Алланың разылығына жетіңіздер, сонда бәрі бар.
Қазақтың қасиеті
Ақ таңның атқаны мен күннің қызарып батқаны, қым-қуыт қарбалас тіршіліктің көп көрінісін елеусіз ететіні белгілі дүние. Сол тынымсыз тіршілікте әрбір адамның амал-әрекеті әлмисақтан қалыптасқан қасиеттерден хабардар ететінін аңғара білу – болашақ ұрпақты тәрбиелейтін әрбірімізге сабақ секілді.
Әңгімені екінің бірі білмесе де көпшілік естіп, көріп жүрген мына жайттан бастасақ.
Екіқабат келінінің алдын кесіп өтпейтін кемпірдің ізеті – ер азаматқа деген құрметі. Самай шашы ағарған әжеміз «Жасым үлкен ғой, қазіргі жастар бұл ырымды біле қояр деймісің», – деп өтіп кетсе де ешкім өкпе артпас. Алайда ақ жаулықты апаны мазалайтын ар, ұяты. Сол жібермейді. Аманатқа адал аналардың бұл қасиеті – ар тазалығы емес пе!
Дәстүрінің өзін діннің діңгегіне мықтап байлаған ата-бабаларымыздың іс-әрекетінен алар өнеге, үлгі жетерлік. Үйге келген қонаққа ас ішер алдында, астан кейін қолға су құюды жас балаларға жүктеу арқылы жастайынан тазалықты санасына сіңірген тәрбие екені даусыз. Сүннетке сай бұл амал адамды тазалыққа үйретеді.
Алты жасымнан ес білгенге дейін ата, әжемнің бауырында өстім. Леубай атам көкпарға көп баратын. Атқа мінер алдында өзі бастап балаларына «дәрет жаңалаңдар» деп бұйыратын.
Алла нәсіп етіп, Меккеге барғанда Ақтөбеден келген апамен бөлмелес болдық. Сол апаның дәрет алғанда іш көйлекпен шомылатынын байқадым.
– Алла көріп тұр ғой, қалай жалаңаш жуынамын, – дейді. Бұл мен үшін бала жастан көріп өскен көрініс еді. Жүз жастың жүзін көріп, дүниеден өткен Үрсана апам таңсәріде баудағы ағаштың тасасында жібек матадан тігілген көйлегін киіп, бұрымын тарқатпай, төбесінен ожаумен үш қайтара су құятын.
Ата-әжелердің бұл қасиеті – тән тазалығы емес пе!
Жарық дүниеге қазақ болып келген әрбір қандасымыз тайға басқан таңбадай танып, білген тағы бір өзгермейтін өмір заңдылығы бар. Ол – жеті атаға дейін қыз алыспау. Ұрпақтың болашағын ойлаған ұлтымыздың бұл қасиеті – қан тазалығы емес пе!
Жаһандану заманына жұтылып кетпей, орыс та емес, кәріс те емес, араб та емес, қазақ екенімізді есімізге сәт сайын салып тұратын тағы бір қасиет – жан тазалығы емес пе!
Әке-шешеміздің «тәйт» деп тыйған тыйымдарының түгелі – осы жан тазалығын былғап алмай, боямасыз шынайы өмір сүруге бейімдегені екен ғой…
Ұстазын үлгі тұтып өскен біздің замандастар үшін мұғалімнің мәртебесі өте биік болатын. Ақыл айтса да ақысын сұрайтын кәзіргі «апайлардың» пайда болуы батыстың батпағы мен шатпағы.
Ар, тән, қан, жан тазалығын танып, біліп, көріп өскен ұрпаққа артық ақыл айтудың да қажеті болмай қалады-ау.
Таза болайықшы…
СҰСЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?
Әуелі Құдайдың құдіретімен жеті атаға дейін қыз алыспай қан тазалығын сақтаған қазақ дейтін халықтың тағы бір қасиетін қаузағалы қолымызға қалам алдық.
Ол – қазақтың мейірімді жүзіндегі сұсы жайында болмақ.
Бұрындары ауылда көшеде алдымыздан үлкен кісілер шықса, жолдың шетіне тұра қалатынбыз. Әжеміз үйреткендей, әдеппен әлгі кісілердің жүзіне тура қарап, сәлем беретінбіз. Сондағы байқайтынымыз олардың бойында өз әлемінің сызығанан әрі қарай өткізбейтін бір сұсы болатын. Сол сұстан именетінбіз.
Заман орнында, адам өзгерген бе, кім білсін, қазіргі кезде сол сұсты жасамыс қариялардан байқамай жүрміз. Данасы мен баласы, жасы мен кәрісі, үлкені мен кішісі өз орнын білмей, араласып кеткен алмағайып кезең сияқты. Автобустағы мына көрініс осылай ойлауымызға себеп болды. Жасы келген үлкен апа мен бойжеткен жас қыз қатар отыр. Екеуі де қолдарындағы телефонмен алысып әлек. Зер салсақ, екеуі де тик-токқа кіріп кеткен. Не айтпақ болғанымызды өзіңіз болжай беріңіз… Тағы бір жағдаят, дастарқан басында бата беруге шорқақ ақсақал мен Құранды мүдірмей оқып, дұға жасаған өрімдей жас жігіт. Оқушысымен қатарласып, шылым шегетін ағайлар да бар екен естуімізше. Шылым демекші, соңғы кездері ашықтан-ашық түтінді будақтатын әйелдер көбеюде. Жанынан өтсең әдемі әтірдің иісі емес,түтін мүңкиді. Әлгі сұс қайдан болсын, ыс сасыған адамда.
Қоғамның жағымсыз тұстарын бұлайша тізбелегендегі айтайын дегеніміз әлгіндей көптеген кереғар көріністер үлкендеріміздің бойындағы «сұсын» суға ағызып жібергендей.
Сұсы бардың мысы бар. Бұл да бір өзіңізді сыйлата білудің ешкімге зияны жоқ тәсілі деп қарасақ, тәкаппарлықтан ауылы алыс әдет секілді. Әдепті болу үшін әдетімізден бастайық. Біз солай ойлаймыз, сіз ше оқырман?
Ақмарал Леубаева,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері, ақын, сазгер.
Фото интернеттен алынды.