Қазақтың көбейгені өзімізге жақсы

Қазақстан билігі  қазіргі таңда демография мәселесіне айрықша  назар аударып отыр. Үкімет бастаған топ аталмыш мәселе өз шешімін табу үшін жөргек пұлды көтеру, отбасы құндылықтарын насихаттау, көші-қон мәселесін жолға қою, халықтың әл-ауқатын арттыру секілді жұмыстарды мықтап қолға алды.  Елбасы жақын уақытқа құрылған жоспарда Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізу мақсатын алға қойды.  Осыған байланысты Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында демография мәселесін және оның шешу жолдарын ерекше атап өтті.

Алайда жер көлемі жағынан көш бастап тұрсақ та, халық саны жағынан ақсап тұрғанымыз рас. Десек те, мәселе біз уайымдайтындай  емес.  Халық саны өсіп жатыр. Оған Қазақстандағы табиғи өсім мен көші-қонның дұрыс жолға қойылғаны дәлел. Жылда атамекеніне оралған этникалық қазақтардың саны да артып келеді. Жыл сайын оларды тұрақты тіркеуге тұрғызу мен азаматтық беру үшін қажетті құжат пен қаржылық қиындықтарды еңсеру үшін түрлі қадамдар жасалуда. Ел президенті жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында демография мәселесін нақты айтып өтеді. Онда ана мен бала денсаулығы, жөргекпұл мен жәрдемақыны көтеру, әлем бойынша тарыдай шашылған этникалық қазақтарды Қазақстанда, тарихи отанына шақыру, құжат пен атамекенде тұрақтау мәселесін еңсеру жолдарын қарастыру мен көп балалы отбасыларға материалдық көмекті арттыру керек екені айтылады.

Мұнан шығатын түйін: Елбасы тапсырмалары орындалып жатыр. Мәселен, аспанасты елінен Қазақстанға көшіп келіп жатқан қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұру үшін соттылығы туралы анықтаманы алу үшін сабылмайтын болды. Бұл Қытайдан ағылып келіп жатқан этникалық қазақтар үшін өте қолайлы. Сонымен қатар, Қазақстанда оқып жүрген немесе әлі азаматтығын алып үлгермеген этникалық қазақ тұрақты тіркеуге тұру үшін немесе оның уақытын созу үшін қалтасынан қаржы шығармайды, яғни тегін тіркеліп, мерзімін ұзарта алады. Тек құжатында «ұлты-қазақ» деп көрсетілсе болғаны. Бұл да көші-қон мәселесінің шешілуі үшін таптырмас жол екені анық.

Бұл ретте халық санының өсуі мен экономикалық ахуал, елдің қаржылық жағдайын жақсарту мен шетелдіктердің қоныс аударуы бір-бірімен байланысты екенін атап өту керек. Себебі елдің экономикалық жағдайы жақсарып, барлық сала дамып, бірақ табиғи өсім болмаса, түрлі елдерден өзге ұлт өкілдері дамыған елге қоныс аударады. Олардың саны да, табиғи өсімі де артып, ал жергілікті халықта өсім болмаса елге қауіп төнеді. Осы орайда  Еуропа елдерін алайық. Франция, Британия секілді өркениетті, дамыған елдерде демографиялық мәселе қиын болып тұр. Табиғи өсімнің көрсеткіші төмен. Ал әлемнің түкпір-түкпірінен көшіп келіп жатқандар көп. Сол себепті де қазіргі уақытта Қазақстан билігі экономикамен қатар, демографиялық ахуалды да барынша өркендетуге күш жұмсап жатыр.

Қазір табиғи өсім бар. Салыстырмалы түрде қарасақ, 1991 жылы Қазақстанда 16,7 миллион халық тұрса, 2017 жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша халық саны – 18,3 миллионға жеткен.

Оған табиғи өсім, Қазақстанда ұтымды жүргізіліп жатқан жүргізіліп жатқан көші қон саясатын қосыңыз.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы әрбір 82 секундта 1 адам тірі туылады. Ал әр 239 секундта 1 адам түрлі жағдайға байланысты қайтыс болады. Бұл қазан айындағы көрсеткіш.

2018 жылдың басынан бері тірі туған балалардың саны — 325 396. Өлі туылғандар – 110 038. Ал жалпы өсімге келер болсақ, ағымдағы жылдың цифрлар оның – 197 044 екенін айтады.

Ал бір тәуліктегі көрсеткіштерге көз жүгіртетін болсақ, бір күнде тірі туылғандар – 484, қайтыс болғандар – 166. Жалпы өсім – 288.

Сөзіміздің басында айтып өткендей, Қазақстанға шет аймақтардан көшіп келіп жатқан этникалық қазақтар көп. Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, әрбір 2106 секундта Қазақстанға 1 адам келеді екен.

Саясаттанушы Нұрлан Сейдін демографиялық тасқын осындай жағымды сипатта өсе беретін болса, жақын уақытта мономемлекетке айналамыздегенді айтады. 

Расында соңғы жылдарды зерделеп қарар юолсақ, елімізден кетушілерге қарағанда, келушілердің саны басым болып отыр. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы КСРО құрамындағы мемлекеттердегі қандастарымыз байырғы тарихи отанына келіп жатыр. Келушілердің құрамын зерделесек, қазақтардан басқа ұлттардың да көптеп келіп жатыр. Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асқанын білеміз. Соның 65-70 пайызы қазақтар десек, қалған 30 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Жылдан-жылға жергілікті байырғы ұлт қазақтардың саны артып келеді. Біраз жылдан кейін мономемлекетке айналамыз. Бұл – заңды құбылыс. Соңғы жылдары туу көрсеткіші жақсы қарқынмен келе жатыр. Әсіресе, қазақ ұлтының ішінде туу динамикасы өте жақсы. 10-15 жыл ішінде қазақтардың үлесі 75-80 пайызға жақындайды. 20-30 жылда 90 пайызға жетеміз. Қазақтар санының өсуі, мемлекеттік тіл өрісінің кеңеюі өзге ұлт өкілдерінің өз отандарына көшуіне әсер ететінін жоққа шығармаймыз. Мектеп бітірушілер саны 80-100 мың болса, бірінші сыныпқа барып жат-қан балалар саны – 350-400 мыңға жақын. Бұл – туу қарқынды болған, бэбибум кезінде дүниеге келген балалар. Солардың 70 пайызы қазақ мектептерінде білім алады. Жылдан-жылға орыс мектептері жабылып, қазақ мектептері көптеп ашылып жатыр. Соны көріп отырған орыс халқы Ресейге ғана емес, Еуропа елдеріне де көшіп жатыр. Қазір ТМД елдеріне зер салсақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Украина елдеріне қарағанда, Қазақстанда орыстардың саны пайызбен салыстырсақ көбірек. Көшіп кетіп жатқандардың басым бөлігі – орыс ұлты. Олардың балалары Ресейдің жоғары оқу орнына түсіп, оны аяқтап жұмысқа орналасқан соң бірге көшіп кетуде.

Тәуелсіздік алғалы бері оралмандарға арнайы квоталар бөлінді. Әсіресе, 2000 жылдың басынан 2010 жылға дейін көшу қарқынды жүрді. Жалпы, осы уақытқа дейін  1 миллионға жуық қандасымыз көшіп келгені белгілі. Қазіргі кезде заңдарға өзгерістер енгізіліп, экономикалық тұрғыда қиындықтар туындады. Бірақ мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады деген сенім бар.

Соңғы демографиялық ахуалға назар аударатын болсақ, ауыл халқының қалаға қарай ығыса бастағанын байқаймыз. Жалпы соңғы мәліметтерді жария етсек, 2018 жылғы 1 қазанға дейін еліміздегі халық саны 18 334,3 мың адамды құрады. Соның ішінде қалалықтар — 10 597,2 мың (57,8%), ауылдықтар — 7 737,1 мың адам (42,2%) шамасында болып отыр.

 Жалпы өсімге назар аударар болсақ, 2017 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда, 2018 жылы  халық саны 237,4 мың адамға немесе 1,3% өсті. Қарастырылып отырған кезеңде ең көп жалпы өсімі республикалық маңызы бар қалаларда: Шымкент қаласы (67 429 адам), Алматы қаласы (55 139 адам) және Астана қаласында (40 113 адам) қалыптасты. Демек, басқа аймақтарға қарағанда, аталған өңірлерді туу көрсеткіші жоғары болып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек едi. Екiншiсi – шетте жүрген қандастарымызды отанға оралту. Халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi. Екiншiсi – шетте жүрген қандастарымызды отанға оралту. Бұл орайда ана мен балаға барлық жағдай жасалып жатыр. Демек, алдағы он жылда қазақтың демографиялық тасқыны артады. Соған шүкіршілік етейік.

Батыр ЖАСҰЛАН

Бөлісу: