Ұлттық мұрамыз ұрпаққа үлгі

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел дамуына тың қарқын беретін маңызды шешім болып табылады. Рухани жаңғыру туралы айта келе, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың жаңғыртылғаны ескеріледі, тұтас қоғамның әрбір қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтеді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халқымыздың тарихын, ұлттық мұрамызды зерттеуге жол салып отыр. Көзделген ұсыныс Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуына зор мүмкіндіктер береді.
Өткенімізді білмейінше болашағымызды болжай алмаймыз. Көне мұраларымыздың тарихына келетін болсақ, қазақ халқының қолөнері арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмірін көруге болады. Жүннен алуан түрлі бұйымдар жасау белгілі бір өнерді, шеберлікті қажет етеді. Қазақ халқында жүн түтіп, киіз басып, жіп иіріп, кілем, алаша, шекпен, ши тоқумен әйелдер айналысқан.
Тоқыма және киіз басу өнерінің тарихы тым тереңде жатқанымен олар тез бұзылатындықтан бізге құптарлық дәрежеде жетпеген. ХІ-ХІV ғ.ғ. ортағасырлардағы араб-парсы деректерінде: оғыз, қыпшақ, қаңлы түріктер, жүннен жасалған бұйымдарды жасауда ең шебер халық деген, ал киімдері де солай тоқылған деп жазады. ХІ-ХVІ ғ.ғ. зерттеушілері жүннен жасалған бұйымдардың Қазақстанның ортағасырлық қалаларында кең пайдаланылғаны туралы және Сырдария өзенінің бойындағы қалаларда түйе жүнінен киім тоқыған – ол сауданың көзі болған деп жазады. Бұл туралы деректер ХІІІ ғ. тарихшысы Несеви, итальян жазушысы Павел Иерви Новокомский (ХVІ ғ.) тарихшы Матвей Меховский деректерінде жазылған. Қазақ халқының қолөнерін этнографиялық тұрғыдан ХІХ ғ. аяғында ХХ ғ. басы мен ортасында Т.К.Басенов, Н.Б.Бурундуков, А.Клодт, Н.А.Оразбаева, С.М.Дудин, А.Масанов, Э.Молодов, т.б. ал, ХХ ғ. аяғынан қазіргі кезге дейін А.Марғұлан, Х.Арғынбаев, Ә.Тәжімұратов, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов, Ж.Бабалақұлы, М.Тоқтабаева, Б.Қазиханова, Б.Байжігітов, М.Ш.Өмірбекова т.б. ғалымдар зерттеген.
Хас шеберлердің құнды мұралары Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырылған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген, қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен қарапайым ел азаматтарының музейге сыйға тартуымен жиналды. Олар тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені Түркістан облысы Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде сақтаулы.

Отырар қорық-музейі қорындағы кілемдер

Түкті кілем ХХғ. Жүн,тоқыма.

Түкті кілем ХХғ. Жүн,тоқыма.
                          

                     
Қоржын ХХғ. Жүн, тоқыма.
Қоржын ХХғ. Жүн, тоқыма.


 
Текемет ХХғ. Жүн, басу.   

Сырмақ ХХғ.Киіз, мата,жапсырма.
Сырмақ ХХғ.Киіз, мата,жапсырма.

   
Сырмақ ХХғ.Киіз, мата,жапсырма.

Сырмақ ХХғ. Киіз, жүн жіптер, мата, жапсыру.

Түскиіз ХХғ. Жүн, мата.
Түскиіз ХХғ. Жүн, мата.

Жүннен жасалған бұйымдардағы ою-өрнектерді мәнерлеп өрнектеу әр түрлі айшықты бояу қолдану тоқушының қиялына, іскерлігіне, талғамына байланысты болды.
Еліміздің әрбір аймағында оюлар әр түрлі үлгіде дамып, өз ерекшеліктері болған. Барлық ою-өрнектердің бастапқы элементтерінің негізі мүйіз тектес ою-өрнектер болып саналады.
Қазақ халқының өткен тарихын тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені – музей арқылы жас ұрпаққа танытудың маңызы зор. Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорындағы жүннен жасалған бұйымдар музей қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер мен ел азаматтарының музейге сыйға тартуымен жиналды.
Қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнектерге қарап ата – бабаларымыздың ғылыми пайымы мен рухани өресінің аса жоғары болғандығын көре аламыз. Бұйымдардағы ою-өрнектер қоғамның дамуы жайында құнды мәліметтер береді. Халықтың өмір сүретін аймақтарына байланысты ою-өрнек үлгілері дамып отырған, мысалы, отырықшы өркениеттің өнері өсімдік өрнектері болса, көшпелілер мәдениетінде ыдыстарда айбарлы жолбарыс, таутеке, барыс, қабан, арқар, құлан т.б. жануарлар суреті салынды.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері ұлттық мәдени маңызы бар заттарды іздестіру мақсатында Түркістан облысы Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында«Өресі биік, өрісі кең өнер», Қызылорда облысы Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында «Өнер көзі халықта», Отырар ауданында «Қолөнер – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы» атты тықырыптарда этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып, нәтижесінде ел арасынан жүннен жасалған кілем, сырмақ, алаша, қоржын, тұс киіз, текемет т.б. заттарды тауып музей қорына өткізді.
Қолөнеріміздің озық үлгілерін қаймағын бұзбай қазірге дейін жеткізіп, өнерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп үйретіп отыраған, он саусағынан өнері тамған сырмақ сыру, кілем, алаша тоқу, текемет басу өнерін жалғастырушы ісмер, шебер, апаларымыз ел арасында қазір де баршылық. Атап айтатын болсақ, Түркістан облысы, Отырар ауданында Әбдіхалықова Несібелі, Бейсенова Тұмаркүл, Әлімқұлова Сәрсенкүл, Қаратаева Қалдықыз, Серікбаева Тұрғанкүл, Рахматуллаева Ақұлтай,Тағаева Жібек, ҚаратаеваҚалдықыз,Бөрібекова Таңсұлу, Көпесова Шолпан,Жүсіпбек Шолпан, Алимқұл Сәрсенкүл,Арыстанбаева Күлтай,Шардара ауданында Дабысова Ибаш, Исаева Үрпия, Иізова Батима, Айшуаққызы Үрпиша, Бөрібекова Сәрсенкүл, Жолдыбайқызы Аманкүл, Қызылорда облысында Шолпан Садуақасқызы, Қалендер Зылиха, Қалиева Қалима, Нәбиева Набат, Қалиева Бибайша, Мақантаева Ырысалды. Түркістан облысы, Шұбарсу елді мекенінің қолөнер шебері Тұрғанкүл Ізтайқызы, Гүлсінай Қожанова, Гүлсара Қожанова, Бибігүл Райымқұлова, Өмірбаева Оразкүл, Алпысбаева Оразкүл, Түркістан облысы, Арыс ауданы, Дермене елді мекенінің қолөнер шебері Құрманқожаева Жадыра,ОҚО, Созақ ауданында Зәйтүнова Тәжбен, Жақсылыққызы Мейрамкүл, Дастанқызы Мәрияш, Батыршаева Маржанкүл, Бимендиева Қалдыкүл, Нұржанбаева Аманкүл.
Экспедиция барысында қолөнершілердің өздері тоқыған қазақ халқының ұлттық үлгісіндегі сырмақ, түкті кілем, кілем қоржын, ақ басқұр, аяқ қап, текемет, терме алаша, қақпа алаша т.б. туындыларына қарап шеберлердің қиялына таң қалдық, бояулары бір-біріне үйлесімді, оюлары жатық болып келген, көз тартар сәнділігімен, үздік орындау шеберлігімен ерекше көзге түседі.
Жұмыр жердің бетінде табиғат құдіретімен шебер өрнектелген қасиетті киелі орындар, нысандар көп солардың бірі Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Отырар қалажұрты. Отырар қалажұртынан табылған заттар, сондай-ақ ел арасынан табылған заттар Отырар мемлекеттік археологилық қорық-музейінің қорында сақтаулы.Отырар ақын, жырау, композиторлардың туындыларына арқау болған киелі өлке, осы өлкеде жүргізілген этнографиялық экспедиция барысында қолөнер шеберлерінің еңбектеріне күә болдық.
Қазақтың кең байтақ, ұлан ғайыр шексіз жатқан жерінің көне дәуірден бастап қазіргі ұрпағымыз өсіп-өнген дәуірімізге дейінгі кезеңдерде небір тарихи дәуірлерді бастан кешкені белгілі. Азаттықтың арайлы таңымен бірге бар мен жоғымызды түгендеп келер ұрпаққа аманаттау керектігі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен қабылданған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында айтылды. Осыған байланысты Отырар өңірінің мәдени мұрасын зерттеуде Отырар қорық-музейінің қызметкерлері өз үлестерін қосып келеді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында Отырар өңірінің мәдени мұрасын таныту мақсатында Отырар қорық-музейінің қызметкерлерінің үлестері зор.
Қолөнер бұйымдары ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани ләззат әкелген, халық өмірмен бірге жетіліп келе жатқан өнер. Ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісін, шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйрету бүгінгі таңда игілікті іс болып табылады.

Ақлима Жұмашова,

Отырар мемлекеттік археологиялық
қорық-музейінің бөлім меңгерушісі

Этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициялары барысында

Бөлісу: