Қазақ халқының ержүрек батырлары Ер Қосай мен Дәуіт Асауұлы

Қазіргі таңда Қарақалпақстан Республикасының территориясында жерленген қазақ халқының ержүрек батырлары Ер Қосай мен Дәуіт Асауұлының зираттары жатыр. Бұл жерлер әлі күнге дейін халық арасында әулиелі жерлер саналып, басынан адам үзілмейді.

Адай – қазақ халқының қалыптасуында көрнекті рөл атқарған тарихи тұлға. Шежіре бойынша сегіз арыс елі тарих сахнасындағы орны ерекше рулардан таралады. Адайлардың тарих сахнасындағы  ролі XV ғасырға тұспа-тұс келеді. Адайлардың ең  көп тараған іргелі аталардың бірі – Қосай [1, 129-б.].

Ер Қосай Құдайке батырдың баласы, Адайдың немересі. Құдайке батыр да ұлы сияқты қазақ халқының тарихында өзінің жарқын ізін қалдырған батыр болған. Құдайке де жорықтарда ерекше көзге түскен мемлекет қайраткерлерінің бірі, Қасымханның өте жақын одақтасы болған. Ол хан туының астында Шаштан жорыққа аттанған жауларына бірнеше рет тойтарыс берген тойтарыс берген. Қаншама ір шайқастарға қатысып, халқын бір тудың астына біріктіре берген қолбасшы болып табылады. Ол Ташкенттен 60 шақырым жерде жерленген. Күні бүгінге дейін осы жерді халық арсында «Құдайке – қазақ моласы» деп атап келеді. Оның ұлы Ер Қосай тарих сахнасында өзінің орны бар тарихи тұлға, Ақназар ханның ең жақын серігі болған. Қалмақ пен жоңғарларға қарсы күресте Ер Қосай бұрын-соңды болмаған ерлігімен халқының жадында сақталып келе жатыр. Кейіннен батырды халық Ер Қосай батыр деп, кейде оны Алшын батыр деп те атап кеткен екен.

Ер Қосай батыр 1507-1594 жылдарында Маңғыстау жерінде орта ғасырда өмір сүрген. Қазақ хандығы күшейе  бастаған кезде, қазақ хандығын нығайтуға өзіндік үлес қосқан батырдың- бірі.Сонымен қатар, қалмақтар мен жоңғарларға қарсы шайқаста ерекше көзге түскен батыр. Аңыз бойынша, бұрын ешкім жеңе алмаған, қалмақтың Доржы батырымен бетпе-бет келгенде,Ер Қосай өзіне тән жекпе –жек тактиксын өте жоғары дәрежеде пайдалана білгені туралы айтылады. Тарих сахнасында өткен ірі шайқастарда қазақтан шыққан қазақ батырларының еңбегін мақтанышпен айта аламыз. Жоңғарлар өздернің жеңілмейтін,ел аузында аты қалған  батырларының бірі — Хорыл батырды жібереді.Ол жекпе-жекте жеңіп шығып,тіпті  жоңғарлар мен ойраттарға қарсы шапқыншылық кезде де, ерекше ерлік көрсеткені мәлім.

Қасым хан қайтыс болғаннан кейін, таққа Шығай хан отырған кезде, Ер Қосай жас ханмен ара қатынасын үзіп, оны тастап бөлек кетеді. Ер Қосай өзінің үзеңгілес батырларымен қоса, 40 мың алшындарымен (жауынгерлерімен) көшіп кетеді. Ол Сырдария алқабында, біраз уақыттан кейін Нұрата маңынан асып, Өзбекстанның жеріне  қоныстанған деген пікір бар. Дерек көздеріне сүйенсек, қазіргі Қарақалпақстанның аумағы болып табылады.

Әулиенің өмірі жолы қиын-қыстау уақытта өткені тарихтан белгілі болды. Қаһарлы қыстың бірінде халқымен бірге қыстауға көшіп-қонып жүргенде, мұз қатқан Сырдария өзенінен өткенде Ер Қосай батырдың барлық көшпелі қонысы мұз астына қалады.Көшті бастап келе жатқан батыр, Жаратқанның қалауымен аман-есен қалады. Батыр көп ұзамай, балалы-шағалы болып, үш ұлы болады, алайда тағдырдың жазуымен, өзінің тұрған ауылы да көктемде еріген дарияның астында қалады, қолынан келер қайыры болмаған соң, батыр «Ей, Алла Тағала, соңымды бер, соңымды берсең оңымды бер…», деп құдайға жалбарынған… Бірақ қанша жалбарынса да, қаншама қайратты ер дегенмен, қарт батыр жылай-жылай көзінен айырылып, соқыр болып қалады. Жорықтардың бірінде отбасы опат болған Ер Қосай екінші рет түркіменнің Ер Сары көсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген болатын, одан тараған алты ұл – Байбол, Тікеней, Әйтей, Бөгей, Бәли, Сүйіндік кейіннен, Қосай руы болып таралған екен [2, 274-б.].

Қазақ ертегілерінде жез тырнақпен, таутайлақпен айқасып жеңген әйгілі Есекмерген, жорық жыршылары, ақындармен, жыраулардың өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған Ер Қосай батыр ұрпақтары деп тарихта аты қалған болатын. Бекет туылған кезде, «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет атанғанғанға дейін Адай батырларының жауға шапқыншылығы туралы иісі қазақ халқы Адайдың ұраны болған Ер Қосайдың ұрпағы. Адайлар жиын-тойларда батаны үнемі Қосайдың ұрпағына арнайы бергізуді әдетке айналдырған, тіпті қол жинап, жауға аттанарда да батырлардың өзі «Араларыңызда, Қосай батырдың ұрпақтарынан кім бар екен», деп сұрауының өзі батырға деген қошеметі екенін аңғаруға болады. Тіпті Ер Қосай ұрпағынан ешкім болмай қалған жағдайда жорықты артқа қалдырып, отырғаны мәлім, кейбір тарихи деректерге сүйенсек, жақын маңда орналасқан ауылдарда бар болса рухына мал сойып, құран бағыштап жолға бірақ аттанатын болған. Ел аузындағы әңгіме бойынша Ер Қосай батырдың екінші әйелі, өте ақылды, парасатты жан екен. Бойында емшілік қасиеті дарыған. Кейбір аңыздарда әйелі Қосай батырдың зағип көзін жазып алған деген пікірлер де кездесіп қалады [2, 275-б.].

Батыр жерленген жерден адай руының таңбасы бар және құлпытас, араб-парсы жазуымен Ер Қосайға арналып қашалған мүкпен көмкерілген тас табылды. Кейбір деректерге көз жүгіртсек, дәл осы жерде өзінің соңғы қонысы табылған, сонымен қатар, оның есімімен байланысты көптеген топонимдік «Қосай көпірі», «Қосай төрткүлі» деген жерлер кездеседі.

2007 жылы қазан айында Ер Қосайдың 500 жылдығына арналған, ерлік өмірі зерттеліп, дәріптелген ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Бүгінгі таңда, Жаңаөзен қаласында «Ер Қосай» атындағы мешіт тұрғызылған. Еліміздің батыс қақпасы саналатын Атырау облысындағы Ресеймен арадағы шекарада орналасқан бөлімшесіне Ер Қосай батырдың аты берілді [3].

Ер Қосай мен Оғылмеңлі апа қазіргі Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласына жақын Бестөбе деген жерде жерленген, ұрпақтары бастарына мазар орнатты (1-2 суреттер).

Дәуіт батыр 1787 жылы шамамен Үстірт өңірлерінің бірінде дүниеге келген. Ол кіші жүздің Жетіру одағына қарайтын Шөмішті Табын руының Қарақойлы-Лабақ бөлімінен, оның ішінде қазақтың батыс далалары мен көршілес аумақтарда белгілі болған атақты Барақ әулетінен тараған. Барақ батырдың немересі болып келеді [4, 7-б.].

Дәуіттің әкесі Асау батыр да Кіші жүзбен Хорезм өңіріне аты шыққан атақты батыр әрі би болған. Асау Барақұлы өз кезеңінің белгілі тарихи тұлғасы, ол да көршілес Хиуамен тығыз қарым-қатынастар жасаған. Асау батыр 1822-1837 жылдары Жоламан батыр бастаған көтеріліс көсемдерінің бірі болды. Әкелі-балалы батырлардың есімдері ел арасында ортақ «Асау-Барақ» атымен тарап, батырлықтың нышаны ретінде танылған. Билігімен батырлығы үш атаға жалғасқан Барақ, Асау, Дәуіт батырлар қазақтың батыс өңірлері мен Хорезмге атақтары жайылған әулет болған. Алыс Үстірт, Хиуа аралықтарын мекен етсе де үшеуі де Ресей ықпалына қарсы күрестерге белсене қатысты, олардың ту ұстаған көсемдеріне айналды.

Дәуіт Асауұлы атақты қолбасшы, батыр, ел басқарған бас би және көзі тірісінде әулие атанған кемеңгер. Өз ғұмырында отарлау саясатына қарсы үш бірдей ұлт-азаттық күреске қатысып, оның екеуіне басшылық еткен. 1822-1835 жылдары Ресейдің отарлау саясатына қарсы бағытталған Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық күреске қатысқан. 1855 жылы Орынбор өлкесінде Есет Көтібарұлы мен Дәуіт бастаған шектілер мен табындардың наразылығы болды. Көтерілісшілер талабы: «…қазақ даласына жазалау отрядтарын жіберуді тиюды, қазақ қауымынан түйе жинауды тоқтатуды, түтін салығын жоюды, Жем, Елек, Кобда, Жайық өзендерінің бойларына көшіп-қонуға мүмкіндік жасап, шаруаларға жайылымдық жерлерге еркіндік беруді» – сұрады [5, 171-б.].

Осы көтерілісті тоқтату үшін, сол жылы Дәуіттің әйелі, ұлы мен қызы, жақын туысы патша өкіметінің қолына түсіп, бақылауында болды. Сол себептен, 1856 жылы туыстарын босату үшін ол – Дәуіт патша үкіметіне ант беруге мәжбүр болды. Анттан соң Дәуіттің отбасы мүшелері Шекара Комиccиясының қатысуымен түрмеден босатылып, бірден қайтарылады [6, 12-б.].

Түркімендер 1860 жылы көктемде қазақтың әр руынан сауда жасауға Бесқалаға шыққан керуендерін Қоңырат маңында шабуыл жасап тонауға ұшыратады. Қазақтың рулары – Адай, Таз, Шөмішті, Табын 1 мың сарбаз болып жасақталып түркімендерге қарсы бірлесе жорыққа шыққан. Түркімендерде 1 мың адам болған және оларды Атамұрат ханның ұлы басқарған. Бұрынғы дала дәстүрімен жекпе-жек айқасқа шығуға екі жақтан, бір-бір адамнан шыққан [4, 13-б.]. Сөйтіп, қазақтың батырлары бұл жекпе-жек шайқаста түркімен батырларын жеңіп, өлтіреді. Түркімендер батырларыннан айырылып, өз күштеріне сенімдері қалмаған. Қазақтар оларды түгелге дерлік қырып салды [7, 11 б.].

Ресей жағына берген антына қарамастан Дәуіт Асауұлы ел басына туған сын кезеңдерде өзінің азаттық күресі жолынан айнымайды. Дәуіт батыр Ресей үкіметінің 1867-1868 жылдары жүргізген әкімшілік және сот реформаларына наразылық білдіріп, 1869 жылы Орал мен Торғай облыстары қазақтарының көтерілісіне басшылық жасағандардың бірі болды [5].

1869 жылы Батыс Қазақстанда болған көтеріліс кезінде 82 жастағы Дәуіт қолына тағы да қару алып Үстірт, Хиуа өңірлеріндегі көтеріліс көсемдерінің біріне айналды. Бұл көтеріліс далалық облыстарды басқару туралы Уақытша Ережеге қарсы тұтанған еді. Қарт батырдың осы күреске қатысуының өзі көтерілісшілерге үлкен рух берген. Бұл көтеріліске Дәуіттің інілері, ұлдары және басқа жақын туыстары да қатысқан.

Патша өкіметіне қарсы шыққан рулардың, саны 8 мыңға жуық шаңырағы Хиуа иелігіне жақын көшіп келеді. Кезінде генерал-губернатор Крыжановский Дәуіт Асауұлының Орынборға алдыру туралы ұсыныс жасаған. Қарт биді аталған қалаға жіберу туралы бұйрық берген.

Ресейдің  1873 жылғы жорығын басқарған генерал-лейтенат Веревкин Хиуа жерінен қайтпай жүрген көтерілісшілер мен оның көсемдеріне кешірім туралы прокламация таратады. Осы жылы, қарт батыр өзіне кешірім алған. Дәуіт Асауұлы кешірім алған соң, бір жылдан кейін, 1874 жылы 87 жасында өмірден озды. Ол өз жұртымен бірге мекендеген қазіргі Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан  аумағында, Қоңырат ауданына қарасты «Хорезм қақпасы» деген жерде жерленген [6].

«…Соның бірі Дәуіт батыр бабамыз,

Әрқашанда халқы сыйлар атамыз.

Дұшпандарын қойдай қырып, айдаған,

Мәңгілікке азат болды даламыз…

Қайда жүрсең аман болшы ел-жұртым,

Атамыздың әруағына дұға қып…» – деп, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі Арепбай Халмұратов жырлаған [8, 16-б.].

Дәуіт Асауұлы бар ғұмыры отарлыққа қарсы күрестерге де, шапқыншылықтарға да, ел ішіндегі қым-қуыт оқиғаларға да толы болған. Ол өзінің тектен берілген биік дәрежесін көрсете алды, адал қызметі мен билігі, ақыл-парасаты үшін көзі тірісінде-ақ әулие, пір атанды.

2020 жылы Дәуіттің басына Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеев келіп, зиярат жасапты. Жол салуға қаржы бөлдіріпті. Үзілді-кесілді сойылып жатқан малдың қалдықтарын тазалатып, келешекте экологияға көңіл бөлуді тапсырған екен (3-4 суреттер).

Әдебиеттер тізімі

  1. Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2009. – 628 б.
  2. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001. 2-том. – 720 б.
  3. Нетленная память народа новости Мангистау и Актау [2015] 12 август //Режим доступа.https: // mangystau media. kz>kulyt…
  4. Жетпісбай Н. Қазақтың қаһарманы Дәуіт батыр // Жұмабек жолы. № 4-5(2017). – 7-16 б.
  5. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001. 3-том. – 720 б.
  6. Жетпісбай Н. Есімі ел үшін байрақ болған // Егемен Қазақстан. 2017 ж. 20 сәуір
  7. Жұмахметұлы Е. Дес бермес Дәуіт батыр // Алматы ақшамы. 2017 ж. 9 қыркүйек.
  8. Халмұратов А. Дәуіт ата рухына // Жұмабек жолы. – №4-5. – 2017.

 

Тоқтабай А.У., т.ғ.д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері

Боздақова Ш.А., кіші ғылыми қызметкер, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

 

 

2-сурет. Ер Қосайдың басына салынған заманауи кесене
4-сурет. Дәуіт батырдың көне құлпытасы
1-сурет. Ер Қосайдың ұрпақтары орнатқан мемориальды тақта
Бөлісу: