Ақын Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет өмірдің жеті белесінен желіп өтіп, 70 деген асқарға абыроймен жетіп отыр. Ол 1951 жылы Қостанай облысы, Жітіқара ауданында дүниеге келген.
Дана қазақтың талабына сай «жеті қырлы, бір сырлы» азамат. Ол – ақын, ғалым, аудармашы. ҚазҰУ-ді және Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген. Алматы облысының «Жетісу», Қостанай облысының «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымында, облыстық мәдениет басқармасында басшы және жауапты қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай аймақтары бойынша әдеби кеңесшісі болды.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қазақ және орыс филологиясы институтында директор, журналистика факультетінде декан болып, педагогикалық салада да жемісті еңбек етті. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. «Азия — Транзит» (Қарағанды), «Сарыарқа» (Астана), «Жас қазақ» журналдарының ақылдастар алқасының мүшесі.
Қыруар қызмет атқара жүріп, қазақ және орыс тілдерінде поэзиялық және прозалық он жеті кітап шығарды. Шығармалары шетел тілдеріне аударылды. Өлеңдері орыс мектептеріне арналған оқулықтарға енгізілді. Драматургия саласында өзін байқап көріп, бірнеше пьесаны дүниеге әкелді.
Жетпістің қырқасына шыққанымен әлі тың, қаруы қайтпаған, қаламы мұқалмаған. «Қалам ұшын малып ащы сияға, сосын тағы жүгінемін өлеңге» деп өзі жазғандай, жыр жазуға жұтынып-ақ тұр.
«Ысырылсын бір бүйірге күдік көп,
Бұл өмірден жылап шықпа күліп кеп.
Енді мені құттықтаңдар, бауырлар,
Жетпістегі желкілдеген жігіт деп!». Бір өлеңін осылай түйіндепті. Қарым-қабілетінің, құштарлығының бабында екенін осы өлең жолы да айқындап тұрғандай.
Осылай деп ақын ағамызды «Дәстүр» журналының бетінде құттықтап, төмендегі бір топ өлеңдерін де жариялаған болатынбыз.
Қалам ұшын малып ащы сияға…
* * *
Шау тарттым ба деп жүргенде ертерек,
Жетпіске де шықтық міне, желкелеп.
Жаныма кеп отырады қосағым,
Жиырмадағы қыз күніндей еркелеп.
Жетпіс жылда жүйке талай желінген,
Ойлар болған миымызды кемірген.
Құрдастарға әзіл-қалжың айтуға,
Қысылатын болдық енді келіннен.
Немерелер жүрген кезде ойнақтап,
Әрекетке көшеміз бе жан бақпақ.
Аяғына жем түскен ат секілді,
Аяқ асты аяғымыз қалды ақсап.
Өткен күннің болмаса да бәрі ұмыт,
Жылытады кеудемізді әлі үміт.
Мерейі үстем, көтеріңкі кеудені,
Езіп, жаншып келе жатыр кәрілік.
Кісілер бар бұл күнге де жетпеген,
Ғұмыр кешер кейбіреулер еппенен.
Қалтасына тығып алған намысын,
Жігіттігі жоқ шалдарды жек көрем.
Ысырылсын бір бүйірге күдік көп,
Бұл өмірден жылап шықпа күліп кеп.
Енді мені құттықтаңдар, бауырлар,
Жетпістегі желкілдеген жігіт деп!
* * *
Санап тұрсам, отыз шақты салпыншақ,
Дәтке қуат бере алмайды, алқынсақ.
Қызық еді-ау жүрген кезім ашқұрсақ,
Естен кетпес сол бір дәурен, жарқын шақ.
Қартайсам да қалай тыныш жатамын?
Артқа қарап ауыр ойға батамын.
Жылытар ма тоңазыған кеудемді,
Толып жатқан марапат пен атағым.
Төсбелгілер, медальдар мен орденім,
Сый-сияпат, тағы басқа көр-жерім.
Тіршілікте қызықтырса басқаны,
Екен ғой жай алданышы пенденің.
Кейде жүрек қалса-дағы тыз етіп,
Ағалардың байқалады құрметі.
Қыздырады қатал қыста тәнімді,
Інілердің ілтипаты, ізеті.
Оқырманым «Бәрекелді!» – дегенде,
Өз көзіие сенбеймін бе, сенем бе?!
Қалам ұшын малып ащы сияға,
Сосын тағы жүгінемін өлеңге.
* * *
Бұл ғаламда ғажайып көп таң қалар,
Білімір жан оның сырын аңғарар.
Саусақ сырттай ұқсас болып тұрғанмен,
Бірдей емес саусақтағы таңбалар.
Бірдей емес бұтақтары талдың да,
Көкте жүзген бұлтқа назар салдың ба?
Бірдей емес жауынның да тамшысы,
Бірлей емес түйіршігі қардың да.
Іздеп жүрген өз орынын қоғамда,
Бір біріне ұқсамайды адам да.
Болмасаң да ұқсап бақ деп алайда,
Еліктейді жақсы менен жаманға.
Менсінбейміз келеке қып жұртты өзге,
Шешен ғой деп мадақтаймыз қыртты езбе.
Жылтыраған жақсы киім киініп,
Әдемі боп көрінеміз сырт көзге.
Қиын емес ақыл айту жатып ап,
Бір біріне ұқсамайды жапырақ.
Әрбір заттың біткен кезде дәурені,
Соның бәрін біледі тек топырақ.
* * *
Қадір түнін жүр ғой көп жұрт қадірлеп,
Қадірліге айтылатын әмір көп.
Қадірсіздер толып жатыр елімде
Өп-өтірік жүрген елдің қамын жеп.
Кешіретін бар пенденің күнәсін.
Алла алдында жалбарынып тұрасың,
Періштелер көктен жерге түсетін,
Қадір түні түн екен ғой шын асыл.
Қадір түні артық дейді мың айдан,
Артық болса ақылға сал, шын ойлан!
Бірақ, өзін Құдай санап жүргендер
Түсінбеймін, не тілейді Құдайдан?!
Туған жерден айырғандар тамырын,
Жоғалтқандар адамдықтың қалыбын,
Қадір түні айтар екен не тілек,
Білер ме екен өскен елдің қадірін?
Сақтай алар намысымды, арымды,
Инабатты, кішіпейіл, сабырлы,
Мырза көңіл, кісі ақысын жемейтін
Жандар ғана ел ішінде қадірлі.
* * *
Жақсы өткіздім отыз күнімді,
Асты көп жемедім, тыйдым тілімді.
Дос-жаран бас қосып, бір жерге жиылсақ,
Тырысып көрдім ғой көзге де тыйым сап.
Дуылдап, дүрмекпен айт та өтер күні ертең,
«Айт! Айт!» – деп жатқанда қалайша күнелтем?
Сөнгенше жанарым көнбейтін қысымға,
Ақиқат тұр әлі тілімнің ұшында.
Келешек күндерден жақсылық тосайық,
Жаманды жаман деп айтқанның несі айып?!
Жүрекке жүк болған құсаны жасырмай,
Қаймықпай ешкімнен, айтсаңшы, досымай!
* * *
Бас сүйекте болмаса егер қасиет,
Бас екен деп кімдер оған бас иет?!
Алжыған бас миы шіріп жатқанда,
Ұрпаққа да қалдыра алмас өсиет.
Кеудесінде болмаса егер мейірім,
Дүйім жұртқа көрсете ме пейілін?
Қатып қалған қара тастай жүрегі
Шеше алар ма қиын істің түйінін?!
Туған елге бұрмаса егер бүйрегі,
Кімге керек тіршілігі үйдегі?
Жақынына жасар ма екен жақсылық
Түйедей қып жүрген жандар түймені.
Кісі көп пе жүрісінен жаңылған,
Шаршап кетем у-шу менен дабырдан.
Соны ойласам, ет-жүрегім езіліп,
Соны ойласам, сөгіледі қабырғам.
* * *
Сирағына қақпан түскен қасқырды
Аңшы келіп сойылменен басқа ұрды.
Бір соққаннан сеспей қатқан жыртқыштың
Бір көзінде жалғыз тамшы жас тұрды.
Өз сирағын шайнап тастай алмаған
Қысқырлардың қайда басы қалмаған.
Өлмей тұрып тіл бітсе егер қасқырға,
Қандай жауап берер еді сонда адам?
Жедім дер ме ауру, ақсақ-тоқсақты,
Бәлкім, қойды тамақтаған он шақты.
Не қылса да болары анық қаскүнем,
Қасқырға ешкім қимайды ғой жақсы атты.
Ешуақыт ұмытпайтын достығын,
Адамның да көріп жүрміз қақырын.
Бір ғажабы, қасқыр екеш қасқыр да
Жолдасына жасамайды қастығын.
Бұл заманда тулақ-сынды тарылған
Қақырлар бар қой терісін жамылған.
Ал аңшылар кең далада толып жүр
Қансонарда қасқыр іздеп сабылған.
* * *
Бар мен жоқ.
Аз бен көп.
Аш пен тоқ.
Алланың ісі ме?
Барды жоқ қылған,
Азды көп қылған,
Ашты тоқ қылған
Алланың күші ме?!
Жабырап, жасыма,
Тайраңдап, тасыма!
Кім едің сен кеше?!
Күн сайын ендеше
Қайырым қыл кісіге.
* * *
Тән ауырса жылайды көз,
Көз жыласа сүртеді қол.
Қандай бейнет келсе де кез,
Аяқ-қолдың икемі мол.
Кірген болса сөз араға,
Бауыр, шіркін, езіледі.
Табылмайды тез арада
Жүректің де құрғыр емі.
Бел көтерсе ауыр жүкті,
Сырқырайды отыз тісің.
Басылды ма көңіл күпті,
Не жасадың елің үшін?
Қашан қанар жан құмары,
Тұрған болса қаңқу есіп,
Қос өкпең де алқынады,
Бүйіріңді шаншу тесіп.
Көңіл қалай босамасын,
Туған жерге бүйрек бұрып,
Екі көзге жас аласың,
Шын жүректен сөйлеп тұрып.
* * *
Мына өзенде балық аулай алмайды,
Ешкім мұнда суға түсе алмайды,
Ана жерге мал жаюға болмайды.
Уа, Жаратқан! Көріп пе едің мұндайды?!
Мына көлден бір уыс тұз алмайсың,
Ана орманға шие теріп бармайсың.
Жерім дейсің! Сол жеріңе жау шапса,
Ойланшы өзің! Кімнің жерін қорғайсың?
Мына жолмен ақы төлеп өтесің,
Дауласқанмен не мақсатқа жетесің?
Базар нарқы күйіп тұрған бұл заман
Ешкімнің де қыздырмайды шекесін.
Қайтсін сенің адал, таза ниетіңді,
Бәрін, бәрін жұтуға олар бекінді.
Бұл жемқорлар не жесе де тоймайтын
Таусоғар мен Көлтауысар секілді.
Жем дегенді тауық шұқып жейтұғын,
Найсап шықты енді жемқор дейтұғын.
Бәрін асап, атып тұрған кекірік
Кеңірдекке болар екен кім тығын?!
Сүйек қатып, жігіт болған шағымда
Жоқ оларды атып тастар оғым да.
Семіз қойды құрбандыққа шалмас па,
Жемдеген мал сойылмас па соғымға?!
Суды жұтса, жерді құртса жерлесім,
Тойымсыздың көрген сайын жем жесін,
Бабам қазақ еске түсе береді
Тірі адамға бастырмаған кеудесін.
* * *
Бір Аллаға жалынғанда,
Келер қандай ой тағы.
Көп құдайға табынғандар
Құдайлар деп айтады.
Өтірікке иландырып,
Бұрмалайды шындықты.
Кеуделері толған күдік,
Шіренеді кіл «мықты».
Болған екен сенгендер де
Құдай болған күн, ай деп,
Болған екен жүргендер де
Пайғамбарды құдай деп.
Елжіремес бар ма жүрек,
Хаққа сеніп қайтамыз,
Аллалар деп айта алмаймыз,
Алла жар деп айтамыз.
Бар мұсылман алған біліп
Алла жалғыз екенін.
Жаратқанға жалбарынып,
Кәміл сеніп өтемін!
* * *
Оқы, Оқы, Оқы!!!
Жебірейіл сөзі.
Мұсылманның сапы.
Бұзылмаған кезі.
Тоқта, бауырым, тоқта,
Құл болғандар пұлға
Ниеті бар, жоқ па,
Сап ішінде тұр ма? Ораза да өтіп,
Ауру да, сау да
Осы күнге жетіп,
Қылып жатыр тәуба.
Болсын күндер қандай,
Қанағат қыл барға.
Күнәміз көп таудай,
Кешіре көр, Алла!
* * *
Түмсығын көкке көтерген пілдің
Жерде ғой жейтін нәсібі.
Шығады өрге тасы да кімнің,
Болса егер адал кәсібі.
Қыранның көкте қалықтап жүрген
Көздері болар қырағы.
Жігіттің жақсы армандай білген
Жанады үміт шырағы.
Үйірмен бірге алса егер қоршап,
Өгізді жыққан арыстан.
Өзінен мықты арландар болса,
Бөрінің жағы қарысқан.
Ерлердің нағыз бағы да жанар,
Кеудеге намыс түнсген,
Аюдың өзін жығуға болар
Азуын айға білеген.
Қайыспай белі көтерген жүкті
Қуатың болсын бойыңда.
Жолығып қалса сенен де мықты,
Алыспа текке, мойында!
Ақырын басып, абайлап қара,
Түсінсең түлкі айласын,
Сүйеніш болмас білегің ғана,
Көресің ақыл пайдасын.
Мойыма түссе қабаққа қырау,
Кездесер бөгет құмнан көп.
Ешкім де, сірә, жалғанда мынау
Дүниені тіреп тұрған жоқ.
Күдіктің қарын жатқанда күреп,
Сандалма босқа әуре боп.
Жып-жылы болып тұрғанда жүрек,
Санаға түссін сәуле көп,
* * *
Тұрса да әзір алжымай,
Қартайып қалған патшалар
Отырса тақта тапжылмай,
Құдайы берген бақ санар.
Өзіне өзі табынып,
Киетін алтын тәждерін.
Жүрегі кетер жарылып,
Басынан көрсе өзгенің.
Үш метр жерге бармай ма,
Болса да, бірақ, қанша бай?!
Жазылған болса маңдайға,
Иесіз қалмас Хансарай.
Кеткен соң жердің астына,
Білерім менің шын анық.
Күмәнім үлкен, басына
Бара ма біреу дұға қып?!
* * *
Болып жатыр әр жерде
Достасу мен қастасу,
Кімге зиян, кімге үлгі,
Жиілеген бас қосу.
Кей қалада – босқа шу,
Кей қалада – отшашу.
Ойнақтаған ботаға
Қиын емес шоқ басу.
Сондықтан да басқаға
Көзін жетпей шашпа сыр.
Табынбағын ақшаға,
Өтсе-дағы бес ғасыр.
Қатты жаппа ашумен
Қайтып кірер қақпасын.
Сұмырайлар сымпылдап,
Өсек отын жақпасын.
Жазықсызды жазғырып,
Кінә тауып, тақпасын.
Сабыр түбін тоспаса,
Айтып қайтем босқа сын?
Жолықса екен жақсылар,
Ат шалдырар жерге кеп,
Тірегенде ат басын.