«Құлансаз» – ұлттық өнердің өрісі

Жуырда Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткен «Көне Тараз күмбірі» атты II Республикалық этно-фольклорлы ансамбльдер арасындағы байқауда «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі бас жүлде иеленді.

«Құлансаздың» қазақ музыка өнерінде өз үні, өз сүрлеуі бар. Ансамбль 1979 жылы атақты композитор, Қазақстанның халық артисі Әсет Бейсеуовтің бастамасымен құрылып, бағдарын анықтап, ел-жұртының жүрегінен орын алған. Ал 2011 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Алатау әуендері» концерттік бірлестігінің «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі болып қайта жасақталды.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қазақ халқының музыка өнерін дәріптеп жүрген ансамбль еліміздің әр өңірінде концерт қойып, төл тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып қана қоймай, Оңтүстік Корей, Қытай, Ресей, Америка құрама штаттары, Германия, Польша сияқты шетелдерде де ұлт өнерінің шамшырағын жарқыратқаны белгілі. Сондай-ақ, өнер ұжымы XVI халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Халық музыкасы» аталымы бойынша 1-орын жүлдегері. Арқыраған ағынды судай тек алға жылжитын, еңбек пен ізденіске мән беретін «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі — Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Марат Жалбыров.

Республика көлемінде екінші рет өткізілген «Көне Тараз күмбірі» байқауына Алматы облысының атынан «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблін бастап апарған «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі музыкалық топтарының көркемдік жетекшісі Қайрат Байгенженовті сөзге тартқан едік:

– Жалпы, байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тараздағы Ж. Баласағұн атындағы Орталық концерт залында өткен ұлттық музыка өнерінің додасына 18 ансамбль қатысты. «Кіл жүйрікте кім жүйрік» дейтін бәсекеге кілең мықтылар келеді ғой. Дегенмен, байқау талаптарынан ауытқығандар да болды.

– Қандай шығармалар «Құлансазды» алға оздырды?

– Байқау ережесі бойынша әр фольклорлы-этнографиялық ансамбль үш шығарма орындауы қажет болды. «Көне Тараз күмбірі» байқауы бірінші рет өткізілгенде әр өңірден жиналған қатысушылардың барлығы Әулиеата еліне, жеріне арналған жаңа күй шығарып, ол партитуралық жинақ болып басылып, тұсауы кесілген. Осы жолы сол жинақтан бір күй ойнау міндеттелді. Біз Шолпан Қорғанбектің «Қасиетті Тараз» күйін дайындап апардық. Екінші талап — Жамбыл облысында туған танымал күйші, композиторлардың бір туындысын орындау. Бұл сайысқа Ықылас Дүкенұлының «Кертолғау» күйін ұсындық. Сонымен қатар, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Ж. Жабаевтың 175 жылдығына орай Жамбыл репертуарынан немесе жаңа ән орындау шеберлігі сыналды. Ақын Рәтбек Терлікбаевтың сөзіне жазылған Жолдасхан Құрамысовтың «Жамбыл ата елі» әнін Әділет Жексембі орындап, тыңдарманын тәнті етті.

– Бас жүлдеден басқа бұл байқау не берді?

– Шығармашылық адамына шабыт керек. Әрине, бұл байқау ансамбль мүшелеріне тың шабыт, жаңа қадамдарға күш-жігер, рух сыйлады. Еліміздегі дәстүрлі музыка өлкесіндегі әріптестердің деңгейін таныдық, тәжірибе жинадық.
Ең бастысы, «Көне Тараз күмбірі» республикалық байқауы осымен екінші мәрте өткізіліп, екеуінен де өлмейтін, өшпейтін із қалды. Алғашында «Көне Тараз күмбірі» атты күй жинағы шықса, бұл жолы байқауда шырқалған  жаңа әндердің «Жамбылым – ән бесігім» атты жинағы жарық көрді. Ел руханиятына қосылған мұндай қазына қай-қай жүлдеден де биік.

– Сұхбатыңызға рахмет. Қазақ музыка өнерін өрістетудегі еңбектеріңіз лайым жемісті болсын.

Бөлісу: