Қазақ  үйдің  Отағасы  мен  Отанасы

  Жайлауға  көшіп  келген жұрт жаңа қоныс – бейбіт өріс  болсын  деп ерте  тұрып, намаз оқып, кең далаға қарап құбыласын анықтап, үй тігуге ыңғайлы жерді іздей  бастайды. Бір  жер ой, бір жер дөң, енді міне,  жазық  жер тауып, аздаған  биіктігі  болмаса, жайлы  көрінеді. Бәйбішесін  шақырып, әй,  Көшек бері кел, мынау  жер ыңғайлы  ау-деймін.  Шешемді (көшек)  дейтін, аты  Сұлупа. Үйді  осы  жерге  тігейік. Қалай  саған  ұнай  ма? Балаларды  шақыр!  Үй  тігеміз  12 қанат деді. Бала-шағалар, көрші-қолаң  бәрі жабылып  көмекке  келді.      Кереге жайылып болған соң, есікті  орнатты.  Босағадан аттап келіп, үйдің ішіне  еніп,  Біссімілла рахмани  рахим деп, бақанмен  шаңырақты  көтерді.

– Ал, балалар, уықты шаншыңдар, – деді.  – Үсенбай, Қасенбай, Көшек  уық  шаншыңдар, – деп, мықтап  шаңырақты  көтеріп  тұрды. Жолдан  ары  өткен, бері  өткен  қойшылар, оу, Қанапия  «Қоныс құтты  болсын,  сиыр  сүтті  болсын» – деп, мойын бұрып  өтеді. Рақмет, рақмет айтсын  деп қалады. Менің  5-сыныпта  оқып жүрген кезім,  бәрін қызықтап  қарап қойып,  уақ-түйек  шамам келген   жұмысқа қол  тигізіп жүрмін. Жарған отынды  тасып, сыпыртқы  әкеп, шидің бір жағын көтерісіп, бәріміз жабылып жатырмыз.Уық  шаншып, керегені  жайып болған  соң  оның сыртын әппақ  киізбен  қаптап, туырлықпен  төбесін  жапты.

Үйдің  сыртын  белбеумен (арқанмен)  тартып,  үйді  айландырып  келіп  байлады,  бұл  жел  тұрғанда  ұшып  кетпес  үшін жасалған әдіс.  Енді  түрлі-түсті  тоқылған жіппен  айқастырып, белдеуге  байлайды, ол үйдің  сәнін  келтіріп  тұрады. Әдемі оюмен тоқылған  сырмақ  тектес  құр.     Желбау  түңліктің  жабатын  жабудың  сыртында  қызыл-жасыл  тоқылған  өрнек  шахматқа  ұқсас, жалпақ  баумен  жабылған үйге  сән  беріп  тұр.  Сонадайдан  көз  тартып  тұратын. Күн  жауса  да, бояуы  кетпейтін  мықты  кендір  жіппен тоқылған Үзіктің  арқауы.  Жіптері  нақышты  көрінеді.  Қазақ  ауылы, малымен,  жанымен  берекелі  ғой. Төрт  ай  бойы күзге  дейін сол  жайлауда  өткізеді.  Малы  қоңданып, күзге  семіріп  қойнауға қоныстанады.      Қазақтардың  осы  көшпелі  өмірі, табиғаттың  төрт  мезгіліне ұқсайды.  Жаз  жайлауда, қыс қыстауда  өтеді.  12 қанат  үй  тігіліп бітті. Үйдің  ішкі  жабдықтары  ол  бір  таусылмайтын  әңгіме…

Келесі  күні  ду-дуласып,  көрші-қолаңды, көмектескен жандарды шайға шақырады.  Қой  сойылып, ауылдың  ақсақалдары  бала-шағалар түгел  келеді.  Жасөспірім  әнші-күйші  жастар  бірігіп,  көңіл  көтереді. Уақ  балалар  асық  ойнап, үлкендері  алтыбақан  құрып, ойынды   қыздыра  түседі.  Жайлаудың  сәнін  келтіріп,  келін  түсіп,  қыз  ұзатып,  ел  ішінде  үлкен  той  болып  жатады.  Ол кезде  құлпысы  жоқ  қазақ  үйі ұры-қары  дегенді  білмейтін. Үйіне  танымайтын  қонақ  келсе, құт  келді  деп, бір қойын  жайратып  сап  отыратын. Кедейміз демейтін, жақсылығын  құндамайтын. Қарыз  берсе,  қайтарып  алмайтын  да  күндер  болған.  Біз ол кезде  жастау  болдық. Алып  кел, алып кет, қолға  су  құй, ұл  болса,  ат  байла,  малды айда  дегендерді  қалт жібермей  өстік  қой.

Ақ  көңілді  аталарым  батасын беріп, баласын  сыртқа  жұмсап, тұмса  табиғатың  сырын  ашып  өсіріпті  ғой  бізді.  Бала  тәрбиесін  де, өмірлік  ұстанымын  бірге  алып  жүріп  те  көштен  қалмаған  қайран аталар.  Бұл  күндері  бәрі  өзгеше. Бұлыңғыр  өмір, бұлт  басқан  көңіл. Салт-дәстүр  дегенді  айтып  жеткізу  қиындау  болып  тұр.

Ал  қыздардың  тәрбиесіне  келсек, ол  бір  басқа  әңгіме. Сыбызғыдай  сызылған, оқалы  бөрік, камзол  мен  көрік беріп,  киім-киіп, келі  түйіп, келін  боп,  саба  піскен  ананың  сөзін  жерге  тастамай  өскен  сұлу да, ақылды,  олар қазақтың  тәрбиелі қыздары  ғой  деп  ойлаймын!

Қазақтың  шаңырағына ие  боларлық  ертеңгі  үлгілі  – келін. Ол  бізде  ғана десе  болады.

 

         Бүбішхан  Тікебай,   ақын.

Алматы  қаласы

Бөлісу: