Қоңыр домбыра мен қара қобыздың сақшысы

2016 жылы еліміздің егемендік алғанына  25 жылдық мерекесі қарсаңында Ысқақ Райымбергенов (1929-1988) ұстазға ескерткіш тақтаның ашылуына байланысты өтетін шараға  шақырту алдым.

Көз алдыма ағамен кездескен кездерімді есіме түсіріп және  шәкірті Айнагүл Әлібаева берген  бір фотосуретті алып бармақшы болдым. Алайда аяқ астынан қан қысымым көтеріліп,  бара алмай қалдым, бірақ ойымда тұрды. Ақыры ойлана келе Ысқақ ағай мен Қалима апаймен және балаларымен  жақсы  жағдайда кездесіп,  олармен жүздесуден алған жағымды ұмытылмас әсер алғанымды жазуды жөн көрдім. Қолымдағы фотосурет  1960 жылы  Қазақ КСР-нің  40 жылдығына  арналған Ақтөбе педагогикалық училищесінің  байқауында  ұлт аспаптары оркестрін басқарып барған  Ысқақ аға ортада қобызын ұстап түскен. Осы суретте музейімізге әкелген  қобызды тани кеттім. Оркестрде  кілең жас қыздар домбырада,  ал ағайдың өзі  қобыз тартқаны көрініп тұр. Осы суретті  үлкен баласы, музыка маманы,  ұстаз Әбдірашитке  тапсырмақшы едім.

Ысқақ ағаймен 1976 жылдан таныс болдым. Бір күні қалалық мәдениет бөлімінде  жылы жүзді  ағай отыр екен:

– Қарындас, бір шаруамен келіп отырмын. Өзім педагогикалық училищеде музыкадан сабақ беремін. Биыл бір балам мектеп бітіріп, Алматыға консерваторияға оқуға баруға талпынып отыр. Сол балама демеуші қағаз сұрап келдім. Домбыраны жастайынан тартады,  өзім де баулып үйретіп едім, соны әрі қарай жетілдірсе деп армандаймын, – деп сыпайы жымиып сөзін аяқтады. Мен:

 – Аға, балаңыздың  талабы оң болсын, біз  сұраған қағызыңызды береміз. Консерваториядағы кәсіби мамандар біздің   жазып берген қағазымыздан гөрі  баланың қабілетіне қарайды ғой. Ақтөбеге өнерлі мамандар әрдайым қажет. Ертең дайындап қоямыз, дегенімде орнынан ұшып тұрып,   қуанышын жасыра алмай қолымнан ұстай алып, рахметін жаудырды.

1980 жылы мен  облыстық өлкетану музейіне жұмысқа ауыстым. Ол кезде қала шағын,  ағай да, мен де  қаланың ескі бөлігінде  тұрамыз. Сирек болса да көшеде кездесіп қалғанда, ағай  бір жақынын көргендей елгезектеніп амандасқанда,  ол кісінің бойынан  ауылдың ақжарқын адамының  жан жылуы,  риясыз жылылығы сезіліп тұратын.

Бір күні музейдегі  қарбалас жұмыс кезінде  Ысқақ ағай келіп,  қолтығына қысып ұстап келген ораулы затын    ақырындап ұстап столға қойып, әңгімесін бастады.

 – Қарындасым,  мынау ертеректе өз қолыммен  жасаған қобызым еді. Біраз уақыт пайдаландым. Қазіргі заманда қобыз көбейді, әрі  жастарға әдемі жасалғаны ұнайды ғой. Мынау қарапайым жасалған  болса да, үні өте жағымды. Әрі осы аспапты  өзімнен басқа ешкім тартпайды. Енді осы дүниемді  музейге тапсырмақпын. Сіздерде ұқыпты сақталатынына сенімді болғасын, келіп отырмын, – деді.  Бұл – қолға ұстауға өте ыңғайлы, әрі шағын  қобыз екен.

Шындығында, сол уақытта музей қорында қобыз аспаптары өте тапшы еді. Құжаттарын рәсімдеген соң бірден экспозицияға қойылып, тұсына «Ысқақ Райымбергеновтың  өзі жасаған қобызы» деп жазып қойдық.

Әбділхамит консерваторияны бітіріп, Алматыда өнер зерттеушісі болып қызмет етті.  Жазда  Ақтөбеге келгенінде  Бақыт Басығараев ағаймен, менімен араласып жүрді. Ол  Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы –Бақыт Басығараевты  қатты құрметтейтінін көрдім. Қазанғаптың күйлерін бірнеше сағат үзбей  тартқызып, әр күйдің шығу тарихын тыңдап, лекция-концерт өткізіп жатқандай болатын. Кейіннен консерваторияның ғалым-ұстаздарымен бірге келіп, осында  зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрді. Сол кездерде Қалима апаймен танысып, достасып кеттік. Бұлар – көп балалы отбасы екен. Қалима апай да ұстаз,  балалары шетінен өнерлі, кісі жатырқамайтын  көпшіл екен.

Өмір бір орнында тұра бермейді. Жұмыс ауыстырасың,  қоныс аударасың,  уақыт жылжып өте береді  ғой.

Тұңғыш немерем Айгүлді қазақша оқытайын деп, №6 мектепке алып келсем,  алдымнан жап-жас мұғалім – Ғалия Райымбергенова шыға келді (1959-1996). Ысқақ аға мен Қалима апаның тәрбиесінен түлеген  биязы, жарқылдап тұрған жан екен. Өзі орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі бола тұра,  орысша сөйлейтін бүлдіршіндерді тың  «Өнер бағдарламасымен» оқыта бастапты. Әрі әнші, әрі биші, домбыраны да шебер тартады. Сабақты өте қызықты етіп өткізіп, балаларды жанына үйіріп алады.  Сабақ үстінде оқушылар  апайының барлық қимыл-қозғалыстарын қайталап отырғанда, оның  сабақ жүргізу  шеберлігіне  қатты қызығатынмын.  Ғалияның  дәрістерін көрген сайын Ыбырай Алтынсариннің: «Жақсы мұғалімді  дүниедегі заттың бәрінен  де қымбат көремін» деген сөзі еріксіз есіме түседі.

Халқымыздың басынан өткен қилы заман, аударыс-төңкеріс, атыс-шабыс, аштық, қуғын-сүргін, одан соғыс,  соғыстан кейінгі жоқшылық халықты титықтатып жібергені  рас. Сол кезеңдерде өнер де жұтады. 1950 жылдары ауыл айналып бірде-бір домбыра таба алмайтын  күндер болған. Ал қобыз деген  мүлде атымен жоқ. 1920 жылдардың басында  ескілікті көксеушілер де  бақсылар жаппай қуғындала бастағанда,  құдіреттің киесінен үріккен, әрі  аспаптарының аяқ асты болуынан сескенген бақсылар  қобыздарын бейіттерге апарып көмген. Бірен-саран көмбегендері  сандықтың түбіне тығып  тастапты.

1958-1960 жылдары Ырғызға педагогикалық училищені бітірген  жас мұғалім қыздар келіп, мектепке орналасты. Бастауыш кластарда ән-күй сабағын жүргізді. Міне,  осы жылдары жастардың көптеп келуімен  аудандық клубта кешкі домбыра үйірмесі  жұмыс істей бастады. Бұлар елге келген  алғашқы музыкалық білімі бар қыздар еді. Осы қыздар  ауданның барлық ауылдарында жұмыс істеп, елдеріне кеткенше  балаларға домбыра тартуды үйретіп кетті. Ысқақ ұстаз шәкірттерін домбыраға  үйрете бастаған кезде,  өз қолымен жасаған  домбырасы мен қобызы ғана болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бірақ  жалғыз аспаппен сонша баланы қалай үйретемін деп бас қатырмай, шәкірттерін  тоқтаусыз өнерге баули берген. Сол заманда  бастаған ісінің аяқсыз қалмасын деп, әрі өсіп келе  жатқан буынның  халықтық музыкадан ажырап қалмауы үшін  барын салды. Ұстаздың   құмырсқаның ізіндей болса да ақырын жылжып,  келешекті ойлаған  көрегендігі өз жемісін берді.

 Қарап отырсақ, Ысқақ аға  үзілген өнерді жалғап,   шәкірттері арқылы  барлық өңірлерге  қоңыр домбыраның күмбірлеуіне жол салды. Нәтижесінде, 1960 жылдардың өзінде  біраз аудандарда ұлт-аспаптар оркестрі құрылып,  түрлі байқауларға қатысып,  өнер көрсетті.  Осы жылдары  домбыра да, қобыз да біртіндеп көбейген еді.

Қазақтың аяулы қызы Фариза  Оңғарсынованың «Адам баласының соңында қалатыны – отырған  тағының биіктігі, байлығы мен мансабы емес, кейін ел-жұрты бағалайтын, көңіліне сақтайтын  азаматтық істеген ісі, жан-жағына  жасаған жақсылығы» дегені  еске түседі.

Ысқақ ұстазды 40 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп,  оларды өнердің қыр-сырымен сусындатуға өзінің жан-жақты білімі, жинаған тәжірибесі,  өз ісіне деген адалдығы, әсіресе, болашаққа  деген сенімі алдаған жоқ. Қарапайым, қатардағы мұғалімнің ән-күй шығаруы, қолөнер шеберлігі, домбыра, қобыз жасауы, өнер саласын  зерттеушілігі, отбасы, бала тәрбиесі, мұның бәрі де біртіндеп өз жемісін берді.

Осы орайда Ыбырай Алтынсаринның  «…оқытушыларды  бағалағанда олардың еңбектерінің бетіне шыққан жемістеріне қарап, яғни оқушыларына  қарап бағалау керек» деген сөзі  өз мәнін бүгінге дейін жоғалтпағаны, маңыздылығы анық байқалады.

«Ақтөбе»  энциклопедиясының (2001ж.) 629-630 беттерінде әкелі-балалы Райымбергеновтар туралы  толық мағлұмат алуға болады. Абай бабамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға…» деген  даналық сөзіне сүйенсек,  Ысқақ ағаның ұстаздық  еңбегімен қатар қазақ өнерінің  жолын ашуда  төккен тері  босқа кетпегенін  көріп отырмыз. Алдағы уақытта Қазақ «ҚСР оқу-ағарту ісінің үздігі» Ысқақ Райымбергенов  шығармашылығын  зерттеп,  қалдырған мұрасымен   танысатын күн туатынына   бек сенемін.

Ысқақ  Райымбергенов  кәдімгі қарапайым мұғалім. Бірақ оның соңында  қалдырған еңбегі – қазақтың қасиетті домбырасын  ерінбей-жалықпай көпшілікке  табыстырушы ұлағатты ұстаз болғандығында.  Екіншіден, балаларын жастайынан өнерге баулып,  талантты ұрпақ өсірген өнегелі әке. Балалары әке арманын орындады. Райымбергеновтер әулеті  күйші, өнер зерттеушісі, ұстаз болып еліміздің мақтанышына айналды.

Рысжан ІЛИЯСОВА,Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өлкетанушы


Бөлісу: