Қазақ «талақты»  керек еткен емес

 

– Қазіргі жастардың шариғаттың талаптарымен үйленгенімен, ажырасып кетулері көп болып жүр. «Талақ» деген сөзді желеу етіп, оп-оңай ажырасатындар аз емес көрінеді. Мұны қалай түсінуге болады?

– Талақ – Құранда айтылады. Ерлі-зайыптылар арасында келіспейтін кермарлық, кешірмейтін (зинақорлық) күнә болса, «талақ» үкімі қолданылады. Тек, оны ары жаны таза үш куәгер дәлелдеуі керек.

Отбасылық өмірде куәгерліктің маңызы өте зор. Тек талақ емес, неке де куәмен бекітіледі. Бала кезімде неке қиярда үш адамның Құранға қолдарын қойып:

«Куәдүрміз, куәдүрміз,

Куәлікке жүрәдірміз.

Бұл күнде халық қасында,

Махшарда халық қасында,

Ақ куәлік берәдүрміз!» – деп, куәландырғанын көргенім бар еді. Ал, талаққа куәлікті көрген де, естіген де емеспін. Өйткені «талақты» қазақ керек еткен жоқ. Ал, Алланың атымен куәланған неке – берік неке.

Неке – ең қасиетті нәрсе. Қазақ оны берік сақтаған. Тіпті, жесірдің өзін жатқа жібермей, өлген күйеудің жақындарына (әмеңгеріне) қосып отырған. Оған көнбегендерді «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деп, сол елдің жақсы адамдарымен жұптастырып отырған. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған.

– Қазіргі хал қалай? Қазір ешнәрсеге де көнбейтін болдық ғой. Көндіруге тырысып жатқандар да шамалы…

– Қазіргі хал Харап (М.Дулатұлы). Жетімді жебегенді қойып, ұрықты іште тұншықтырып, қоқыста шырылдап жатқан шараналарға шімірікпейтін халге жеттік. Жатырын сатып жүргендердің күнәсін «жаһандануға» жаба салатынды шығардық.

Біздің ұлттың үрдісінде бұрын болмаған, талақ айтпай-ақ «ажырасу» жаппай етек жайып бара жатыр. Жетімдер, қарттар үйі қаптап кетті. Бұл біздің парасатымыз ба, әлде парықсыздығымыз ба?

– Ең әуелі бұл – заманның зауалы. Тағы бір жағынан қоғамның, әлеуметтік ізгілендірудің көрінісі. Жасыратын несі бар, қазір ұл адал жар табудан бұрын мал табуды, қыздар күйеу тапқаннан бұрын пұл тапқанды ойлайды. Ұл байдың қызына құмартады, қыз қалталы ұлға ынтызар. Танысады, табысады, жұғысады. Амалын тауып үйленеді. Махаббатсыз көңіл тез суиды. Енді ажырасады. Бір ажырастың не, он ажырастың не, еті үйренеді. Күлге «аунаған» көкек қыздар «көбелегін» көң қоқыстың арасына саңғып тастап кете береді. Безбүйрек балалар қартайған әке-шешелерінен безеді. Адамгершіліктің ырғағын бұзып алған қоғам енді қайтеді. Көрер көзге әйтеуір, жетімдер мен қарттар үйлерін ашып, өз бидайларын өздеріне қуырып беріп, дәрменсіз жандарды жарылқап жатқан түр байқатады. «Егер закон қолымда болса, адамның мінезін түзетуге болмайды дегендердің тілін кесер едім» – демеп пе еді дана Абай. Ішің қыж-қыж қайнайды-ақ!

 

«Балдай батып, судай сің!»

 

– Исламда махаббатқа көзқарас қандай?

– «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Алланың ісі деп әділетті» (Абай).

Махаббат, Ғашықтық, Құмарлық – үш нәрсе.

Махаббат – Алланың адамға ғана арналған ұлы сыйы. Ол сенің адамдық сипатың. Жаның, жүрегің, сезімің, санаң, ақылың, үмітің, арманың. Ол Алланы, адамзатты, әділетті, ата-ананы, отбасын, Отанды сүюден басталып, жаратылыстың бәрін аялауға жалғасады. Жар сүю де соның біреуі.

Ғашықтық – аса ләззатты сезім. Жан құрбан құштарлық. Үнсіз ұғысып, тілсіз түсінісетін түйсік. Абайша айтсақ:

«Ғашықтық тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейілің илан, мейілің күл».

Ғашықтық бар адамның басынан ашыла да, ашылғаны қосыла да бермейді. Өз басым эпостарда болмаса, өмірде ғашық болып қосылып, бақыт құшқан жандарды көрген жоқпын. Ғашықтардың тағдыры қасіретпен аяқталып жатады (Қыз жібек – Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, Қалқаман – Мамыр, Салих – Сәмен…).

Құмарлық – ашылған аран, нысапсыз нәпсі. Елпілдеген
ебелек, неке бұзар найсап (өмірге, білуге деген құмарлық басқа).

Отбасының, ерлі-зайыпты тірліктің ұйытқысы – махаббат. Тек, теңіңді тап, таңдап қосыл. Сұлуға сұқтанба, байлыққа бас ұрма.

«Сүйіп алған сұлудан –

Таңдап алған текті артық».

Сезім мен ақылдың тізгінін тең ұста. Махаббат сені өзі табады. Отбасының жылуы, құндақтағы құлыншақ ешқайда жібермейді.

Қазіргі махаббаттың аты ақша, заты – зымияндық. Жоғарыда да айттым.

«Махаббатсыз дүние бос –

Хайуанға оны қосыңдар»

                                        (Абай).

– Таяуда Түркістанда өткен бір тойда асабаның «қазақта құдалықтың қырық түрі болған» дегенін естідім. Осы рас па?

– Асабалар айтқыш қой. Бәлкім солай шығар. Менің білетінім – оннан аспайды.

– Ол да аз емес қой, таратып айтыңызшы!

– Өзім білетін бірнешеуін атайын.

Бел құда – бала бойға бітпей жатып, белдегі балаға құдаласу. Бұл бел құдалар – Қарабай мен Сарыбай екеуінің аң аулап жүрген уақытта беліндегі баласына құда болып қоюы.

Бесік құда – бесіктен белі шықпаған бөбектерді атастыру.

Тектік құда – тектінің қызын таңдап, тауып құдаласу.

Туыс құда – сүйек жаңарту. Нағашы жиендерге құдаласу. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген мақал бар қазақта.

Сүйген құда – екі жастың бір-бірін сүйіп қосылуы.

Қарсы құда – екі құданың қалыңсыз қыз айырбастауы.

Нәсіл құда – қыздарын қарашаға қимай, өз нәсілдеріне ғана беретін ақсүйек, төре, қожалар құдалығы.

Барымта құда – кеткен кегі, барымталанған малы үшін құныкердің қызын ұрлау.

Бітім құда – араздасқан екі жақтың құдаласып, татуласуы. «Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» дейді қазақ.

– Мәшһүр Жүсіптің жиырма томдығы ақын Ғалым Жайлыбай арқылы қолыма тиді. Сонда «Үш нәрсе тұрған орнында тұрып, тұрған орнына сыйымсыз: Бірі – өлген өлік, бірі – от басындағы күл, бірі – бойжеткен қыз» деген екен. Қыздарымыздың барған жеріне судай сіңіп, тастай батуына не кедергі болып отыр деп ойлайсыз? Қыздарымыздың шыққан жеріне сыймайтыны белгілі, өз беттерінше «жол» салып, жеке отау болып кетті ғой.

– Күл шығарылады. Өлік көміледі. Қыз ұзатылады. Өкініш те, түк те емес. Өмір шындығы. Аксиома.

Ал, ұзатылатын қызға берілетін батаның бірінші сыңары – тілек.

«Қара тастай қатып қал, Қара суға батып қал», – деген қарғыс. Суға лақтырған тас тұңғиықтың түбіне түсіп, батпаққа батып қалады. Ондай келін кімге керек?

Дұрысы – «Балдай батып, судай сің!»

Яғни, «барған жеріңде бал болып батып, дәм болып дары, су болып сіңіп, нәр болып суар, нәсіл болып қосыл», – деген тілек.

– Көңіліме қыздардан құрық ұстап қалатын дәрежеге жеткен жоқпыз ба деген күдік келіп жүр. Оқуға кеткені кері қайтпай жатыр. Қытай құдалар көбейіп барады. «Қыздарды оқуға жібермейік, жатқа күйеуге бермейік, көнбесе азаматтықтан шығарайық» деген шу шығып жүр. Осы дұрыс па?

–Дұрыс емес. Қызды оқытпасаң, қорлағаның. Күйеуге бермесең – құқын таптағаның. Азаматтықтан шығарсаң – жазықсыз жазалағаның.

«Қыз – жат жұрттық». Жақын мен жатты жанастыратын, ел мен елді таныстыратын дәнекер. Алысқа кетсе, ат сабылтып баратын өрісің. Өсіп кеткен өркенің. Қайда жүрсе де ұрпағың.

Өркениетті елдер шетте жүрген ұлдарды қойып, қыздан туған жиендерге дейін жіпке тізіп отырады. Бұл демографиялық саясат, эмиграциялық үрдіс.

Абай тағылымының арғы бетке таралуы

– Уахап аға, Сіздің де балалығыңыз бен жастығыңыздың біраз жылы жат жұртта қалып, туған жерге алғашқылардың бірі болып қайта оралғаныңызды білеміз. Сіздермен бірге Қызыл империя құбыжық етіп жіберген құндылықтар да оралды. Абай, Шәкарім, Мағжан, Міржақыптардың кітаптарын ала келдіңіздер. Сонда олар шекарадан қашан және қалай өткізілген, қалай сақталған? Ол жақтағы елдің (абақ-керейдің) сол тұстағы әлеуметтік хал-ахуалы қалай еді?

– Ежелгі керейдің егжей-тегжейі сұхбатқа сыймайды. Абақтың арғы-бергісі де ұзақ. Дегенмен, тақырыптың табиғатына орай аңғарта кетсек артық болмас.

– Құба-құп, аға!

«Керей қайда барасың,

Сарысуды жебелеп.

Сен қашсаң да мен қойман,

Арғымағым көбелеп.

Ақсопымды өлтірдің,

Ақ сойылмен төбелеп.

 

Мен Арғын деген арыспын,

Азуы алты қарыспын.

Сен бұзау терісі шөншіксің,

Мен өгіз терісі талыспын.

Абылай алдында бітіссең,

Құдандалы таныспын.

Егер оған көнбесең,

Атасын білмес алыспын», – дейтін еді ғой Бұқар жырау. Бұл «Ақтабан-шұбырынды» аяқталып, елдің Сырдан қайта көтерілген тұсы еді. Әрі, ата жұртқа асыққан, әрі ақын айтқан айыбы бар Абақ сол көшкеннен қара нарды Өр Алтайдың бөктеріне әкеліп, бір-ақ шөгерген ғой.

– Содан кейін…

– Содан, не орыстың заңын, не жоңғардың жарғысын, не қытайдың қағидасын ұстанбай, өздерінің «Бір Төре, Төрт Биін» сайлап, өз Жарғыларын жасап алып, өздерін-өздері басқарып, басқалармен терезесін теңеп алған. Тек, ХІХ ғасырдың соңындағы орыс-қытай шекара бөлісі оларды тұтас қазақтан бөліп тастаған. Батыс мәдениетінен алыстаған, тұтас ұлттан оңашаланып қалған томаға-тұйық осы ахуал оларды оқу-білімнен, өнерден мешеулеп қалуға әкеліп соққан.

«Керей деген азғана ел,

Алтай деген аймақпыз.

Жалап кетер әркім кеп,

Сүт бетіндегі қаймақпыз.

Жетелеуші табылса,

Бұйда ірікпес тайлақпыз.

Тартысуға жарамас,

Ертоқымсыз жайдақпыз.

Сонша надан болсақ та,

Надандыққа тоймаппыз, – деп өкіне жазды сол керейдің ұлы биінің баласы Зия дейтін ақынның өзі.

Арқалы ақын Әсет Найманбаев былайша жырлайды:

«Алтайды абақ-керей жатқан жайлап,

Сапырып сары қымыз, бие байлап.

Тасы – алтын, тауы – күміс, кеудесі – гүл,

Ел екен жер сарасын алған таңдап.

 

Таулары жасыл желек, орман екен.

Аң мен құс арасына толған екен.

Суы сүйек сорпа секілденіп,

Жұтсаң күш қосатындай бойға бөтен.

 

Жаздың көркі жанға тыныс болғанымен,

Қысы елге қырсық қонақ болған екен.

Елінде талай егей туғанымен,

Надандық елге масыл қорған екен».

– Биыл белгілі ғалым Ұлықпан Сыдықтың шақыруы бойынша Мақаншыда екінші рет болдым. Сол кезде Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының музейін асықпай көргенім бар. Керемет әсер қалдырды.

Абақтың ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі жағдайы осындай еді. Бірақ бұл елінде ие, тұрмысында жүйе жоқ, тіршілігі біржола тұйықталып қалды деген сөз емес. Ел ұстаған көсемі де, сөз ұстаған шешені де (билері), ту ұстаған батыры да, елді асырайтын байлары да бар еді. Бір кезде Орыс жиһангезі Потанинмен пәтуаласқан Жұртбайдың ұлы, күллі керейдің «единицасы» Мәми би тірі еді.

«Бірі еді қойған бидің Құдай сайлап.

Жүретін риза ғып жұртын жайлап.

Керейдің қысылғанда тиянағы,

Ақылдың бастауы еді жатқан қайнап.

Зор фонар адасқанның шамшысы еді,

Шабанның шарапатты қамшысы еді.

Аузы – төс, тілі – балға, тісі – қысқаш,

Наданның мінін қиған қайшысы еді.

Керейдің малын бақпай өзін баққан,

Әрі би, әрі иесі, жалшысы еді.

Сусынын шөлдегеннің қандыратын

Рахматлік жабырының тамшысы еді».

Мәми би көз жұмғанда Әсеттің абаққа арнаған осы ұзақ көңіл айтуын бұл елдің азаматтары әліге дейін айтады.

1912 жылға дейін Ресейден жеті кітап шығарған ақын Ақыт Үлімжіұлы мешіт салып, медресе ашып, бала оқыта бастаған. Ресейден қашқан ақ генерал Бэкштің он мыңдық армиясын Моңғолияға қуып тастаған Зуха батыр ат үстінде болатын. Уақыттың тамырын тап басып, замана зұлматтарымен жағаласа Шарыпқан, Баймолда сынды жас тұлғалар шығып келе жатқан-тын.

Аймақтың оқу-білімге күрт бұрылғаны 30-40-жылдар арасы. Бұл Шарыпқанның дәуірі деп аталады. Ол – хан тұқымы Көгедайдың бесінші ұрпағы. Бірер жыл Зайсанда оқыған. Ел ісіне ерте араласқан. Өлкеде қазақ-моңғол мектебін аштырған. Алтайдағы дүнгендер дүрбелеңін басқан соң аймаққа генерал-губернатор болып тағайындалған. Бұл – Кеңес жерінен ығысқан қазақ зиялыларының бірталайы осы аймаққа шоғырланып, ағарту ісін жандандырудың алғышарты жасалған тұс еді. 1934 жылы әйтеуір қара танитын 60 адамды жинап, мұғалімдер дайындайтын курс ашады. Оны басқаруға, оқытуға Сейтқазы Нұртаев, Зият Шәкәрімұлы, Әбдікерім деген болыстың Петербор, Мәскеуде оқыған Қамбар, Шабдан деген ұлдары, Кәрім Дүйсебаев, Ғинаят Сақабаұлы, Мұсылманбек Төгісовтар қатысады. Не бары үш-төрт жылда аймақта 60 шақты мектеп бой көтереді. 1937-1938 жылдары осы тұлғалардың бәрі тұтқындалып, Шарыпхан тірідей көміліп, өлтіріледі…

– «Қазақ қайда да қазақ» дейміз. Бірақ, бар қазақтың тарихын тұтастырып, тағдырын тоғыстыра алған жоқпыз. Сіздің сыздықтатып айтқан аз сөзіңізден көп жайт аңғарылғандай. Енді айтар әңгімеңіздің түп қазығына қайтып оралсақ.

– Айта берсек, Абай мен Абақ ежелден құдандалы, нағашылы жиенді әулеттер.

Құнанбайдың әкесі Өскенбай – керей Жәнібек батырдың қарындасынан туған жиен. Абақтың Өтеулі деген батырының баласына ұзатқан Өскенбайдың қызынан тараған жиендері қазір де бар. Сонсоң, керейдің қажылары Меккеге жолхатты аға сұлтан – Құнанбайдың кепілдігі бойынша Семейден алатын болған. ХІХ ғасырдың орта тұсында патша офицерін өлтірген бір қазақты іздеп, арғы бетке Құнанбай барғанда керей ұлықтары оны «өлді» деп куәландырып, қорғап қалған. «Жердің шеті, желдің өті, жаудың беті беліңді бекем буғызған екен, Абағым. Түптің түбінде қазақтың шығыстағы қорғаны сен боларсың!» деп, риза болып қайтыпты. Сонда бұл ежелгі ағайындық емей, немене?!

– Иә, қызық, керек дерек екен!

– Ал енді, Абай тағылымының арғы бетке таралуын мен Хакімнің алғашқы жинағы жарық көрген 1909 жылдан бастаймын. Керейдің Мәмиі сол жылы Абай ауылында бала оқытып жүрген Сейтқазы Нұртаев дейтін азаматты уссули жадид жүйесімен (әрі дін, әрі пән оқытатын) «Абақия» мектебіне шақырып алады. Әуелі Троицкіде «Расулия» медресесін, одан соң Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген, қызылжарлық сол жігіт 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» – жазбаша өтінішке – қатысқаны үшін соңына түскен қуғыннан жасырынып, Абай ауылдарында жүріпті. Осы «Абақияның» шаңырағын 25 жыл көтеріп, көптеген білімді, ақылды азаматтарды атқа мінгізді. Абай солардың көкірегінде кетеді. Сол ұстаз 1934 жылы аймақта ашылған «Мәдени-ағарту» ұйымын басқарады. Осы тұста Зият Шәкәрімұлын жолықтырады. Одан осы ұйымның өлкелік басқармасына бастық болып ауысқанда, Зиятты да ала кетіп, оны өз қызы Мүнираға үйлендіреді. Екі жылдан кейін аталы-балалы екеуі де тұтқындалады.

«Ақындар бізден бұрын өткен талай,

Әсіресе Құнанбай баласы Абай.

Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,

Мен де аз сөз жазып қойдым құрап жамай…»

– Бұл Ақыт Үлімжіұлының өлеңі ғой…

Иә, Ақыттың өлеңі ғой. Абайдың тағылымын таратудың таңғажайып тәсілін тапқан тағы бір тұлға – ғұлама діндар, кемел ақын осы Ақыт Үлімжіұлы. Жаны жәннатта болғыр жарықтық «Дәлайлул Ғақлия» (Парасат пайымдары) деген тақырыпта ақынның 52 өлеңін алып, олардың философиялық астарын ашып, тұспалдарын түсіндіріп, мазмұндап, араб, парсы сөздерін тәржімелеп, тәпсірлеп, өлеңмен қайта жазып таратқан. Құдайға ғана құлшылық жасап, иманды ғана уағыздайтын абыз Абайдың өлеңдерін Құрандай тәпсірлесе ақынға бұдан артық қандай құрмет болмақ! Бүкіл өмірін өз халқын ағартуға арнаған, Абақтың рухани ұстазына айналған сол абыз да қара қытайдың қапасында көз жұмды.

Ал, Абайдың алдын көрген, ақылын естіген, өзіне арнаған өлеңін тыңдаған, өмірден «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, дариға-ай, жақсы екен ғой өлу деген» деп, күңіреніп өткен ақын Әсетті Абай тағылымының таратушысы, насихатшысы емес деп кім айтады?!

«Өлеңді он жасынан бастаған» Арғынбек Апашбайұлы деген ақын болды. Зайсанның тумасы. Әкеден жастай қалған жетімек – нағашыларын сағалап, арғы бетке ерте (1912 ж.) асып, бүкіл Жоңғар даласын жырмен жуған даңғыл дарын. Сол ақынның Өр Алтайдың екі бетіне төгіп кеткен, тіпті Алтайдан ауған елмен бірге жер жүзіне таралған өлеңдерін өмір бойы мен де жинап, сараптап (марқұмның рухы риза болсын!), 2014 жылы «Жыр – Ғұмыр» деген жинағын шығардым. «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебектер» менен бұрын келіпті. Абай өлеңінің алғашқы жинағы мен Міржақыптың «Оян, қазағы» менімен бірге келді» депті, жарықтық. Сол Арекеңнің «Қазақтың Сырдан Арқаға көшуі» дейтін өлең-романындағы тобықты тарауында Абайға айырықша жыр арналады.

«Өскенбай, қажы Құнанбай, мырза Абай,

Абайдың жаннан асқан білімін-ай.

Затың қазақ болған соң амал бар ма,

Арманда зарлап өттің бұлбұлым-ай!

Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың,

Атыңыз бақи қалды дүлдүлім-ай.

Низами болмаған соң атаң қазақ,

Табылмас енді сенің бір күнің-ай.

Құдайдан әмір болып қайтып келсең,

Жапырлап айтар еді ел мұңын-ай.

Далиған даладағы бұл қазаққа

Алла енді берер ме Сендей ұлды-ай!»

Бұл шерменде ақынның көкірегінен 1924 жылы төгілген шері еді. Құдайшылығын өзің айтшы, сол жылдары, Абайды тап осылай жоқтаған қазақтың қай ақынын білесің?!

Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы, Міржақыптың «Оян, қазағы», «Бақытсыз Жамалы», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы», Сәбит Мұқановтың «Адасқандар», Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы»… менің әкемде болды. Ылғи босқындардан құралған бұл ауылдың адамдарының бәрі діндар, бәрі ділмар, бәрі мұндар еді. Тапқандарын тамаққа айналдырып алатын да, қыста әр түні бір үйге жиналып, сырласатын, мұңдасатын, діни жоралғылар жасайтын, қиссалар айтатын, кітаптар оқитын. Өздерін-өздері жылататын, өздерін-өздері жұбататын. Кейін бұл ауылдан да бірталай танымал адамдар, мұғалімдер, әншілер шықты. Ұлылардың ұлағаттары біреудің қолында, енді біреулердің аузында солар арқылы да тарап кетіп жатты. Мысалы, менің өзім Абай өлеңінің жартысына жуығын, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ер Тәуке» дастандарын жатқа білемін, қазір де жаңылмай айта беремін. Дәуірдің дауылы жер аударғанда менің жөргегіме оралып барған сол кітаптар да менімен бірге туған жерге қайта оралды.

– Бұл көкейдегіні қозғаған сұхбат болды-ау, аға. Осы орайдағы әңгімелер көбінде Зияттың есіміне қатысты өрбитін. Бүгін Абай тағылымының таралуына ғана емес, Абайтанудың игерілмей жатқан бір тыңына түрен түсті ме деймін!

– Зият қоғамдық жұмысқа бес-ақ жыл араласты. Соның өзінде аймақтың оқу-білім, мәдениет, рухани саласында зор сілкініс жасады. Томаға-тұйық түбектің түндігін түрісті, үлгі таратты, ілгері жетелесті, мол мұра қалдырды. Зият зерттелмеген зерде, танылмаған тұлға. Ол әкесі Шәкерімнің бар мұрасын құтқарып, шарапатын шашты. Абайдың Абақ керейді көтергенін, Абақтың Абай мұраларын сақтап қалғанын көрді. Ендеше, тиянақ сөзді Зияттың өзіне берейік:

«Мен кеттім жан сауғалап өз бетіммен,

Туысым түрмеленді бір шетінен.

Жат жерде сүйретіп құр сүлдерімді,

Қайғыға батып жүрген мен шерлімін.

Ойлайсың, егілесің, күңіренесің,

Қолыңнан келері жоқ, бос жүресің.

Атаның аруағын сыйлаушы көп,

Көңілді соған ған көтересің.

Ырыздық болды маған ата даңқы,

Құрметтеу жақсыларды елдің салты.

Абай мен Шәкәрімді көрмесе де,

Оларды құрметтейді керей халқы.

Керейдің мекені екен Алтай, Сауыр,

Бұл жақта ел көрмедім одан тәуір.

Айқасқан елі үшін де, өзі үшін де,

Шайқастың тарихы бар әжептәуір.

Ойшылдар оқымысты мұнда да бар,

Шарыпхан, Мәнкей, Мұқаш, Баймолдалар.

Күш қосып, қозғалысқа өлкедегі,

Алтайды азат еткен ер осылар…

 

бүгінгі тойдың туын бір көтерсе,

сарын көтерер еді

 

 – Уахап аға, өткенде қазақ құдалығының түрлерін атағаныңызбен түстерін түстемеген едіңіз. Оның бәрі сұхбатқа сия қоймас. Ал, ортақ бір сипатын аңғарта кетсеңіз артық та бола қоймас. Бәлкім, Сіздің көл-дария көңіліңіздің қалтарысында бүгінгі тойларды толықтыратын бір жоралғы жатқан шығар!

– Қазақтың «белден» бастап, «бесіктен» шығарып, «барымта», «бітімге» дейін жалғасатын құдалығының, әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Олардың бәрін жіліктеп шығу оңай емес. Дегенмен, ортақ сипатын еске түсіріп көрейік.

– Ал, онда Әлқисса дейік!..

– Әлқисса: ұрпақтың қамын құрсақтан бастайтын қазақ ұлды сүндеттеп, қыздың құлағын тескен соң-ақ үлкен өмірге бейімдей бастайды. 12-13 жасқа толғанда ұлға ұя, қызға өріс іздейді. Шарт – жақындығы жеті атадан әрі, нәсілі асыл, несібі тең, қыз көрікті, инабатты болуы керек.

Атасы басқа болса да ауылдасқа жоламайды. Өтей Бойдақ айтқандай, қаны қосылмаған, «жеті белдің астынан, жеті өзеннің ар жағынан» іздейді. Ұнатқан жеріне «Жаушы» жібереді. Қыз жақ іш тартып тұрса да бірден келіспейді, кет те демейді. Ойласуға, ақылдасуға мұрсат керек. «Құда болып алғанша би боп, құл боп сырлас. Құда болып алған соң құл да болса сыйлас!» дейді мұны қазақ.

 

«ӨЛТІРІ»

 

Қыз жағы мақұлдаған соң жасалатын алғашқы ресми қадам – өлтірі. Құда әкелген мал сойылады. Аруақтарға құран бағышталады, тірілерден ризалық сұралады. Қалыңмалға келіседі. Өлі де, тірі де бірдей куә болған бұл бата – енді бұзылмайды.

 – Қалыңмалға қалай келіседі. Оның белгілі бір өлшемі бола ма?

– Қалыңмал 60 – 200 байталға дейінгі баламалық өлшем бірлігімен есептеледі. Ол бірден түгел төленбейді. Бұл әрі құданы қинамау үшін, әрі өзара таныса беру, егер балалар жас болса, балиғатқа толғанын тосатын уақыт.

 

«ҰРЫН ТОЙ»

 

– Ендігі қадам қандай болмақ?

– Ұрын той – қалыңмал төленіп, құдалық қалыптасқан тұста күйеудің алғашқы рет қайыншылап келуі. Құдалар он шақты адам болып, жол жоралғысын, бар кәделерін алып, артынып-тартынып келеді.

Жеңгелер ауылдан біраз алыста күйеуді аттан түсіріп, сусын алып шығады. Қымыз құйылған ағаш аяқты ұсынып – тартып, ұсынып – тартып, аяққа (ыдысқа) кәде (жүзік пе, иіссу ма, күміс ақша ма) салмайынша бермейді. Бұл «Аяқ жүгірту» жоралғысы» деп аталады. Ендігі тағдыр жеңгелердің қолына өтеді.

Қилы-қилы қылықтар, таусылмайтын талаптар күйеу аттанғанша жалғаса береді. Құдалар қанша сый-сияпатымен келсе, сонша бодаумен қайтады. «Ұрын барып алған соң, өлген күйеу жатар ма?» деп, бұдан кейін күйеу ашық келе береді.

«Қайныма қарға мініп ұрын бардым,

Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.

Айғырын шегірткенің ұстап мініп,

Алдынан қайынатамның қырындадым» – дейтін өтірік өлең болушы еді. Күйеуге еркіндік осыдан соң тиеді екен.

– Жоқ, бұл да шексіз еркіндік емес. Жанашыр жеңгелер әдептен оздырмайды. Қызды ауылдың содан кейінгі жөн жоралғысы өз кезегімен жалғаса береді ғой.

– Той тарқасымен, қызды ұзатуға дайындайды. Отау жасақтайды, жасау жинайды, енші бөледі, бәсіре белгілейді. Ұзатылар қарсаңда қызды ауыл аралатып қоштастырады. Барған үй оның жасауына жарайтын бір затын сыйлайды. Бұл «Қыз таныстыру» (әрі тойға шақыру) деп аталады.

– Бұл сонда қоштасу емес, жасау жинау болды ғой?

– Бәлкім, солай да болар. Бірақ еш бір парыз-қарызы жоқ, ортақ дәстүр.

– Келінді алуға барғанда құдалар тағы бір шабылатын шығар?

– Жоқ. Анасының «Сүтақысынан» басқа еш нәрсе апармайды. Баяғыдай бүрсеңдемей, керісінше кердең жүреді. Тойдың соңына қарай, «Аужар» айтылады. Негізінен күйеу жақтан, болмаса екі жаққа да жақындығы жоқ екі жігіт атпен келіп, отаудың тұсынан:

«Бір толарсақ, бір тобық санда да бар,

Жар-жар!

Қырық кісінің ақылы ханда да бар,

Жар-жар.

Мұнда әкем қалды деп қайғыланба,

Жар-жар,

Жақсы болсаң қайын атаң онда да бар,

Жар-жар» – деп, өжет дауыспен желдірте жөнеледі.

 

«Ақ отауым тіккен жер айрам болсын

Ай-яу,

Ақ жүзімді көретін айнам болсын,

Ай-яу!

Кісі әкесі кісіге әке дейді,

Ай-яу.

Өз әкемдей сонда да қайдан болсын

Ай-яу!

Ей, сылқым ай,

Қош-аман бол,

Жұртым-ай! – деп, жылауық дауыспен қыздар жауап қатады. Сөйтіп, бірі баратын жақтың шашбауын көтеріп, екіншісі қалатын жаққа қимастығын аңғартып, біраз айтысып барып тоқтайды.

Ең соңында «Сарын» айтылады. Бұл – төркін жақтың бір ақылманының қызға айтатын ақыл-кеңесі, елі атынан қоштасуы, соңғы батасы. Неге екенін білмеймін, осы «сарын» біздің дәстүрімізде, тіпті тұрмыс-салт жырларымыздың қатарында да жоқ. Қазіргі ұзату тойларында асабаның тақылдағы мен тілектің сыңғырынан басқа салиқалы ештеңе айтылмайды. Мен, егер бүгінгі тойдың туын бір көтерсе, осы сарын көтерер еді-ау деп ойлаймын!

Сарын:

(өз әнімен, салмақты, қоңыр дауыспен айтылады)

«Сарынның басы – Бисмилла,

Құлағың салып сөз тыңда.

Бабаңнан бері бағынған,

Үлгілі сөздер бар мұнда.

 

Кім құтылар жосыннан,

Қозы мен Баян қосылған.

Талай қыздың көз жасы,

Ұзатарда жосылған.

 

Атаңның жаны – тіні едің,

Дүниесінің гүлі едің.

Атаңның хақы ауыр деп,

Қызметінде жүр едің.

 

Әңгіме солар өрбітер,

Естіген жанға шер бітер.

Алдында жүріп күндіз-түн

Атаңды сендей кім күтер.

Атаңыз жүрер сағынып,

Анаңыз жылар ағылып.

Жат елге сапар шегесің,

Асылдан киім жамылып.

 

Атаңнан тудың дақ (қыз) болып,

Абзал бір өстің пәк болып.

Өз тұсыңа үлгі боп,

Жағып бір жүрдің нақ болып.

 

Болып ең жұртқа жағымды,

Білер ме жат ел бабыңды.

Алдыңнан Алла оңғарып,

Өсірсін сенің бағыңды!

 

Атанарсың келіншек.

(Көңілді сайтан семіртпек).

Есіктен кіріп, төрге озба,

«Бұл қалай, дер, жеңілтек».

 

Сөз шығады қиыннан,

Тойыңа көп жұрт жиылған.

Әдепсізге сын тағар,

«Туған ба деп сиырдан».

 

Сөзіме менің сал құлақ.

Батырлар мінер арғымақ.

Жемісімді жесін деп,

Мәуе ағаш тұрар салбырап.

 

Әдепті болу асыл жол.

Сөйлете берсең сөзім мол.

Мәуе ағаштан үлгі алып,

Сен-дағы сондай имек бол!

 

Албырттық, жастық өтеді,

Аяңдап уақыт жетеді.

Үлкеннің сөзін сыйласаң,

«Өркенің өссін!» деседі.

 

Жан жақсысы – құлқынан,

Мал жақсысы – жұртынан.

Аса алмайды еш адам,

Бұрынғының ғұрпынан.

 

Келіннің ата-қорғаны,

Көп айтсам кетер сөз мәні.

Сыйламасаң ата-анаң,

«Әдепсіз» дер ол-дағы.

 

Жақсыға әр кез жуыта,

Көңіліңді жанға суытпа.

Ата-анаң айтқан ақылды,

Әр кезде, қалқам, ұмытпа!!!

– Бұл нұсқаны мен бұрын естімеппін. Қайдан алдыңыз?

– Сарынның бұл нұсқасын мен ағам Түсіпхан Мағзиұлының жазбаларынан алып отырмын.

 

СЫҢСУ

 

– Сыңсу – менің ұғымымда – шерлі жандардың айтарын тауыса алмай, өксігін баса алмай, көз жасын тия алмай, дауысын да еркін шығара алмай, құмығып ұзақ жылауы. Қыз мұраты – кету ғой. Сонда осынша неге өксиді? Осынымыз жасанды жылау, өтірік өксу емес пе?

– Сөздің тегі солай екені – солай. Бірақ, қыздың сыңсуын сөгуге болмайды. Ата-ананы, аға-бауырды, құрбы-құрдасты, туған үйді тастап, жат босағаға келін, жат жерге кіріптар болу оңай ма! Тіпті, жігітін жақсы көріп, күйіп жанып тұрса да, қазақ қызы қуанып, барамын деп қашан айтқан? Бұл тек қазақ қызына ғана тән тәрбиелік, біздің ұлтымызға ғана лайық ахлақ. Тегінде, адамзатта туған-туыстан тірі айрылысқаннан асқан қасірет жоқ. Қазақ оны ұзатқан қыздың басынан ғана сезінген. Демек, мұнда ешқандай жасанды жылау, өтірік өксу жоқ.

– Түсіндім, аға. Тіпті, көңіл құрғыр босап бара жатыр. Енді сезімімді тежей тұрып, қарындастың жайына ойысайық…

– Қыз ең әуелі «ұзатпашы» деп, әкесіне жалынады. «Ішіңе сыйған анашым, сыртыңа қалай сыймадым» деп анасын еңіретеді.

«Ақ атанға жүк арттым,

Аумасын деп бек тарттым.

Алдыңнан өтпес ағекем,

Иығыңа қол арттым» –

деп, ағасымен қоштасады.

 

«Әуеде торғай өріп жүр,

Балапаны еріп жүр.

Айналайын Мүсралжан,

Сағындырмай келіп жүр!» – деп, бауырына жалынады. Осылайша бәріне сөз арнайды. Тіпті, «мен жоқта атама жақсы қара. Мен сені де сағынамын» деп, жалшылармен де көріседі…

Кекілі мен құйрығы үкіленіп, күміс ертоқым ерттеліп, қызыл торғын кежім жабылған келіннің аты көлденең тартылады. Босағадан қолын босатпай тұрған балдызды базынасы өтетін жездесі келіп, атқа мінгізеді. «…Көтеріп атқа салатын, жездекем саған не жаздым?» деп, оған да өкпе айтады.

Көш қозғалады. Бірі шылбырынан жетелеп, біреуі жанасалып, сүйемелдеп келе жатқан ат үстінде:

«Қарағайдың жаңқасы-ай,

Жарылмайтын болсашы-ай.

Бір атадан туған жан,

Айрылмайтын болсашы-ай!» – деп, сыңсып, қыз кетіп бара жатады. Соның өзіне қалың елінің қабырғасы сөгіліп, жұрт болып жұбатып, ұзатып, сағындырмай барып-келіп, түңілдірмей төркіндетіп алып отырады.

 – Ал енді келін келді делік…

– Жоқ, келе жатыр. Тетелес абысындар мен қайын сіңлілер ауыл сыртында күтіп тұр. Шашу шашылып, түсіріп алады да, сәукеленің сыртынан жаулық жауып, жетелеп әкеліп, отауының оң жағындағы шымылдықтың ішіне отырғызады. Той «Беташармен» басталады. Үлкендерге сәлем салғызады. Баталарын алады. Таңертең енесі ерте тұрып, үлкен үйдің түндігін аштырады, іргесін түргізеді, ошағына от салдырады. Осы тәртіп келін ғұмырының ғибраты болып қалады!

 

 СӘЛЕМ – СӨЗДІҢ АНАСЫ

 

– «Сәлемде сауда жоқ. Кімге болса да бұлданбай, бұрын амандас» дейді екен бұрынғылар. Кішінің үлкенге, аттының жаяуға, әлдінің жарлыға, саудың сырқатқа бұрын сәлем беруі бұлжымас қағидаға айналыпты. Бүгін біз осыны сақтап жүрміз бе?

– «Сөз анасы – сәлем. Жол анасы – қадам». Сәлемнің сәулесі түскен сөз жаныңды жадыратады, жүрегіңді жылытады, сезіміңді сергітеді. Қадамнан басталатын ақ жол алысқа жетелейді, арманға, ырысқа кенелтеді.

– «Ассалаумағалайкум!» – Мен сізге Алладан амандық тілеймін!

– «Уағалайкумассалам» – Алла Сізді де аман сақтасын!

Қандай салтанатты сөз, қандай тамаша тілек!

Құран Кәрімде «Егер саған біреу бұрын сәлем берсе, сен одан да жақсы жауап қат. Болмаса, оның сәлемін өзіне қайта айт» деген аят бар. «Сауаптың ең үлкені – мұқтаждарды тамақтандыру және адамдарға алдымен сәлем беру» дейді Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар. Демек, сәлем Алланың ұйғарымы, пайғамбардың пәтуасы. Сәлемнің бұл нұсқасы бізге исламмен бірге келген имани үрдіс, ғұрпи ғибадат.

– Сәлемнің осы имани үлгісін ұмытпастай етіп, ұрпақтарға қалай дарытуға болады?

– «Ең әуелі балаға жақсы ат қой. Сәбиінде құлағына «Сәлемді» сіңір. Жөргегін жазарда, бесіктен бетін ашарда сәбиге сәлем бер. Онан соң тілін Алланың атымен шығар! Одан арғы бақытты баланың өзі табады». Бұл да пайғамбардан қалған хадис.

– Бұрынғылардың «ат аспаннан» дейтіні осыдан екен де?

– Бір мысал:

«Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,

Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын.

Шерубай, би Боранбай, Тана мырза,

Қай қазақ сөз сөйлеген одан бұрын» – дейтін еді ғой, ақын Сара Біржанмен айтысқанда.

Біздің сол Жолымбет атамыз 137 жыл ғұмыр кешіпті. Кенже ұлын 117 жасында көріпті. Сол ұлға Әлиқан дейтін бір ақылман:

«Қосмұрат болсын бала аты,

Қатайсын, жетсін қанаты.

«Ат аспаннан» дейтұғын,

Бұрынғының санаты.

 

Алланың берген баласы.

Пенденің жоқ шарасы.

Жүз жаста көп жан алжиды,

Жүруге келмей шамасы.

 

Асқанда жүзден ұл берген,

Құдіретке қарашы!

Балаға СӘЛЕМ берейік,

Алладан болсын панасы.

Қосмұрат қалың ел болсын,

Налыма енді нағашы!» – деп ат қойыпты. Жарықтық ғұмырында 300 отаудың шаңырағын көтеріп, Қосмұратын үйлендіріп, ордасын өткізіп барып көз жұмыпты. Қосмұрат – қазір қалың ел.

– Қазақта «Адамды адам жарылқаса, ас береді. Алла жарылқаса, жас береді» дейтін де мақал бар. Атамызды Алла жарылқаған-ақ екен. Оның үстіне «Аспаннан» келген аттың өзін әуелі сәбиге сәлем беріп алып қойғаны қандай ғибрат! Ал енді, аман-сәлемнің қазіргі қолданысында көнеден келе жатқан үлгілер бар ма?

– Тағы да Түркия сапары есіме түседі. Марқұм Халифа Алтай ақсақалға еріп, қадірлі қара шаңырақтарға сәлем беріп жүргенбіз. Зейтін Бурныдағы бес қабат үйге көтерілдік. Ортадағы бір қабатты алып жатқан кең бөлменің төрінде ақ сақалы селдірлеу, ашаң жүзді, ақ желеңді қарт отыр. Тегі зайсандық, арғы бетке ерте кеткен. Қазір жасы 103-те. Ел басқарған әкім де, көш бастаған көсем де, сайыпқыран сардар да болған. Аты-жөні Жақияұлы Хамза Инан. Екі ғасырдың тірі куәгері. Көруге құмартып жүретінмін. Алдына барып, бүгіліп сәлем бердім. Иегімнен демей, орнынан тұрды да, қос алақанын алақаныма қойып, құлашын керіп, оңға, солға екі қимыл жасап, жүрекке-жүректі екі рет жұғыстырды да, қос алақанды қайта қосып, жеңіл ғана сілкіп қоя берді. Менен кейін Жәнібек Кәрменов
қауышты. Амандасудың осы салты оған қатты ұнапты. «Ыстық алақаннан тамырыма бір ыстық тамшы тамып кеткендей, жұғысқан жүректен жылу жайылып, риясыз ықыластан ата мейірімі төгіліп кеткендей сезінеді екенсің. Біз ғой, құшырланып қол қысып, салпылдасып сүйісіп, құшақтасып, сілкілесеміз де жатамыз. Ал мынау етке ет, бетке бет, демге дем тимейтін, әрі сыпайы, әрі сәнді, әрі гигиеналық таза, қандай тамаша үлгі» деп, өзінің сырбаз, сырлы мәнерімен сипаттап жүрді.

– Біз біле бермейтін тағы қандай жөн жосықтар бар?

– Сәлемдесудің «Армысыз, ата!», «Бар бол, балам!» дейтін үлгісі болған. Әдемі-ақ. Қолданса құба-құп. Бірақ, эпостарда болмаса, тұрмыста жоқ.

– Сәлем тағы қандай жағдайда беріледі?

– Үйге кіргенде, мешітті көргенде, киелі орындарға барғанда сәлем бергеннің артықтығы жоқ. Бұрынғылар атқан таңды да, жаңа туған айды да сәлеммен қарсы алған.

– Ал енді, сәлемге салғырт қарайтын, амандассаң иегін изеп, екі саусағын сілке салатын, бата сұрасаң, бадалып отырып қалатын ағаларға не деуге болады?

– Үш ғасырлық отарлық, жетпіс жылдық құдайсыздықтан иманымыз үркіп, діннен дүбәра болып қалған халық едік қой. Аллаға шүкір, тәуелсіздік тәубемізге тез келтірді. Мен, мысалы, «басымды кесіп алсаң да құдай жоқ» дегендердің талайының мешітте мінажатта отырғанын көрдім. Сен айтып отырғандар құдайсыздықтың қырсығы шалған, күпірліктен шыға алмай жүрген азын-аулақ «шалдар» шығар. Оларды енді дүрелеп діндар ете алмайсың. Оның есесіне, жас ұрпақ жаппай иманға үйіріліп келе жатыр. Анау «шатақ шалдарға» солардың шапағаты тисін!

– «Сәлем – сөздің анасы!» Сәлемге салғырттық – анасын сыйламау десек, қатал үкім болар. Оны енді әркімнің өз санасына берсін.

– Сәлемге салғырт қарауға болмайды. Тіпті, мал екеш мал да кісінесіп (маңырасып, мөңіресіп) көрісіп, иіскесіп ұғысып, қасынысып табысып жатады. Ал, сәлем сенің адами әдебің, бойыңдағы бағаң, тіліңнің ұшында тұратын тілек. Амандасудың қай түрі болса да жаман емес. Қазақ үшін оның имани үлгісінен басқа балама жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қасымхан Бегманов

 (Соңы)

Бөлісу: