АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАСШЫСЫ Алтынай Юнисқызымен ӘҢГІМЕ:

Алтынай Юнисқызы, облыс аумағында мемлекеттік мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту мен олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және  қамтамасыз ету жұмыстары қалай өріс алып отыр?

– Мәдениет саласы өңірімізде жұмысы жолға қойылған саланың бірі. Бүгінде мәдениет ордаларының материалдық техникалық базасы мықты, ғимараты бүтін, қызметкерлердің де еңсесі көтеріңкі. Биыл облыс бойынша, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 65,1 миллион теңге бөлініп, жаңа музыкалық аспаптарын, дыбыс және жарық жабдықтарын, сахналық костюмдерғ тағы басқа қажетті заттармен қамтамасыз етуге жұмсалды.

Биыл Мәртөк ауданының Қаратоғай ауылында 150 орындық ауылдық клубының құрылысы басталды. Оған облыстық бюджеттен 117,0 миллион теңге қаражат  бөлінді. Сондай-ақ, 10 объектіге: Әйтеке би ауданы Айке ауылдық клубына, Қобда ауданы Ақраб ауылдық клубына, Мұғалжар ауданы Жұрын ауылдық мәдениет үйі, Ақкемер ауылдық клубына, Хромтау ауданы Бөгетсай ауылдық клубына, Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана жұйесіне, Алға аудандық балалар кітапханасына, Ақтөбе қалалық мәдениет үйіне, Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көптен бері ғимараты көнере бастаған облыстық «Алақай» қуыршақ театрында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл жас көрермендерге есігін айқара ашты.

– Ақтөбе сияқты тарихы бай өңірде ұлттың тарихы таңбаланған тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, зерделеу ісі қалай іске асырылып отыр?

– Иә, Ақтөбе өңірі – тарихы мен мәдениеті тереңге бойлаған киелі мекен. Өңірдің тарихи-мәдени мұралары мен бүгінге жеткен рухани қазыналарын көздің қарашығындай сақтап, зерттеп-зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізу үлкен еңбек. Бұл салада қолға алынған жобалар баршылық. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында 2019-2021 жылдары және 2022-2024 жылдар аралығында жүзеге асыруға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі жазылған төрт ірі еңбек жарық көрді. Еңбектерді атап айтсақ: «Ақтөбе облысының киелі географиясы» ұжымдық монографиясы, «Ақтөбе облысындағы ерте темір дәуірі көшпелілерінің элиталық археологиялық ескерткіштері» кітап-альбомы,  «Палеометалл дәуіріндегі Мұғалжар тау-кен және металлургиялық орталығы» кітап-альбомы,   «Төлеубұлақ археологиялық кешені және оның маңы» кітап-альбомы. «Ақтөбе облысының киелі географиясы» ұжымдық монографиясына 116, оның ішінде 38 археология, 56 этнография және 22 табиғат нысандарына қатысты деректер енгізілді.

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында 2019 жылы археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде   өте сирек кездесетін бірегей археологиялық олжалар – Темір ауданында орналасқан Тасқопа І қорымынан біздің заманымызға дейін ІV ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің жерлеуі табылды. Бұл – Ақтөбе өңірі мен бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық сол замандағы сарматтар қауымының даму деңгейінің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді.

Табылған материалдарға Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми кеңестері негізінде, Ресей Ғылым Академиясының Материалдық мәдениет тарихы институтының реставраторы Н.Курганов алғашқы тазалау, сақтау жұмыстарын жүргіздік. Ғылыми деректерге сүйене отырып жерлеу материалдарының графикалық қалыпқа келтіру жасалынып, соның негізіндегі толық көшірмесі жергілікті шеберлер, зергер Болат Атраубаев және қолөнер шебері Ерқосай Әбіловтың қолдарынан шықты.

2021 жылы Taсқопа I обасынан табылған материалдарды  қалпына келтіру жұмыстарының тұсаукесері ұйымдастырылып, қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында орналысып, келушілердің назарына ұсынылуда.

2019 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірлескен Ойыл-Қиыл өзендері, Солтүстік Арал маңы, Жем-Сағыз өзендері бойындағы және Доңызтау –Үстірт аймағының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу тобы жұмыс жасады. Бұл жоба 2020 жылы жалғасын тауып, Солтүстік Арал-Каспий этно-мәдени кеңістігіне тиесілі ескерткіштерге қатысты жаңаша ғылыми тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Жобаның жетекшісі ғалым Серік Әжіғали.

2020 жылы облыс аумағындағы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандарымен бірлесе отырып, Доңызтаудағы ортағасырлық оғыз кезеңіне жататын бірегей Жезді қалашығының орнын, өңірдегі ерте көшпелілердің элиталық ескерткіштерін, ежелгі бақташылар мен металл өңдеушілердің ескерткіштерін, Орталық Азия жеріндегі көне петроглифтердің бірі саналатын Төлеубұлақ үңгірінің петроглифтерін, Хромтау ауданындағы Ойсылқара мен Моңғолсай тарихи-мәдени кешендерін зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін берді.

2019-2020 жылдары музейдің археологиялық тобымен облыс территориясында бірнеше жерлеу-ғұрыптық кешендерді зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстарына өңіріміздің батыс, шығыс және оңтүстік-шығыс  бетінде орналасқан облыстың – Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар – төрт ауданы қамтылды.

Еліміздегі ортағасырлық бірегей ескерткіштерінің бірі – Абат-Байтақ қорымының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. 2021 жылы шырақшы үйі мен мавзолейдің арасын жалғайтын жаяу жол қайтадан жөнделіп, қорым аумағына жарық желілері жүргізіліп, шырақшы үйі күрделі жөндеуден өтіп, сумен, жылумен және электр тоғымен қамтамасыз етілді.

«Хан моласы» қорымында заманауи үлгідегі қонақ үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді және Досжан хазірет кешенінде мешітке консервациялау, қонақ үй, музей, барельефтің құрылысы, бұлақтың басын және кешеннің аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда, Ырғыз ауданындағы, Алмат тамы мавзолейі мен Алға ауданындағы 1902 жылы салынған Шәкен ишан мешітіне және Абат-Байтақ қорымындағы 48 құлпытасқа ғылыми қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, Жұмағали ишан, Самұрат мешіттеріне және Абат-Байтақ қорымындағы Қыз әулие кесенесіне ғылыми-жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

2021 жылы қала аумағындағы 166 археологиялық ескерткіштің географиялық (GPS) координаттары, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі тарапынан Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық базасына енгізіліп, топографиялық картасы әзірленді. Қазіргі уақытта аталған жұмыс Мәртөк және Қарғалы аудандарында жалғастырылуда.

Облыс бойынша 2019-2021 жылдары барлығы 149 ескерткішке, оның ішінде қала аумағындағы 47 ескерткішке, аудандардағы 102 ескерткішке бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылды.

Тарихи мұралар – ұлттық жадымыздың, таным-тереңіміздің негізгі дерек көзі. Осы күнге дейін ескерусіз қалған тарихи киелі мекендерге бүгін де ат ізін салып, арнайы этнографиялық және археологиялық зерттеулер жүргізіліп, деректі фильмдер дайындалып та жатыр. Мысалы, осы жылы «Доңызтау ескерткіштері» деректі фильмінің 1-бөлімі жарық көрді.

– Ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын сіңіру, соған баулу арқылы Жастарды отаншылдық пен көркемдікке тәрбиелеу, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыру тұрғысында қандай игілікті шаралар жасалып, қамқорлық көрсетілуде?

– Жастар біздің қанатымыз! Бүгінгі жастардың ой-санасы, таным аясы өзгеше. Ақпараттық ағымның тоқтаусыз шеңберінде жастарға бағыт-бағдар беру де біздің міндетіміз. Жаз бойы қаламыздың орталық алаңына айналған «Абай» гүлзарында 100 мектеп оқушыларын қамтыған «Кітап фестивалі» фестиваль-байқауы өтті. Жобада мектеп оқушылары мен облыстық кітапхана қызметкерлері бірігіп, үш ай бойы, әр жұма күні кешкі 18.00-жиналып, 5 түрлі бағытта шығармашылық өнерге баулитын шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Ымырттағы кітапхана», «Kitaptime», «Музей түні – 2022» жобасы жастардың шығармашылық потенциялын арттыратын, уақытын тиімді өткізетін  мәдени шаралар.

Жаз бойы, әр аптаның сенбі күндері сағат 21.00.-23.00. аралығында «Өнер орталығы» алаңында «Muzic fest OPEN AIR» ашық аспан астындағы музыкалық жобасы қала тұрғындарының көңілін көтеріп, мәдени сауатын, эстетикалық талғамын өсірді деуге болады. Жаздың жайдары кешінде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымдарының классикалық шығармаларын тыңдап, заманауи танымал әуендерді оркестрлердің, хор ұжымдарының орындауында тыңдады. Басқа күндері кассада билеті сатылатын концерттер халыққа тегін қойылып, көптің қошеметіне бөленді деуге болады.

Алғаш рет Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр жанынан «Текемет арт» жастар еркін платформасының тұсауы кесілді. Биыл шығармашыл, креатившіл жастарды қолдау мақсатында алғаш балалар мен жасөсіпірімдерге арналған республикалық драматургиялық шығармалар байқауы өтті. «Балауса» экспериментальды спектаклдьдер фестивалі, Халықаралық «Ассалаумағалейкум» қуыршақ театрлар фестивалі, «Елім менің», «Дауыс» вокалдық байқауы, «Жұбановтар әуені» хор музыкасы фестивалі, «Классика» түрлі аспапта ойнаушы жасөсіпірімдер байқауы, «Еркіндік қыраны, қалықта» республикалық ақындар айтысы – осының дәлелі. Жақында ғана «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдеби форум аясында да жастардың үні, биік болмысы көрінді.

Ақтөбеміздің бірегей, теңдесі жоқ ірі жобасы – Халықаралық «Бақытты бала» ашық вокалдық байқау-фестивалі аты әлемге әйгілі жерлесіміз Димашты алғаш әлем сахнасына шығарған сәттен бастап қолға алынған жоба. Бұл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен аса дарында талантты жас әншілер қатысуды армандайды. Байқаудың тарихына бойласақ, бұл 2017 жылы алғаш Димаштың Қытай сахнасында әлемді аузына қаратқан сәтінен бастау алады. Сол жылы Димаштай дарындардың «тұсауын кесейік» деген ізгі ниетпен «Бақытты бала» вокалдық байқауы республикалық деңгейде басталып, оның алғашқы қарлығаштары Нарқыз Жанұзақова, Ержан Максим, Әйгерім Тілеубектер Димашпен  әлем сахналарында бірге өнер көрсетіп, Қазақстанымыздың көк туын  желбіретті. Халықаралық байқау жыл сайын алыс-жақын Еуропа мен Орта Азия елдерінің тарлан таланттарының басын қосып, Ақтөбеміздің тарихы мен мәдениетімен танысады, Димаштың оқып өскен ортасымен қауышады. Сондай-ақ, Димаштың әлемдегі фанаттары бас қосып, «Бақытты баланың» гала концертінде Димаштың келуін күтеді. Дәстүрге айналған бұл жоралғыда Димаш өзімен бірге бір сахнада ән шырқайтын бір талантты жасты таңдап алып, есімін жария етеді. Осылай, жыл сайын «Бақытты бала» біздің өлкеде үлкен мерекеге айналып, зор қуаныш сыйлайды.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы жастардың уақытын тиімді өткізуге, жаңа ортада жаңа дағдыға бейімдеуге, жастарды жаман әдеттерден арылтуға бағытталатын нақты қадам ретінде креативті орталықтарды құруды қолға алып отыр. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы «Өнер орталығы» ғимаратының 2 қабатында жастарға арналған медиа аймақ TEdX – еркін аймағы, Cliber Club, Workshop center, Life Band Area, DQ Dears Club, дыбыс жазу орталығы, сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі, көп функциялы ауқымды-акустикалық дыбыс жазу студиясы, Tik-Tok Club, Art Space, Movie холл, асхана (кофетерий) ашуды жоспарлап отырмыз.
Мұндай еркін аймақ – креативті орталықтар алдағы уақытта облыстық «Өнер» музейінде, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөсіпірімдер кітапханасында да ашылатын болады. Ал ауыл мәдениетін, ауыл жастарын қолдау барысында облыстық халық шығармашылық үйінің ғимаратында  жұмыстар қолға алынатын болады.

Осы саладағы негізгі жауапты басшы ретінде ұлтымыздың өзіне ғана тән салт-дәстүрлерінің күнделікті қолдану аясын кеңейтуге, насихаттауға байланысты өтетін іс-шараларға қалай атсалысып жүрсіз, әлде тек мемлекеттік дәрежеде ғана қолдайсыз ба?

 – Мәдениет өз ұлтыңның болмысы мен тарихын терең танудан, оны құрметтеуден басталады. Мәдениет дегенімізде – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық мұра мен қазынамызға деген шексіз құрметті түсінемін. Адамның ішкі мәдениеті қалыптаспай, құр насихаттаумен ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан да, ұлттық дәстүрге барынша берікпін деп айта аламын. Басшы ретінде, өңіріміздегі ұлттық өнердің ұпайы түгел болуын қадағаласам, адам ретінде ұлттық мереке мен дәстүрді дәріптейтін ортада үнемі жүруге тырысамын.

Ұлттың дәстүрі  – күйде, жырда, дәстүрлі әнінде, қолөнерінде, әдеп-ибасында деп білемін. Ашылғанына бір жыл болып отырған «Ер Едіге» жыр мектебі қаламыздың төрт жерінде 40-тан астам баланы ақысыз түрде жырға баулып келеді. Халық санынынң өсуіне байланысты, қаламыздың төрт аймағынан ашылған мектеп барынша жырға бейім, өнерге құштар балаларға дәріс келеді. Жыршылардың айбынын асырар аймақтық, облыстық, республикалық жыр-термешілер байқауы да көптеп өткізіліп келеді. Биыл Наурызбек жыраудың 90 жылдығына орай «Толғау да толғау сөздер бар» жыр байқауы, «Аймақты әнмен тербетіп» дәстүрлі ән мен жыршылар байқауы, «Ақжелең» күйшілер байқауы, «Жан серігім – домбыра» жас жыршылар байқауы өткізілді.

Бүгін де, дәстүрімізді етене танып,санамызға сіңіру үшін жәрмеңке мәдениетін қайта жаңғыртуды да қолға алдық. Жәрмеңке мәдениеті — алыс-жақын елдердің бір бірінің мәдениеті мен өнерін, дәстүрін тануға ықпал еткен бірден бір мәдениет көзі болғанын айту керек. Қазақстандағы ірі 9 жәрмеңке орталығының төртеуі Ақтөбеде болған. Ырғызда «Жармола», Ойылда «Көкжар», Темірде «Қарақамыс», Ақтөбе қаласы жәрмеңкесі өтіп отырған. Биыл 12 ауданның басын біріктірген «Жармола» жәрмеңкесінде дүбірлі додаға ұласқан ұлттық ойындар ойнатылды, ұлттық тағамдардың жасалу жолдары көрсетілді, сан саланы меңгерген шеберлер ұлттық қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарын көрсететін шеберлік сағаттарын өткізді. Жәрмеңке мәдениетін айшықтайтын сахналық көріністер қойылып, түбі бір түркі жұртының мәдениеті, сауда-саттық жолдары көрсетілді. Ұлттың мерейін асырар ұлан асыр тойда бүкіл ауданның мәдениет үйлерінің, кітапхана, музей қызметкерлері, дәстүрді дәріптеп жүрген асыл аналарымыз бен аталарымыз келіп атсалысты. Ал, Ойыл ауданында өткен «Көкжар» жәрмеңкесінде жыршы-термешілер жыр толғап, қолөнершілер мен дәстүрді дәріптеген ата-әжелер түрлі көріністер көрсетті. Ойылдықтардың жәрмеңке мәдениетін түсініп, аса қызығушылықпен қатысқаны тамсантты. Алдағы уақытта жәрмеңке мәдениетін насихаттау барысында аталған төрт орталықты кезең кезеңімен ұйымдастыру ойда бар.

– Қазақстан Жазушылар одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі арасындағы бірлескен жоба аясында «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық маңызы әдеби байқауы жыл сайын табысты өтіп, таланттардың шығармашылыққа деген құлшыныстарын арттырып, жетістіктерге жетелеп келеді. Қаламгерлерге қаржылай қолдау жасаған Ақтөбе облысы әкімдігіне алғыс білдіреміз! Әңгімеңізге рақмет, жақсы істер жалғасын таба берсін!

«Дәстүр»

Бөлісу: