Қазақ даласында 80 жылдан бері болмаған ең ірі табиғи апат көз алдымызда өтіп жатыр. Табиғат апаты айтып келмейтіні де белгілі. Бірақ «Сақтансаң, сақтаймын!» деген сөздің мағынасы терең екенін естен шығармағанымыз да абзал болмақ.
Ауыл-аймақтарда қолындағы төрт түлік малымен жанын бағып, ұрпағын өсіріп, тұрмыс-тіршілігін реттеп отырған қарапайым халық аяқасты қиындыққа ұшырады. Қорасындағы төлін босата алмай, өрістегі малы көз алдында суға батып, қазақ үшін киелі – жылқының шыңғарған дауысын есту – жантүршігерлік көрініс болды. Қарашаңырағы құлап, баспанасыз қалғандардың саны қаншама.
Иә, қазақ халқының ұйымшылдығы мен бірлігі, ағайын-туысқа көрсететін мейірімі мен қайырымы сыналатын сәт туды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына арнайы барып, су алған аймақтарда болып, тұрғындардың жағдайын көзімен көріп қайтты.
Эвакуациялық пунктте халықпен кездесіп, көзбе-көз сөйлескен Мемлекет басшысы: «Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет баршаңызға материалдық, қаржылық көмек көрсетеді», – деді.
Мемлекет басшысының бұл сөзі барынан айырылып, шарасыз күйде қалған елдің жанына жалау болып, көңілдеріне үміт сыйлады.
Осындай қиын сәтте астаналықтар да елімізде орын алған апат – су тасқынына байланысты шұғыл шара өткізді.
Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала бойынша 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды.
Бұл іске «Астана жастары» ЖРО орталығы мен отыздан астам еріктілер ұйымы жиналған заттарды сұрыптап, белгіленген апат аймақтарына жөнелтуге күн сайын екі жүзден астам жастар көмек көрсетуде. Бір ғана Сарыарқа көшесі, 13-ші мекен-жайында орналасқан пунктіне тұрғындар күнделікті қажет заттарды, бұзылмайтын азық-түлік, дәрі-дәрмектер, тұрмыстық заттар әкелуде.
Астана қалалық еріктілер штабының мәліметінше 29 наурыз бен 1 сәуір аралығында су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілгенін білдік.
Су тасқыны орын алған облыстарда төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап Астанада гуманитарлық көмек белсенді дайындалып, қабылдау пункттері басқа өңірлердің барлық пункттерімен тығыз байланыс орнатқан.
Таңертеңгі сағат: 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін үзбей хабарласып, байланыс жасауда.
«Төтенше жағдайдағы аймақтардың мұқтаж тұрғындарына арналған киімдерді сұрыптап, тауарларды жүк көліктеріне тиеп, жөнелтеміз. Сапалы гуманитарлық көмек көрсетіп, қолдау көрсету — біздің азаматтық міндетіміз», – деді Астана әкімдігінің «Астана жастары» КММ еріктісі Айдан Байғандыев.
Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те Instagram желісіндегі парақшасында
«Біз өз кезегімізде Астанадағы волонтерлермен және белсенділермен бірге қаражат жинап, зардап шеккен аймақтарға жүк көліктерін жөнелтіп жатырмыз, яғни қоғам болып, бар күшімізді салып жатырмыз.
Құрметті отандастар! Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге сөзбен емес, іс жүзінде көмек көрсетейік!» – деген пікір білдірді деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақ тұрғындарына көмек беру үшін Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің базасында гуманитарлық көмек жинау бойынша әлеуметтік акция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени орталықтардың атынан су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетеміз. Өңірлерде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін біз гуманитарлық көмек жинадық», –деп атап өтті қалалық штаб төрағасы және ҚХА мүшесі Хасан Шарипов.
«Астана» балалар футбол клубының мүшелері де азық-түлік жеткізіп, өз үлестерін қосты.
БАҚ мәліметтерінен білгеніміздей Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек су тасқынының алдын алуға қалада қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы: «Қалада су тасқынына қарсы жұмыс белсенді жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер 7 млн 100 мың текше метрден астам қар шығарды, бұл өткен қыс мезгілінің сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 млн текше метрге артық. Өткен жылдармен салыстырғанда су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 20-ға дейін азайды» – деді.
Сонымен қатар қаланы қақ жарып ағатын Есіл өзенінің акваториясының деңгейін реттеу және қаланың орталық бөлігінде су көлігі қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Есіл өзенінің арнасын қалпына келтіру жүргізіліп жатқанынан да елорда тұрғындарын хабардар етті.
«Дәстүр»