Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттық болмысымызда жатыр. Ұрпақ тәрбиесі мен білім егіз ұғым, бір кеменің қос ескегі секілді, бірі болмаса бірі қиыс кетеді. Әр бала – ұлтымыздың келешек тұлғасы. Сол тұлғаны қалыптастыратын – қоғам, отбасы және мектеп. Осы орайда, Бүгінде ұлттық мүддені ту еткен ұлт жанашыры Аятжан Ахметжанұлы алаш арыстары Ыбырай мен Ахмет салған сара жолды жалғастырып, ұлттың руханиятына сүбелі үлес қосып келеді. Өйткені, Астана қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 ұлттық гимназияны басқарып, қазақ тілінде оқытатын, ұлттық сананы, рухты қалыптастыратын ұлттық мектеп құруды мақсат етіп отыр.
«Қ.Мұхамедханов атындағы №90 гимназия» КММ 2020 жылы қыркүйегінде қолданысқа берілген ұлттық бағыттағы білім ордасы. Ұлттық бағытты ұстанғандықтын, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа дарыта білу – басты мақсатымыз. Мектептің білім берудегі артықшылығы: ұлттық тәрбиеге негізделген білім беру, ұлттық мектеп моделін жасақтау болып табылады.
Мектептің міндеттері:
Өзіне, ұлтқа, мемлекетке пайдалы қызмет ететін сауатты, зиялы, байланыс орнатушы, ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға қалыптастыру.
Білім алушылардың үйлесімді дамуына қажетті ұлттық негіздегі сезімдік, инновациялық, рухани және қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы ұлттық гимназияның үлгісін жасақтау.
Қазақ педагогы Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде «Тәрбиенің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі» екенін атап көрсетеді. Біз үшін ұлттық тәрбиенің өзегін ашқан, еңбегі ерен, бойында қазақ рухы ұялаған ізгі мұратты ұстаз – Қыраубаева Алма Мүтәліпқызының салған сара жолы үлгі.
Алма ұстаз қазақ баласының ұлттық болмысын, мәдениетін, ділін қалыптастыратын жүйелі білім беру тәсілін іске асыру ұстанымымен 1993 жылы ұлттық мектеп ашып, ол мектеп 1996 жылы қаржы тапшылығынан жабылуға мәжбүр болған еді. Содан кейін, қазақ мектебі болғанымен, қазақ тiлiнде оқытатын, ұлттық сананы, рухты қалыптастыратын ұлттық мектеп болған емес. Міне, біз Астана қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия ұжымы сол орындалмаған міндетке жету жолында ұлттық мектеп үлгісін жасақтап, ұлттық бағытта жұмыс жасап келеміз. Иә, ұрпақ – біздің болашағымыз, ал сол ұрпақтың тәрбиесіне отбасы мен мектеп жауаптымыз. Ұлттық тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Шынында Абай атамыз адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты десе, Мағжан Жұмабаев» тәрбиелеудегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық етіп шығару… Тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі деп атап айтқан.
Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі – қоғамның болашағы және оған зор жауапкершілікпен қарау әрбір саналы адамзаттың борышы.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, М.Әуезов көрегендікпен дәл айтты емес пе? Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты.
«Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» – деп ұлы Абай атамыз да айтқандай, заманауи ағымның да, уақыттың да иесі – бүгінгі жас ұрпақ. Оның болашағы мен тағылымды тәрбиесі қай заманда да ерекше маңызға ие екені белгілі. Білім мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, мектеп талай жастың талантын шыңдап, дара да дана тұлғалалардың түлеп ұшар тұғырлы мекені.
Ұлттық болмысты дәріптеп, ұлттық мінезді қалыптастырып, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелейтін білім ордасындағы әрбір ұстаздың жүгі ауыр. Сондай ақ, қазақтың қайсар тұлғасы, алаштың біртуар азаматы – Қайым Мұхамедхановтың есіміне сын келтірмеу әрқайсымызға зор жауапкершілік жүктейді. Әр мұғалім ұлттық мектептің ерекшелігін, ұстанымын, ортақ мүдде-мақсаттарын жетік танып білгенде ғана дұрыс міндетке жұмыс жасай алатынын ескеріп, ұлттық педагогика мен психологиямен үздіксіз танысып, өздерін дамытуда. Ұлттық мүддеге сай міндетке жұмыс жасауды мақсат еткен ұжым арасында «Ұлттық мектеп мұғалімінің моделі қандай болуы керек?» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Мектеп мұғалімдері ұлттық педагогикадан Мағжанның ілімдері туралы, ұлттық психологиядан Жүсіпбектің ұстанымдарына негізделген тұжырымдарымен бөлісті. Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптар салған педагогика ізімен ұлттық ұстаным мен ұлттық тәрбиеге негізделген ұлттық мектеп моделін қалыптастыру – басты мақсат.
Барша алаш идеясы, кешегі кесепат заманда сол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтардай алаш қайраткерлері саясат сахнасындағы қиянкесті күресте жүрсе де, оқулық жазып, мектептер ашу мен ұстаздық жолды ұмыт қалдырмай, ұлттық тәрбиеге ден қоя білгенін үнемі жадымызда ұран етіп ұстап келеміз.
«Əрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі – сол елдің тілі, екіншісі – тарихы. Осы екі тараудағы біліммен әрбір мектептің бір ұлтқа тиісті болған пішіні құралады» Бұл сөз – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзі. Сондықтан ана тілімізді, тарихымызды, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі болған тұлғаларды танып білмей, ұлт мектебін құру мүмкін емес.
Осы орайда, ұлттық мектеп құрамыз деп жүріп, «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын үлкен жоба қолға алынды. «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын жоба аясында ұлттық мектеп мұражай кешені жұмыс істейді. Ұлттық мектеп мұражай кешені 10 экспозициялық бөлімнен тұрады.
№1. Экспозициялық бөлім
«Ұлы дала тағылымы» (Қасиетті Қазақстан, Ұлы дала тұлғалары, Ұлы даланың 7 қыры).
№2. Экспозициялық бөлім
Тарих баспалдағы
№3. Экспозициялық бөлім
Абай электронды-мобильді кітапхана
№4. Экспозициялық бөлім
Мағжан дәрісханасы
№5. Экспозициялық бөлім
Тұлғалар дәлізі
№6. Экспозициялық бөлім
Алаш тарих кабинеті
№7. Экспозициялық бөлім
Шоқыр спорт залы
№8. Экспозициялық бөлім
Мұхтар мәжіліс залы
№9. Экспозициялық бөлім
Қайым мұражайы
№10. Экспозициялық бөлім
Ербол қазақ тілі кабинеті
Барлық экспозициялық бөлімдерде QR кодтар берілген. Әрбір экспозициялық бөлімдегі QR кодты сканерлеу арқылы, сол бөлімде өткізілген ұлттық тәрбиеге негізделген танымдық іс-шаралар туралы ақпарат алып, танысуға болады.
Ұлттық гимназияда «Тұлғалар дәлізі» бөлімі арқылы Абай – Мұхтар – Қайым – Ербол сынды тұлғалар арасында ұлттық идеяның, алаш рухының сабақтастығын көре аламыз. Сонымен бірге, мектебімізден шығатын «Ер қазақ» журналының мұғалімдерге, оқушылар мен ата-аналарға арналған танымдық, шығармашылық журнал ретінде ұлттық танымды кеңейтуге үлес қосып жатқан басылым ретінде құндылығы жоғары.
«Ұрпақтар сабақтастығы» ұлттық мектеп музей кешенінің барлық экспозициялық бөлімінде танымдық сабақтар, дәрістер, саяхат-экскурсия , квест ойындары, өткізіледі.
Ұрпаққа ұлттық тәрбие беру – тал бесіктегі тәрбиеден басталып, отбасындағы құндылықтармен ұлықталып, қоғамға адал қызмет ете алатын, ұлттық рухы мығым тұлға қалыптастыруымен құнды болып табылады
Ізімен жүріп Ыбырайдың,
Ізгілік жолын таңдармыз.
Ахметтей ұлылардың,
Сап кеткен жолын жалғармыз.
Біз, ұлттық мектеп ұстаздарымыз!
Мектеп басшысы Аятжан Ахметжанұлы өзінің «Ұлт болам десең…» кітабында: «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін білім» деген Мұхтар Әуезовтің ізгі ойын басшылыққа ала отырып, саланың сан қатпарын аша көрсетіп, өскелең ұрпаққа ой тастай алсақ үлкен абырой деп атап өтеді.
Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтап, өшпес мұраларын терең зерттеп, олардың ісін жалғастыру – біз үшін басты парыз. Келешек ұрпақтың бет-бейнесі мен ұлттық рухани болмысы биік болсын!
Гүлзира Жайлаубекқызы, Астана қаласы, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары