Құсбегі – қыран құстардың бабын тауып, оны түрге, текке жіктей алатын, олардың түр-тұлғасын ажырата алатын, сүйек бітіміне, қанатына қарап, құсты сынай білетін, олардың мінез-қылығын, жасын, ерекшеліктерін айыра білетін адам. Осы тұста құсбегілердің арасында «қағушы» деген кісі де болады. Ол қолында құсы жоқ, бірақ бүркітшілерге қолғаната болып жүретін, бұғып жатқан аңдарды айқайлап, тебінге қағып, ұясынан шығаруға, аңды бүркіттің көруіне жағдай жасайтын адамды қазақ аңшылығында «қағушы» деп атайды. Құсбегілер аңға салатын құстардың қатарына: бүркіт, тұйғын, қаршыға, сұңқар, лашын, ителгі, бидайық, қарақылыш, қырғи, тұрымтай, жағалтай т.б. жатады.
Құсбегілер осы қырандарды өзара екі топқа ажыратады. Олар: 1) қара көздер: бүркіт, ителгі, лашын, сұңқар, қарақылыш, бидайық, тұрымтай, жағалтай. 2) шегір көзділер: қаршыға, тұйғын, қырғи. Ал, аңды алу тәсіліне қарай: іліп алатындар және теуіп алатындар деп екіге жіктейді. Аса білгір құсбегілер бұл қырандар тобын ары қарай тағы да түр, текке ажыратып, жіктеп бөліп жатады. Кейбір құсбегілер бүркіттің өзін жеке бір текке жатқызады. Бұдан ары қарай, қыран құстар тұқымына қарай өз ішінен жеке-жеке түрге жіктеледі. Мысалы, қаршыға: қара қаршыға, тұнжыр қаршыға, сарғақ қаршыға деп бөлінсе, тұйғын: ақ тұйғын, кір түйғын, құл тұйғын деп бөлінеді. Осы қыран құстардың әрқайсысының түр-тұлғасын жаңылмай ажыратып, тілсіз тіршілік иесімен тілдесіп, қырандарды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе білген адамдар қазақ халқының тарихында бұрыннан болған.
Құсбегілер құс әбзелдерінің томаға, қайысбау, ұзынбау, қолтұғыр, жемқалта, түтік, балдақтарды өздері жасаса, ал күмістелген тұғыр, жығауыл, салдауды арнайы ұста-зергерлерге арнайы тапсырыспен жасатқан.
Тарихшы Биқұмарұлы Өмірбек «Құсбегілік – ата дәстүр» деген мақаласында: «Ғалымдардың пайымдауына қарағанда, қыран құстармен аң, құс аулаудың 2500 жылдық тарихы бар. Қола, темір дәуіріндегі Алтай тауларындағы суреттерде құс көтеріп, аң, құс аулап жүрген адамның бейнесі, көне ғұн, түркі дәуірінің құлпытас ескерткіштерінде иығына құс қондырып, кеуде тұсына ұстап отырған кісі бейнелері де табылады. Құс пен аң, құс аулау дәстүрі жайында ХVІІІ ғасырда Азияны саяхаттаған Марко Поло, Рубрук қатарлы Еуропа жиһанкездерінің еңбектерінде белгіленген», – деп жазған.
Этнограф Ж.Бабалықтың жазуынша, халқымыздың көне салтында бүркітті жақсы көру, бүркітке сену, оны киелі санап, пір тұту болған. Халқымыздың ауыз әдебиетінде тұғырдан түсті деген сөз бар. Мұның негізгі мағынасы бүркіт тұғырдан түсті, қажыды, қартайды дегенді айтса, яғни бұрынғы уақыты өтті дегенді білдіреді. Бүркіт киелі құс, босана алмай жатқанда, босағаға бүркіт әкеліп отырғызғанда жеңіл босанатын болған, көтере алмай жүрген әйелдер болса, үкісін ырым етіп төсегінің басына ілетін болған. Бүркітті сатуға болмайды, көбіне сыйға беретін болған.
Адамзат тарихындағы елеулі жаңалықтардың бірі де дәл осы – құсбегілік өнер. Бұл өнердің халқымызға жақындығы сондай, ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтындай. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде-бір елдің мемлекеттік рәміздерінде кездеспейтін қыран бүркіттің Қазақстанның ғана туында көрініс тапқандығын айтуға болады. Одан бөлек елімізде жыл сайын бүркітшілер сайысы өткізіліп, түрлі іс-шаралар да жүргізіледі. Бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі, саятшылық өнердің бір түрі болып саналады. Бұл кәсіппен ертеде көбіне көшпелі түркі тілдес халықтар айналысқан.
Бүркітті қолға түсірудің бірнеше тәсілдері бар. Бірінші жолы ұядан алу болса, екінші жолы жаба тоқу арқылы, ал үшінші тәсілі бүркіт тояттағанда, бүркіт жемтікке әбден тойып алып, ұша алмай қалған кезінде қуып жүріп, шаршағанда ұстап алу.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығының қорында құсбегілердің қолданатын заттарының томаға, қайысбау, ұзынбау, қолтұғыр, жемқалта, түтік, балдақ, жығауыл, күмістелген тұғыр бірнеше түрлері сақталған. Енді мен сіздерге осының ішінде күмістелген тұғыр туралы қысқаша айтып өтпекпін. Күмістелген тұғыр қыран құсты қондырып қоятын құрал. Мұражай қорына Оспанов Сейітқожа өткізген. Тұғыр металдан жасалған, беті өрнектелген, өрнек беті күміспен қақталған. Бұл тұғырды жерге қағып бекіткенде, ол өз осінен еркін айналып, қыран құстың аяқ бауына оралып қалуына мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда мұражай көрмесінің этнография залына көрермендерге көрсетуге қойылған (1-сурет).
Киелі Отырар өңірі де саятшылар мен құсбегілерден кенде емес. Атап айтар болсақ, Момбеков Құрманбек (1902-1989 жж.), Мұсаев Қамбар (1903-1976 жж.), Бапақов Мырқы (1906-1983 жж.), Мырзабаев Еркін (1906-1983 жж.), Бекболатұлы Төлеген (1912 ж. туған), Алтаев Адасқан (1920-1989 жж.), Тұтқабаев Шынтемір (1925 ж. туған), Құрманбеков Қасмырза (1944 ж. туған). Бұл құсбегілердің барлығы өз уақытында құсбегілік өнерді серік етіп, осы өнердің дамуына өзіндік үлес қосты. Қазіргі таңда бұл кісілердің кейбірінің ұрпақтары ата-бабаларынан қалған құсбегілік өнерді жалғастырып келеді.
Жалпы, ата-бабаларымыздан қалған бұл өнердің тарихы тереңде. Қорыта айтқанда, құсбегілік біздің халқымызға тән және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсіптік өнері екені анық. Қазіргі таңда құсбегілік өнер қайта жанданып келеді. Құсбегілердің ұрпақтары ата-баба дәстүрін жалғастырып келеді. Әрбір облыстардағы ұлттық спорт мектептерінде үйірмелер жұмыс істейді. Осы құсбегілікте қолданылатын құралдарды жасайтын ұста- шеберлердің қазіргі ұрпақтары ата-бабалар дәстүрін жалғастыруда. Сондықтан құсбегілік өнері өзңнің маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жете беретініне сеніміміз мол.
Мақсат Байтасов, «Отырар» мемлекеттік археологиялық Қорық-мұражайының ғылыми қызметкері