Кендебай Қарабдалов – 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Көкмардан ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. 1981-1985 жылдары ауданда мектеп оқушыларына бейнелеу өнерінен сабақ берген. 1985-1988 және 1993-1996 жылдары Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде жұмыс істеген. 1990-1993 жылдары Шымкент-Дизайн өндірістік шығармашылық бірлестігінде, 1997-1999 жылдары «Шымкент келбеті» газетінде әр түрлі жауапты кызметтер атқарған. 1997 жылғы ЮНЕСКО көрмесінің бас жүлдесінің иегері. 2000 жылдан бастап облыстық әкімшіліктің Өнер ордасында жетекші маман болды. Көне Отырардың құмырашылық кәсібінің технологиясы мен дәстүрін қалпына келтірумен айналысады. 1985 жылдан халықаралық көрмелерге туындылары қойылып келеді. 2003 жылы Шымкент қаласында тұңғыш этнографиялық-туристік орталық Қылует-этномузейінің авторы әрі директоры.

  

***

– Кендебай мырза, сіз Көне Отырардың құмырашылық кәсібінің технологиясын зерделеп, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып келесіз. Археологиялық қазбалардан табылған көне құмыралардың зерттелуі қандай?

– Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, ертедегі Отырар өңірі қолөнерінің жоғары дәрежеде дамығанын көреміз. Сол кездердегі шеберлердің керамиканы игерудегі сырлары бізге әлі де беймәлім күйінде қалды. Археологиялық қазбалардан табылғаны – қираған керамикалық пештер, құмыраның сынықтары мен саз балшықтан жасалған ою-өрнектер ғана. Ал сол саз балшықтың құрамы мен қалай дайындалғаны, қандай тәсілдер арқылы күйдірілгені бізге белгісіз.

Өнер мен мәдениет барынша гүлдеп тұрған кезде, моңғол-татар басқыншылары Отырарды жермен-жексен етеді де, қайта өркендей бастаған шақта Шыңғысханның ұрпақтары Отырарды жауыздықпен қиратып кетеді. Содан кейін бізге ешқандай мәлімет қалмайды. Ал кей деректер, 1967-1970 жылдары аралығында жүргізілген археологиялық жұмыстар бізге біраз құнды деректер мен өлкеміздің өткен дәуірдегі қолөнері мен тұрмыс жағдайынан сыр берген еді.

Жалпы, керамикалық бұйымдар жасауға ерекше қызығушылығым Отырар мен Фарабтың көне пешінен басталды. Көне Отырардың қыш күйдіру пешін қайта жаңғырту арқылы әр түрлі тың туындылар жасап отырдым, өзімнің үйімнің ауласына қыш күйдіру шеберханасын орнатып, ұлттық өнерді дамытуға көңіл бөлдім. Мен Отырардың қыш күйдіру пешінің технологиясын ұзақ зерттедім, сол пештен құмыралар мен музыкалық аспаптар, саз сырнай, тұмарша, майшам қорабы сияқты көркем бұйымдар жасалды. Осы бұйымдарды жасауда Отырар жерінен табылған құмыраларда салынған ою-өрнектерді пайдаландым, сол арқылы ою-өрнектерді жаңғыртқым келді.

– Көне Отырар құмыраларындағы ою-сызулар бүгінгі күнге қалай жеткен? Элладаның құмыралары бойынша Гомердің эпосын ұғуға болады деседі.

– Жалпы, Отырардың керамикасын қайта игеру идеясы студенттік шақта келді. Яғни, біз 1978-1979 жылдары түрлі дайындық жұмыстарын жүргіздік. Қолымызда бар қираған керамикалық пештер, құмыра, кеселер, жарым-жартылай сақталған бұйымдарды толығымен зерделей бастадық. Сондағы бұйымдарда бейнеленген ою-өрнектерді көрсеңіз, таң-тамаша боласыз. Бір-бірін қайталамайтын, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан шеберлердің еңбектерін, сол кездегі сақталған дәстүрді көресіз.

– Жалпы, керамика дегеніміз не?

– «Керамика» гректің балшық деген сөзінен шыққан. Егер бұйым саздан жасалып күйдірілген болса, сол керамика деп аталады. Осыдан 7 мың жыл бұрын саз күнге күйдірілген екен. Тек 7 мың жылдан кейін ғана отқа қақтай бастаған. Атадан балаға күйдірілген күйінде жеткен бұйымдардың мықтылығы сол, қанша жаугершілікті, жойқын соғысты өткерсе де қалпын, негізін сақтап қалатын болған. Керамиканың негізгі шикізаты – саз балшық. Ал қазір неше түрлі қоспалар қосу арқылы да бұйымдар жасап жүр. Біз Отырардың керамикасын игеру мақсатында түрлі іс-тәжірибелер жасаған едік. Алдымен балшықты таңдаудан бастадық. Отырар шеберлері алыстан арбаламай-ақ, жергілікті саз балшықты игере білген.

1985 жылы Отырардың төбесінен табылған керамикалық пештің үлгісін жасап, іс-тәжірибеге арналған пеш жасадық. Пештің құрылысы ұзаққа созылғанымен, жұмыс нәтижелі болды. Керамикалық пештің құрылысы біте салысымен, әр түрлі әдіспен, саз балшықтан жасалған бұйымдарды күйдірдік. Барлық мүмкіндіктерді ескере отырып, тәжірибеге арналған саз балшыққа мақта, фарфор, ұнтақталған шамот, шыны қосып араластырдық. Сапалы шыққан қоспаны одан әрі қарай жетілдіре бастадық. Екі түрлі әдісті қолдану арқылы қызғыш және ақшыл-сарғыш түсті керамиканы алдық. Жоғары сапалы керамиканы алу үшін 980-1200 температураға дейін қыздырып, 8-12 сағат бойы от жақтық. Отын тұт, қара ағаш, тораңғыл, жиде болды. Ал пештің температурасын анықтау үшін Түркістан қаласындағы керамикалық цехтың зертханасынан пироскоп әкелінді.

– Жалпы, эксперименттік археология дегеніміз не?

– Эксперименттік археология дегеніміз – қазба жұмыстарынан табылған бұйымдарға күйдіретін пештер мен ескі құрал-саймандарды пайдалана отырып, іс-тәжірибе жұмыстарын жүргізу. Негізі бүгінге дейін бірнеше іс-тәжірибе жүргізілді. Құмыраларды пештерде күйдіріп, теорияда қолданған әдістердің зертханадағы маңызын анықтап, жан-жақты талдаулар жасадық. Нәтижесімен ғалымдар танысып шығып, қолдарымен ұстап, көздерімен көрді.

– Отырардан қандай жәдігерлер табылды? Олардың зерттелу қарқыны қалай?

– Отырардан табылған ең құнды бұйым, музыкалық аспап – сазсырнай. Бұл жәдігер Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің негізін қалаған Асантай Әлімов, жазушы Дүкенбай Досжанов арқылы қазақтың көне музыкалы аспаптарын зерттеуші Б. Сарыбаевқа аманат етіп тапсырылған еді. Болат Сарыбаев жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, зерттеп қалпына келтіреді. Ұзақ зерттеулердің нәтижесінде ол үрмелі аспап екенін, сазсырнай екенін анықтады. Міне, ұзақ уақыт үнсіз жатқан, ғасырлар бойы белгісіз болып қалған аспап қайта жарыққа шықты. Саз балшықтан тек сазсырнай емес, тас­тауық, үскірік сияқты аспаптар жасауға болады. Бір ғана саз балшықтан қаншама бұйым жасап шығаруға болады.

– Әлем халықтарының аспаптарын меңгердіңіз. Саз балшықтан сазсырнай жасап шығардыңыз. Осы ұлттық аспаптың өзгешелігі неде?

– Менің арнайы музыкалық білімім жоқ, алайда, қобыз, сазсырнай, шаңқобыз, баян сияқты он түрлі аспапта еркін ойнай аламын. 1986 жылы он ойықты сазсырнай жасап, оны бүкіл әлемге таныттым. Одан басқа да аспаптарды өзім жасай беремін. Он ойықты сазсырнайды жасауыма этнограф Асантай Әлімовтың Отырартөбеден тауып алған үрмелі аспабы себепші болды. Х ғасырдың екі тесікті аспабын жетілдіруге тырыстым. Халықтың музыкалық аспаптарын зерттеушілердің еңбектерімен таныстым, оның ішінде Болат Сарыбаевтың алты ойықты сазсырнайы менің одан әрі қарай ізденуіме мүмкіндік берді. Өзім жасаған он ойықты сазсырнайға «Отырар уілі» деген атау беріп, халықаралық фольклорлық фестивальде бас жүлдені жеңіп алған едім.

– Қазақтың ұлттық аспаптарында «қазақтың қоңыр үні» сақталып қалды ма?

– Қазақтың күңіренген қоңыр үнінде ұлтымыздың қайғы-мұңы, қуанышы мен шері бар. Бір қызық жайт болған еді. Мен өзім қобызды шебер ойнағаныммен, ағаштан жонып көрмеген едім. Бір күні бейтаныс науқас келіп, «Сен жасаған қобызды тартсам ауруымнан айығамын» деп, қобыз жасап беруімді өтінді. Қобыз жасап көрмегенімді қанша айтсам да, табандап тұрып алды. Содан кейін Жаратқаннан сұрап, қобыз жасауға кірісіп кеттім. Мен жасаған сол қобыздан науқастың ауруына емі түсіп, кейін қобыз жасауды әдетке айналдырдым. Тіпті, бір жылда жеті қобыз жасаған да кезім болды. Қазақ пен қобыз егіз. Бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды, киелі. Ал сол киелі аспаптың қадір-қасиетіне қаншалықты мән беріп жатырмыз, оны білмеймін. Меніңше, қобызда қазақтың қоңыр үні қалған сияқты.

– Енді әңгімемізді жерасты мешітіне бұрсақ. Қылует сөзінің шығу тегі, оның мағынасы туралы айтыңызшы.

– Жалпы қылует деген не? Бұл араб тіліндегі «хулуатун» сөзінен шыққан. Қазақшаға келтірсек, «жырақтану», жалғыз қалу деген мағына. Сопылық іліміндегі терминдік мағынасы рухани ұстаздың жетекшілігімен шәкірттердің халықтан жырақтанып, терең құлшылыққа беріліп, Алланы еске алып, зікір ету, пенделік ойлардан арылу дегенді білдіреді. Яғни, қылует – ел-жұрттан жыраққа кетіп, Алла Тағаламен бірге болу, жүректі тазартуға бағытталған игі шара. Біздің елімізде жер асты мешіті Ахмет Яссауи кесенесінің оңтүстік бағытында 150 метр жерде орналасқан. Жер асты мешіті ХІІ-ХІХ ғасырлар аралығында салынған құрылысты ХХ ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзып, қыштарын зауыт салуға қолданады. Кейін археологиялық зерттеулер жүргізіліп, жер асты мешіті қалпына келтіріледі.

– Әлем бойынша 20 қылует бар екен, ал сіздікі ХХІ ғасырда салынған 21- қылует. Этномузейге жергілікті халықтың, алыс-жақын шетелдерден келушілердің қызығушылығы қандай?

– Иә, археологтардың зерттеуіне сүйенсек, әлемде 20 қылует бар екені анықталды, ал менің қылуетім соның 21-сі екені де рас. Қылуеттің ерекшелігі оның сәулеттік құрылымы мен дүниетанымдық мәнінде. Мен жерасты мешітін табиғатпен ұштастыра отырып, ерекше бейнелеуге тырыстым. Аспан мен жерді байланыстырып, бұл құрылыстың адамзаттың тіршілігіндегі соңғы мекені екеніндігін сездіргім келді.

– Қылует жерден неше метр тереңдікте жатыр?

– Қылует 7 метр тереңдікте. Олай орналасуы да тегін емес. Оған кірген адам өмірдің мән-мағынасын түсінуге ұмтылады. Жерасты мешітіне кіретін баспалдақтар жоғары емес, төмен қарай орналасқаны да сондықтан. Ерекше атмосфераны бастан кешіріп, рухани ашылып, тіршіліктің кей сәттерінен, ойлардан арылғыңыз келсе, осы ғимаратқа келуге болады. Нысанның қабырғасының жартысы жердің үстінде болса, жартысы астында. Бөлме қабырғасының 12 бөлікке бөлінуі де тегін емес.

– Сонда ол 12 бөлік нені білдіреді?

– Мұнымен 12 айдың нышаны білдірдім, тереңдігі 7 метр, ені 4,5 метр болатын қылуетті тоғыз ай қаздым.

– Немен қаздыңыз?

–  Ешқандай техниканы пайдаланбай, қолмен қаздым. Ғимараттың алғашқы бөлмесі «қыш кітаптар бөлмесі» болса, одан кейінгі бөлме – «рухани тазару және махаббат жазығы» деп аталады.

– Сонда мұнда адам Құран оқып тазарады ғой?

– Иә, мұнда Алланың адамдарға деген махаббатын, сүйіспеншілігін сезінесіз, ал Құран оқитын бөлме – «Қылует бөлмесі» деп аталады. Соңғы бөлмеде қобыз бен сазсырнайдың, қамыс сырнайдың сиқырлы үнін естуге болады.

– Керемет екен.

– Қылуетке кіру арқылы кісілік қасиеттерден арылмауға, өз-өзіңді тәрбиелеуге болады. Ар тазалығы мен аманатқа деген адалдықты да осы қылуетке келіп сезінесіз.

– Келушілер көп пе?

– Ғаламтор арқылы музейге келушілер көп. Тіпті, еліміздің түкпір-түкпірінен де, шетелден де келгендер болды. Келген қонақтарды шеберханама апарып, әр бұйымның, құмыраның, музыкалық аспаптардың жасалуын көрсетемін. Таңданысып, тіпті арнайы сабақ алып, үйреніп жатқандар да бар. Жалпы, еліміздің туризм және спорт министрлігімен тығыз байланыстамын. Оңтүстік Қазақстан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан, 2009 жылы ЮНЕСКО бекіткен бағыттар бойынша біздің музей бірнеше бағдарламаларға енгізілді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Республикалық мәртебе» атты деректі фильм түсірілген болатын. Сонда жауын-шашыннан мүжілген музейдің сырты ескі заманның көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Музейге қызығып, бір көру үшін Франция, Жапония, Америкадан арнайы қонақтар келген еді. Үш тілде тараған фильм еліміздің мәртебесін көтерді, шетелдіктердің елімізге деген қызығушылығын арттырды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Қ.Бегманов

Бөлісу: