Қосай-Күшік елінің Совет кезеңіндегі тарихынан

Ақкөл – Балқаш. 1930 жылдың сәуірі

 

Қосай-Күшік елінің қалың орналасқан тұсы – Ақкөл өңірі. Ақкөл ауданының 1930 жылдың қарсаңында 25 мың адамы бар 5 мың шаңырағы болды. Халқының негізгі күнкөріс көзі көшпелі мал шаруашылығы еді.

1928 жылға дейін алыс түкпірдегі өңір ретінде мұнда аласапыран советтік өзгерістер жете қоймаған. Осы жылы ғана бұл өңір Балқаш ауданы аталып, орталығы болып Ақкөл елді мекені белгіленіп, аудандық партия комитеті мен советтердің аудандық атқару комитеті құрылады. Аудан бұл кезде 10 ауылдан тұратын. Сонымен, 1928 жылы ұйымдастырылған аудан басшылығына жүктелген негізгі міндет жергілікті халықты тез арада колхоздарға (серіктестіктерге) ұйымдастырылып, осымен бір мезгілде оның көшпелі өмір салтын өзгертіп, отырықшы тұрмысқа көшіру болды. Осындай түбегейлі өзгерістерге ілесе, тура осы 1928 жылы ауқаттылардың малын тәркілеу, яғни жеке қожалық меншігін, мал-мүлкін мəжбүрлеу арқылы өтеусіз мемлекет (яғни, колхоз) меншігіне алу шарасы келіп жетті. Осындай төтенше шаралармен бір мезгілде халықтан үздіксіз астық жəне ет салығын жинау ісі жүргізілді. Көтеріліс болып өткен 1930 жыл жалпы Қазақ елі үшін өте ауыр кезең болғандығы, мəселен, советтік басшылықтың ұлт өмірін реформалау ісінде өте қауіпті жолға түсіп, оның апатты салдары өзін таныта бастаған мезгіл еді. Большевиктік басшылықтың қазақ халқы үшін қауіпті ұстанымы алдымен оның экономикалық саясатынан байқалды. Орталық билік, мəселен, батыс елдерінен жаңа технология мен заводтар алу үшін ресейлік шаруалардың ең соңғы тұқымдық дəнін тартып алуға барса, одан да өтіп кеткен қатыгез ұстанымын Қазақстан сияқты ұлттық аймақтарда да көрсетті. Қазақ ауылдары мен селоларындағы жеке қожалықтарға салынған астық жəне ет салығы соның көрінісі болатын. Ауыл өміріне жасалған қиянаттың ең сорақы түрі жеке қожалықтарға тиесілі малды тəркілеу саясаты болды. Тəркілеу үдерісі басым түрде саяси мақсаттарды көздеді, яғни ол ең алдымен билікке қарсылық көрсете алуы мүмкін деген ауқатты қожалықтарға қатысты жүргізілді. Сондықтан да тəркілеуге көп жағдайда орта жəне кедей шаруа қожалықтары тартылды.

Күштеу арқылы жүргізілген колхоздастыру жəне отырықшыландыру, 20- жылдардың соңына қарай тынымсыз жалғасқан астық жəне ет салығы, қанаушы, үстем таптарды жою ұраны арқылы жүргізілген тəркілеу саясаты нəтижесінде қарапайым халық пен өкімет өзара жаулық, тіптен соғыс жағдайына жетті.

Ақкөлдегі көтеріліс қарсаңында, яғни, 1930 жылғы 5 наурызда партияның Қазақ өлкелік комитетінің бірінші басшысы Ф.Голощекин И.Сталинге жолдаған жабық хатында Қазақстандағы саяси-экономикалық жағдайға тоқталып, «1 санат (контрреволюциялық актив – авт.) бойынша, 5 наурызға дейін 3113 адам тұтқындалды. Олардың ісі əзірге қарала қойған жоқ. ІІ санатқа (өкіметке қарсы басқа да элементтер – авт.) қатысты бүтіндей ұжымдастырумен қамтылған 16 ауданда жұмыстар жүргізілуде… Алынған сандық мəліметке қарағанда ІІ санат бойынша, Қазақстаннан 2450 адам жер аударылуы тиіс… ІІІ санатқа (тұрған колхозынан тыс жерге қоныс аударуға жататындар – авт.) қатысты əзірге нақтылық жоқ.

Осы айтылғандарға қосарымыз, желтоқсан айы қарсаңында бізде астық даярлау ісі бойынша, 13 мың адам сотқа тартылып, олардың саны түрмелердің сиымдылығынан 4 есе асып түсті. Қалыптасқан жағдайдан шығудың жалғыз жолы тұтқындағылардың 4500-ін түрмеден басқа округтерге – ормандағы құрылыс материалдарын даярлау ісіне жіберу туралы шешімге келдік» [1, 41; 75], – деп көрсетті.

Осы құпия хатында Қазақ өлкесінің бірінші басшысы совет өкіметінің жүргізіп отырған саяси-экономикалық саясатына қоғамдағы қарсылықтың өршіп, оның қарулы көтеріліске ұласқанын мойындауға мəжбүр болып, сөзіне дəлел есебінде Сырдария округіндегі Созақ, Ақтөбе округіндегі Ырғыз ауданындағы, Семей округіндегі Өскемен жəне Зырян аудандарындағы Толстоухов бастаған көтерілістер туралы деректі келтірді.

Бұған қосымша, бірінші хатшы өкіметтің əлеуметтік-экономикалық саясатына үзілді-кесілді қарсылық танытқан халықтың көрші елдерге, əсіресе, Қытайдағы Шығыс Түркістан өңіріне үдере көшкендігін, соның нəтижесінде шекара күзетінде тұрған совет қарулы күштерімен қарулы қақтығысқа түскендігін хабарлауға да мəжбүр болды.

Жоғарыда айтылғандай Ф.Голощекиннің бұл хаты 1930 жылдың 5 наурызында жолданған. Ал Балқаш ауданы тұрғындарының наразылық көтерілісі 3 сəуірде басталып, оның басында Қармысов Көшербай (№2 ауылдан), Нұрабаев Əбдібек (Шоқпар ауданынан) жəне Жаңабаев Əмірбек (№3 ауылдан) сияқты əлеуметтік тегі тұрғысынан ешқандай да бай емес, кедей жəне орта шаруа адамдары тұрды. Шамамен 400 адамдық қол 6 сəуір күні аудан орталығы Ақкөлге келіп кірді. Аудандық партия ұйымы, атқару комитеті, милиция басшылығы қарулы қарсылық ұйымдастыруға бармады, халықтың наразылығы алдында өздерін дəрменсіз сезінді. Көтерілісшілер жиналысында бұрынғы атқарушы билікті таратып, оның орнына ауданның 6 адамынан тұрған уақытша өкіметін сайлайды. Оны Əбдібек Нұрабаев басқарды. Құрылған үкіметтің қызметіне бақылау жасау үшін 6 адамнан тұрған комиссия белгіленді [2, 314].

Жиналыста көтерілісшілер Алматыға, яғни Республика басшылығына өкілдер жіберіп өздерінің «совет өкіметіне қарсы еместігін, тек тез арада асыра сілтеушілікті, қиянатты тоқтату жағында екендіктерін жеткізуді» ұсынды.

Көтерілісті басуға шыққан қарулы əскердің келе жатқаны туралы хабар жеткен соң наразылық актісіне шыққандар екіге жарылып, бір бөлігі ауылдарына тарап, екінші бөлігі ОГПУ отрядының алдынан шығып, оны бейбіт түрде қарсы алады. Сонымен, көтеріліс 16 сəуірде аяқталады.

Ақкөл көтерілісінің ізін ала, сонда болып, өңірдегі жағдайды қағазға түсіріп, баяндаған екі құжат бар. Олардың бірі – республикалық басшылық тарапынан жергілікті жағдаймен танысып, оны ретке келтіру мақсатында арнайы шығарылған комиссияның жетекшісі Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Елтай Ерназаровтың 1930 жылғы 21 сəуір күні Ақкөлден Алматыдағы Ф.Голощекиннің атына жіберген есеп-хаты [3]. Ал екіншісі – көтерілісті күшпен басуға арнайы шығарылған ОГПУ отрядының бастығы Гаммидің Республикадағы ОГПУ басшысы Даниловскийге жіберген жедел есебі [4]. Есеп сол жылғы 27 сəуірде жазылған.

Бұл екі құжат авторларына жүктелген міндет, əрине, əр түрлі. Соған байланысты, олардың көтеріліске қатысты көзқарастары мен оған қатысқан тұлғалар туралы пікірлерінде де көзге ұрып тұрған айырмашылықтар бар. Оны елеусіз қалдыру, əрине, мүмкін емес.

Сонымен, алдымен осы екі құжатқа жəне басқа да дерек көздеріне сүйене отырып, Ақкөл көтерілісінің жай-жапсарына қысқа да болса тоқталайық.

Көтерілістің қашан басталып, қашан аяқталғаны Гаммидің есебінде баяндалған, соған қатысты оқиғаға алдымен осы дереккөзі арқылы тоқталайық. Сонымен бірге, бұл құжаттың мынадай бір ерекшелігіне көңіл аударғанымыз жөн. Есеп «олар» жəне «біз» деген ұстаным арқылы, «байлар» аталған бітіспес жауды ешқандай да ымырасыз басып-жаншу мақсатында шығарылған əскер отрядының бастығының ұстанымы тұрғысынан жазылған. Мұндай ұстаным 1929-1931 жж. аралығында орын алған көтерілістерді басуға шығарылған əскер экспедициялары тарапынан даярланған есептердің бəріне тəн.

Есеп авторының түсінігінде Ақкөл көтерілісі советтік билікке деген жаулық ұстанымдағы байлар, атқамінерлер тарапынан 1929 жылдан бастап даярланған. Байлар мен атқамінерлердің ықпалына кейбір кедейлер де түсіп, «біз, кедейлер байларсыз өмір сүре алмаймыз» деген көзқараста болған. Мəселен, көрші Шоқпар ауданының кедейі Дəрмен Жарылғапов 4-5 сəуір күндері Балқаш ауданының 1, 2 жəне 3-ауылдарына келіп, «көріп отырсыңдар ғой, совет өкіметі қазақтың малын тартып алып, елді аштыққа бастап отыр, қарсылық көрсетпесек қырыламыз, Шоқпар ауданы көтеріліске даярлық жүргізуде, бізді қолдаңдар, қарсылық көрсетіп мал-жанымызды қорғайық!», – деген мағынада үгіт-насихат жүргізеді.

Осы жағдайды баяндаған ОГПУ отрядының командирі астық даярлау жəне ұжымдастыру ісінде бар кінəні жоғарғы билікке емес, жергілікті белсенділерге аударып, солардың асыра сілтеушілігі деген тұжырымға жетелеп, егін екпейтін «орта жəне кедей тұрғындар астық салығын өтеу үшін сиыры мен жылқысын 2-3 пұт бидайға, қой басын 15-20 фунт бидайға» [5] айырбастауға мəжбүр болғандықтарын дерек ретінде келтіреді.

ОГПУ қызметкері Гаммиге кімде-кім совет өкіметінің саясатымен келісе алмай, қарсы шықса, олардың бəрі қазақ «байлары», яғни өзіндік пікірі мен ұстанымы барлардың бəрі де осы əлеуметтік топқа жатқызылуға тиіс еді. Көтеріліс барысында жəне соңында оны ұйымдастырушылар жəне оған белсене қатысқандар ретінде сотқа тартылып, жазаланғандардың түгелдей дерлік дүние-мүлкі мен меншігінің көлемі жағынан тіптен толыққанды орта шаруашылық иесі деп атауға да келмейтіндер еді. Көтерілісті ұйымдастырушылар да жəне оған белсенді түрде атсалысқандар да қарапайым қоғам мүшелері еді.

Мəселен, Гаммидің есебінде көтерілістің бас ұйымдастырушысы ретінде аталған Құрамысов Көшербайдың меншігінде 18 қой, 2 жылқы жəне 1 түйе болған. 6 жаннан тұратын отбасына бұл мал басы бір жылдық азық та бола алмайтын еді. Осы тұжырымды сот ісіне тартылып ең жоғарғы жəне басқа жаза түріне бұйырылғандардың бəріне қатысты айтуға болатын еді.

Ақкөлдік жəне шоқпарлық көтерілісшілердің билікке қарсы саналы түрде шыққандығын балқаштықтардың арнайы жазба түрінде үндеу даярлап, оны халық арасында таратқандықтарынан байқау қиын емес. Өкінішке орай үндеу мəтінін біз тергеу материалдарынан кездестіре алмадық. Осы есебінде Гамми Балқаш ауданындағы 3 ауылдың кедейі, аудандағы беделді азаматтардың бірі Əмірбек Жаңабаевтың 3 сəуір күні 26 адамнан тұратын қолмен аудан орталығы Ақкөлге келіп, қалыптасқан жағдаймен танысып, халықтың наразылығын күшпен басу мақсатында Алматыдан арнайы əскер құрамасы шығарылғанына көзі жеткен соң, күштердің тең еместігін түсініп, қолын таратып жібергенін жазады.

Елтай Ерназаров Ф.Голощекинге жолдаған есебінде 15 сəуір күні Іле стансасына келіп жеткендіктерін, ары Балқашқа бет алу үшін алдымен ОГПУ басшысы Даниловскиймен телефон арқылы сөйлесіп, ендігі уақытта мəселені бейбіт жолдармен, келіссөз арқылы шешуге күш салатындығын білдіреді.

Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы өзінің баяндамасында көзімен көріп, жанымен сезінген жергілікті жағдайды баяндайды. 1-ден, аудандағы колхоздар халықтың еркімен емес, əкімшілік жолмен, зорлау арқылы ұйымдастырылған; 2-ден, Іле ауданына қарайтын ауылдар түгелдей дерлік егін екпей, мал шаруашылығымен айналысатыны есепке алынбастан, барлық қожалықтарға астық салығы салынған; 3-ден, астық салығы жəне тұқымдық астық (семфонд) жинау шарасы орташалармен бірге, кедей қожалықтарды қамтыған, соған байланысты халық астық салығын өтеу үшін қолында қалған малын сатуға мəжбүр болған, осы себепті қолдағы мал басы 50 %-ға кеміп кеткен, орта шаруасы бар қожалықтар кедейленіп, ал кедейлері – батыраққа айналған, халық жартылай аштық жағдайында; 4-ден, ауылдық советтер өз қызметін білмейді, əкімшілік озбырлық жолына түсіп алған, мəселен, №15 ауылдың ауылдық советі өздерінің үстінен арызданушы тұрғындарды сотқа тарту əдісіне көшкен, осы ауылдың партия ұйымы ауыл молдасының əйелін партия қатарына алып, колхоз председателі етіп сайлаған.

Е.Ерназаров осындай ауыр жағдайды көзімен көре отырып, төтенше шешімге баруға мəжбүр болғандығын, яғни өлкелік партия комитетінің шешіміне сүйеніп, колхоздарды таратуға пəрмен бергендігін, ал ауыр жағдайға ұшыраған кедей жəне батырақ қожалықтарына астық тұқымымен көмектесуге қатысты шара қарастырғандығын, барлық астық жəне ет даярлайтын мекемелерге қатаң ескертулер жасағандықтарын баяндайды.

Міне, бұл ел ішінде қалыптасқан ауыр жағдайды сол күйінде Балқаш ауданына да байланысты айтуға болатын еді.

Е.Ерназаров көтерілісшілердің билік адамдарына да, басқаларға да ешқандай күш қолданбастан, тек аудандық советтік жəне партиялық басшылықты жоюмен, өздерінің талап-тілектерін білдірумен шектеліп, тарап кеткендіктерін, сонымен бірге, ел ішінде советтік билік тарапынан қуғын-сүргіндеу шараларының жүргізілуі мүмкін-ау деген үрей билеп алғандығын баяндайды. Оның алдын алу үшін аудан тұрғындары жергілікті ОГПУ органының талабын орындап, 300 аңшы мылтығы мен винтовкаларды тапсырып, аудан орталығын алған кезде талауға түскен мүлікті қайтарады. Дегенмен, бұл атқарылған шаралар да қуғын-сүргінге байланысты қауіпті тоқтата алған жоқ еді. Ел арасында осы кезде кең таралған байды батпаққа, орташаны орға, кедейді кеңірдекке деген сөздің негізсіз емес екендігін уақыт көрсетті.

Балқаш – Ақкөл көтерілісіне қатысқан жергілікті тұрғындардың 57-і сотқа тартылды, олардың 30-ы атылды. Біз көтеріліске қатысты баяндауымызды осы іске қатысты құжаттық материалдарды берумен аяқтауды жөн көрдік.

Осы ретте берілген құжаттық материалдарда көрсетілмеген, бірақ ОГПУ тарапынан ұсталған түні сотсыз-сұраусыз атылып, Ақкөлдегі сол кездегі почта үйінің астына көмілген он бір адамның тізімін, яғни, аты-жөнін келтіруді қажет деп таптық. Тізімді Ақкөл ауылының тұрғыны Сабанбай Қалмұратұлының берген мəліметіне сүйеніп, зерттеуші Зарыққан Əбілқасымұлы «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты» аталатын [3] кітабында келтірген:

  1. Оспанұлы Сыдық
  2. Көшербайұлы Сейсенбай
  3. Жұмықұлы Қыбырай
  4. Ысмайылұлы Байназар
  5. Бөкешбайұлы Қалжан
  6. Бəсібекұлы Жалдыбай
  7. Теңізбайұлы Нарбай
  8. Аңдасбайұлы Жолтабай
  9. Тастанбекұлы Молдажан
  10. Əрсенұлы Бұқа
  11. Жақыпұлы Малтабар__

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Трагедия казахского аула. 1928-1934. Т.2. 1929, январь 1932.

Сборник документов. Алматы, 2018. – С. 41, 75.

  1. История Казахстана. Алматы, 2010. Т. 4. – С.314.
  2. Қазақстан Республикасы президентінің Архиві 141-қ. 1-т. 2948-

іс, 94-98 п.п.; бұл құжат З.Əбілқасымұлының «Ақкөл көтерілісінің

ақиқаты» (А., 2018) кітабында берілген .(77-81 б.б.)

  1. ҚРПА, 141-қ, 1-т, 2955-іс, 4-6 п.п.
  2. Сонда.
  3. Əбілқасымов З. Аталған кітап. 45 б.
  4. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің архиві №22-іс. арх.

№012575 5-7 п.п.

  1. Сонда, 22 п.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,    академик

 

Бөлісу: