Қазақ қоғамындағы білім жүйесінің тарихы

Қазақ жерінде орта ғасырлардан бастап білім беру жүйесінің негізі қаланды. Олай дейтініміз VIII-Х ғасырларда елімізде діни медреселер, мұсылманша оқу орындары жұмыс істей бастаған. Ертедегі Түркістан, Тараз, Сайрам, Отырар және тағы басқа қалалардағы сондай діни мектептердің орталықтары болған. Негізі орта ғасырларда қалыптасқан білім жүйесі өткен ғасырдың бас кезіне дейін өзінің құндылығын жоймай, қазақ сахарасында даму деңгейін қалыптастырып, біліммен сусындатып келді.
Қазақ жерінде бірнеше ғасырлар бойы оқудың шамшырағы болған діни медреселік оқу орындары балаларды маусымдық айлармен оқытты. Оқу ақысын оқытушы тарап немесе ауыл аймағы өтеп беретін. Бірақ мектеп бітіргені үшін оқушыларға ресми куәлік беру тәртібі сақталмаған. Сауат ашу жолы араб әріптері мен сөздерін жаттауды, әсіресе құранның араб тіліндегі мәтінін жатқа білуді мақсат етті.

Қалалардағы (шахристан, рабат) медреселерде ислам дінін уағыздайтын бастауыш мұсылман мектептерінің орталықтары жұмыс істеген. Бағдад, Дамаск, Бұхара қалаларынан білім алып келген молдалар, ишандар, қазилар, хазіреттер, жоғары лауазымды дін қайраткерлері сол оқу медреселерінде ұстаздық етті.
Патшалық өкімет орнаған кезеңнен бастап, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ жерінде әр түрлі бағыттағы мектептер ашыла бастады. Яғни осы уақыттан бастап, қазақ жерінде білім беру жүйесінің негізінде қалыптасқан мектептер құрылды. Мектептердің қасынан кітапхана жүйесі жасақталды.

Сол уақыттағы мектептердің көптеп ашылуының басты факторларының бірі – отаршылдық басқару жүйесіне мамандар даярлау болған. Ол туралы Baribar.kz сайтының «Қазақстандағы халық ағарту ісі» атты мақаласында: «Патша өкіметінің отаршылдық басқару жүйесіне тілмаштарды даярлау қажеттілігі шаруашылық және шенеуниктік әкімшілік мұқтаждығына қызметкерлердің жетіспеуі аралас орыс-қазақ мектептерін жылдан-жылға көбейтуді қажет етті. 1861 жылы Троицк қаласында, Торғай маңайындағы Орынбор бекінісінде, Қазалыдағы № 1 фортта ашылған орыс-қазақ мектептері қазақ жастарын қамтуға тырысқан осындай үлгідегі оқу орындары болды.
Алайда жеке бекіністерде ұйымдастырылған қазақ мектептерінің материалдық қамтамасыз етілуі, ондағы оқушыларға білім беру дәрежесі өмір талаптарына сай келмеді. Қазалы мен Перовскідегі мектептер кейіннен қалалық училищелер болып қайта құрылды. Онда Қазанда, Петербургте білім алған ұстаздар сабақ берді».

Патша өкіметі тұсында да діни мектептердің мүмкіндігі зор болды. Қазақ ауылдарындағы мешіттердің жанынан діни мектептер ашылып, уездік басқарманың нұсқауымен білім беруді қамтамасыз етті. Діни мектептерде дін жолын уағыздайтын пәндерден басқа, жағрапия, заңтану, тарих, логика, риторика, математика, философия, астрономия, медицина пәндері оқытылды.

Baribar.kz сайтының «Қазақстандағы халық ағарту ісі» атты мақаласында келтірілген деректер бойынша, XIX ғасырдың аяғында Қазақстанда ағарту ісінің мынадай жүйесі қалыптасты: бастауыш оқу орындары, приход мектептер кластары, толықтырылмаған гимназиялар, орыс-қазақ аралас мектептері, ауылдық және сауаттылықтың негізін үйрететін мектептер, орта оқу орындары, реалдық училищелер, қыздар мен ер балалар гимназиялары.

Жоғарыдағы аталған діни мектептерде (медреселерде) оқып, қазақ руханиятына үлес қосқан ғұмалар да қазақ жерінен көптеп шықты. Солардың бірі – биыл 1150 жылдығын тойлап отырған ғұлама ғалым, екінші ұстаз атанған Әл-Фараби бабамыз. Әл-Фараби орта ғасырлардағы Отырар медресесін бітіріп, Дамаск, Бағдад қалаларында білімін жоғарылатқан. Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы Семейдегі «Ахмет Риза» медресесін тәмамдаған. Уфадағы «Ғалия» медресесінде алаш арыстары Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтар білім алды. Қызылжар медресесінде әйгілі Ақан серінің, алаш арысы Шәймерден Қосшығұловтың ұстазы Науан Хазірет білім алды.
Ал, қазақ қоғамындағы білім жүйесінің даму деңгейі өткен ғасырдың 20-30 жылдары үлкен өзгерістер жүргізуге бағытталды. Мемлекет зайырлы білім мен ағарту жүйесін өз құзіретіне ала бастады. 1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-інің ХАК-ы құрылып, қазақ жерінде білім беру жүйесінің жаңа кезеңі қалыптасты. Елімізде ағарту саласы бойынша халық комиссары тағайындалып, оның басшылығына алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы келді. ХХ ғасырдың басындағы алаш арыстарының еліміздегі зайырлы білім беру ісінің дамуына қосқан үлесі және ағарту жүйесіне енгізген жаңалықтары орасан зор болды.

Өткен ғасырдың алмағайып кезеңінде өмір сүрген алаш зиялыларының қоғамдық қызметінің бастауы – ағартушылық еді. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Алаш қайраткерлерінің азаттық идеологиясын қалыптастыру қызметі» атты мақаласында былай деп жазады:

«Ұлт оқығандары қоғамдық қызметін ағартушылықтан бастады. Яғни, қазақ елі сан жағынан империя құрамындағы ірі елдердің қатарында емес, сонымен бірге шағын және әлсіз елдердің де санатына жатпайтын. Оның халық ретінде жүріп өткен жолы, ерлік тарихы, ең негізгісі ғасырлар бойы қанды күрес арқылы қалыптасқан атамекен жері бар. Ендігі уақытта арасына білім ұрығын себу арқылы оны өз тағдырын шеше алатын белсенді субъектіге айналдыру басты міндетке айналуға тиіс. Олар нағыз білімнің, осы жолдағы мақсатты ағартушылық қызмет пен тәрбиенің халықты өзгертетіндігіне сенімді болды. Міне, сондықтан да ұлт оқығандары қазақ жерінде заманның сұранысына жауап бере алатындай жаңа сапа, мазмұндағы білім жүйесін қалыптастыру ісін барлық бағдарламалық құжаттарына енгізді, бұл межені жақындата түсу үшін қазақ тілін білім және ғылым тіліне айналдыру, осы мақсатта оқулықтар мен оқу құралдарын даярлау, ұлтқа арнап кітап, газет, журналдар шығару ісін қолға алды».

Жалпы, өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы білім беру жүйесін мынадай хронология бойынша қарастыруға болады:
– 1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нің ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды.

– 1921 жылы ақпанның он сезігінде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-техникалық білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды.
– 1922 – 23 жылдары ұлт мектептерін төл оқулықтармен, бағдарламалармен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды.
– 1920 – 30 жылдары еліміздегі білім беру мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді.
– 1927 – 28 жылдары республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбі 7 жылдық мектепті бітірісімен, техникумдар мен ФЗО-ларға кетіп жатты.
– 1929 жылы республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тілі болып келген араб әліпбиінен латыншаға көшуі оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен соққы болып тиді. Араб әліпбиімен шыққан мәдени бай мұралардың көбі отқа өртелді.
– 1940 жылы латын әліпбиінен кириллицаға көшу елдегі ағарту ісін тағы көп жылға шегеріп тастады.
– 1937 жылы қазақ бастауыш мектептерінің саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жетті (Хронологиялық деректер Уикипедия желісінен алынды).

Білім беру саласында жүргізілген реформаға сәйкес, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары бірқатар өзгерістерге қол жетті: замануи білім беру жүйесіне көшкен мектептердің саны көбейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді жалпыға бірдей оқытуға көшті; халық ағарту комиссариатының білім беру жүйелері бекітілді; жаңадан ЖОО орындары ашылды; мұражай, кітапхана ісі, баспасөздің ағартушылық қызметі жүйеленді; зайырлы білім мен ағарту жүйесіне негізделіп оқулықтар шықты; зайырлы білім мен ағарту жүйесін зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері қалыптасты.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары алаш қайраткерлері зайырлы білім беру саласында еңбек етіп, оқулықтар жаза бастайды. А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы», «Әдебиет танытқыш» және Ж.Аймауытұлының «Тәрбиеге жетекші», «Психология», М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектептегі ана тілі», «Педагогика» тағы басқа оқулықтары шықты. «Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы» «Жағрапия» сынды жалпыға негізделген пәндік оқулықтар жарық көрді.
Қорыта айтарымыз, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай сабақтарды жүйелеп, мектеп пен оқушы арасында алтын көпір орнатты. Замануи білім беру мен ағартушылық жүйесі қалыптасты. Мектеп пен ЖОО-ға қажетті мамандар даярлау мәселесі жолға қойылды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ, «Дәстүр» басылымының әдеби редакторы.

Бөлісу: