Қамшы сөзінің этимологиясын талдап көрейік.
Қамшының казактар мен украиндар арасында қолданылған түрі ногайка және нагайка деп аталады. Мұны сіз кәдімгі тарих бетіндегі Ноғай ұлысының атынан келген екен деп ойлап алмаңыз. Бұл жердегі ноғай, нагай сөзінің арғы мағынасы жылан деген сөз. Олардың ногайкасының сабы қысқа, серпімесі ұзын болып келетіндіктен, нағыз иірілген жыланға ұқсайды. Жылан сөзін бүгінгі Моңғолдар Могой деп атайды. Рашид-ад-Динда бұл сөз жылан жылының атауы ретінде Мугай деп жазылған. Қазақтар жыланды абақай деп те айтады. Қазақтағы Бақай деген кісі есімі де осыдан келіп шыққан. Енді қалмақтар қолданатын қамшы түрін қарап көрейік. Олардың қамшысының екі түрі айтулы. Оның бірінің сабы ұзын, өрімі одан сәл ғана ұзын болып келсе, екінші түрінде сабы да, өрімі де жалпақ, қалың етіп жасалған, шолақтау ұшына оқтың ұшын немесе қорғасын түйірін байлайтын түрі. Мұның бірі таспа деген мағына беретін ташмг деп аталса, екіншісі маля деп аталады. Татарлар да таспаны тасма деп оларға жақынырақ айтады. Моңғолдар мен буряттардың қамшыны ташур деп айтуы да осы қамшы өріміндегі таспа, тіс деген сөздерден шыққан. Қалмақтың ташмгі өру арқылы емес, жалпақ таспаны тігу арқылы жасалады. Қалмақтың малясына ұқсас қамшы қазақта білеу қамшы, бала қамшы деп те аталады. Бұл жай жылан секілді жіңішке үлгіде емес, қатпарлы қалың үлгіде болатындықтан, айдағар деген мағына беретін білеу қамшы, маля қамшы деген атқа ие болып отыр. Бұл маля, білеу сөздері моңғол тілінде айдағарды білдіретін луу сөзімен, қытай тіліндегі лұң сөзімен астасады. Білеу сөзінің славяндар ішінде өңделген нұсқасы өрме қамшы – плеть. Славяндарда ол жаза құралы болып есептелген. Ал, қамшының қазақ ішіндегі дүр қамшы, дыо қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, дөкір қамшы деп аталатын түрлі атаумен айтылса да, пішіні бір қамшы түрінің ерекшелігі білеу қамшы сияқты жалпақтанып, қалың қып істелген қамшының ұшына оқтың ұшын немесе қорғасын түйірін байлайтынынан. Бұл түйірге байланысты дойыр, дөкір атаулары туындаған. Оған айқаста у жағып алып, қарсыласын улап өлтіретіндер де болған. Бұл қамшы ауыр суық қару ретінде қаралады.
Дырау қамшы – Тибет қамшысы. Дыраудың мағынасы «айдағар» деген сөз. Тибет тілінде «дру» деп дыбысталады. Тибеттің екінші бір елі – бутандықтар да тура осылай дыбыстайды.
Қамшының барлық түрі жыланды кие тұтудан келіп шыққан. ХІХ~ХХІ ғасырларда тибеттермен ең көп байланысқан – керейлер. Оған дейінгі ІХ~Х ғасырларда қазақтың Жалайыры, Адайы, Керейі, Сары Үйсіні тибеттермен жақын байланыста болған. Өйткені, ІХ ғасырда Ұйғыр қағанатының құлауымен Жалайыр, Адайды, Керейді, Сары-Үйсінді өз ішіне алған рулар тобы Тибеттің солтүстігіне келіп жайғасты. Түрік қағанатынан бері тарамдасақ, біраз руымыздың Тибеттермен барынша ерте байланысқа шыққанын білеміз. Қамшының дүр қамшы, дыр қамшы, дүре қамшы деп аталатын түрлері осы дырау қамшының басқаша дыбысталған түрлері болуы мүмкін. Дру сөзі тибет тілінде күннің күркіреуін айтуда да сөзге араласатындықтан, дүр қамшы, дыр қамшы атауының да дыраудың сыңар сөзі екенін байқаймыз. Ал, дойыр (дөкір) қамшы ұшына түйір қорғасын байлайтын қамшы қару болса керек деген тұжырымымызды тағы да қайталаймыз.
Адамды үкім бойынша қамшымен жазалауды дүрелеу деп айтамыз. Моңғолдардың үзеңгіні дөре (дүре) деп атауы да үзеңгінің темірден болғанынан және сырт құрлымының қамшының ұшындағы түйірге ұқсап тұрғанынан. Тывалардың жалпақ деген сөзді дүре деп айтатыны да осы қамшы түрінің жалпақталып жасалуының әр түрлі атауға ие болу құпиясын білдіре түседі. Дар ету деп қазақ сөгілген, тілініп түскен затты айтады. Дыриту сөзі де адамның терісін тіліп отырып, ұруды білдіреді. Тывалар да өзіміздің қырғыздар мен ноғайлар құсап, қамшыны қамшы деп айтады. Білеу қамшы демекші, «тұмсығын айға біледі» деп бөрінің тұмсығын аспанға тік шанши ұлып тұрғанын суреттейтініміз, тұмсығын білеу қамшыша шошайтып, аспанға айбар шеккені деп түсінеміз. Енді өзіміздің қамшының атауына келейік. Бұл атау қам және шы деген екі бунақтан тұрады. Қам дегені қайыс дегені, оның қайыстан жасалатынын білдіру. Қайыс белдікті қазақтың қамар белдік деп те, кемер белдік деп айтатыны бар. Оғыздар (Түрік, Әзірбайжан мен Парсы-Тәжіктердің қайысты камар, кемер деп айтатынын қосыңыз бұған. Енді, қамшының соңындағы Шы дегені нені білдіреді? Қазақтың генетикалық тұрғыда 60 пайыздан астамы Байқал мен Уссури алқабынан шыққан рулардан тұрады. Сол жақтағы тарихи көршілері болған тұңғыс тілдерінен Қытайға қабылданған Шы деген сөз жыланды білдіреді. Біздің жәндіктердің шағу, шағып алуын айтатын шағу сөзіміз де осымен байланыста. Сонымен, қамшы сөзіміз қайыс жылан деген мағынадағы сөз болып отыр. Алтай халықтары таудың арасындағы жіңішке, тар қысаңдағы өзендерді хемшик, кемшага дейді. Қапшағай деген жер атауы меп қапшиған жіңішке екен деген сөзіміз де осы қамшының бейнесіне ұқсаған өңірлік және адамдық пішіндерді атағанымыздан.
Қамшының қолдану орындары:
- Билік айту. Пікірін айтушы адамның алдына қамшысын тастап қойып айтуы.
- Ұрыны ұру
- Жылқыны қамшылау
- Бойсұнбаған адамдарын жасқау
- Ат үстінен қасқыр, түлкі, қоян аулау
- Кішігірім айқастар
- Жараған бурадан қорғану
- Зиянкес рухтарды қуалау (Сарала қамшы)
- Қылмыскерді жазалау
- Хат алмасу құралы. Қуыс сапты қамшының ішіне хат жасыру.
- Бұйрықты жеткізу құралы. Қуыс сапты алтын қамшының ішіне бұйрық хатты салу.
- Қанжар жасыру құралы. Қуыс сапты қамшының сабын қын қылып, оның ішіне қанжар, пышақ жасырып жүру.
- Еркектік белгісі. Бұрынғының еркек кіндіктілері үнемі жанынан қамшы тастамай жүруге дағдыланған
- Асау үйретуде оның бүлдіргесін ат ерніне кигізіп, сабымен бұрау салады. Мұны «шұра салу» дейді.
Қамшының қазақтар ішіндегі түрлері:
- Сарала қамшы, жез қамшы, сарыбас қамшы, жезмойнақ қамшы
- Әшекейлі ақ қамшы
- Атбас алтын қамшы
- Шашақты қамшы
- Дырау қамшы, Дүр қамшы, Дүре қамшы, Дыр қамшы
- Дөкір қамшы, Дөкір қамшы
- Қайыс қамшылар: қайыс қамшы, бәйге қамшы, ат қамшы, түйе қамшы, арба қамшы, соқа қамшы, күдері қамшы, тай қамшы.
- Ұзындығына қарай: атсоғар қамшы, шыбыртқы немесе сықпыртқы
- Жортуыл қамшы
- Білеу қамшы
- Борбас қамшы
- Орама сапты қамшы
- Өзекті қамшы
- Жалғыз таспа қамшы
- Шырмауық көз бишік
- Торсылдақ қамшы
- Қыл ұшты балақпан
- Қаз ұялы қамшы
- Біртартар
- Бесқасқа
- Мүйіз тұтқалы қамшы
Қамшының құрылымы:
- Қамшының сабы
- Қамшының дүмі (басы)
- Қамшының мойны
- Қамшының тұтамы (тұтқасы)
- Қамшының бүлдіргесі
- Қамшының бауырдағы
- Қамшының бүркеншегі
- Қамшының мойнағы
- Қамшының бунағы
- Қамшының шырмауығы
- Қамшы өрімнің ұшығы
- Қамшының түйіні
- Қамшының таңдайы
- Қамшының тілшесі
- Қамшының кекілдігі
- Қамшының алақаны
- Қамшының бекітпе желкелігі
- Қамшының үзбесі
- Қамшының шажамайы
- Қамшының шашақтары
- Қолдың шашағы.
Қамшымен соғудың, ұрудың көптеген әдістері болған. Олар мыналар:
- Қамшы үйіру
- Қамшы білеу
- Қамшымен жасқау
- Сипай қамшылау, сыбай қамшылау
- Аялап тарту
- Батыра қамшылау
- Орап тарту
- Шықпырту, сықпырту
- Оса тарту, осып жіберу
- Тіле тарту
- Баса тарту
- Көсіп жіберу
- Серпе тарту
- Көсите тарту, көстеңдету
- Салып қалу
- Сілтеп қалу
Мүбарак Көкбөрі, ақын
Фото интернеттен алынды.