Қазақтың қолөнерінің өмірге келуі халықпен, көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Халықтың ұлт екенін айыратын үш негізгі арнасы бар: тіл өнері, қолөнері және саз өнері екендігі айтылыпта жазылыпта жүр. Солардың ішінде ертеден келе жатқан өнер апаларымыз тігетін құрақ құрау, кілем-алаша тоқудың да өзіндік тарихы бар. Мәселен, екі түрлі матаны бір-бірімен қиылыстыра тігетін болсақ, қарапайым ғана құрақ шығады.Абай атамыз айтқан бес дұшпанның бірі – ысырап болса, өнердің бұл саласы сол ысырапшылыққа жол бермейді.

Қазақ қолөнерінің ішінде құрақты тарих бетінен саралар  болсақ,  ең көне бұйым болып табылатын пэчворк техникасы, ең алғаш рет шыт отаны – Индия елінен табылған. Ерте заманда құрастырылған киімдерді кедей, нашар тұратын адамдар киген. Ал қазіргі таңда құрастырылған киімдерді авангард стилінде пайдаланады. Каирдің Булат мұражайында қарақұйрық терісінен құрап тігілген өрнектер әлі күнге дейін сақталған, ал Токио мұражайының бірінде Майома Әдонің (1569-1867) асыл тастар мен түрлі маталардың қиындыларынан құрап тігілген киімі әлі күнге дейін сақталған. Демек құрақтар тек кедейлер емес байдың, ханның үйінде де одан жамылғы көрпелер, киімдер тігілгендігінің айғағы,  Орта Азия халықтары қазақ пен қырғызда – «құрақ», Ресейде – мозайка немесе «ляпочка» деп, ал ағылшынша «квилт» деп, Жапон халқында «сашико» деп аталады. АҚШ, Германия, Швеция сияқты елдің мұражайларында құрақ бұйымдарының коллекциясы бар. Ал қазақ халқының тұрмыс тіршілігінен хабар беретін бір қатар бұйымдар Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейде сақталған.  Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазынасының бірі. Ол келер ұрпақ тәрбиесінде баланың ой санасына жаңа заман талаптарымен үндесе тарап ақыл-ойды асқарға, қиялды-қияға жетелейтін киелі мұра.

Қасиетті қазақ халқының, соның ішінде әйел адамдардың қолдарынан шыққан қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде жатыр. Ол кең байтақ жерімізді мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн тәрізді көне түрік тайпаларының мәдениетінен арқау алады. Және де оған Оңтүстік-Сібір, Орта Азия мен Ресей халықтарының да мәдениеті өз әсерін тигізген. Осындай үнемі жаңғыру үстінде болған қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХХ ғасырдың басы.

Міне, осындай әжелер аманатының бізге үйретіп кеткен мұрасын, сарқылмайтын өнерімізді жалғастырушы қазіргі кезде зейнеткерлікке шықсада қолөнерден қолын үзбеген Түркістан облысы, Отырар ауданы, Көкмардан ауылының тұрғыны Әлімқұл Сәрсенкүл апамен қолынан шыққан төл туындыларын болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатындағы сұхбаттасқан болатынбыз. Шебер апамыз Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында 1955 жылы дүниеге келген, 1972 жылы аудан орталығындағы қазіргі Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматыдағы қазақтың мемлекеттік қыздар педегогикалық университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1976 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Жоғары оқу орнын бітірген соң Көкмардан ауылындағы Көкмардан жалпы орта мектебіне физика пәнінен еңбек жолын бастап, 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейінгі 40 жылға таяу уақыттың 13 жылын физика пәнінен ұстаздық етсе, қалған бөлігін еңбек пәнінінің мұғалімі болып жалғастырған екен. Еңбектен сабақ беруінің себебі, жастайынан ұлттық қолөнерге жақын болғандығынан болса, екінші бір себебі шеберлік  әжесінен дарыған екен, өйткені ол кісі қазақтың ұлттық бұйымдарының ішінде текемет басу, алаша тоқу, кілем тоқу және көйлек, шапан, тон тігу, сонымен қатар құрақ көрпешелер тігумен айналысқан болатын. Міне, осы өнерді күнделікті әжесінен көріп өскен Сәрсенкүл апа, үлкен жеңгелерінің айтуы бойынша 5 жасынан бастап қолына қайшы ұстап маталарды қиып, әртүрлі бұйымдарды тігіп берген, ал тігін машинесіне 1 сыныпта отырып, ал алғашқы көйлекті 4 сыныпта тігіп кисе, міне, содан бері көйлек, юбка-костюмдер және тоқыма жіппен кез келген қажетті бұйымдарды тоқып киетіндігін, сонымен қатар құрақтың түр-түрін құрайтындығы туралы айтып өтті. Мектепте еңбек пәнінен сабақ беріп жүріп, қыздарға қазақтың ұлттық қолөнерін үйретуді мақсат етіп қойып, күнделікті сабағында текемет басу, кілем тоқу, алаша тоқу, сырмақ сырудың барлығын жастарға үйретіп келеді

Қазіргі таңда, 1 ұл, 2 қызынан немерелер сүйіп отырған Сәрсенкүл апа зейнеткерлікке шықса да сүйікті ісінен бір сәт қол үзбеген, қыздардың жасауын жасап, құрақ көрпеше, жапқыштар құрап отырады.  Жалпы қандай да бір қолөнер түрін алатын болсақ, бабаларымыз ырымдап, жақсы бір тілекпен ниеттеніп жасаған. Сондай бір игі тілектің бірі апа-әжелеріміздің құрақ құрай отырып, қыз-немересіне арналған құрақты: «Отан болып құралып кетсін, өсіп-өнсін» деген ниетпен жасауы. Міне, осындай таңғажайыбымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасаушы Сәрсенкүл апа құрақ көрпеше мен құрақ жапқышқа көбіне, қазіргі уақыт талабына сай жаңа үлгідегі «сегізжапырақ», «қызғалдақ», «ботакөз», «тырнақатар», «аққу», «шахмат», «гүлқұрақ», «жұлдыз» өрнектерін қиялына қарай үйлестіріп, құрап тігеді. Сондай-ақ, Сәрсенкүл апа ұлттық өнерімізді жалғастырушы ізбасарлар тәрбиелеп отыр,   осындай құндылықтарымызды дәріптейтін, ұлықтайтын ісмер апа-әжелеріміздің арқасында қазақтың қолөнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып мәңгі жасайды десек қателеспейміз.

Г.Ж.Маябасова, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері 

Бөлісу: