Қарнақ Халфа медресесі жайында не білеміз?

Жастық шағым Оңтүстік Қазақстан облысының Қарнақ ауылында өтті. Сол жердегі Карл Маркс, қазіргі Махмұт Қашқари атындағы жалпы орта мектепте оқығанмын. Шамамен алтыншы не жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде Марксизм идеалын өте шынайы насихаттайтын тарихшы мұғаліміміз болатын еді.

Оның «Коммунизм тұсында техниканың өркендеуі сондай шыңға жетеді де, тракторшы үйінде отырып, далада жер айдап жатқан тракторды басқарады», – деген сөздері әлі есімде. Міне, арада біршама жылдар өтіп, коммунистік идеяның да бір өлі қиял екендігі айдай анық болды. Бірақ үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген марқұм ұстазымыздың айтқан сөздері, яғни техника өркендеуінің осындай дәрежедегі прогреске жетуіне бүгін бәріміз куә болып отырмыз. Жүз мың шақырым алыс Қарнақтағы досым Хусанмен күнде, күнара компьютермен бейнебайланыс арқылы дидар көрісіп, сұхбат құрамыз.

Он бес-жиырма жыл бұрын мұндай нәрселер барлығымызға да қиялдай көрінгені жасырын емес. Жақында  Хусан сондай сұхбаттарының бірінде Қарнақ елді-мекенінің  медреселері тұралы  менен бір мағлұмат жазып беруімді өтініш жасады.

Қарнақ елді-мекені ежелден оқу-ағарту орталығы, мәдениет ошағы болып есептелген. Өкінішке қарай, оның тарихы осы уақытқа дейін толық зерттелмеген. Базартөбеде археологиялық қазбалар да жүрмеген. Кейінгі жылдарда Қарнақ тарихына арналған екі кітап жарық көрді. Олардың бірін марқұм ұстазым Сулаймон Амиров жазып қалдырған және қолжазбаны оның перзенті Абдулхамид аға басылымға дайындаған. Екінші кітап Қарнақ ауылына мәшһүр дәрігер Йулдош Орзуметовтың қаламына тән. Бұл авторлар өздері тарихшы болмаса да, ауызша деректерден жиналған материалдар арқылы Қарнақ тарихын жазуға әрекет еткендер.

Кітапта жазылғанындай, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бұрын ауылда төрт медресе болған. Бұл медреселердің әрқайсысының өз тарихы бар және олардың әрбірі туралы болашақта ғылыми жұмыстар жүргізіліп, мақалалар, кітаптар жазылатынына күмәнім жоқ. Бұл мақаламда осындай оқу-ағарту ошақтарының бірі – Халфа (ауыл диалектісінде – Халпа) медресесі жөніндегі ізденуім нәтижесінде жиналған мағлұматтарды оқырмандарға ұсынамын.

Халфа медресесінің негізін ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Хафиз молда және оның ұлы Оймухаммад молда (лақаптары – Қозы қожа, Қозы молда, Қозы Туркистони) салған. Хафиз молда туралы қазір ауыз толтырып ештеңе айта алмасақ та, оның ұлы Қозы молда және ол ашқан медресе туралы ауызша, бәлкім жазбаша да мағлұматтар бар. Қарнақ тарихының авторы Сулаймон Амировтың жазуынша, Халфа медресесінде Қызылжар, Қарағанды, Атбасар сияқты қалалардан келген 200-ден астам қазақ жігіттері тәлім алған. Солардың бірі – атақты ақын, араб-парсы тілдерінің білгірі Мұса Байзақұлы (1849-1932). Қазақтан шыққан атақты кісілердің өмірбаянын жазатын Интернеттегі «Ardaktylar (Ардақтылар)» сайтындағы мәліметтерге көз жүгіртсек, Мұса Байзақұлы «Қарнақ елді-мекенінде Қозы молда медресесінде оқыған» (қараңыз: http://ardaktylar.kz/persons/msa-bajzaly/). «Ел» деп аталатын сайттан да соған ұқсас мәліметті ұшыраттық: «Мұсабек Байзақұлы… Қарнақ деген қыстақта Қозы молла ашқан діни медреседе білім алады» (қараңыз: http://el/bm4471). Бұдан басқа, Шортанбай Қанайұлы (1808-1881), Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) және Сары молда, жезқазғандық Балмағамбет Балқыбайұлы сияқты қазақ халқының атақты зиялылары да Қарнақта тәлім алған.

Қарнақ елді-мекеніне ұзақ қалалардан, ауылдардан ер балалар ғана емес, сонымен қатар, қыздар да осы медреседен білім алған.

Халфа медресесінде Қозы молдадан кейін оның перзенттері, немерелері Мухиддин халфа, Исомиддин халфа, Бадруддин халфалар дәріс береді. Үлкен мәртебеге және абыройға ие болған бұл кісілерді Қарнақ тұрғындары қазірге дейін құрметпен еске алады. Қозы молданың Қарнақта қалған немере-шөберелері де өздерінің діни білімдерін басқаларға жеткізуді сауап деп есептеген адамдар еді. Ислам дінінен тәлім беріп, Құран кәрімді үйреткен. 70-жылдардың аяғында да қазақ ауылдарынан Қарнаққа білім алуға келген жастарды ұшыратуға болатын еді. Солардың бірі – қарағандылық Оқас молда Қарнақта бір жыл өмір сүріп, Халфа медресесінің соңғы мударристерінің бірі Хабибулло молдадан (1977 жылы қайтыс болған) тәлім алған. Шәкірттерінің тағы бірі – Садуақас молда бүгінгі күнде Астана қаласындағы медреселердің бірінде басшылық етуде және Құран кәрімнен сабақ беруде.

Өз дәуірінің білімді ғалымы Оймухаммад молданы жастық шағында ата-анасы және жасы үлкен туысқандары «қўзи, қўзичоқ» деп еркелеткендері себепті ұлғайғанда «Қозы қожа», «Қозы молда» есімдерімен атақты болған. Қозы молда діни ілімдерді, Құран кәрімді және хадистерді білген, парсы, араб тілдерін жақсы меңгерген зиялы ғұлама еді.

Ол бірнеше ғылыми кітап жазған болса керек, бірақ қазір бізге мәлімі – «Хидаят ул-муттақийин» атты еңбегі. Оның қолжазба негізіндегі екі нұсқасы бар. Біріншісі Өзбекстан Ғылым академиясының Бируни атындағы Шығыстану институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. Екіншісін мен сақтап жүрген едім, өткен жылы Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық Кітапханасына тапсырдым.

Қозы молданың шығармасында атақты діни ақын Софы Аллаярдың (1644-1724) «Маслак ул-муттақийин» атты шығармасын парсыны түсінбейтін түркі оқушыларының ұсынуына байланысты аударма қылғандығы және оны «Хидаят ул-муттақийин» деп атаған болса да, шығарма парсыдан түркіге наср жолымен еркін аударылғанын айтады.

Филология ғылымдарының докторы Сайфиддин Сайфуллох және ғалым Акром Дехқон «Хидаят ул-муттақийин» шығармасының Науаи кітапханасында сақталған қолжазбасын басылымға дайындап, Өзбекстанда «Маслак ул-маттақайин» деген атпен 2012 жылы 5000 дана етіп шығарды. Онда Хафизұлы Қозы молда аудармашы ретінде көрсетілген.

Жақында досым, атақты шығыстанушы ғалым Ғулом Каримнан: «Сүйінші беріңіз, атаңыз туралы бір парсыша қолжазбада мағлұмат шығып қалды», – деген мазмұнда хат алдым. Қозы молда туралы қысқа мәлімет жазылған сол қолжазба парағын ол маған жіберіпті.

Қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақталған «Тарихи Хумулий» атты шығарма екен. Оның авторы – ХVІІІ ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың бастарында өмір сүрген ургуттық тарихшы ақын және Молда Жумақули Хумулий Самарқандий. Өз шығармасында Хумулий ХVІІІ ғасырдағы Бұхара әмірлігі тарихына байланысты оқиғаларды баян еткен. Оның жазуынша, маңғыттар сулаласының алғашқы әмірлері Мухаммад Рахимхон, Дониёлбий, Шохмурод Маъсум дәуірінде Самарқанда ілім дамып, көптеген ғұламалар жетіліп шыққан. Хумулий, Нақшбандия тариқатының сол дәуірдегі шейхы Мусохон Дехбидий (1709-1776) және оның халифалары (халфа) екендігін дәлелдеп, олар арасында Қозы Туркистоний де болғанын жазған. Хумулийдің жазуынша, Дехбидий және оның халифаларының барлығы Нақшбандия тариқатының Мужаддадия сулукінде болғандар. Мужаддадияға үндістандық Ахмад Сирхиндий (1564-1624) негіз салған және дінді азат етіп, Исламға қайту бұл ағымның негізгі мақсаттарының бірі болған.
Хумулий берген мәліметтер негізінде қорытындылайтын болсақ, Қозы молда білім алу мақсатында ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, анығырағы 1770-жылдар арасында Қарнақтан шығып, Самарқанға барған. Шейх Мусхон Дехбидийден тәлім алған және халифа дәрежесіне жеткен. Шәкірт ұзақ уақыт білім алып, керек ілімдерді иеленіп, ұстазының емтиханынан өтіп, ақ батасын алады. Халифа (халфа) сөзінің мағынасы «артында тұрушы», «орынбасар» деген мағынаны білдіреді.

Қозы молда Самарқаннан қайтқан соң Қарнақта ашқан медресесі «Халфа (халифа) медресесі» деген атпен мәшһүр болған. Осы медресе қазіргі тілмен айтатын болсақ, тіркеуден өткен және ондағы білім беру дәрежесі Самарқан, Бұхара медреселерінен қалыспайтын, абыройлы ілім орындарының бірі болған.
Қозы молдаға тиісті ескі кітаптардың бірінде оның араб емлесіндегі жеке мөрін ұшыраттық. Онда «Муфти-и шаръ-и шариф Ибн Хафиз молда Қозы молла» деп жазылған. Демек, Қозы молда муфти де болған, яғни мұсылмандар құрамына басшылық етумен және пәтуа берумен шұғылданған.

Қозы молданың «Хидаят ул-муттақийи» шығармасынан оның өте білімді адам болғандығын көре аламыз. Шығармада Құран кәрімнен аяттар және хадис-шәріптерді өте көп қолданады. Автордың түркі-шағатай, парсы, араб тілдерін өте жоғары меңгергенін байқаймыз.

Өкінішке қарай, кеңес дәуіріндегі коммунистік құрылыстың ақымақ атеистік саясаты және халықтарды діни көзқарастан бездіру идеясы арқылы көптеген ғұламаларымыздың есімдері ұмытыла жаздады. Хафизұлы Қозы молда да солардың қатарында. Оның өмірі және ол негіз салған Халфа медресесі тарихын зерттеу мақсатында ізденістер ары қарай жалғасын табады деген үміттеміз.

Акрам Хабибуллаев,
Блумингтон, АҚШ

 

Бөлісу: