1-қазан күні біз ел болып Қарттар күні мейрамын тойлаймыз. Бұл – ата жолын жалғап келе жатқан асқақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің келіп жеткен мерекесі.

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында  үлкенге  деген   құрметімізді көрсетіп, еңбек ардагерлерінің жүрген жолын өнеге, үлгі ете отырып, жас жеткіншектерді үлкенді қадірлей білуге, халқының салт-дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында «Қайыңдай қайсар қарттарым» атты шара ұйымдастырды.

Көп  жылғы  еңбектегі   бейнетінен  зейнет  тапқан, көргені  мол, ақылы дария, кезінде  игілікті  істердің  басы-қасында  болған   қадірлі  кітапхана  ісінің  ардагерлеріне сый-құр­мет көрсетілді. Қарттарға құрмет бір күндік шара емес, ақылы дария қариялардың сөзіне құлақ асу, ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бас-көз бола білген үлкендердің орны ерекше. Құрмет пен мейірім мерекесіне өз бақытын еңбегімен тапқан еңбек ардагері, мәдениеттанушы Жақсылық Сұлтанұлы және кітапханамыздың құрметті ардагерлері Нәзира Ідірісқызы Ғизатова, Раиса Төленқызы Қомпақова, Айнагүл Жәкешқызы Қимағамбетова, Жансұлу Сұлтанқызы Сұлтанова, Гүлайым Қойбағарқызы Оразмағамбетова және кітапхана саласының ұлағатты ұстазы Айжан Мұсағалиқызы Сарбаева қатысып,  өздерін жылы қарсы алып, көрсетілген құрметке марқайып, тамаша концерттік бағдарламалары үшін өнерлі оқырмандарымызға ризашылығын жаудырды.

Даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқара білген Жақсылық Сұлтанұлы өз еңбек жолын, оның қиындығы мен қызығы туралы ұлағатты әңгімесімен бөліссе, кітапхана ардагерлері кітапхананың, кітапханашының  қоғамдағы орны туралы сөз қозғады.

Кітапхана ұжымы ардагер ағаларымыз,  апаларымыз, аяулы  аналарымыз, ардақты әкелеріміз, ақылдың кенін арқалаған айбынды ата-әжелерімізді қазан айының алғашқы мерекелері — қарттар, ұстаздар мерекесі тоғысқан күнімен құттықтайды. Барлық ардагерлерге жан жылуын, жақындарының қолдауын, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілейміз!

Ақиық ақын Сағи Жи­ен­ба­ев қазақтың қазыналы қарттарының жиынтық бейнесін:

Дүниеге ке­лер бір рет,
Да­рия ке­уде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,

Қарттарым, аман саумысың, – деп төрт шумақ өлеңге сыйғызған екен. Да­рия ке­уде, тау мүсін ардагерлерімізге ақ тілегімізді жеткізсек,

«Бабаларым, рахмет сендерге!
Балаларым болмасын деп бос кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде
Бабаларым, рахмет сендерге!», – деп Мұқағали Мақатаев ақынымыздың жырымен алғысымызды білдіреміз.

Сіздер құрметті демалыста болсаңыздар да, біздің көшбасшымыз болып қала бересіздер, жастарға патриоттық тәрбие беруде және өмірге деген белсенді ұстанымдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін таптырмас үлгі екендігін тағы да  айтқымыз келеді. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қарттарымыз сіздер, аман-есен жүргейсіздер! Қарттары бар ел — бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз ұрпағының қуанышына бөленсін! Көпті көрген асыл қарттарымыз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына — сүйеу, жұртына қамқор боп, жүздерінен қуаныш пен күлкі кетпей, балалары мен немерелерінің қызығып көріп, аман-сау күн кешсін. Ал біз қолымыздағы алтынымыздың, еш байлыққа тең келмейтін асылдарымыздың қадірін біліп, олардың барына шүкіршілік етейік. «Атасыз үй — батасыз, ал анасыз үй — панасыз» дейді қазақ. Осы күйге түсуден сақтасын бізді. Қарттарымызды ардақтап өтейік!

 Кәмила Ідрісова 

 

 

Бөлісу: