Қарақалпақстанда киіз үй жабдықтары қазақша ою-өрнектермен безендіріледі

Өрмек тоқу  ісі – қазақ даласында кең тараған өнердің бір түрі. Десек те, бүгінгі күнде өрмек тоқуды кәсіп еткендер болмаса, жалпы халықтың бұл өнер түрін  ұмыта бастағаны шындық. Дала тұрмысынан әлі ажырай қоймаған шет елдегі қазақтар арасында өрмек тоқып, киіз үйдің жабдықтарын жасаумен айналысып отырғандар баршылық. Біз Қарақалпақстанға барған сапарымызда Шымбай қаласында өрмекшілік өнерді ұстанып, балаларын да осы өнерге баулып, отбасылық кәсіпке айналдырған 90 жастағы қария Пердегүл Бәйленқызымен және немересі Серік Асқарұлымен әңгімелестік.

 

–  Пердегүл апа, өрмек тоқу, құр тоқу бұл күндері ұмытылып барады деуге болады. Сіздер Қарақалпақстан аймағында отбасыңызбен қазақтың өрмек тоқу ісін жалғастырып, дамытып отырсыздар. Бұл өнер түрін қалай үйренген едіңіз?

– Біз осы Шымбай ауданындағы «Үшінші ауыл» деген жерде туып-өстік. Өрмек тоқуды кішкене күнімізден аналарымыздан, әжелерімізден үйреніп, өрмекке салынатын барлық ою-өрнектерді меңгеріп алдық. Кейіннен оны қыздарыма, келіндеріме, немерелеріме де үйреттім.  Құдайға шүкір, бүгінде келіндерім де, қыздарым да өрмекті кәсіп етіп отыр. Серік деген немерем де өрмек тоқуды үйреніп алды. Қазір жап-жақсы тоқып, осы өңірге әйгілі өрмекшілердің біріне айналды. Немере қыздарым да тоқиды, бәрі үйреніп жатыр.

– Өрмек тоқу үшін әжелеріміздің жіпті ұршықпен иіргенін, бояу үшін жіпті тайқазанға салып қайнатқанын көріп өстік. Өрмек тоқу көп уақытты, көп қажырқайратты талап ететін өнер екенін білеміз.  Қазіргі уақытта дайын жіптер көбейіп, жіпті ұршықпен иіретіндер азайып кеткендей көрінеді. Технологияның дамуымен өрмек тоқу ісі жеңілдеді ме, халық өрмекте тоқылған қандай бұйымдарға қызығушылық танытып жүр?

– Бұрын жабағы жүн, күзеу жүнді, өрмекке керек мақтаны жинастырып, оны сабап, түтіп, шүйкелеп, ұршықпен иіріп, дайын болған жіпті бояуға салып, өрмек, тоқыма жіптерін көп машақатпен жасайтын едік. Қазір енді бейнет жеңілдеді, өрмекке керек жіптерді сатып та аламыз. Бірақ өрмегіміз сол бұрынғы ата-бабамыздан қалған өрмектің түрі. Бала күнімізде үйренген ескі әдістермен алаша, басарқан, қызылбау, ақбау, белбау тәрізді т.б. киіз үйге керекті  жабдық түрлерінің бәрін  тоқимыз. Қазіргі уақытта киіз үйді тұрмыс-тіршілік үшін емес, демалыс орындары үшін тігеді, безендіреді. Бізге негізгі сұраныстар Қарақалпақстан мен Қазақстандағы мейрамхана, демалыс орындарының иелерінен түседі. Қазіргі уақытта демалыс орындарына киіз үй тігіп, оны ескі үлгіде жабдықтау біз жақта, Бесқалада сәнге айналды.

– Қарақалпақ ұлтымен аралас-құралас отырсыздар ғой. Сіздер тоқып жатқан киіз үй жабдықтарының ою-өрнектеріне қарақалпақ  өрнектері араласып кеткен жоқ па?

– Әр халықпен араласып отырғанымызбен, біз тоқып жатқан алаша, басарқан, қызылбау, ақбау, белбаулардың ою-өрнектеріне өзге халықтардың әсері жоқ. Бүгінгі өрмек тоқушылардан қарақалпақша нақыстағы өрмек бұйымдары көп сұрала бермейді. Бұл жабдықтарға  салынатын қарақалпақша ою-өрнектер ұмытылып кеткен. Сондықтан, Қарақалпақстандағы киіз үйлер негізінен қазақша ою-өрнектермен безендіріледі. Қарақалпақша ою-өрнекпен тоқылған қызылбау, ақбаулар мұражайларда ғана кездеседі. Бұл жақта дәмхана, демалыс орындарында киіз үйді көп тігетінін айттым ғой, соның бәрінде қазақи ою-өрнектер салынады. Былтыр мұражай қызметкерлері іздеп келген еді. «Сіздер қазақи ою-өрнектермен тоқып жатыр екенсіздер, бізге қарақалпақша нақыспен тоқып бере аласыздар ма?» деген өтінішін айтып, ою-өрнектер туралы жазылған кітаптарын әкеліп берді. Біз қарақалпақша нақыспен тоқып көрейік дегенімізбен, тоқи алмадық.

– Енді киіз үйді безендіруге арналған бұйымдардың атауы мен қызметіне тоқталсақ…

– Киіз үй жабдықтарының атаулары әр өңірде әр түрлі аталуы мүмкін. Мен біздегі атаулары бойынша айтайын. Киіз керегесіне уықты тізіп байлап қоятын «тізбетаңғыш» деген болады. Мысалы, үй алты қанат болса, онда алты кереге мен сықырлауықтың екі қапталы бар. Жалпы, жеті метр «тізбетаңғыштың» жетеуі керек болады, керегелерді біріктіретін баулары да бар.

Алты қанатта жеті белдік болады. Олар ою-өрнексіз болады, оны да тоқимыз. Уықтарды тізіп байлайтын тізбенің өрнектерін «сырға теру» деп атайды. Уықтың үстіне жабылатын киіз «үзік» деп аталады.  Айтайын дегенім,  үзікке алты қызылқұр, алты аққұр тігіледі. Екі үзіктің артқы жағын қызылқұр, ал маңдайша жағындағысын аққұр ұстайды, тартып байланады. Ортасына түсетін белбау дегені бар, ені бір қарыстай болады.   Қызылқұрдың ені он бес сантиметр шамасында болады. Үзіктің екі жағына  қызылқұр үшеу-үшеуден алтау болып, айқасып түседі, алты қанат үйде бес метрден, жалпы отыз метр қызылқұр болады. Аққұр үзіктің сыртында, маңдайшада тұрады. Ол да қызылқұр сияқты  байланады. Ал енді керегені жабатын киізді «туырлық» дейміз. Үзік пен туырлықтың біріккен жеріне сыртынан ақбасқұр тартылса, үй ішінен қызылбасқұр тартылады. Ақбасқұр енділеу болады, отыз бес сантиметрдей, тіпті екі қарысқа шамалас. Алты қанат үйге он тоғыз метр ақбасқұр керек. Шаңырақтан төмен түсіп тұратын желбаудың өзі «уықбау», «жанбау» деп бөлінеді. «Басарқан» деген болады. Белбаудың сабағының саны – жиырма үш, жиырма екі, жиырма бес болады.

Үзіктің сыртында айқасып тұратын  ақбау деген бар. Оның өрмектегі сабағын,  жуан болса, он екі, он үш етеміз. Жіңішкелеу болса, он бес қыламыз. Бұл ақбаудың жиегіне түсетін  қызылдан, қарадан тоқылатын жіпті қоспағанда. Өрмектің жіп санын  айтқанда, біз көбіне тағын санаймыз, негізі жұптан да саналады. Бірақ, тақ жіптің есебін айта береміз. Өрмек құрғанда үш қазықтың арасына жіп жүгіртіледі де, арқаудағы жіптер әр тартқанда сабағы айқасып, біреуі астына, біреуі үстіне түседі. Осылайша, киіз үй жабдықтарын, одан бөлек, терме, алаша да тоқимыз

– Ал енді өнеріңізді жалғастырушы немереңізді әңгімеге тартсақ. Серік Асқарұлы, әжеңізден өрмек тоқу өнерін үйренген екенсіз. Қазақтың ертедегі ұғымында түстердің өзіндік мағынасы бар. Мысалы, қыздар қызыл орамал, келіншектер ақ орамал тартқан. Сол сияқты басарқан, қызылбау, ақбау, желбау, белбауларға жасыл, қызыл түстерді пайдаланған. Ал тиым салынған түр-түстер  бар ма?

– Өте дұрыс ұғым. Қызылбауға қара мен қызыл түс пайдаланылады. Түрін өзгертіп, қараның орнына жасыл түсті де пайдалануға болады. Тапсырыс берушінің талғамына қарай да түстерін өзгерте береміз. Байқасаңыз, негізі бұрын сары түсті  көп қолданбаған. Ал қазіргі уақытта сары түсті сала беретін болды. Қазір енді түстердің мән-мағынасы көп ескеріле бермей, жай ғана әсемдігіне басымдық беріліп кетті.

– Қазақтың тұскиіз, текемет, алаша, сырмақ сияқты әрбір төсенішіндегі ою-өрнегінің өз атаулары бар. Тіпті, адам байқай бермейтін кішкентай нақыстар да өз алдына атауларға ие. Сіздер өрмек тоқу барысында қандай нақыстардың пайдаланып жүрсіздер? 

– Иә, ою-өрнектің атауы көп қой. Өрмекте «собылық» деген бар. Сосын «ирекей» деген бар, «ирекейдің» екі түрі болады, бірінің басына қалпағын саламыз, салмайтын түрі де бар. «Қошқар мүйіз» мұнда да салынады. «Керегекөз», «балықкөз», «қисық мүйіз» деген де ою түрлерін саламыз. Сосын бесеуден, біреуден теретін үлкен Х формасындағы өрнектер де қолданылады.  «Балықкөз» – жаңағы «ерекейдің» басына салатын майда нақыс, оны «қиса» деп те айтады. Өрмек тоқып отырғанда бір оюдан бір ою туындап кете береді. Әрбір құрдың өзіне тән ою-өрнектері болады. Мысалы, қызылбау мен желбаудікі ұқсамайды. Ені де басқаша, қызылбау – он бес сантиметр болса, желбау – он сантиметр болады. Соған қарап, сабақтарына қарай нақыстары шығады.

–Бір үйге керек жабдықтарды  тоқу үшін жалпы қанша уақыт жұмсайсыздар?

Мысалы, бір үйдің керек-жарағын тоқу үшін, бір адам тоқыса, бір айдай,  қол күші көп болса, он бес күндей уақыт кетеді.

– Бұл өнерді үйренуге деген жастардың қызығушылығы, ықыласы қалай?

 

Қызығушылық танытатын жастар бар болғанымен, бізде үлкен цех жоқ, сондықтан шәкірт болайық дейтін жастардың бәріне бірдей үйрете беруге мүмкіндігіміз болмай отыр. Апамыз Замира, жалпы әжемнің төрт қызы да үйлерінде өрмек тоқумен жеке айналысады. Келіншегім де, қарындасым да тоқиды. Басқа да үйренгісі келетін, сіздерге шәкірт болайық дейтін жастар да баршылық. Осылайша дәстүріміз жалғасып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет! Кәсібіңізге береке тілейміз.  

 

Әңгімелескен,

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,  ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Бөлісу: