«Қасиетті Қазақстан» ғылыми экспедициясы Батыс Қазақстан облысында

«Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» атты тарихи-танымдық, далалық этнографиялық экспедициясы Батыс Қазақстан облысына ат басын тіреді. 

«Қасиетті Қазақстан» ҒЗО, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейінің ұйытқы болуымен өткізілген экспедиция құрамында ҚР Ұлттық музейінің мамандары, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері, тарихшылар, этнографтар сондай-ақ БАҚ өкілдері бар.

Экспедиция мүшелері Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музейінде  «Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» атты тақырыбы аясында Батыс Қазақстан өңірінің танымал өлкетанушылары, тарихшылары және археологтарымен бірлескен дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты Еліміздегі киелі нысандар мен адамдар арасындағы байланыс. Киелі орындарды зерттеудің өзекті мәселелері, болашақ зерттеу жұмыстарының бағыттары айшықталды.

Дөңгелек үстелдің модераторы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бөлім басшысы Анар Екімбаева.

Дөңгелек үстел барысында «Қасиетті Қазақстан» ҒЗО мамандарының жергілікті өлкетанушылармен бірлестікте жазған еліміздің жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне қосымша тоталитарлық жүйеден хабар беретін тарихи орындарды да киелі нысандар тізбегіне қосу мәселесі көтерілді.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде БҚО тарих және археология орталығының меңгерушісі Жантас Набиоллаұлы тарихи – мәдени мұра ескерткіштерге қойылатын белгілерді біріздендіру, олардың ғылыми негіздемесін жасаудың маңызылдылығын атап өтті.

Еліміздің батыс өңірінде киелі жерлердің қатарына енген ескерткіштердің басым бөлігін діни-ғұрыптық нысандар құрайды. Бұл жерлерде діни туризм кең дамығандықтан, сол жерлерді қараушы болып отырған шырақшыларға қатысты ортақ ереже, шырақшының келбеті қандай болуы керектігі туралы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Сұрағанова Зубайда Кабиқызы өз сөзінде атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушы археолог мамандар, археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде алынған остеологиялық материаларды ғылыми сараптамадан өткізетін ғылыми орталықтың қажеттілігін атап өтті.

Жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы мамандар қасиетті орындардың 3D моделін жасау, ескерткіштердің цифрлы төлқұжатын жасаудың бүгінгі күннің талабы екендігін айта отырып, осы бағытта «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бастап отырған істеріне оң бағаларын берді.

Орал қаласында өткен дөңгелек үстел еліміздіге қасиетті нысандарға қатысты қордаланған мәселелерді жаңа қырынан қарастырып, болашақ зерттеулер мен жұмыстардың басым бағыттарын көрсеткен жиын болды.

Одан бөлек «Қасиетті Қазақстан» ғылыми – зерттеу орталығының экспедиция мүшелері Орал қаласындағы облыстық өлкетану музейнің қорларында жұмыс жасады. Қырықоба, Тақсай археологиялық ескерткіштеріне арнайы барып, БҚО тарих және археология орталығынының маманы Яна Лұқпанованың  Тақсай кешенінде жүргізіп отырған қазба жұмыстарымен танысып, жергілікті тұрғындардың Тақсай кешеніне қатысты көзқарастырмен танысып, барынша мол мағлұмат алып қайтты. Сондай-ақ, Орал – Ақтөбе тас жолының 75 шақырымында орналасқан Жұмағазы Хазіреттің (Дадем ата), шырақшы болып отырған, өзін Дадем атаның ұрпағымын деп таныстырған Ғарифолла Жанбозовтан сұхбат алып. Дадем ата, оның әулиелік қасиеттері туралы мағлұматтар жазылып алынды.

Батыс Қазақстан облысына жасалған экспедиция өзінің алдығы қойған міндеттерін толық орындады.

Алтынбек Бекнұр

Бөлісу: