Өзара жөн сұраса келе, бір-бірінен туыстық сезінетін қазақ «Қарға тамырлы қазақпыз» деп қояды. Бұл сөзді мың жылдардан бері жаттанды айтып келе жатса да, қауым бұл сөздің сырын ұмытып қалды. «Қарғада қандай тамыр?» десе, білмеймін деп басын шайқайды.
Біреудің жанынан өтуді жанай өту деп, маңды маңай деп, сөздің соңына ай жұрнағын жалғау көп сөздерімізде дәстүрге айналған. Тілімізде қаршыға деген кіші қыран құстың аты бар. Қазақ оны әлі де ықшамды саят түрлеріне пайдаланады. Осы қаршыға деген құстың бізден ауып, Анадолыға кеткен руларымызда «қаршығай» деген нұсқасы сақталған. Мұны «Селжұқ тарихы» кітабынан көруге болады. Тура сол сияқты, қараға ағашына жалғанған ай жалғауымен біз қараға ағашын қарағай деп жүрміз. Қаршыға мен қаршығайға, қараға мен қарағайға бір қараңыз. Қара ағаш деген сипатпен қойылған қараға, қарағай атауымен сипатталған бұл ағаштың жер бетінде ешқандай тамыры көзге шалдықпайды. Тарам-тарам тамыры жер астында, өте тереңде жатыр. Барлық тамыры жиылып, қараға ағашының түбінде тоғысады да ұлы діңді қалыптастырып қана қоймай, өзара жақын өскен қарағайлардың тамыры бір ағаштың тамырындай болып, бірігіп кетеді. Қазақтың әрбірі өз руын ардақтап, тіпті өз руын бөлек ұлт ретінде әспеттейтіндер бар. Тегіміз басқа тайпадан мүлдем бөлек деп түсініп, саяқтанатындар бар. Шын мәнінде, қазақтың бір ғана атадан тарайтын ешбір тайпасы жоқ. Руларымыз өзара кірігіп, әбден араласып кеткен. Қарағаның тұтасқан тамырына айналдық. Әр рудың түп шежіресін ақтарып қуаласаңыз, бәрі тоғысып қана қоймай, үлкен жақтан бәрінің бастау алатын ортақ тамыры бар. Сол тамырлар жер астында жетіліп, кемелденіп, тарамдалып, «Қазақ» деген алып бұтақты қараға ағашын қалыптастырады ғой!..
Қазақ осы ағаш арқылы осы қараға (қарағай) сияқты бір қарағанда шанжау-шанжау болып, бөлек өсіп тұрған сияқты, бірақ жақын тұрған топ қарағайдың жер астында өзара тұтасып, астасып, бір денеге айналып кеткен тамырындаймыз деп, «қараға тамырлы қазақпыз!» деп, бұл сөз тілдік айтылымда жеңілдеп, «қарға тамырлы қазақ» болып кетті.
Әйгілі Қазтуған жыраудың «Қарға бойлы Қазтуғанмын» деп айбындата қайталап көп айтатын жыр жолының әсілгі нұсқасы «Қараға бойлы Қазтуған» екені яғни қарағай бойлымын дегені өзінің ғасыр жасырған алкүрең жүзін ашыққа шығарады. «Қарғам!» деген еркелету сөзін «қарағым!» деп те айтатынымыз осындай тілдік үрдістен болған. Қазтуған жыраудың жырларының Қарға бойлымын демей, Қарағай бойлымын деп айтқан нұсқасы да ноғайлар арасында кезігеді. Жайықбойлық, Жембойлық дегендей, ол да Қарағайбойлық немесе Қарғабойлық деп Қарға, Қара деп аталған Астрахан жақтағы өзенді айтып тұр. Ол жерде Қарабайлы деп аталып тұрған бұл өзен сол Қарғабойлық деген тарихтан сыр шертеді. Қазтуған, міне, осы жердің адамы. Қарабойлықтан Қазақ хандығына келген қыпшақтар Қарабалық руын қалыптастырған.
Мүбарак Көкбөрі, ақын
Фото интернеттен алынды.