Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Еріктілік қызмет туралы» заңды қабылдадық. 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі жастарды жаппай еріктілік (волонтерлік) қозғалысқа тарту ісін бастап берді. Биыл Қазақстандағы еріктіліктідамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз» деген болатын.
Мемлекет басшысы өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2020 жыл – «Жастар жылының» жалғасы ретінде «Еріктілер жылы» болатынын, жастарымызды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажеттігін атап өтті. Жыл ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда жалпыұлттық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, «Еріктілер жылы» адами байлықты дамытуға бағытталады.
Еліміздің Президенті өз сөзінде: «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның еріктілікпен үндесетіні сөзсіз» – деп атап көрсеткен болатын.
Ерікті (волонтер) – латынның «volоntaire» сөзінен шыққан. Өз еркімен, өзінің есебінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы деген мағынаны білдіреді. Бұл термин әлемде ең алғаш 1600 жылы қолданылған. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды осылай атаған. Кейін келе, барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылған. Қазіргі қоғамда түрлі діни көзқарастардың белең алуы, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында қылмыстың өсуі, маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық, өзіне-өзі қол жұмсау, жас отбасылардың ажырасуы жағдайларының көбеюі өзекті мәселелер болып тұр. Осындай түйткілді мәселелерді шешуде де еріктілердің кіршіксіз таза жүрекпен жасаған ізгілікті қызметтері керек-ақ.
Еріктілер көне дәстүрімізде «асаршылар», Кеңес Одағы кезінде «тимуршылар» деген атпен белгілі болса, бүгінде бұл игі іспен әлемнің жүзінде миллиондаған адам айналысады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда еріктілер қызметі 1991 жылдан бастау алады. Ал Еуропа елдерінде бұдан бұрынырақ, яғни ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан пайда бола бастаған.
Еріктілер қызметі бұл – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты жәрдем. Қайырымдылық адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі және ізгіліктің анық көрінісі болып есептеледі. Еріктілік қызмет – бұл өз еркіңмен атқарылатын қайырымдылық шарасы. Дегенмен, мұндай жүректің қалауымен атқарылатын қызмет қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ежелден келе жатқан – жылу жинау немесе асар жасау дәстүрлерінің тарихи жалғасы ретінде қалыптасқан. Табиғат апатынан немесе өзге де төтенше жағдайлардың салдарынан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған отбасына ауыл болып көмектесуді қазақта «жылу жинау» деп те айтады. Сондықтан, «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл сөздің түбірі біздің халықтың дәстүрінде әу бастан-ақ қайырымдылықпен сабақтасып жатыр.
«Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір сүрген қоғамның қоғамдық-әлеуметтік өмірін, оның ішінде асарлату, жылу жинау дәстүрін де жан-жақты бейнелейді. Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген қақ қасына келгенде, Абай ел тірлігінің барлық қайғылы сор-азабын көрді. Өз ойының ауыртпалығы Абайға барлық тірлікті соншалық татымсыз, жалған етіп көрсетті. Әрбір ауылдың үлкендеріне соғып:
– «Тоңғандарың мына тұс-тұсыңдағы ауылдарға барып, жылынып қайтыңдар. Бір-бір мезгіл ыстық ішіңдер. Осы қорықтарда отырғандардың бәрі ағайын ғой. Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етіңдер! Ауылда қанша қазан болса, сонша ыстық істеп, күніне бір-бір рет қорек етіңдер. Қумайды. Жасқанбаңдар!» – деген сөздерінен данышпан Абайдың апатпен алысып жатқан ағайынды бірлікке, бірлесе қиындықтан шығу жолдарын іздегенінің көрінісін байқаймыз. Сондай-ақ «Абай жолында» қасына Дәркембай келгенде, Абай Қаражанға түйіле қарап:
– «Міне, сенің ауылыңнан ас ішетін кісілерді мына Дәркембай бастап келіп тұрады. Жалғыз өз үйіңді емес, осы ауылда неше түтін, неше қазан бар, солардың бәріне ас әзірлетіп отыр. Бар ауылың қызмет етсін!» – дейді. Абай Қаражанға өз пайдасын ойлау қазақ халқының қанында жоқ қылық екенін түсіндіргісі келеді. Бұл жолдардан ұлы Абайдың халықты бірігіп, бір-біріне көмек қолын созып, жылу жинауға шақырғанын аңғарамыз.
XVІІІ ғасырда Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» деп аталған заңдар жинағында жылу жинау дәстүрі туралы «Бұл – Тәңірдің ісі» деп көрсетілген. Жинақта: «Әр түрлі табиғат апаттары (жұт, өрт, т.б.) салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күнкөру ісі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, оның қандай түрі болсын, жылу жинау туралы шешімде елбасшылар мен билердің келісімін алады» – делінген.
Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» – дейді. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында: Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» – делінген. Шариғатпен астасып жатқан бұл қайырымды қызметтің ұлт болашағының рухани жаңғыруы жолында берері мол.
Асар – халқымыздың ертеден келе жатқан озық әдет-ғұрпы, адамдардың бір-біріне ақысыз көмек көрсету, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. «Хошар» немесе «Асар» сөздері тұрғын үй салу,баспана тұрғызу сияқты, қиын және көлемді жұмыс болған кездері адамдардың өзара көмекке жұмылуын білдіреді. «Асар» дегеніміз – туған-туыстар, достар немесе көршілер қиындықтарға тап болған адамға немесе отбасына қайтарымсыз көмек көрсету. Қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркмен халықтарына ортақ бұл дәстүрдің өте ертеде пайда болғаны жайында деректер бар. Басына іс түскен адамға ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған-туыстары мал, дүние береді немесе қаржылай көмек көрсетеді. Асар – дүние, мүлік жағынан емес, қол еңбегімен де көрсетілетін жәрдем.
Егін ору, пішен дайындау, үй тұрғызу тәрізді науқан кезінде жалғыз өзінің шамасы келмей, жұмысы өнбей жатқан адамға ағайын-туыс, дос-жарандар келіп, жұмысты бірігіп бітіріп тастауға тырысады. Сонау атам заманнан жалғасып келе жатқан бұл игі дәстүрдің бүгінгі жаһандану заманында көрініс тауып келе жатқанын біз дәстүр сабақтастығы деп түсінеміз. Өткен жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс қаласының жанында орналасқан ҚР ҚК-нің қару-жарақ қоймасының бірінде оқ-дәрілер жарылып, оның соңынан өртке ұласқаны мәлім. Жарылыстан кейін Арыс қаласы тұрғындарының көрші елді мекендерге уақытша орналасып, жоғалған балалардың табылуына көмектескен еріктілердің қайырлы істерін қоғамымыз жоғары бағалады.
Дегенмен, бүгінгі күні азаматтарды ерікті болуға ынталандыратын жүйе жоқтың қасы. Сондықтан еріктілердің мәртебесін көтеруді қоғам болып қолға алуымыз керек. Өйткені, еріктілер туралы өте аз ақпараттандырылған, үгіт-насихат жұмыстары жетіспейді. Қайтарымсыз жұмыстың жемісін бағаламау да, оларды қолдаусыз қалдыру да осындай насихаттың жоқтығынан туындап тұр. Осыдан келіп еріктілердің ел дамуындағы рөлі, еріктілікке ынталандыру, еріктілік мәдениеті туралы таным, түсінік қалыптаспаған.
Ерікті болу – жаңа әлемді ашып, білмегенді үйрену, ол – әлемде өз еркімен, риясыз жақсылық жасау жолында жүрген адамдардың бар екенін дәлелдейді. Ерікті болудың арқасында әрбір азамат өз еліне ғана көмектесіп қоймай, өзіне мүдделес серіктер табады.
Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиетін пенде. Ерекше қызмет қоғамның өз ішінде дамып, кейін келе, кең өріс тапты, сондықтан оның одан әрі де қанат жаюы сол қоғамның өзіне тікелей байланысты болмақ. Десек те, мемлекет тарапынан еңбектің ақшалай ғана емес, моральдық тұрғыдан да бағаланғаны абзал болар еді.
Ерікті болу – бұл күндіз-түні жұмыс істеу деп түсінетіндер бар. Бұл пікір дұрыс емес. Әрбір азамат, әрбір маман иесі өзінің жүрек қалауымен жақсылық нұрын шашуға ниетті болса, ол ерікті болып табылады. Өз еркімен өтеусіз, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануға барша жастарды шақырамын.
Берік БЕКЖАНОВ,
«Шымкент қаласының
кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар
бірлестігінің төрағасы